Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚ ІШІНДЕ ПРАВОСЛАВИЕ ДІНІН ТАРАТУДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІ (XIX –XX ғғ. басы)

29521
ҚАЗАҚ ІШІНДЕ ПРАВОСЛАВИЕ ДІНІН ТАРАТУДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІ (XIX –XX ғғ. басы) - e-history.kz

Еліміздің қазіргі даму кезеңінде тұрақтылық пен бейбітшілік сақталып отыр. Бұл қазақстандықтардың бейбітшілігі мен келісімін сақтау бойынша үкіметіміз қабылдап отырған шаралармен байланысты.

Көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте бұндай ахуалға қол жеткізу оңай емес. Кеңес Одағы ыдыраған соң тәуелсіз республикаларда халықтың рухани өмірін қайта жаңғырту үдерісі жүргендігін ескеру керек. Солардың ішіндегі алғашқы орындардың бірін дін алады. Сондықтан, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде, «кеңестік қоғамның басқарушы және бағыт беруші күші» - Коммунистік партия тарихи аренадан кеткен соң, оның орнында пайда болған идеологиялық вакуумды толтыру үшін Қазақстанға қарай миссионерлер легі ағылды.

Неомиссионерлер арасында дәстүрлі діндердің өкілдерімен қатар елдегі тұрақтылыққа белгілі бір дәрежеде қауіп төндіретін түрлі секталардың мүшелерін де кездестіруге болатын. Алайда қазақтардың діни көзқарастарына әсер етуге тырысу әрекеттері кеңестік кезеңге дейінгі өткен уақытта да болған еді. Патшалық дәуірдің отарлау саясатында байырғы халықтың діни сенімін өзгертуге басым көңіл бөлінді. Христиан дінін тек Қазақстан да ғана емес, сонымен қатар Ресей империясының орасан зор аумағына кірген басқа өңірлерде де тарату болжалынды.

Мұсылмандарға қарсы миссионерлік жинақта православие дінін уағыздаушылардың бағыты көрсетілді:  «…Орынбордан Ташкентке дейін, бұл жерден Верный арқылы Омбыға дейін және одан әрі қарай – христиандықтың белгіленіп қойған жолы,- христиан кресті зор қашықтықтан өтіп Орта Азияның шөл даласында жарқырайды». Таңдап алынған жолдың дұрыстығы, миссионерлердің пікірі бойынша, тарихпен дәлелденеді – ежелгі жаулап алушылар: Шыңғыс хан, арабтар, Темір мен Бабыр да сол жолмен жүріп өткен. «Но мы идем под другим знаменем» [1, с.142.]

Қазақстанда православиенің таралуына дін қызметшілері, миссионерлер, отарлаушы әкімшіліктің шенеуніктері, түрлі бұқара топтары қатысты.   Түрлі тәсілдер қолданылды, тек оң (қалаулы) нәтиже берсе болғаны. Православие уағыздаушылары түрлі санаттағы жергілікті тұрғындар арасында өте үлкен жұмыс жүргізді. Өздерін жақтаушыларды тек орыс ұлтының өкілдері есебінен ғана емес, сонымен қатар байырғы тұрғындарды өз қатарларын тарту арқылы жақтаушылар санын арттыруға тырысқан миссионерлерге зор көңіл бөлінді. Жергілікті ұлт өкілдерін миссионерлікке тарту дінбасыларымен жоғары бағаланды. Бұл ретте қазақ әйелдеріне ерекше көңіл бөлінді. Айта кетерлігі, миссионерлердің ұзақ мерзімді жоспарлары бойынша қазақ әйелі олардың жақтаушысы болуы керек болды, өйткені олар қазақ әйелінің еркіндігін байқайды «күйеуінен бетін жаппайтынын, жеткілікті салмағы мен беделі бар ортаға кедергісіз кіреді. Оның орыс-православие бағытында дұрыс қойылған тәрбиесі одан біздің тамаша одақтасымызды шығарады» [2, 376 б.]. Осындай одақтастардың бірі, Орал қаласында 1877 жылы шоқындырылғаннан кейін Мария Кабанова есімін алған қырғыз әйелі болды. Туған кезде азан шақырып қойған аты белгісіз, ол туралы қолда бар құжаттарда ақпарат жоқ. Миссионерлік қызметпен айналысқандардың оған тигізген әсерлерінің үлкен болғандығы соншалық, ол Мәскеуге барып, Православиелік Миссионерлік қоғам кеңесінен, діни басшылықтың рұқсатымен қырғыздарды мұсылман дінінен православие дініне өткізумен айналысатындығы жөнінде өзіне куәлік беруді сұрайды.  Осы құжатты алысымен, Кабанова өзінің руластарын жаңа дінге өткізеді, сол үшін Православиелік Миссионерлік қоғамнан жәрдемақы алады және, әрине соның қамқорлығында болады [3, л.21, 21 об.]. Христиан дінін қабылдаған қазақ әйелдері миссионерлердің «өркениеттік» қызметіне кедергі болған ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрлерді, адамгершілік қағидаларын, отбасылық қарым-қатынастарды бұзу ісінде «Троя жылқысының» рөлін атқаруы керек болды.  

Азаматтық Заңның 80-ші бабының 1-ші бөлімі қазақ әйелдеріне дайындалып қойған стратегиялық миссияның дәлелді мысалы бола алады: «Қасиетті шоқынуды қабылдаған мұсылман әйелінің некесі бұзылады, ал бұрынғы мұсылман күйеуі осы некеден туған, православие дініне шоқынып өтулері керек балаларды, өз заңына (дініне) келтірмейтіндігі туралы серт береді...» [3, л.23 об.]

Қазақтардың әдет-ғұрыптарын толықтай елемеушілік көзге айқын көрініп тұр. Қазақтарда ер-азамат отбасының тірегі – отағасы екендігі, генеалогиялық түп-тамыр – шежіре содан басталатыны белгілі. Қазақ отбасындағы өзара қарым-қатынас, ер адамның басымдылығын сөзсіз мойындаумен, өзара сыйластыққа негізделіп құрылды. Осы баппен ер-азаматтың ар-намысын аяққа таптап отырған Заң құрастырушыларға бұл дәстүрлер беймәлім болды деп ойлауға болмайды. Осылайша, орыс православие шіркеуінің ХІХ және ХХ ғасыр басындағы қызметі патша үкіметінің отарлаушы өлкедегі мақсаттарымен тығыз байланысты болды. Ешбір тәсілден бас тартпастан, шіркеудің діни қызметшілері істің оң нәтиже беретіндігіне сене отырып, қазақ әйелдерін шоқындыруға шындап көңіл бөлді. Қазақ әйелдері арасынан түбінде өз балаларын «тақ пен отанға» деген шын берілгендік сезіммен патшаға қызмет етуге тәрбиелеуі керек неофиттер қатарын өсіру жоспары қалаған нәтижені бермеді.

1 Мұсылмандыққа қарсы миссионерлік жинақ. Қазан Дін академиясы жанындағы мұсылмандыққа қарсы миссионерлік бөлім студенттерінің еңбектері. - Қазан, 1894. - Шығ. 20. – 315 б.

2 Миропиев М.А. Орыс бұратаналарының жағдайы туралы. – СПб., 1901. - 515 б.

3 Қырғыз әйелін шоқындыру туралы Іс  // ҚР ОММ. 707 Қ; 1-Т, І.16.- Л.21-23 об.

Садвокасова Закиш Тулехановна 

Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?