Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ тілінің терминжасам тәсілдері

444
Қазақ тілінің терминжасам тәсілдері - e-history.kz

Сурет: https://egemen.kz

Терминдерді ұлт тілінің өз лексикалық қорынан алып, мағынасына қарай терминдік жүк артып пайдалануға немесе өзге халықтардың тілдерінен дайын қалпында қабылдап қолдануға болады. Сонымен қатар əр тілдің сөз жасау жолдары, тəсілдері бар. Өзге тілдерден дайын атауларды алмай ұлт тілінде термин жасау кезінде осы тəсілдер пайдаланылады. Кезінде ұлт тілінде термин жасаған ұлт зиялыларының тілді жақсы білуімен қатар, тілдің заңдылықтары мен сөзжасам тəсілдерінен хабары мол болғанын байқауға болады. Оған Ахмет Байтұрсынұлының, Нəзір Төреқұлұлының, Елдес Омарұлының, Жұмахан Күдериннің, Мағжан Жұмабайұлының, Сұлтанбек Қожанұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының, Телжан Шонанұлының, Халел Досмұхамедұлының, т.б. өткен ғасыр басындағы қазақтың ғылым тілінің қалыптасуына ат салысқан алаш азаматтарының жасаған терминдері мен жазған еңбектері дəлел бола алады.

1924 жылы қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Нəзірдің баяндамасын талқылау кезінде «Біз көрініп тұрған дайын нəрсеге қызыққышпыз, өнер-шеберлік жұмсап, ой жүгіртіп өзімізге қолайлы нəрсені істеп алуға жалқаумыз.» – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. А.Байтұрсынұлының осы сөзін біздің терминжасам, ұлттық терминқорымыздың қалыптастыру барысындағы іс-əрекетіміздің еш боямасыз шындығы, дəл сипаты деуге болады. Кеңестік дəуірде қалыптасқан терминологиялық қорымыздың 70-80 пайызын кірме терминдер құрайды делініп жүр. Өз тіліміздің мол лексикалық байлығы, сөз тудырушы жұрнақтары, сөзжасам тəсілдері бола тұра кірме сөздерді осынша көп мөлшерде жəне орыс өз тіліне қалай алса, біз де солай айнытпай қабылдағанымызды басқаша түсіндіру қиын.

Термин жасаушы, терминдер сөздігін түзуші маман сол өзі арнаулы саланың атауын жасап отырған тілді жетік білуімен қатар оның сөзжасам, терминжасам тəсілдерін де білуге тиіс. Онсыз ол ұлт тілін іске қосып, оның мүмкіндіктерін термин жасау барысында барынша ұтымды пайдалана алмайды.

Тіл білімінде, терминтануда ғалымдар терминжасам тəсілдерін түрліше жіктейді. Бірқатар ғалымдар терминжасам (терминообразование) тəсілдерінің бəрінің басын біріктіріп, термин шығармашылғы (терминотворчество) деп атайды. Біз осы пікірдегі ғалымдарды қолдаймыз. Олай жіктейтіндер үшін терминжасам терминдену мен терминалмасудан өзге морфлогиялық, синтаксистік жəне морфология-синтаксистік тəсілдердің жиынтығынан тұратын термин шығармашылғының бір ғана тəсілі. Енді бір ғалымдар үшін терминжасам тек морфологиялық тəсіл. В.П. Даниленко жазып кеткендей: «терминологияда жалпы лексикадағы сияқты – семантикалық, синтаксистік, морфологиялық тәсілдер белсенді және тиімді».

Терминдік жүйені жасауда терминжасамның əлемде ең кең тараған төрт түрлі тəсілі пайдаланылады, олар: 1) терминжасам (сөзжасамның түрлі тəсілдерін пайдалану арқылы), 2) терминдену (термин емес сөздердің терминдер қатарына өтуі), 3) қайта терминдену (өзге саланың дайын терминін пайдалану), 4) терминалмасу, халықаралықтандыру (өзге тілдерден дайын терминдерді қабылдап алу) деп түсіндіретін де зерттеушілер бар.

