Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҒАСЫР ТОҒЫСЫНДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ШЫҢДАҒАН, ЗАҢҒАР – ЗАҢГЕРЛЕР

31166
ҒАСЫР ТОҒЫСЫНДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ШЫҢДАҒАН, ЗАҢҒАР – ЗАҢГЕРЛЕР - e-history.kz

«Қастерлей білмесе, қасиеттің де құны қалмайды» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Бағалай білсек, ел тәуелсіздігі – халық басына қонған бақ. 1990-шы жылдардың басында жаңа мемлекетті қалыптастыруда, заманауи уақыт талабына сай жұмыстар қолға алынды және дәл осы жылдар Қазақстан үшін тарихтың жарқын беттерін айқындаған жылдар еді. Әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру, жаңаша қоғамдық жүйені қалыптастыру, әлемдік үдерістерге сүйенетін шаруашылықты жүргізудің жаңа сапалық үлгісін жасау қажет болды. Әсіресе реформалардың әлеуметтік бағыт ұстанғаны маңызға ие. Кәсіптік еркіндік, жаңа салық, бюджет, банк жүйелері, жекеше кәсіпорындар, шаруа, фермер қожалықтары дүниеге келіп жаңа экономикалық қатынастардың негізі қаланды, яғни нарық тетіктері жасалынды. Тарихи дамудың заманауи кезеңінің іс-қимылдары арқылы нәтижелі қарымды қадамдарға ұмтылыс жасалды.

Ел мұраты – демократиялық даму және экономикалық тәуелсіздікке жету жолы болғандықтан, анық та айқын мақсат қойылды.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2003 жылдың қаңтар айындағы швейцариялық «Ceneva Diplomatic Magazine» журналына жариялаған мақаласында, демократияны «жариялауға болмайды, оны тек қана бастан өткізу керектігіне» жұртшылықтың назарын аудартқан болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, демократия - жолдың басы емес, оның түпкі мақсаты. Қазақстанда басты саяси бағыт анықталды: құқықтық мемлекет және демократиялық қоғам құру. Бұл міндеттерден елдің даму стратегиясы туындап, ол Қазақстан Республикасының жаңа Қонституциясында хатталды. Кезінде алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – мінезден басталады» деген болатын. Олай болса, әрбір істің бастау көзі - тәртіп пен оның сақталуына тікелей байланыстылығы заңды. Қазақ халқының тағдыр сынағынан өтіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы Қазақстан Жоғары Кеңесінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» Заңының қабылдануымен Қазақстанның егемендік күнтізбесі басталды. Бұған Қазақстан Президенті де аса зор жауапкершілікпен қарады. Мұндай ел мүддесіне қатысты маңызды заңнамалық құжаттарды зерделеу, жасау және насихаттау жұмыстарының басында – отандық заң ғылымының дамуына, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, теориялық және практикалық тұрғыда заңнамаларын бекіткен, кәсіби заңгерлер мен құқықтанушылардың еңбегін атап өту парыз. Олар: Салық Зиманов (Қазақстанның 18 ғасырдың соңы мен 19-дың алғашқы жартысындағы саяси құрылысы), Сұлтан Сартаев (Социалистік мемлекеттіліктің құрылысы және Қазақстандағы халық өкілдігінің жоғарғы органының мәселелері), Мақсұт Нәрікбаев (Қазақстан Республикасы бөбектерінің балалық шағын қылмыстық-құқықтық қорғау), Рогов Игорь Иванович (Экономикалық қылмыспен күрес мәселелері: қылмыстық-құқықтық және қылмысты зерттеу) Ударцев Сергей Федорович (Ресейдегі анархизмнің саяси және құқықтық теориясы: тарих және қазіргі заман), Малиновский Виктор Александрович (Қазақстан Республикасының Президенті: институттары, қызметтері, билік құралдары) сынды басқа да қаншама заңғар-заңгерлер, өздерінің соңынан шәкірттерін ілестіріп, мектептерін қалыптастырды.

1990 жылдардың басында ғылыми талқылауларда Қазақстан Республикасының экономикалық заңнамалары (М.К. Сүлейменов), ҚР-ғы шетелдік инвестиция заңнамалары (К.С. Мәуленов), Қазақстанда өзге елдің соты немесе арбитраж шешімдерін мойындау және орындау (Ю.Г. Басин), Сайлау – кәсіби парламентті қалыптастырудың демократиялық институты ретінде (Т. Мустафин), Белсенділік және демократия: пікірлер тоғысында (А. Бижанов), Адам құқы және азаматтық құқық (Е. Нурпеисов), Партия мүддесі – халық мүддесі (С. Дьяченко), Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар (С. Булекбаев), Қазақстанның саяси партиялары парламенттік сайлау алдында (М. Аренов, Р. Сартаев), Ұлтаралық келісім – қазақстан қоғамын демократияландырудың маңызды факторы (Р. Абсаттаров), Саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар (Б. Әбдіғалиев) және басқа да мәселелер қамтылса, 2000 жылдың басында ҚР егемендігінің құқықтық қамтамасыз етілу мәселелері (М. Нәрікбаев), Қазақстандағы мемлекеттік билік түрлерінің эволюциясы (Е. Нурпеисов), Конституциялық бақылау және оның мәні (А. Караев), ҚР егемендігінің конституциялық-құқықтық мәселелері (К. Жиреншин, К. Айтхожин) және тағы басқа да жаңа мемлекеттің құқықтық-заңнамалық құрылымына байланысты өзекті мәселелердің шешілу жолдары түрлі ғылыми шараларда сараланып отырды. Жоғарыдағы заңгерлер арасында Мемлекет тарихы ұжымының бас ғылыми қызметкері, құрметті заңгерлер өкілдерінің ішінде құқықтанушы - Еркеш Қалиұлы Нұрпейісовтың отандық заңнамалық құрылымның қалыптасуы мен дамуындағы еңбегі ерекше. Бір мақалаға ауқымды мәселе қозғай алмайтындықтан, Еркеш Қалиұлының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның саяси құрылымының бейнесін айшықтаудағы ойлары мен тың пайымдарына назар аударсақ. Е. Қалиұлы өзекті мәселелер қозғайды. Мысалы: жаңа буыны қатпаған мемлекеттің саяси мәселелерінің ішінде ұлтаралық келісім мәселесінің маңыздылығын, Қазақстанды қалай ортақ Отан қылуға болады және ұлтаралық қатынастарда жасырын, қылаң беретін шиеленістерді қалай реттеуге болады? деген сұрақтар аясында толғанысын ашық баяндайды.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының келешегіне алаңдайды. Алдымен құқықтанушының мемлекеттегі саяси жүйенің орнына қатысты, «Қазақстанның саяси портреті» мақаласына мән берсек. Онда ол былайша тұжырым жасаған: «Қазақстан - құрамында өзге ұлттық-мемлекеттік құрылым болмайтын, унитарлы мемлекет. Тағы да мұның астары бірлік, бөлшектенбейтін, біртұтастықпен түсіндіріледі. Қазақстан үшін унитарлы – оның көпұлтты даму кезеңімен тарихи пайда болғаны, факт. Біріншіден, Қазақстанның ұлттық құрамының өзгеруі, өздерінің мемлекеттері бар ұлт өкілдерінің жаппай ағылу есебінен жүрді; екіншіден, Қазақстан мемлекетінің шекарасы қанша өзгерсе де, ол ешқашан өзге мемлекеттің аймағын, оның халқының мемлекеттігінен айырып толықтай сіңіріп алған емес. Сондықтан да Қазақстандағы унитаризм – бұл тарихи да және теориялық тұрғыда, мызғымас факт. Және қазіргі саяси өмірде оның үлкен мәні бар. Келесі мәселе мемлекеттік билікті ұйымдастыру жөнінде. 1995 жылдың 30 тамызындағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің жаңа құрылымы бекітілді. Социалистік мемлекеттілік нысаны ретінде, Кеңестер Республикаларын бөлшектеу түпкілікті аяқталды. 1993 жылғы Конституциядан туындаған мемлекеттің мәні және іс жүзінде ел басқарудың берекесін кетірген Президент пен Жоғарғы кеңес арасындағы қос билік туралы бұрмаланған көріністер тудырған қателіктер түзетілді. Жаңа мемлекет байырғы қазақ жерінде мемлекеттіліктің жасампаздығы және жалпы тарихи тағдыр біріктірген Қазақстанның бүкіл халқының еркін білдіруге негізделген; президенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекет болып жарияланады.

Бұл мемлекет басшысы – Президент деген сөз. Ал, мемлекеттің унитарлығы дегеніміз, оның ішінде өзге ұлттық-мемлекеттік және автномиялық құрылымдарсыз екенін білдіреді. Оған қоса, мемлекеттік билік Конституция мен заңнамалық, атқарушы және сот тармақтарына бөлінген, тиым және қарама-қарсы жүйелерді пайдалану арқылы олардың бір-бірімен өзара іс-қимылдары қағидаттарына сәйкес заңдар негізінде жүзеге асырылады. ҚР Президенті, Парламенті мен Үкіметінің, Конституциялық кеңестің, соттар мен прокуратуралардың, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметтері, құзыреттері мен жауапкершіліктерінің өзара қатынасы, демократизмді және жалпы бүкіл мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етуге үндестірілген. Жоғарғы мемлекеттік органдардың мәртебесінің дәл үйлестірілуі, басқарудың қазақстандық президенттік түрінің өзгешелігін айқындайды. 1995 жылғы ҚР Конституциясы мемлекеттік билік пен шектен шығу және оларды бір-біріне қарсы қоюдың алдын ала, алдағы күтілетін жергілікті өзін-өзі басқару институттары арасындағы жаңа бастауларды бекітті. Өтпелі кезең мен жаһанданудың сын-қатерлерін еңсеру мүмкіндіктерінің салдары, конституциялық мемлекет қызметінің тәжірибесінің жинақталуы, азаматтық қоғамның ағымдағы және жауапты институттарын дамыту, мемлекетті басқарудың барлық тігінен де және көлденең байланыстарындағы қатаңдығы бірте-бірте жұмсара түседі, оған саяси партиялар және басқа қоғамдық ұйымдарды тарту, мемлекеттік-қоғамдық құрылымды құру, азаматтардың билік шешімдерін қалыптастыру, қабылдау және жіберуге тікелей әсері болуы үшін, жаңа мүмкіндіктерді бекіту. Тікелей ҚР жаңа Конституциясымен, 1993 және 1995 жылдар тоғысында конституциялардағы мемлекеттік органдарға қатысты мәселелер шешілді».

Еркеш Қалиұлының пайымынша, Қазақстан халқын біріктіретін және олардың лайықты өмірін қамтамасыз ететіндердің барлығы, яғни мемлекеттің де, ұлттардың да, жеке адамның да бағынатыны – Заң. Біріншіден, Еркеш Қалиұлы кез-келген халықтың шынайы мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізуі – бұл әркез үлкен тарихи және саяси үн екендігін бекітеді. Екіншіден, халықты біріктіруші идеяның негізгі көзін – Қазақстандағы ұлттың құқы мен адам құқының құрметтелуімен тікелей байланыстылығын айшықтайды. Өздеріңізге белгілі, Ата Заң еліміздің экономикасының, әлеуметтік-саяси жүйесінің дамуын жеделдетті, халықтың саяси белсенділігін арттырды.

Еркеш Нүрпеисовтың екінші бір еңбегі, Қазақстанда омбудсман институтын құру жөніндегі мәселенің шешілмегеніне және «оның тәуелсіз орган ретінде мемлекеттің бақылауынан шығып, үкіметтік емес құқыққорғау органына айналады және сот және құқық қорғау органдарының қызметін қайталайды-мыс» деген пікірлерге қатысты, сыни көзқарасы хаһында. Заңгер «ұлттық омбудсман институтын құрудың гуманитарлық сипат алатынын, оның астарында әлеуметтік-саяси және экономикалық мән барын» атап өтеді. Тұрғындардың құқықтық мәдени деңгейінің төмендігі ашық айтылып, адам құқы саласында басты гуманитарлық тұрғыда мән берілетіні, адам құқы әрбір адамның дамуына қажетті шарттардың басымдылығымен қарастырылады. Еркін адам идеясы, ол не? Ежелгі еркіндік ұғымы және құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамда оның жүзеге асуы мағынасында, ол идеяның өзектілігі артып отырғанын көрсетеді. Осы идеяны құқықтық мемлекетті, нарықтық экономика және азаматтық қоғамды қалыптастыруда күнделікті өмірде біз оны пайдаланымыз ба? бұл сұрақтарға біріңғай жауаптың жоқ екенін де сөзге тиек етеді. Е. Нұрпейіс ойын былайша бағамдайды: «Адам еркі – бұл өкінішке орай, белгілі жағдайда табиғи және әлеуметтік сипаттағы факторлармен шектелетін, оның табиғи қалпы.

Адам ақыл-ойының дамуымен табиғат күштеріне тәуелділіктен құтылып, тірі, биологиялық жаратылыс ретінде, еркіндік шегін кеңейтіп келеді. Қиын болып тұрған тұсы олардың әлеуметтік еркіндігінің болмауы, қоғамдық тиымдар, иерархиялық құрылымдық қоғамның талаптары адамдарды тиісті жағдайға қояды, бірақ барлығы абстрактылы сезіне алатын кеңістікте, объективті еркіндікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Еркін тауар өндірісі арқылы ғана нарықтық экономиканың дамитындығын пайымдайды. Адам азаматтық қоғам, таптық, рулық және басқа да белгілері бойынша артықшылықтар немесе теңсіздікті теріске шығаратын қоғам аясында, адам нақты әлеуметтік еркіндікке қол жеткізеді. Қоғамдық өмір құқықтық мемлекет арқылы реттелген және заңға бағынған жағдайда, басты мақсаты азаматтардың табиғи және қол жеткізген құқтары қорғалған уақытта ғана азаматтық қоғам өміршең. Жалпы, адам құқының жариялануы, қамтамасыз етілуі және қорғалуы ісіне тікелей байланыстылығы айқындалады. Адам құқы бойынша өкілетті құқықтық мәртебе жөнінде халықаралық сарапшылар, омбудсман институтының тәуелсіздік жағдайына иек артады.

Ол органның қалыптасуы, Президенттен де, оның әкімшілігінен де (Парламентке тәуелділігіне жол берілсе де) тәуелсіз өкілеттігін айқындауда деп көрсетеді. Ендеше, Парламент арқылы сайланатын болғандықтан, омбудсман – мемлекеттік орган. Сондықтан да оның мемлекеттен шексіз тәуелсіздігі туралы айтуға болмайды. Бұл мемлекеттік органның ерекшеліктері болуы керек. мемлекет күнделікті оның қызметіне араласуға құқысы болмауы қажет, олар оның қызметінің басымдылықтарын анықтамайды, жыл сайын жеке тармақ бойынша републикалық бюджеттен қаржыланады, орғауды жүзеге асырады және құқықты қамтамасыз етеді, олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру мен өтемақы төлеу тиісті мемлекеттік органның шешімімен, сол сияқты қоғамдық-саяси, шаруашылық және басқа да қызметтер, оған негізделген ұсыныстар енгізу жолымен және заң беделінің шеңберінде, қоғамдық пікірге сүйену жолымен шешіледі. Адам құқы бойынша шын мәніндегі мемлекеттен тәуелсіз мекемелер – құқыққорғау қызметтерімен айналысатын, үкіметтік емес ұйымдар болып табылады». Қазақстанның жалпыұлттық басымдылықтарының негізі - әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру. Басты мақсаттардың бірі - бәсекеге негізделген әлеуметтік жетістіктер дамуына бейімделген экономикаға жету, меншіктің түрлі нысандарын дамыту болғандықтан да, оның нәтижесі Қазақстанның өркениетті ел қатарына қосылуына негіз болды. Қазақстан Республикасының түпкі мақсаты - адамзат өркениетінің жоғарғы дәрежесіне жетуге талпыныстар жасау. Өндіруші кәсіпорындарды дамыту, отандық тауар өндірушілер мен шағын бизнеске қолдау көрсету, экономиканың шаруашылық кешенінің шикізатқа негізделген бағыттарының құрылымдық реформаларын жетілдіру белсенді түрде қолға алынды. Бұл мәселелерді шешуде институтционалды қайта құрулар жетілдірілді, экономикалық үрдістердің нормативтік-құқықтық базалары кеңейтілді, экономиканың маңызды саласы дамуына ықпал етілетін бағдарламалық құжаттар қабылданды, шаруашылықты дамыған нарық стандартына жақындату шаралары жасалынды. Әсіресе экономика саласының әлеуметтік бағытында құрылымдық қайта құрулар жүргізілді.

