Ақмола облысындағы «АЛЖИР» лагері бүгінде тарихтың қаралы бетін еске түсіретін орындардың бірі. Қазіргі таңда лагерь орнында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған «АЛЖИР» мұражайы орналасқан. Жергілікті мұражайда осы сұмдық лагерьден өткен мыңдаған әйелдердің тарихы сақталған.
1937 жылы 3 желтоқсанда Ақмола аймағында халық жауының әйелдеріне арнаулы лагерь салынды, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып азап орталығында 8 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Олардың ішінде көпшілігі орыстар 4390 (50%), еврейлер 855 (20%), украиндар 740 (15%), қазақтар 87 (2%). Бас-аяғы алжирдің тозағына 62 ұлт өкілдері түскен.
Аталмыш азап түрмесінде Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. Осында қамалған 8 мыңға жуық әйелдің бар айыбы халық жауы атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді.
Анасымен келген сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң балалар үйінің «тәрбиесіне» берілді. Ең сұмдығы, мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. Тұтқындар күніне 12-15 сағат жұмыс істеген. Әйелдердің басым көпшілігі азап түрмесінде ажал құшқан. Әйелдерді лагерьге алдап әкелген. Кейбірі үй киімімен, басқалары кешкі көйлектерін киіп дайындалған. Ұсталғанға дейін оларды күйеулерімен кездесуге апарып жатқандарын айтты, ал байғұс әйелдер өздерінің ең жақсы киімдерін киіп алды, тіпті оларды алда не күтіп тұрғанын білмеді.
АЛЖИР тұтқындарының әр күні бір сценарий бойынша жүрді: ерте тұру, 12 сағаттық жұмыс күні, кешкі ас. Тамағы өте нашар болды : бір үзім қара нан, ең нашар сорттағы ботқа, кейде сорпа. Адамдар үнемі аштық сезімімен өмір сүрді, ең ауыры олардың денсаулықтары нашарлап, қанша қиналса да тамақ жайында әңгіме айтуға рұқсат етілмейтін.
«АЛЖИР» тұтқындарының бүкіл өмірі үмітсіз сұр күнге ұласты. Алғашқы екі жыл лагерь қатаң режимде болды. Аумақ қос тікенді сыммен қоршалған, кез келген хат алмасуға тыйым салынған, сондықтан туыстары әйелдердің тағдыры туралы ештеңе білмейтін.
Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері азаптың мекені болғанымен, бұл әйелдер күш-қуаты мен төзімділігімен тарихта өшпес із қалдырды.
1951 жылы сәуірде үкімет қаулысы шықты, оған сәйкес барлық жүкті әйелдер мен балалы әйелдер босатылды. 1943 жыл өте ауыр болды, бұл кезенде жүздеген тұтқын жан тапсырды. АЛЖИР лагері 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін жабылды. Алайда одан кейін де ол тағы бірнеше жыл өмір сүріп, тек 1958-1960 жылдары ғана толығымен жойылды.
2007 жылы 31 мамырда Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мұражайы мен мемориалдық кешені ашылды. Дәл осы жерде, Астанадан небәрі 37 шақырым жерде кеңестік әйелдердің ең ірі лагерлерінің бірі орналасқан. Қуғын-сүргіннің құрбанына түскен әйелдер үшін бұл жер сейілмейтін қараңғылық пен үлкен қайғы аймағына айналады. Мемориалдық кешендегі мұражайда әртүрлі құжаттармен және фотосуреттермен танысуға болады. Мұражай-мемориалдық кешеннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі С.Ж.Нарынов. Мұражайға кіреберіс туннель арқылы өтеді, оның қабырғаларында қазақ халқының жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарындағы өміріндегі қиын кезеңді бейнелейтін картиналар орналасқан.
«АЛЖИР» мемориалдық кешеніне кіреберістің алдында 14 елдің: Польша, Франция, Германия, Венгрия, Израиль, Корея, Беларусь, Грузия, Армения, Украина, Эстония, Литва, Латвия және Әзірбайжанның мемориалдық белгілері орнатылған.
Нұрсұлу Өмірхан
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті