Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шераға Меңдібаевқа қарсы майдан ашты

2578
Шераға Меңдібаевқа қарсы майдан ашты   - e-history.kz
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада аса көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның өмірден озуына байланысты еске алу жиыны өтті

Шараға астаналық интеллигенция өкілдері, жазушылар мен журналистер және кітапхана ұжымы қатысты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев сөз сөйлеп жиынды ашты. Мұндағы мақсат – біртуар қайраткердің ел жадында өшпестей боп қалатын тарихи істері мен жазушылық қабілетін және адами қасиеттері туралы естеліктер айтып, ардақты тұлғамен қоштасу. Жиын 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

«Шерхан Мұртаза бір ауыз сөзге сыймайды. Жазушылық, журналистік, қайраткерлік сіңірген еңбектері өте көп. Сол үшін біздің ұлттық академиялық кітапханамыз «Қазақ қарасөзінің «Қызыл жебесі» деген тақырыппен еске алу жиынын ұйымдастырып жатқанына рахмет. Осында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкірттері, әріптес қаламдастары, сыйлас замандастары, жақсы көретін бауырлары жиналып отыр. Болат Бодаубай, Өмірзақ Озғанбайұлына, Қажығали Мұхамедқалиұлына, Қаржаубай Сартқожаұлына, Аманжол Әлтайға және біртуар азаматпен бақұлдасу үшін келген барша ағайынға алғысымыз зор. Енді мен уақытты көп созбай, Шерағаңмен қатар жұмыс істеген, көп қырларын жақсы білетін інісі Болатқа Бодаубай ағаға сөз берейін» деді профессор Н. Омашев.

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын өзінің еліне арнады деп айтуға болады. Шерхан аға «Лениншіл жастың» тізгінін ұстаған кезде газеттің тиражы «Ленинская смена» газетінен 2 есе аз болатын. Газетті кейін Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға тапсырғанда «Лениншіл жастың» жалпы тиражы 300 мыңға дейін жетті. Сол кездегі қазақ-орыс газеттерінің алдына шықты. Қиял-ғажайып оқиға секілді» деп сөзін бастады Б. Бодаубай.  

«Лениншіл жас» газетін барлық өңірдегі қазақ шаңырағы кәдімгідей күтіп отыратын. Шерхан аға өзі жаңашыл редактор еді, реформатор еді. Мәскеудің Ломоносов университетіндегі журналистика факультетін бітірген оның білімі, білігі, қаламгерлігі – барлығы да бір-біріне сай еді.

Шерхан аға кейін біраз адамдарды тәрбиеледі – олар үлкен-үлкен адам болды. Олар «Шерағаңның шекпенінен» шыққанбыз» деді. Мен де сол шекпеннен шыққан адамдардың бірімін.

Шерхан ағаның «Егеменді Қазақстанда» редактор болып тұрған кезі Колбинмен тұспа-тұс келді. Үлкен қайрат көрсетті. «Колбин кететін болса, Қазақстанды кім басқарады?» деген маңызды мәселе талқылана бастады. Мәскеудің өз жоспары болды. Ал Қазақстанда үш адамның аты аталатын: Меңдібаев, Әуелбеков және Назарбаев.

Меңдібаев орнынан кетіруге батылдар кірісті, бірақ бірден-бір еңбек сіңірген екі адамның бірі Мырзатай Жолдасбековтың досы Шерхан ағамыз. Бір күні Меңдібаев Жоғарғы Кеңестен сөйлеп сын таға бастайды. Мырзатай ағамыз орнынан тұрып «Біздің бөлім сіздің сыныңызбен келіспейді» деп реплика тастайды. Ол да бір керемет кезең екен ғой! Анау «Посмотрим!» деп жауап береді.

Артынан Мырзатай ағамыз екі орынбасарымен Меңдібаевқа барып, ақырында ол кісі аппараттың алдында кешірім сұрады. Артынан Мырзатай ағадан «Какое ваше мнение о Мендибаеве?» деп сұрағанда, «Если начистоту в народе очень много недовольства Мендибаевым. У него очень много неправильных действий» деп жауап бергенін білеміз. Кейіннен Колбин оны Мәскеуге жеткізді.

Бірде Шерхан аға келді. Қолында бір папка. «Мынаны оқы!» деді.

– Жұрттың бір көзінен жас, бір көзінен қан ағып отыр. Меңдібаевтың істеген қорлықтары. Көп балалы отбасын қуып шығып, не жұмыс бермей, жұмысқа алғызбай жіберген. Талай адам инфаркт болған, талай адам мүгедек болып қалған.

– Шераға, оны не істемекшісіз?

– Мен бұны жариялаймын.

– Меңлібаев – үкіметте екінші басшы. Партияның тәртібі бойынша ондай нәрсе болмау керек қой. Жарияласаңыз жариялаңыз, мен білмегенді қалаймын.

– Болды! – деді де, газеттің бір бетіне үлкен мақаланы басып кеп жіберді.  

Шерхан аға Меңдібаев сияқты адамдардың билікке шығып кетсе не болатынын білді. Оған қарсы шықты. Бұл – Шерағаның бір ғана ісі. Басқа адамның осындай нәрсеге батылы бармайды. Енді не дейміз, ағамыздың жатқан жері жайлы болсын. Оның аты ешқашан өшпейді»

Шара барысында кітапхана қызметкерлері журналист-жазушы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, реформатор тұлға Шерхан Мұртаза шығармаларынан, әсіресе 1960 жылдардағы газет тігінділерінен бастап көрме ұйымдастырған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?