Термин жасауда ең өнімді тәсіл - тілдегі мағынасы түсінікті сөздердің терминологиялык өріске өтіп, ауыспалы мағынада термин ретінде қолданылуы Ұғым жалпы халыктык тілден терминологиялык жүйенің ішіндегі ұғымды білдіруге өтіп ғылыми ұғым атауы ретінде қолданылады. Кунделікті карапайым магынадан ғылыми ұғым жүйесіне өткен шығын, үнем, пайда, салық, салым, салымшы, үлес, үлескер, коргаушы, айыпкер, айыпталушы, күдікті т.б. терминдср осы тәсілмен жасалған. 

С.В. Гринев терминжасам тəсілдерінің түрлерін семантикалық терминжасам, морфологиялық терминжасам, синтаксистік терминжасам, морфологиялық-синтаксистік терминжасам, терминологиялық алмасым (заимствование) деп беске жіктесе, қазіргі қытай тілінің терминологиядағы сөзжасам мəселесін арнайы зерттеген еңбегінде О.П. Фролова терминжасам тəсілдерін терминдену, күрделі терминдер жасау (сөзқосым, тұрақты сөз тіркестерін жасау, қысқарту, қосымша арқылы сөз жасау), алмасу деп үшке бөліп қарастырады. Бұл жіктеулердің барлығын да негізінен тілдің семантикалық, аналитикалық, синтетикалық тəсілдерінің құрамында қарастыру терминтану саласындағы еңбектерде жиі ұшырасады. Тек кальканы, қысқартуды, терминалмасымды жеке тəсіл ретінде қарастыру төңірегінде əлі тереңірек зерделеп, арнайы зерттеу негізінде басы ашылуға тиіс мəселелер бар. Осы терминологиялық, таңбаланған құралдарды пайдалану нәтижесінде терминнің интенциясы, оның нақтылығы, бір мағыналылығы артады және сәйкесінше, оның экстенциясы – ол қосымша берілген заттардың ортасы қысқарады. Сонымен, терминжасамдағы жүйелілік  әсіресе рельефті түрде байқалады. 

Қазақ тіліндегі сөзжасамның тəсілдері мен жолдары ішіндегі ең өнімділерінің бірі – қосымшалар арқылы сөз жасау тəсілі деп саналады. Сөзжасамның бұл түрін тіл білімінде синтетикалық тəсіл немесе морфологиялық тəсіл деп атайды. Жалпы жалғамалы тілдерде синтетикалық тəсіл туынды сөздерді жасаудың ең негізгі, өнімді тəсілдерінің қатарына кіреді. Бұл тəсіл арқылы туындайтын сөздер екі тілдік бірліктің қатысуымен

жасалады. Олар лексикалық мағыналы сөз жəне сөзжасамдық жұрнақ. Басқаша былай өрнектеп көрсетуге болады: лексикалық мағыналы сөз + сөзжасамдық жұрнақ = туынды сөз. Тіліміздің сөз тудырушы жұрнақтарының толық лексикалық мағынасы бар сөздерге жалғану арқылы жасалған атау сөздер, ғылым мен техниканың түрлі салаларының терминдері сол ұғымдар жүйесінің өзара ішкі байланысын, жүйелік ерекшеліктерін көрсетіп тұруы үшін туынды терминдердің тұлғасы да белгілі бір үлгімен жасалуы тиіс.

