Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор

3088
Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор - e-history.kz
Мемлекеттік тілді барша қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру өзге ұлт тілінің есебінен болмайды, өзге ұлттар өз тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеріп, қостілді болуы шарт.

Қазақ халқы өз елінің шапшаң дамып келе жатқанын ана тілінің даму деңгейінен көргісі келеді. Әрине, бұл салада жеткен меже мәз емес.Оны сол тілді туғызған халықтың өзі бағалап отыр. Елбасы мемлекеттік тілдің өткені мен бүгінгісін ескере отырып, тілдің даму стратегиясының іргетасын қалап берді, әлбетте, стратегия үш тұғырға қонуы шарт. Олар: басқару, ұйымдастыру, ақпарат.
Тілдік даму стратегиясы саяси жаңару тұрғысында орын алуы тиіс.  Елбасы мемлекеттік, саяси, қоғамдық институттарға тапсырыс беріп отыр деп түсіну керек.
Қазіргі таңда біртілділікке апаратын орыстандыру саясаты жойылған, Қазақстанда тіл егемендігі пайда болып, керітартпа саясат орнына игілікті сипаттағы тіл саясаты алға шықты. Орыстілді өзге ұлт өкілдері жергілікті халықтың тіліне мән бере бастады.
Қазақстанның тілдік саясаты- мемлекеттік тілді көптілді Қазақстанның ортақ тіліне айналдыру. Мұндағы мақсат не? Мақсат сол- қазақ деген мемлекет құрған, әрі елдегі көпшілік болып табылатын халықты халық етіп қалыптастырған тілді қазақтың өзінің, қала берді, өзге ұлыстардың, елдің игілігіне айналдыру.
Елбасы қазақ тілінің болашағына сенеді. «Үштұғырлы тіл саясаты» негізінде қазақ, ағылшын, орыс тілдерін дамыту мәселесі көтерілгелі, мемлекеттік тілдің дамуына нұқсан келетін болды деп уайымдайтындар да баршылық. Дегенмен, Елбасының өзі : «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескертті.
Ал, көпұлтты мемлекет ретінде орыс тілінің дамуы Қазақстанды мекендеген әр ұлт өкілдерінің арасындағы қарым- қатынас тілі ретінде, сыртқы саясатта, көршілермен байланыста аса маңызға ие.
Тағы бір маңызды мәселе, ол- 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке дейін жететін болады деген мәселе.
Бұл міндет былтырғы жылғы Жолдауда көрсетілген тапсырмалардан бастау алып отыр. Сол мақсаттар күшінде дегенді білдіреді.
Былтырғы Жолдауында: «Енді 10 жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін біз бәрін жасап жатырмыз»,- деген болатын.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш- жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет»,- деп тіл дамыту мәселесінің маңызын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсырма берген еді.
Осы тапсырманы орындау мақсатында былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен тіл комитеті дайындаған Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы  2011 жылғы 29 маусымда ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру туралы № 110 Жарлығы шығып, осы бағдарламаны іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс- шаралар жоспарын бекіту туралы» 2011 жылғы 29 шілдедегі № 878 қаулысы шыққан. Қазіргі таңда негізгі тіл саясаты осы бағдарлама аясында жүргізілуде.
«Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі- еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақстандықтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш- жігерімізді жұмсауымыз керек»,- деді ел Президенті.
Бұл- басты тапсырма. Барлық қазақтың ана тілін одан әрі дамыту- негізгі тапсырмасы.
Қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру үшін қазақ тілін өз ұрпағымыздың тілі ретінде қалыптастыру мәселесі тұр. Неге десеңіз, қазіргі таңда қазақтар төл тілін біліп- білмеуі жағынан біркелкі емес, бірнеше топқа бөлінеді: қазақ тілін ана тілі дәрежесінде білетіндер, қазақ тілін екінші тіл ретінде білетіндер, сөйлеу тілінде қиналып, орысша араластырып сөйлейтіндер және қазақ тілінен бейхабар, мүлдем білмейтіндер. Сонымен қоса, қазақ тілін білсе де, ресми орындарда сөйлемейтіндер, сөйлесе де қазақ тілінің тағдырына немқұрайды қарайтындар, білу міндетті емес дейтін халық қалаулылары, ақын, ғалымдар, әкім- қаралар, т.б.
Қазіргі күні бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елбасы жүзеге асқан бастамаларды баяндай келе, «еркін ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негіз қаладық» деді. Еркін ұлт болу- негізгі бағыт, ендеше, еркін ұлт болу үшін оның белгілі дәрежеде тілдік сана- сезімі болуы шарт, ана тілінен безген, өзге тілге телмірген ұлт ешқашан еркін бола алмайды.
Мемлекеттік тілді барша қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру өзге ұлт тілінің есебінен болмайды, өзге ұлттар өз тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеріп, қостілді болуы шарт. Бұл- әлеуметтік сұраныс, өзге ұлт өкілдері осыны сезінуі қажет.
Ғаламданыру жағдайында мемлекеттік, ағылшын, орыс тілдерінен тұратын үштілділікті дамытудың қажеттігі айдан анық. Бірақ қазақстандықтар өз елінде ғаламдандыру тілін тежеу үшін үштілділікті мемлекеттік тіл негізінде дамытуы керек.
Қазақ тілін білуді талап етпесек,  оны кәсіби талап деп өзгеге ұғындырмасақ, не өзіміз ұқпасақ, қазақ тілі елімізге ортақ тіл бола алмайды, біріктіруші факторға айналмайды.
Айта кету керек, қазақ тіліне ұйытқы болу өзге ұлттың емес, тек қазақтардың ғана қолындағы дүние. Барша қазақ мойындаған кезде, басқа ұлттар да ұйытқы бола бастайды.
Жалпы ана тілін еркін меңгеру және оны қоғамның түрлі салаларындағы қолданылуын кеңейту шаралары бірінші кезекте отбасынан, одан кейін биліктен бастау алуы керек. Отбасы мен билікке дейін (балабақша, мектеп, жоғары білім ордасы, қызмет) ана тілінің жүйелі арқауы тартылған жерде тіл еш уақытта ақсамас еді. Отбасынан бастау алмаған тіл жарытымсыз, салалық деңгейде ғана қызмет етеді.
Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін кәсіби талап қойылу керек деп ойлаймын. Мысалы, тиісті құжатың болмаса, көлік рөліне отыра алмайсың ғой. Оны талап ету- кәсіби талап қою екені белгілі. Тілге де сондай талап керек. Мысалы, өткен ғасырдың 20 жылдары 42 мамандық бойынша қазақ тілін білу кәсіби талап болған, бүгін неге солай талап қойылмасқа. Кәсіби талапты адам құқығын шектеумен шатастыруға болмайды. Демек, мемлекеттік тілді білуді талап ету- адам құқығын әсте шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы басқа ұлт өкілдерінің кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей жағдай туғызу болып табылады.

Ш. ЖҰМАБАЕВА,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
бас маманы


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?