Оның ішінде, жекешелендіру үрдістерін және мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру бағыты тұрды. Осындай нарықтық экономика жағдайында, тұрғындар арасындағы қылмыстық көрсеткіштің өсуін, жаңа нарықтық құрылымға жаба берудің қажеті жоқтығын 1993 жылы заңгер И.И. Рогов былайша дәйектейді: «...қылмысты ең алдымен әлеуметтік-экономикалық факторлармен негізделген құбылыс ретінде сүйеніп, жауап беріп көрелік. Кеңес дәуірінде адамдар жеке меншіктен аластатылды. Экономиканы саясиландырудың соңы, қоғам өміріндегі мемлекеттің рөлін түпкілікті өзгертті. Мұндай жағдайда бюрократтық аппараттың рөлі артты. Бірте-бірте мемлекеттің меншікті бөлу қызметі, оны иелену функциясынан айырды. Осылайша, меншік иесі ресми жарияланған халық емес, оны нақты қолында ұстап отырғандар, әкімшілік аппарат иеленді. Бұқараның негізгі бөлігі меншіктен қол үзді. Сондықтан да оның басым бөлігі қылмыстық қол сұғушылықтан мемлекеттік меншікті қорғау мәселесіне енжарлықпен қарады. Мұның қарама-қайшылығы сонда, меншіктен еңбекшілер ғана емес, басқару аппараты да аластатылды. Нәтижесінде меншік «ешкімдікі» болмай шықты. ...Кезегінде меншікке иесіздік, қадағалаусыздық, мемлекеттік меншікті жымқырудың және басқа да қастанды ашкөздікті өсірді. Сондықтан да, меншікке қатысты реформа, экономикалық қана емес, қылмысты іс тұрғысында қажет. Нарықтық жағдайда, реформа ең болмаса үш міндетті шешу қажет болды:

Біріншіден, өндіріс құралдарынан азаматтардың аластатылуын доғару, жою, адамды мемлекеттік меншіктің маңызды бөлігіне қатысты ие ету, ұрлық-қарлық пен иесіздікті мәнсіз ету және басқа;

Екіншіден, жалпы билік аппаратын, бюрократизмнің экономикалық негіздерін жою, яғни оны теріс пайдалану мүмкіндіктерін болдырмау; үшіншіден, материалдық және мәдени сұраныстарды қанағаттандырудың пайдалы құралдары ретінде, адал да абыройлы еңбек етуге апаратын жүйе құру. Бұл міндеттердің барлығы мемлекетсіздендіру мен меншікті жекешелендіру үрдісінде, олар тиісті түрде және тез жүргізілген жағдайда шешілген болар еді. Өкінішке орай жекешелендіру толықтай емес, тұрғын үй, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету салаларын ғана қамтыды. Тиісінше, тұрғындардың аз бөлігі ғана меншік иесі ретінде өздерін сезінді. Жекешелендіру үрдісінің өзі жаппай бюрократтық аппараттың «сатып алынуына» беріліп, қоғамдық бақылаудан тыс қалды. Мұндай жағдайда бюрократизмнің экономикалық тамырлары нығайды да, мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлығы артты. Нарыққа өту міндетті түрде тұрғындардың табысы бөлектене түседі. Азаматтардың бастапқы мүмкіндіктерінің міндетті түрде теңдік қағидаты сақталғанда, сол сияқты әрбір адам білім алуға, тиісті мамандығын алуға, мемлекеттік меншікті жекешелендіруге тең мүмкіндік алғанда, қарама-қайшылықтардан шығу мүмкіншілігі бар». И.И. Рогов нарықтық қатынастың қылмыстық бастауларды бекітуге негіз жоқтығын осылайша дәйектейді. Оған қоса, мемлекеттік меншікті жекешелендіру және нарыққа өту, адамды қоғамнан жақындатпаса, алыстатпайтынын, өтпелі кезеңнің тұжырымдамасы қылмыстық аяда, тереңірек зерттелуі тиістігін ашық жазады. Басқаша айтқанда, заң, Президент және республика үкіметінің актылары мен экономикалық қатынастарды реттеу жобаларына қылмыстық сараптама қажеттігі және қылмыстың өсуінің алдын алуға болатынын және алдын алу қажеттігі туралы нақты көрсетеді.