Арнаулы салалардың терминдері ұлт тілінде түрлі сөзжасамдық үлгімен жасалып, олар бір сөзжасамдық түр (сөзжасамдық тип) құрап тұрса, онда үлгілерін анықтау арқылы сөзжасамдық түрдің ішкі құрылымын да айқындап, термин шығармашылығында соны ескеріп отыру да маңызды. Сөзжасамдық үлгі дегеніміз – туынды сөздердің нақты жасалу үлгісі. Сөзжасамдық жұп – туынды сөздің жасалуына негіз болатын сөз бен одан жасалған туынды сөзден тұратын сөзжасамдық тізбектің ең кіші мүшесі.  Қосымшалар арқылы сөз жасаушы мамандар сөзжасамдық ұя (словообразовательное гнездо), сөзжасамдық тарам (словообразовательная парадигма), сөзжасамдық жұп (словообразовательная пара), сөзжасамдық тізбек (слосообразовательная цепочка), сөзжасамдық саты (словообразовательная ступень) сияқты ұғымдарды да біліп, термин шығармашылығында олардың өзара байланысына назар аударғаны жөн. Жүйеленген терминология жасау үшін мəселенің бұл қырын назардан тыс қалдыруға болмайды. Термин жасау барысында жұрнақтардың қандай грамматикалық мағына үстейтінін, жалғану ерекшеліктерін білмей болмайды. Сол себепті төменде əртүрлі сөз таптарынан зат есім тудыратын негізгі жұрнақтар мысалдарымен қоса беріліп отыр.

 Ұлт тіліндегі терминдерді жасауда пайдаланылып жүрген немесе пайдалануға болатын сөзжасамдық жұрнақтар:

1. -ақ жат/ақ, қон/ақ, тұр/ақ етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ. Соңғы жылдары бұл жұрнақтың қатысуымен ұш/ақ сынды бірлі-жарым терминдер ғана жасалды. -ақ бу(ы)н/ақ, жұр(ы)н/ақ, жи(ы) н/ақ. Зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ. -ақ Бұлт/ақ, бұрқ/ақ, балп/ақ, тық/ақ, қылж(аң)/ақ т.б. Еліктеуіш сөздерден зат есім туғызатын жұрнақ.

2. -анақ шығ(қ)анақ, сұғ(қ)анақ, шұқ(ы)анақ. етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.3.  -аң тоз/аң, жаз/аң етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.

4.  -ба қаз/ба, жаз/ба етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.

5.  -бе көм/бе, сүз/бе, мін/бе, кез/бе етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ

6. -гер қалам/гер, зер/гер, қаржы/гер, мəмле/гер, тəлім/гер т.б. зат есімнен зат есім тудыратын кірме жұрнақ.

7. -гі сүз/гі, сүр/гі, ез/гі, бөктер/гі етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.

8. -ғы бұр/ғы, шал/ғы, қондыр/ғы, сыпыр/ғы т.б. етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.9.  -ғын қу/ғын, қыр/ғын, тұр/ғын. Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ. 

10. -дама тұжырым/дама, дама/-деме, -тама/-теме мінез/деме, кепіл/деме, пішен/деме, мəлім/деме т.б. зат есімнен зат есім туғызатын құранды жұрнақ. Ескерту: Бұл формант бұйрық.

11. -дас заман/дас, жол/дас, қарын/дас, отан/дас. Негізінен сын есім тудыратын жұрнақ. Алайда мысалда көрсетілген сынды бірнеше атаулар бірден субстантивтеніп зат атауы сапасына ие болған. Бұл жұрнақтың жұптас нұсқалары: - лас/-лес, - дас/-дес, -тас/-тес.

12. -деу күз/деу, бел/деу, тең/деу есімдерден зат есім тудыратын жұрнақ.

