Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аударыспақ

13062
Аударыспақ - e-history.kz
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.

Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.

Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.

Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.


Намыстың шарқайрағы

«Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дер…»

Нүрпейісов Марат Қазақстанұлы, Спорт шебері, аударыспақтан аса ауыр салмақта Республиканың екі дүркін чемпионы (2012–2013 ж.ж), 2012 жылдың «Ең үздік аударыспақшысы» атағының иегері

Аударыспақ туралы не білеміз?

Аударыспақтың бәсекелерін сан мәрте тамашалап жүрсек те, осы жекпе-жек сайыс түріне жете мән бере бермейтінімізді Марат балуанмен жақын таныса келе ұққандай болдық. Аударыспақты сіз-де жақсы білесіз. Мына көріністі талай көргеніңіз анық. Төрешінің ысқырығы шар еткенде, екі жақтан белуарына дейін жалаңаштанған қос балуан аттарын шықпырта қамшылап, жұлқынып ортаға шығады. Іле-шала қамшыларын ауыздарына көлденең тістей салып, бір-біріне тұра ұмтылады. Қайшыласа ұстасып, шірене тартысып тұрғандарында астарындағы атан түйедей аттарының дәрменсізденіп, шырқ үйіріле айналғанын көресіз. Көбінесе, бұл жекпе-жек ұзаққа бармайды. Әбжіл қимылдап, артық қайрат көрсеткені қарсыласын аттан жұлып түсіріп, жеңімпаз атанып кете барады. Болған-біткені осы. Жанкүйер атаулының аударыспақ десе есіне түсетіні-де, тамашалайтыны да осы ғой. Одан ары кім тереңдеп көрген. Ақмолалық түйе балуан, аударыспақтың алыбы Марат бауырымыздың әңгімесі біздің түсінігіміздің көкжиегін кеңітіп-ақ тастады. Маратты да жақын тани түстік. Ол аттың құлағында ойнаған, кеудесінде намыс оты қайнаған, қиындықтан беті қайтпаған, алдында арыстан тұрса да алған бетінен бұрылмас батыр жүректі жігіт екен. Асыра мақтағанымыз емес. Жаратушы иеміз Марат бауырымызға біз айтқаннан да жақсы қасиеттерді нәсіп еткей. Қажыр-қайратына пайым-парасаты сай келген азаматтың аударыспақтың қыр-сыры, өзінің әдіс-тәсілі, атты баптау туралы айтқандарын назарларыңызға ықшамдап ұсындық. Осы әңгімелердің өзінен-ақ Марат балуанның тұлғасы сомдала түсетіндей ме, қалай? Өзіңіз бағамдап көріңізші…

