Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Қазақ диссиденттері. Құныскерей Қожахметұлы

2994
#Қазақ диссиденттері. Құныскерей Қожахметұлы - e-history.kz
Құныскерей Қожахметұлы – советтік жүйенің озбыр саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, бордай езілген қазақтың қамы үшін атқа мінген азаматтардың бірі әрі бірегейі

Әрі қазақтан шыққан алғашқы диссидент саналады.

Құныскерей 1895 жылы (кейбір деректерде оның 1886 жылы, тағы бір жерде 1899 жылы туғаны айтылады) Атырау өңіріне қарасты Тайсойған құмындағы Нөсер деп аталатын шағын қыстауда туған. Сол өңірдегі Кермеқас және Қаракөл елді мекендеріндегі жергілікті орыс-қазақ мектебінен (бұл мектептердің негізін 1880 жылы Ыбырай Алтынсарин қалаған) сабақты жақсы оқып әр түрлі деңгейде мемлекеттік қызметтер атқарады. Алғашында жергілікті болыстардың бірінің хатшысы, кейіннен (1920 жылы) қызыл үкіметтің ауылдық советінің төрағасы болған. Алайда, көп ұзамай қызыл жүйенің озбыр саясатына төзе алмай өзіне жүктелген міндеттен бас тартады. Күрескерлік жолға түседі.

Зерттеушілердің айтуынша, Құныскерейдің күрескерлік жолға түсуіне жүйенің шектен шыққан озбырлығы, ақылға сыймайтын салықтары мен қанаушылық саясаты себеп болған. Сол кезде жалпыға бірдей азық-түлік салығы салынатын еді. Осы салықты жинаймыз деп үкіметтің жандайшаптары қарапайым халықты қан қақсатып отырған. Қарсы келгендерін сотсыз, тергеусіз жазалап атып тастап кете беретін. Осының барлығы, әрине, Құныскерейдің көз алдында өтіп жататын. Әсіресе сол өңірдегі Олжабай есімді зиялы азаматтың «халық жауы» деген жалған айыппен атылуы ауыр соққы болып тиеді.

1922 жылдың күзінде тағы осындай жағдай қайталанады. Құныскерейдің үйіне сол өңірдің белгілі ақыны, композитор, «қарақшы-барымташы», «контрреволюционер» деген айып тағылып қуғын көріп жүрген Ерғали Аязбаев есімді азамат қонуға келеді. Ерғали бір жағынан Құныскерейдің құрдасы әрі туыс, құдандалы адамдар болса керек. Бас сауғалап келіп жатқан соң амал жоқ, Аязбаевты барынша жасырып бағады. Алайда «қашқын» туралы сыбыс  милиция қызметкерлерінің құлағына да жетіп тынады. Күтпеген жерден ОГПУ мен милиция қызметкерлері аралас ұзын-саны 20 шақты қарулы адам Құныскерейдің үйін қоршауға алады. Құныскерей қонағын милицияның қолына тапсырудың орнына оларға қарсы шығады. «Ұстағыларың келсе, үйімнен емес даладан ұстаңдар!» дейді. Ақыры көнбеген соң милициялардың жолын бөгеп ашық атысқа шығады. Сөйтіп амалын тауып қонағын құтқарып қалады. Өзі де қоршаудан қашып құтылады. Осылайша, Құныскерей әп-сәтте «халық жауы» болып шыға келеді.

Сенімді адамдарының бірінің «сатқын» болып шыққаны расы керек, қызыл үкіметке өте ауыр соққы болып тиген еді. «Банды», «қарақшы» деген секілді неше түрлі айыптар тағып ізіне түседі. Оны ұстау үшін Гурьев милициясы, ОГПУ және Қызыл Армияның жергілікті күштерін жұмылдырады. Олар Тайсойған құмын арнайы сүзіп шығады. Ұстай алмайды. Ақыры туған ауылын бақылауға алып, ата-анасы мен отбасын қамап, қуғынға салады. Алдымен Құныскерейдің үйі мен қыстауын өртейді. Сосын қартайған әкесі Қожахметті атып өлтіріп, мүрдесін жерлеуге тыйым салады. Алайда ебін тауып Құныскерей өзінің шағын тобымен әкесін сүйегін ұрлап алып кетеді. Әкесін жерлеген соң батырдың тобы қаруланып келіп милицияның барлығын атып тастайды.

