Тарих философиясы дегеніміз не ?
08.02.2023 6752

Біздің қолымыздағы Қазақстан тарихы оқулықтары тарихи оқиғалар мен тұлғаларды сипаттап жазудан тұрады. Бұл біздің тарих ғылымы әлі балалық шақта тұрғанының көрінісі, яғни ол ақыл-есі әлі толмаған жас бала сияқты, көргенін, немесе естігенін ғана баяндайды. Ғылым өсе-жетіле келе өзіне өзі «осы біздің айналысып жүргеніміз не нәрсе, оның мағынасы бар ма, ішкі мазмұны деген не, не себебтен біз осындай болдық?» сияқты сұрақтар бере бастайды. Міне, осы кезде тарихтың ішкі мазмұнына ұңілетін тарих философиясы пайда болады. 


Әрине, жалпы философиялық көзқарас ғылымдағы ішкі дауды, ой таласты, толғанысты қажет етеді. Мұның пайдасы біз ұлттық тарихтың концепциясын жасау мүмкіндігіне ие боламыз, екіншіден, сырттан таңылған әр түрлі тарихи ой ағымдарының соңынан ере бергенді тоқтатамыз, үшіншіден, әуесқой тарихшылық пен кәсіби тарих арасында биік планка  орнатылады.

***

Біздің алдымыздағы ұстаздарымыздың, ғылым негізін қалаушылардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамның сапалық қасиеттері өзгергенде, сан ғасырлар бойы ғұмыр кешкен империялар құлдырағанда және олардың қирандыларының орнында жаңа мемлекеттер пайда болатын тарихтың күрт бұрылыстарында тарих философиясына қатысты зерттеулер жүргізуге деген қажеттік туындайды. Ерте заманда және орта ғасырларда адам дамуының тектоникалық қозғалыстарындағы тарихи жарықшақтары әлемдік діндерді және діни дүниетанымды тудырды. Бұл тұрғыдан белгілі бір дәрежеде діни ілімді алмастыратын көптеген діни-этикалық ілімдерді де қарастыруға болады. Алайда Еуропадағы орта ғасырлық феодализмнің дағдарысы дәуірінде, қоғам мен адамның дәстүрлі құндылықтары туралы ескі түсініктер өзгерген кезде жаңа діннің орнына ғылыми концепттер принциптеріне негізделетін пәлсапалық-тарихи ұғыну пайда болды. Біз бұл жерде пәлсәпа деген сөзді философия мағынасында қолданып отырмыз.  ХVIII ғасырда Батыс Еуропада жаңа ғана пайда болған концепттер ғылымның белгілі бір бағыттары болып қалыптасты. Сөйтіп «тарих философиясы» пайда болды.  Әрине, ХVIII ғасырға дейінде  тарих мағынасы туралы ойланатын тарихшылар болды, әсіресе Шығыс әлемінде. Бұл үшін сіз Бируни, Рашид-ад-дин шығармаларының кіріспе бөлімдерін оқысаңыз жеткілікті (Чарлз Сторидің «General history» еңбегін т.б. қараңыз). Тарих туралы ой көне түрікітің Орхон-Енисей  бітіг тас мәтіндерінде де жетіп айрылады.  Бірақ ғылымның бір саласы түрінде «Тарих философиясын» біз  Жаңа заманда Еуропадан еншіге алдық.  Оны мойындау керек.

«Тарих философиясы» терминін ХVIII ғасырдың ұлы ағартушыларының бірі Вольтер ұсынды. Өзінің алдындағы әріптестеріне қарағанда, ол тарих ғылымында хронологияға дәл сәйкестікпен сипатталатын оқиғалардың реттілігін емес, тарихи үрдісті және жеке оқиғаларды пәлсапалық талдауды маңызды деп санады. Оның пікірінше, тарихшының негізгі міндеті – тарихтың белгілі бір қалтарыстарынын түсіндіруде, тарихи үрдістің болмыстық сипатындағы рефлексияда. Белгілі бір дәрежеде Вольтердің тарихқа деген қатынасы еуропалық өркениеттің дамуындағы келер өзгерістермен, өткен мен осы күнгі жағдайды ғылыми тұрғыдан ұғыну қажеттігімен, өздерінің заманындағы қоғамды рухани тұрғыдан ұйымдастырудың жаңа принциптерін табу ұмтылысымен айқындалды.