Сайысқа шығарған — намыс

— Ес білгеннен атқа міндік, жылқыға жақын өстік, — дейді Марат балуан. — Әкеден сіңген тәрбие — әділетсіздікке төзбеймін. Намысыма тисе, жанымды аяр жайым жоқ. Мені көкпарға да, аударыспаққа да алып шыққан сол — намыс. Әйтпесе, бірнеше жыл «спецназда», Президенттік күзет қызметінде болдым. Егер мына бір жайтты бастан кешпегенде, әлі сол салада жүруім-де мүмкін еді.
Осыдан он жылдай бұрын болған оқиға. Астананың іргесінде ұлттық спорттың бәсекесі өтіп жатқан. Жанкүйер болып бара қалдым. Қуат, ағамның көкпар мен аударыспаққа қатар шығып, топ жарып жүрген кезі. Аударыспақтың үстінен түстім. Кезегі жеткенде, ағам жекпе-жекке шығып, оңтайлы сәтте қарсыласын жұлып түсірді. Бірақ, төреші әділдікті белден басып, екеуін ортаға қайта шығарып жатыр. Қалай төзіп тұрармын. Кеуделеп төрешілердің алдына жетіп бардым. «Ау, ағайын, жаңа таза жеңді ғой! Қайда қарап отырсыздар?» деймін. Бас төреші, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әйгілі көкпаршы Ерғали Тоқабаев, ағам. Ол кезде таныстығымыз шамалы. Батыр мінезді адам ғой, орнынан, ақыра тұрды. «Әй, жігітім!» деді маған адырая қарап: «Мықты болсаң, бар да атқа мін. Шық ортаға! Әйтпесе, кет бұл жерден. Маған қатын даудың керегі жоқ!». Тамам жұрттың бәрі естіді. Әкей марқұм да сол дүрмектің ішінде тұрған. Қаным басыма шауып, тұра жөнелдім. Таразыға өлшене салып, белбеуді шарт буынып ортаға шыға бердім. Сондағы тақымыма іліккені бие екен. Ауыр салмақтағылармен жұлқыстым да кеттім. Қазіргідей әдіс те, айла-тәсіл-де жоқ. Әйтеуір, тақымым тастай, содан қара күшке салып алыса беруден қайтпаймын. Алланың берген абыройы ғой, әп-сәтте сегіз балуанды аттарынан сыпыра жұлып түсірдім. Соңғы қарсыласым, оған дейін жеңілісті білмейтін Миша деген алып. Салмағы — жүз отыз келінің үстінде. Менің салмағым тоқсанға жетер-жетпес қана. Тура 20 минут жұлқыстық. Ол кезде қазіргідей емес, уақытқа шектеу жоқ. Барымды салып-ақ жатырмын. Қарсыластың екпініне мен шыдағаныммен, астымдағы бие шыдамады. Әл-дәрмені құрып, құлап қалғаны. Миша да бір дүлей. Айғырын омыраулатып тап-тап береді. Ерден түспей отырдым да қалдым. «Шу, жануар! Тұра ғой енді!» деп, қайта-қайта биенің жалынан сипай жалынамын. Тұру қайда, ұмсынуға мұршасы жоқ. Әбден қалжыраған. Өзім ашудан түтігіп кеткенмін. Бір кезде «Ат ауыстырсын» деп, жұрт шулағанда барып, төрешінің ысқырығы шалынды. Қояндылық Қайрат есімді жігіт дереу өз атын көлденең тартты. Ер ауыстырып жатқанда көрдім, қыр арқасы шиқандай жара. Қайратқа қарап: «Атқа обал емес пе, сайысқа мына қалпында жарар ма екен?» десем, ол да бір мәрт екен «Осы сайысқа шыдамаса, дәл мына жерде қуырдағын жейміз» деп бір-ақ кесті. Содан жекпе-жек қайта басталды. Біраздан соң екеуміз-де шаршай бастадық. Бірақ, Мишаның айғыры әлді-ақ. Қаһарына мінген ол оңтайлы сәтте айғырын арындатып келіп мені көлденеңінен соққаны. Онсыз да айғырдың мысы басып, жасқаншақтап жүрген атым теңселіп құлап бара жатты. Жандәрмен ұмтыла барып, қарсыласымның қос қолына тастай қатып жабыстым. Өзіме қарай шірей тартқанымда, әлгі құлап бара жатқан атымның түзеле қалғаны. Аллаға сиынып, ақыра тебінгенімде жануар алға қарай қайқая тартты. Сол қасарыса ұстаған қалпыммен әлгі немені шалқайта қайырып әкеткенімде, оның айғырымен қоса құлағаны ғой. Қолым қарысып қалыпты. Жұрт келіп айырып, орысты аттың астынан суырып алысты. Соңынан естідік қой, қарсыласымның қос қабырғасы шытынап кетіпті. Жүрегі-де қайтып қалса керек, кейіннен кездесе қалсақ, кәдімгідей сескеніп тұратын.
Аударыспаққа келуіміздің хикаясы осы. Көкпарға кірісуім-де осыған ұқсас. Ереженің енді-енді бекіп, командалық ойынның қалыптасып жатқан кезі ғой. Үстімде аппақ спорттық киім, аяқта «кроссовка». Жанкүйермін ғой. Ақмола облысының көкпар командасы ұтылуға таяу қалып, күйініп, айғайға қиқу қосып тұрғанмын. Төрешілікте жүрген жасы үлкен бір, ағамыздың маған қарап: «Кетті, кетті! Мін ана атқа! Шап тез! Жұл ана серкені, әйтпесе біз жеңілдік» дегені. Ойланып жатпастан, атқа қарғып мініп, додаға қойдым да кеттім. Серкені жұлып шығып, салымды салып жібердім. Содан жұрт қошеметтеп, ал, төрешілер қарсы болып, ойынның соңы дау-дамайға айналды да кетті. «Ішіп алған немесің бе? Арнайы киімсіз ойынға неге кіресің?" деп ұрсып жатыр. Сөйтіп, көкпарға да, аударыспаққа да көлденеңінен кірісіп, ақырында спорттың осы түрінен жеңімпаз атанып жатқан жайымыз бар.