Жұрнақтың өнімді немесе өнімсіздігі оның тұрақты сипаты деп тануға болмайды. Бір кездері өнімсіз болып келген жұрнақтарды термин шығармашылығында жиі пайдаланып, оның сөзжасам белсенділігін арттыруға болады. Сондықтан өнімсіз деп танылып келген кез келген жұрнақтың белгілі бір кезеңдерде өнімді жұрнаққа айналуы əбден мүмкін. Сондай-ақ кестеге көне түркі тілінде пайдаланылған қазірігі қазақ тілінде сол қалпында кездесе бермейтін сөз тудырушы жұрнақтар, өлі жұрнақтар да енгізілген жоқ. Оларды іздеушілер тіл тарихын, өлі жұрнақтарды арнайы зерттеген ғалымдардың еңбектеріне, арнаулы əдебиеттерге жүгінгені жөн. Мына төмендегідей сөздердің құрамында кездесетін құранды жұрнақтар да кестеден тыс беріліп отыр. Себебі бұлардың морфологиялық құрамы анық ажыратылмаған. Бірқатар еңбектерде төмендегідей нұсқасы көрсетіліп жүргенімен оларды басқаша да морфемалар жігіне бөлуге болады. -ақай (ит/ақай), -қауыл (тос/қауыл), -қыншақ ( жұт/қыншақ), -қыншы (басқыншы), –лғы (жора/лғы), -мешек (ки/мешек), -палық (ауырт/палық), -пеншілік (сүйіс/пеншілік), -танақ (қыл/танақ), -ташы (бақ/ташы), -тегі (от/тегі, көмір/тегі, су/тегі. Дұрысы – бұл сөздер от + тек, су+ тек сөздерінің бірігуі арқылы жасалған тəуелдік жалғаулы біріккен сөз болуы керек, -телік (ес/телік), -тпалық (ауыр/тпалық), -уық (шырма/уық), -уыр ілдірік (көз/ілдірік), -ірткі (ішірткі), -істік (жетістік, кемістік). « -арт, -қат, - тай, -ғама, -шар, -еке сияқты тұлғалықтар жұрнақ па, жоқ əлде көне қалдық элемент пе, я өзге бір тілден өткен ауыс құбылыс па – қысқасы олардың морфологиялық статусы əзір жете анық емес» – деп атап көрсетеді сөзжасам мəселесін зертеген ғалымдар.

Қазақ тіліндегі -стан – сөзжасамдық форманты иран тілінде «ел, жұрт» мағынасында қолданылатын дербес сөз. Қазақстан, Түркістан сияқты жалқы есімдер осы жұрнақ арқылы жасалған. Термин шығармашылығында қолданыла бермейді. -ашақ/-ешек те жұрнақтары да сын есімдік сөзжасамға тəн жұрнақтар. Алайда осы жұрнақтың көмегімен жасалған болашақ, келешек атаулары өздерінің əуелгі сындық сапасынан ажырап, лексикалық дербестікке жеткен толық мəнді туынды зат есімдер. Сын есімдер заттанып атау сөз қызмет атқаратын жағдайлар да болады. Мысалы, сын есім тудыратын -паз кірме жұрнағының жалғануы арқылы жасалған білім/паз, ас/паз сияқты сөздерді сондай сөздер қатарына жатқызуға болады. Мұндай заттанған сын есімдер бұлармен ғана шектелмейді. Сондықтан термин шығармашылығында оны ескерген абзал.

Қазақ терминологиясының құрамында жиі ұшырасатын грек-латын текті сөз жасаушы терминбөлшектер (терминоэлементы).

1. авиа- а) авиа/бүріккіш (авиаопрыскиватель), авиа/тозаңдатқыш (авиаопылиатель), ə) авиа/база, авиа/почта, латын тілінде «құс», «ұшу» деген мағыналарды білдірген.

2. авто- а) авто/көтергіш, (автокран), авто/шығыр (автолебедка), авто/желі (автолиния), авто/науа (автокормушка), авто/соқа (автоплуг), авто/сүйрегіш (автотягач) т.б. ə) авто/камера, авто/ цистерна, авто/клав, авто/ корреляция т.б. грек сөзі. Мағынасы – «өз, өзі».

3. агро- агро/техника, аргро/, минимум, агро/биология, агро/физика, агро/ном(ия), агро/химия т.б. Грек, латын тілдеріндегі мағынасы – «алаң» (поле).