Билік органдары әйелі мен бала-шағасын тұтқындаған соң, Құныскерей Башқұртстанға өтіп кетеді. Уфа қаласы маңындағы теміржолда жұмыс істеп жүріп, башқұрт қызы Мариямға үйленеді. Бірақ артына түскен қуғыншылар башқұрт жеріне де жетіп, қара басына қауіп төнген соң 1933 жылы әйелімен бірге  Қарақалпақстанға кетеді. Мұнда да көп тұрақтай алмайды. 1933 жылдың күзінде Құныскерей Тайсойғандағы өзінің Кеңкөкті ауылына келіп, әке-шешесінің басына барып, қаңырап қалған, тоналған үйімен қоштасып, туған өлкесінен біржолата қол үзеді.

Құныскерейдің осыдан кейінгі өмірі бұлыңғыр. Кейбір деректерде оның 1935 жылдан бастап Түркіменстанның Мары облысындағы «Сараджа» деп аталатын ауылында Әбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүргені айтылады.   Әйелі Мариямнан Шолпан және Айман есімді екі қыз сүйген сыңайлы. Қарап жүрмей ауыл жұмысына араласады. Ұста болып еңбек еткен. Кейін ауылдың басқармасы төрағасы, кеңшар директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. 1955 жылы зейнет демалысына шығып, сол жерден топырақ бұйырған.

Индер ауданының прокуроры Қадыр Нұржановтың естелігі делініп жүрген мына бір деректе батырдың көз жұмар алдында ауылдастарына «Мен сендер Әбілқайыр Жаманов деп жүрген адам емеспін. Елемес те, Андрей де мен емеспін. Менің азан шақырып қойған атым – Құныскерей, тегім – Қожахметов. Батыс Қазақстанның Гурьев облысында, Қызылқоға ауданында, Тайсойған құмында дүниеге келгенмін. Руым – ысық-тоғызбай» деп айтып кеткені айтылады. Бұл дерекке сенсек, Құныскерей Қожахметұлы 1961 емес (кей деректе 1965 жылы, тағы бірінде 1968 жылы қайтыс болды делінеді) 1964 жылы 70 жасында дүниеден өткен болып шығады.

Құныскерейді ұстау операциясы 7-8 жылға созылады. Мың жерден армия құрып, арнайы рейд жүргізгенімен, батырды ұстау еш мүмкін болмайды. Халық қайда жүрсе де, Құныскерейдің ізін жасырып, жауға бермейді. Керісінше ауыл азаматтары Құныскерейдің тобына қосылып, жүйеге қарсы көтеріледі.

Ресми деректерде, милиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Құныскерейдің жұрт арасындағы беделін түсіру мақсатында оның жолдасымыз деп жүргендердің тонаушылықпен айналысып, адам өлтіру оқиғалары да болғаны айтылады. Алайда бұлардың көбін Құныскерей өзі іздеп тауып, қатаң жазалап отырыпты. Барымталап алған мал-мүлкін  иелеріне қайтарып бергізген.  

Совет билігі Құныскерейдің отбасын тыныш қалдырмады. Әйелі Әсемді «халық жауының әйелі» деп қамауға алып Саратов қаласына айдауға жібереді. Кішкентай ек қызын Махамбет ауылындағы балалар үйіне тапсырады. Олар сол жерде жүріп шетінеді. Ұлдары Айтмұқан мен Айтжанды туыстары амалдап жасырып қалады. Айтмұқан ұзақ жыл Индербор поселкесінде тұрып, өмірден өтті. Оның артында сегіз бала қалды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?