«Жылқының тілі жоқ, бәрін жүрегімен түсінеді»

«Аударыспақ сайысының аты қалай таңдалып, дайындалады?» деген сауалымызға орай, Марат балуан былайша ой толғап еді. — Аударыспаққа да, көкпарға салуға да біріншіден ат емес, айғыр керек, — деп сауалымызды түзетті. — Ат, бие қанша күшті болса да, айғырмен бетпе-бет келгенде десі қайтып тұрады. Қашан да айғырдың мысы басым. Әрі атқа қарағанда айғыр есті келеді. Сондықтан көкпардың қалың додасын қырқып өтіп, жарып шығатын, аударыспақтың жекпе-жегінде үстіндегі иесінің тақым қағысына қарай икемделе қалатын — көбіне-көп айғыр. Оны таңдау да оңай-оспақ шаруа емес. Қазіргі кезде аударыспаққа қазақы жабы жылқылар жарамайды. Шеттің таза қандыларымен будандастырған, әсіресе, орыстың ірі тұқымды жылқылары керек. Астындағы айғыр неғұрлым биік, ірі болса, сол балуанның жеңіске жету мүмкіндігі артық. Егер балуан қанша жерден тақымы тастай, қара күшке мығым болып, ал, астындағы аты әлсіз, сайысқа үйретілмеген болса, өте қиын. Аударыспақта қас-қағым сәт мүлт жіберілмейді. Жекпе-жекке бастықпаған ат қиқарланса бітті, теріс айнала қалады. Ондайда қарсыласыңның айы оңынан туды дей бер. Белбеуден ұстап, тартып үлгерсе болды, таза жеңіске жетеді.
Жылқының тілі жоқ демесең, ол бәрін жүрегімен түсініп тұрады. Небір шәлкес мінезді айғырлар бар. Бірақ, солар да кімге мінез көрсету керек екенін өте жақсы түйсінеді. Міндің бе, сенің тақым қағысыңнан, тізгін тартқан білек күшіңнен, қалай қамшылауыңнан-ақ есті айғыр саған бағыну керек пе, жоқ па, бірден сезе қалады. Егер өзінен сәл жасқанған, сескенген адам болды ма, айғырда оның дегеніне көну жоқ. Теуіп қалуы, қыршып тістеп алуы әбден мүмкін.
Өз басым, аударыспаққа қолайлы айғырды тұлғасына қарап-ақ бірден танимын. Қоңы жақсы, белі мықты айғырды аударыспаққа бірнеше күнде бастықтырып ала аламын. Оның құпия ештеңесі жоқ. Асқан білгірлік те керек емес. Тек сен аттың тілін тап. Құр қамшылай берме. Саған не керек, соны ұқтырып қамшыла. Тебінуің, тізгін тартуың, бәрі-бәрі астыңдағы айғырға түсінікті болуы тиіс. Керегі шапшаңдық па, қалт тоқтау ма, жұлқып тарту ма, шыр айналу ма? Бір қалыпты ырғақпен бірнеше қайталасаң болды, қалай қимылдауы керектігін есті айғыр сенің көкейіңдегіден артық түсіне қалады.
«Атқа мінсем, арқам қозады»
Алланың берген бағы ғой, 2012 және 2013 жылдары аса ауыр салмақта аударыспақтан екі рет республика чемпионы атандық. Қызығы сол, осы екі жолы да мен аударыспаққа емес, көкпарға дайындалып едім. 2012 жылы дәл чемпионат қарсаңында көкпарға даярлаған айғырым аяқ асты мертігіп, содан жарысқа бармай қалуға бекініп жүрген кез еді. Ақмола облыстық аударыспақшылар бапкері Берік Ахметов есімді азаматтың үйге келіп, «Аударыспаққа ауыр салмаққа шығатын адам таппай отырмыз. Елдің намысы ғой, жүрсейші» деген бір ауыз сөзін жерге тастауға дәтім шыдамап еді. Абырой болғанда, Өскеменнен жеңімпаз болып оралдық. Хош, сонда да аударыспақтың соңына түсе қояйын деген мен жоқ. Жеке шаруаларыммен шұғылданып жүре бердім. Айналып 2013 жылдың чемпионаты келді. Сыртынан «Жігіттің қарагері» деп өзім құрмет тұтатын Бекең дәл жарысқа жүрер күні «Ауыр салмаққа сеннен ыңғайлы жан жоқ, жүрсейші» деп тағы келіп тұр. «Дайындығым жоқ еді» деп бәлсініп жатамын ба, дереу жиналдым. Чемпионат Көкшетауда өтті. Өткен жылы да, ақмолалық аударыспақшылар Бекеңнің жалғыз көк айғырын кезектесіп мініп, сайысқа шығып едік. Бұл жолы да сол көк айғырға мінгесіп бардық. Тоғыз қарсыласты да таза жеңіп, бас жүлдені иелендік.
Аударыспақтың жекпе-жегі дегенде, менде алып бара жатқан айла-тәсіл жоқ. Техникадан жұрдаймын десем-де болады. Рас, бұрын спортпен айналыстық, қашыққа жүгіруден күні бүгінге дейін қол үзген жоқпын. Ал, аударыспақтағы тәсілім, қарсыластың белбеуінен жалғыз қолмен ұстап, жұлқа тартып жұлып алу. Бұған қара күш және астыңдағы айғырдың мықтылығы керек. Атқа мініп, жекпе-жекке шықсам, арқам қозып, бойыма бір күш құйылғандай сезінемін. Белбеуге қолым ілінсе болды, қалай жұлып алғанымды өзім-де байқамай қаламын. Көбіне төрешінің ысқырығын естімеймін. «Неге тоқтамайсың?" деп ұрсады. Арқаң қозып тұрса, қалай тоқтайсың?
Биылғы чемпионаттағы сәтсіздіктердің бірнеше себептері болды. Алла қаласа, алдағы уақытта бұл өкініштің есесін қайтарармын деген сенімім бар.
Астана тұрғыны атанып, қалада тұрсам да, атқа жиі мінбесем көңілімнің хошы болмай жүреді. Ал, атқа мінсем, өзімді мүлде басқа адамдай сезінетін бір қызық әдет тағы бар.

