Құдайберген Жұбановты еске алған дөңгелек үстел өтті
17.11.2014 3381
14 қараша күні Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Құдайберген Жұбанов мұрасы және түркітанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай өткізілген жатқан шараға Қазақстан, Түркия мен Қырғыз елінің ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Қ.Жұбановтың ұрпақтары қатысты. Алқалы жиында қазақ тілі білімі және жалпы түркітануға қатысты.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған Академия Президенті Дархан Қыдырәлі:

- Биыл қазақтың ғана емес, жалпы түркінің ортақ мақтанышы  Құдайберген Жұбановтың 115 жылдығы. Жалпы Жұбанов қазақ тарихындағы алғашқы профессор ретінде термин жасауға үлкен еңбектер сіңіргенін жақсы білеміз. Ол ең алғашқы  болып шағатай әдебиеті, Яссауи мұрасы, Абай туралы пікір білдірген көп қырлы ғалым. Санаулы ғұмырында  осындай үлкен істер тындырған Жұбановқа арналған шара өткізуді біз өзімізге парыз санадық.

20 ғасырдың басында Ғаспыралы бастаған түркі тектес елдерден шыққан ғалымдар, оқымыстылар тізе қосып үлкен шаруалар атқарды. Баку конгрессін өткізді, ортақ әліпби, ортақ тіл, жазу мәселелерін көтерді. Алайда Кеңес үкіметі оларды қыспаққа алып, үлкен армандар орындалмай қалды. Репрессия жылдары түркілерден тараған дарынды тұлғалардың барлығы дерлік жапа шекті. Оның ішінде әрине, біз сөз етіп отырған Құдайберген Жұбанов та бар.

Жалпы Жұбановтар әулеті қазақ мәдениетіне, тіліне, өнеріне үлкен үлес қосты. Сол мұраларды бүгінгі заманға жеткізгені үшін осы әулетке үлкен алғысымды білдіремін, - деді.

Көршілес қырғыз халқының қазақтың Құдайберген Жұбанов секілді дарынды ғалымын жақсы білетіндігін айтқан  Бішкек гуманитарлық университетінің профессоры Ташполат Садықов:

- Қырғыз халқы қазақтың Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов сынды  дарынды ұлдарын жақсы біледі. Біз Жұбановты  қазақ тіл білімінің негізін қалаған үлкен дарын иесі, жазушы, журналист, аудармашы, жалпы биік деңгейдегі маман деп танимыз. Бүгінгі жиында оның мұралары жөнінде сөз болып жатыр. Бізді қызықтыратыны,  тіл білімі мәселелерінің ішіндегі фонетика, грамматика, сосын лексикология мәселелері. 

Жұбанов тек қана қазақ тіл білімі үшін ғана емес, қырғыз  тілінің дамуы үшін де еңбек сіңірген ғалым. Сондықтан бүгінгі жиынның біз үшін де маңызы зор, - деп өз пікірін білдірді. 

Дөңгелек үстел барысында ғалымның ұрпақтары да назардан тыс қалмай, әкелері жайлы айта кетті.

Қ. Жұбанов ұрпақтары

Ғалымның ұлы, бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының профессоры  Асқар Жұбанов: Менің әкем небәрі 38 жыл өмір сүрді. Өте ерте кетті. Соның өзінде табиғаттың берген дарынның арқасында артында өшпес мол мұра қалдырды. Ол қазақ тілінің барлық саласына еңбек сіңірді. Бір таңқаларлығы, әкеміз он алты тіл білген екен. Еуропа, түрік тілдерін салыстырмалы зерттеу арқылы қазақ тілінің грамматикасын жасады. Сөйтіп қазақ тілінің теориялық негізін қалады.

Әкеміз 1938 жылы жазықсыз атылып кетіп, 1957 жылы қайдан ақталды. Бүгінгі жастар оның жазған еңбектерін зерттеп, ізін жалғастырып жүр. Ең бастысы, әкеміздің еңбектері жаңа көзқарас тұрғысынан қарала бастады.

Бүгінгі шараны өткізіп отырған Халықаралық Түркі академиясына үлкен рахметімді айтамын. Бұл биылғы жылы бастылып отырған ең бірінші мерейтойлық шара, - деп өз ризашылығын білдірді.

Ғалымның қызы, Қызғалдақ Жұбанова: - Әкеміз 1938 жылы  жазықсыз атылып кетті. Бірақ, тәуелсіз қазақ ұлдары әкемізді ақтап, оның артында қалдырып кеткен мұрасын зерттеп, міне бүгін осындай шара өткізіп жатқандары мені шын қуантады. Бүгінгі күні әкеміздің туған жерінде оның атында жоғары оқу орны бар. Жыл сайын Жұбанов тағылымы, жұбановтану атты дәстүрлі оқулар, жиындар өткізіліп тұрады.

Жалпы Әкеміз туралы қазақ халқы жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім, Қазақстанның жас астанасы Астана қаласынан әкеміздің атына бір көше берілсе деген тілек. Бұл жалпы Жұбановтар әулетінің тілегі, - деп өз өтініштерін жеткізді. 

Құдайберген Жұбановтың қысқаша өмірбаянын жазсақ, ол 1899 жыл 19 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Темірші ауданында дүниеге келген. Қазақ тіл білімі саласындағы алғашқы профессор, түркітанушы, педагог. Бастапқыда мешіттен дәріс алып араб тілін үйренген ол кейін парсы, орыс, моңғол, чуваш, коми, гүржі, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгереді. 

Халық ағарту комиссариаты коллегиясының, Ұлттық мәдениет институты ғалымдар кеңесінің сонымен қатар, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалы үлкен ғылыми кеңесі мен Президумының мүшесі болған Құдайберген Қуанұлы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, республиканың Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының (А.Байтұрсынұлынан кейінгі) төрағасы т.б сынды жауапты қызметтер атқарған. 


Саналы ғұмырын тіл саласына арнаған ғалым қазақ тіл білімінің практикалық және теориялық дамуына ерекше үлес қосты. Осы сала туралы тұңғыш монографиялық зерттеудің әрі алғашқы мектеп оқулығы мен оқу бағдарламасының авторы. Ана тіліміздің тарихы, грамматикасы, фонетикасы, дыбыстарының жіктеліс жүйесі, фонологиясы, терминологиясы, лексикологиясы және қолданбалы мәселелері мен методика сияқты практикалық мәселелерін де зерделеп, жаңа қазақ жазуы мен емлесін түзіп, қалыптастыруда елеулі еңбек етті. 

Петербордың Шығыс институтында, одан кейін Яфетидология институтында оқыған ол түркітану саласында көптеген іргелі зерттеулер жасап, Қазақстанда түркітану ғылымының қалыптасуына да айтарлықтай үлес қосты. Көрнекті ғалымның түркі тілдері дыбыс заңдылықтарының сәйкестігі мен алмасуларының фоносемантикалық негізі, сөз таптарының көнедегі синкреттігі, көне түркі және көне жапон тілдерінің байырғы алтай дәуіріндегі жақындығы туралы концептуалды идеялары, сондай-ақ түркі тілдерінің тарихын гомогенділік негізде зерттеудің қажеттігі туралы ойлары мен пайымдаулары да аса құнды.

Құдайберген Жұбанов қазақ филологиясы саласында бүгінде есімі елге белгілі ғалымдардың бір шоғырының ұстазы.


Дайындаған: Олжас БЕРКІНБАЕВ