Мұндай болжамдар мемлекеттік органдар тарапынан қаперге алынып, Қазақстанның стратегиялық бағыттары мен жоспарлары қолға алынды. Қалыптасқан Қазақстан Республикасы мемлекеті құрылды. Көптеген заңгерлердің 1990-шы жылдарының басындағы жасаған пайымдарының дұрыстығын дәйектеуге негіз ретінде, жаһандық нарықтық экономика мен саясат әлемінде орын алып отырған теңсіздікке сын көзімен қараған Джозеф Стиглицтің 2015 жылы жарық көрген «Алапат сызат» (Joseph Stiglitz. «The Great Divide») атты сараптамалық туындысын алуға болады.

Бұл еңбекті саралаған қоғам қайраткері, Әділ Ахметов: «Американың сүт бетіндегі қаймағы іспеттес, халықтың 1 ғана пайызын құрайтын бай-бақуаттылары мен қалған «99-дың» арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін тайға таңба басқандай дәл сипаттайды. ...Оның астары ұлан-ғайыр байлық пен ұлы сана қатар жүрсе, қоршаған орта да, адамзат болмысы да иманды арнаға түсер еді деген мөлдір ниет менмұндалап тұрғанын» айтады. Жедел жүргізілген реформалардың өзіне тән қиындықтары мен ерекшеліктері болатыны заңды. Қазақстанда реформаларды тез, шұғыл түрде жасауға Ел Президентінің тәуекелі қажет болды. Ширек ғасырдан кейін, жауапты жұмыстың оң нәтижелерін көріп отырмыз. Ең бастысы, тезірек тығырықтан шығып, ел тұрмысын табанды түрде жақсарту мүмкіндігіне жол ашылды. Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, Қазақстан Республикасының Конституциясы: «...демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Ширек ғасырда ел шаңырағы шайқалмай, іргеміз бекіді, елдік дәстүр орнықты, көгімізде көк байрақ желбіреп, ән-ұран шырқалуда. Етегімізді жиып қандастар елге оралды. Ұлттық құндылықтар ұлықталуда. Берекелі бірлік көзі – этосаралық келісім мен діни түсінікке негізделген бірегей Қазақстандық қоғам қалыптасты. Халық ынтымағы үйлесімінің «Назарабаев үлгісі» атауына ие болған, Қазақстан халқы Ассамблеясы - бейбітшілік жаршысына айналды.

Осылайша, Ата заңға сүйене, Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің іргесі бекіді. 2012 жылдың 30 тамызында Астана қаласында өткізілген халықаралық деңгейдегі жиында Президент Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғамды және мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» ретінде тұжырымды дәйектейді. Ендеше, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде ел игілігіне қызмет еткен заңгерлер мен құқықтанушылардың қазақстандық табыстың басты факторы – 1995 жылғы қабылданған Конституцияға қосқан үлесі зор. Олардың әрқайсысы, Қазақстанның заңғар-заңгерлері деген марапатқа әбден ылайықты. Елімізде қол жеткізілген табыстар, мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық бағыттарын анықтайтын, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде алға жылжып келеді. Оны қастерлеу және заман талаптарына қарай жаңғыртуға қатысуға, әрбір қазақстандық құқылы. 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?