4. анти- ани/биотик, анти/фашист, анти/патия, анти/, витаминдер, анти/гендер, анти/денотатор, анти/дот т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «қарсы».

5. архео- архео/графия, архео/логия, архео/графия т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «көне».

6. асро- астро/навт, астро/физика, астро/навигация, астро/блема, астро/граф, астро/метрия, астро/навигация, астро/ним т.б. Грек, латын тілдерінде «жұлдыз» деген мағынаны білдірген.

7. био- био/логия, био/химия, био/, физика, био/библиография, био/генез, био/климать, био/сфера т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «өмір».

8. гео- а) гео/тоңтану (геокриология), ə) гео/физика, гео/метрия, гео/химия. Грек тіліндегі мағынасы – «жер».

9. гидро- а) гидро/жетек (гидропривод), гидро/беріліс (гидро/передача), гидро/айырғыш гидро/сепаратор), гидро/күшейткіш гидро/усилитель), гидро/көтергіш (гидро/подъемник), ə) гидро/ним, гидро/лиз, гидро/метрия, гидро/монитор, гидро/сфера, гидро/циклон, гидро/элеватор т.б. Грек тіліндегі

мағынасы – «су». Ескерту: соңғы жылдары гидро терминдік элементінің орнына су сөзі падаланылып, бірқатар жаңа терминдер жасалды. Мысалы, сукүресін (гидроотвал), суқұлып (гидрозамок), суқосқыш (гидромуфта) т.б.

10. -граф(ия) орфо/графия, океано/графия, карто/графия, гео/граф(ия), телег/граф, типо/графия, фото/граф(ия) т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «жазу».

11. зоо- зоо/логия, зоо/парк, зоо/техник, зоо/ферма, зоо/фаг, зоо/латрия, зоо/морфизм, зоо/томия т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «жануар». Ескерту: соңғы жылдары зоо терминдік элементі кейде тіліміздегі «мал, хайуан, жануар» сөздерімен алмастырылып жүр. Мысалы, хайуанаттар бағы, мал фермасы т.б.

12. макро- макро/организм, макро/фауна, макро/элемент, макро/фиттер, макро/рельеф, макро/молекула т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «үлкен, ұзын» (makros). Қазір макро-орнына «ірі» сөзін қолданып жекелеген терминдерді аудару кездеседі.  Ірі тұтынушы (макроконсумент).

13. нейр-, нейро-нейр/ит, нейр/ология, нейро/лингвистика, нейро/анатомия, нейро/психология т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «желі, жүйке».

14. поли- поли/графия, поли/семия, поли/фония, поли/глот, поли/гамия, т.б. Грек тіліндегі мағынасы – «көп».

Бұл терминбөлшектер арқылы жасалған терминдердің негізгі басым бөлігі терминологиямызды қалыптастырудың кеңестік кезеңінде дайын қалпында орыс тілі арқылы қабылданған. Халықаралық терминдер үлгісімен, көрсетілген терминбөлшектерді пайдалана отырып жасалған терминдер де бар.

Сөздердің терминденуін сөз таптары тұрғысынан қарастырудың да маңызы зор. Сөз таптарының терминдену мəселесі жалпы тіл білімінде əлі өз

шешімін таба қоймаған. Бұл мəселе жеке тіл білімдерінде жан-жақты зерттеліп жатса, сол зерттеулердің нəтижелеріне сүйене отырып, жалпы тіл білімі деңгейінде тиісті қорытындылар жасауға мүмкіндіктер туған болар еді. Біз төменде тіліміздегі əртүрлі сөз таптарына қатысты болатын сөздердің ғылым мен техниканың немесе өзге де арнаулы салалардағы терминдердің қатарынан орын алудағы өзіндік ерекшеліктеріне тоқталмақшымыз. Сөз таптарының терминденуі жөніндегі тілші-ғалымдардың пікірлері бір арнаға тоғыса бермейді. О.С.Ахманова еуропа тілдерін мысалға ала отырып, терминдердің құрамын тек зат есімдермен-ақ толтыруға болады десе, Н.А.Щеглова «терминологиядағы дерексіздікті (абстракция), зат, сапа мен əрекет туралы ғылыми-техникалық ұғымдарды білдірудің шын мəніндегі бірден-бір лексика-грамматикалық құралы зат есім болады», – деп алғашқы пікірді қолдай түседі.