Шабасың ба, «Қасқатай»?!

Әкем — Қазақстан Кәкімұлының өмірі мал шаруашылығы саласында өтті. Елге сыйлы, айналасына қадірлі адам болды. Үкілеп жүйрік ұстаған, аттың бабын көзіне қарап танитын атбегі еді. Ойын өлеңмен өрнектеп жеткізетін, ақындығы да бар-тын. Кітабы жарық көрген. Күні бүгінге дейін жұрттың аузында жүрген өлеңдері бар. Соның бірі — Қасқатай деген жүйріктің атынан сұлы сұрап, ауыл директорына жазған арызы.
«Буыным арықтықтан дірілдейді,
Сұлы жоқтан көзіміз бір ілмейді.
Есімі облысқа шығып тұрған
Бір өлсе, бұл Қасқатай тірілмейді», — деп келетін бес-алты шумақ өлең алдына түскенде директор дереу бұйрық беріп, жүйріктің бір қыстық сұлысын қораға төккізіп беріпті.
Сол Қасқатай он жылдан астам аудан, облыс көлемінде алдына қара салмай тұрды. Тұқымы — қазақтың қарабайыры. Бірақ, аламанда таза қанды, ағылшын тұқымды жүйріктерді шаң қаптырып кететін. Аламанның дуына тай кезінен қосылып, бәйге алды. Қасқатай атанып кетуі-де сондықтан. Оқиға былай болды. Оразақ ауылы мен Астанананың арасы елу шақырым болса, Оразақтың іргесінде Шалқар деген шағын ауыл бар. Осы Шалқардың «Орлик» атты жүйрігінің атағы сол тұста өлкеге дүрілдеп тұрды. Бұл тоқсаныншы жылдың бас кезі. Наурыз тойын мерекелеудің қызу басталған шағы ғой. Ұлттық жәдігер десе, жаны қалмайтын әкей шалқарлықтарға Наурыз тойдың шақыруын өзі жеткізеді. «Бас бәйгеге жылқы тігіп отырмыз. Тойға жүйріктеріңді алып келіңдер» десе, шалқарлық жігіттер: «Бас бәйге бәрібір біздікі ғой. „Орликті“ қинамай-ақ, бәйгелеріңді жетектетіп жібере салмайсыздар ма?» деп мардамсыпты. Ондайда үнсіз қалатын ол кісі ме: «Оу, жігіттер, „бәйгені шаппай бер“ дегендерің бе? Біздің ел-де дәмелі жүйріктен кенде емес. Солар „Орликпен“ жарысып, бауырын жазып көрсін-де, әрі ел-жұртымыз аламанды тамашалап, бір серпіліп қалсын деп отырмыз. Тойдың қызығының өзі сол емес пе» деп жүре береді. Белгіленген күнде тойдың думаны басталады. Қашаннан аламан бәйге тойтарқар шақта ғой. «Ал, халайық, енді аламанның тамашасын көріңіздер» деп жар салынып жатқан шақта әкем: «Менің де бір жаман тайым бар еді. Шамасын байқап көрейікші» деп, құнаншығар қасқа тайды жуан аттардың дүрмегіне қосты да жіберді. Жеті шақырымдық айналма жарыс. Қасқа тай шу дегенде қалың шаңның соңғы жағында құлдыраңдап бара жатқан. Айналым бел ортадан бері ауып, кіл жүйрік көмбеге ойысқанда, ноқаттай қара суырылып жеке шықты. Тани кеттік. «Қасқатай, қасқатай» деп қиқулап жатырмыз. Шынында да қасқа тайымыз жуан аттардың алдында жіптіктей болып жүйткіп келеді. Ақыры сол, ағындаған күйі көмбеден өтті. Атақты «Орликтен» арқан бойы алда келгеніне жұрттың бәрі таң-тамаша. Кілең жүйрік аттан құнанның озғанын кім көрген. Әйгілі жүйріктерінің қайдағы бір тайдың шаңын қапқанына қайран қалып, бастарын шайқай-шайқай шалқарлықтар кетті. Біздің қуанышта шек жоқ. Бас бәйгені өздері алғандай оразақтықтар мәз-мейрам. Қасқатайдың атағы алғаш рет осылай шыққан еді.
Содан бастап әкей Қасқатайды баптауға бел шеше кірісті. «Жілігінің майы толсын» деп сұлымен семіртіп, су орнына саумал беріп бәйек болды. Саумал демекші, Қасқатайдың алғашқыда биенің сүтінен жеріп, үш күн, үш түнәр сызбай тұрғаны әлі есімде. Су берілмейді, ал, берілген саумалдан Қасқатайдың осқырына қашып тұрғаны. Ақыры мәжбүрлеп үйретті ғой. Шөлге шыдамаған соң амалсыз ішті. Сондағы бір таң қалғаным, бір аптаның арасында өлі жүнінің бәрі түсіп, түгі құндыздай жылтырап шыға келіп еді. Әкей жүйрігінің бабына келген кезін көзіне қарап танитын. Ондайда аттың көзіне қарап тұрып: «Шабасың ба, Қасқатай?!" деп гүж ете қалар еді. Соны түсінгендей Қасқатай да басын кегжең еткізіп, бір орғып түседі. Артынша пысқырына оқыранады. Әкем: «Әне, көрдіңдер ме? „Бәйге болса, неге шаппасқа. Бабыма енді келдім“ деп тұр ғой» деп түсіндіретін. Жылқының тілін қалай біліп қояды екен деп таңданамыз. Кейін білдік ғой, тілі жоқ демесең, есті ат иесінің не тілегенін адамша ұғып, ыңғайына бағып, дегеніне көніп тұруға бейім екен.
Қасқатайдың даңқы дөненшығар кезінде тіпті алысқа кетті. Астана іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында өткен аламанға осы төңіректің кіл жүйріктері тегіс жиналған. Мұндай үлкен дүрмекке алғаш түсуі. Бірінші күнгісі-тоқ бәйге еді. Қашықтығы — он алты шақырым. Кілең ірі аттармен қатарласа қалса, біздің дөнен тайдай-ақ болып көрінеді. Қалай болар екен деп қауіптеніп қоямыз. Әкей болса нық сенімде. Абырой болғанда, Қасқатай таза қанды, ағылшын жүйрігімен үзеңгі қағысып, тоқ бәйгеден екінші орынға ілікті. Екінші күнгі аламан — жиырма бес шақырым. Әкем таңғы алакөбеде Қасқатайды жетектеп суарып, сылап-сипап тұрып, баяғы әдетінше «Шабасың ба, Қасқатай?!" деп гүж ете қалды. Дөнен көзі жайнап, ойнақтап тұр. Кешегі қырғын шабысты місе тұтпағаны байқалады. «Шабады екенсің!" деп ол кісі дөненнің сауырынан шапақтап қойды. Сөйтті-де, екінші күнгі аламанға тағы да қосып жібергені. Тұстастары: «Ау, Қазеке! Кеше ғана бәйгеден келген атты бүгін жиырма беске қайта қосқаның қалай? Зорықтырып алмайсың ба?» десе, ол кісі: «Мен емес, Қасқатайдың өзі ғой, „Неге шаппасқа“ деп сұранып тұрған» деп мырс-мырс күледі. Қызық болғанда, Қасқатай таза қанды жүйріктерден оқ бойы озып, аламан бәйгеден дара келді. Қасқатай сол кезге дейін он шақырымнан алысқа шауып көрген жоқ-ты. Ал, сонда жиырма бес шақырымға әкейдің қалай тәуекелмен қосқанына осы күнге дейін таңым бар.

Қасқатай содан төрт-бес жыл алдына қара салмай тұрды. Алланың әмірі жетіп, әкей дүниеден озды. Әкеден мұраға қалған асыл өнерді жалғастырмаққа біз-де күш салдық. Төлеш, Қуат, ағам үшеуіміз осы күнге дейін ат баптауды тоқтатқан жоқпыз. Қазақы тазылар ұстап, аңшылықпен-де айналысамыз. Шамамыз жеткенінше Қасқатайдың бабын төмендетпей, жиырма бес шақырымдық аламанға талай қосып, сан бәйгені қанжығаға байладық. Сондай кездерде әкейге ұқсамаққа тырысып, бабы келді-ау деген шамада: «Шабасың ба, Қасқатай?!" деп қалсақ, ол баяғы әдетінше орғып түсіп, оқырана қалатын. «Неге шаппасқа» деп тұр-ау деп өзімізше жорып қоямыз. Қуат, ағам екеуміз көкпардың додасына сан түсіп, аударыспақтың жекпе-жектерінде намысты қолдан берген жоқпыз. Бірақ, қанша тырыссақ та Қасқатай сынды бір жүйрікті құлынынан танып, аламанға қосудың сәті түспей-ақ келеді. Әке атбегілігінің жөні бөлек еді ғой.

Атамыз қазақтың: «Болар елдің баласы, бірін бірі батыр дер» деген нақыл сөзін еске тұтып, Марат бауырымыздың мерейін өсірмекке ниет еткен едік. Тек аударыспақтың балуаны ғана емес, ат баптаудың майталманы, аударыспақтың бапкері, сондай-ақ, жылқы тұқымын асылдандыруға, қазақы тазы өсіруге ден қойып жүрген жан-жақты азамат туралы кеңінен толғауды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық. Арда азаматқа Алла жар болғай!

Төлеген Жәкітайұлы

http://ulttyqsport.kz/