Шындығында да терминдердің барлығы тек зат есімдер болуы керек пе? Бұл сұраққа ұзақ жылдар бойы терминология мəселелерімен кəсіптік деңгейде айналысып жүрген ғалым В.П.Даниленко басқаша жауап береді. Ол чех ғалымдарының аталмыш проблемаға қатысты зерттеулеріне сүйене отырып, тек зат есімдер ғана емес, сонымен қатар сын есім, етістік, үстеу, есімдік сияқты сөз таптары да термин бола алады деген қорытынды жасайды  [41].

Қазақ тіл білімінде сөз таптарының терминденуі арнайы сөз болған жерде ең алдымен, төл терминологиямыздың қалыптасуына олардың қатысы,

терминдену ерекшеліктері сияқты қырларына мəн берілуге тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда ғылым мен техника, өнер т.б. арнаулы салалардағы терминдердің басым көпшілігі зат есімдер екенін айтқан жөн. Қазақ терминологиясының негізгі бөлігін құрайтын сөз табы ретінде алдымен аталмыш сөз табының терминдену ерекшеліктеріне тоқталалық.

Терминдердің негізінен зат есімдер болуының негізгі себептері ретінде зат есім категориясының семантикалық мүмкіндігінің мол екендігі де, сондай-ақ жоғары дəрежедегі абстрактілікті білдірудегі артықшылығы да жоғарыда аталған ғалымдар тарапынан əділ көрсетілгенін айтпасқа болмайды. Алайда, зат есімдердің термин ретінде бірінші орында тұруының негізгі себебі осылар ғана ма, əлде өзге де себептері бар ма? – деген сұрақ туындайды. В.Даниленконың етістіктің бұйрық рай формасымен келетін тік тұр!, дайындал!, көзде! сияқты əскери терминдермен осы тəрізді спорт терминдерін зат есімдермен алмастыруға еш келмейтінін айтады.

Автордың бұл пікірі алдымен зат есімдермен қатар етістіктің де термин бола алатындығын аңғартса, сол арқылы зат есімнің семантикалық мүмкіндігінен гөрі терминделуші ұғымдардың мол болатынын, яғни терминдердің бір ғана сөз табымен шектелмейтіндігінен хабардар етеді. Сондай-ақ дерексіздік мағынаны өзге сөз таптары да білдіре алады. Мəселен ойлау, сезіну, қабылдау сияқты терминдерде абстракті заттық ұғым процеспен тікелей байланысты. Терминологияда зат есімдер дерексіз ұғымдар мен бірге деректі ұғымдарды білдіруі жағынан да бірінші орында тұр. Мəселен, техникадағы – иіндібілік, ебелек, қаңғалақ; медицинадағы асқазан, өт, сілекей; өсімдіктанудағы түйін, тұқымжарнақ, гүлтабан сияқты терминдер нақты ұғымдардың атаулары. Зат есімнің авторлар атап көрсеткен қасиеттері оның терминологияда өзге сөз таптарымен салыстырғанда анағұрлым көп орын алу себептерінің қатарынан табылатыны рас. Бірақ біз зат есімдердің терминологияда бірінші орында тұруының ең басты себебі – оның тілде атқаратын қызметіне байланысты туындайды деп білеміз. Тілде зат есімдер заттар мен құбылыстардың атауы ретінде əртүрлі деректі жəне дерексіз ұғымдарды білдіріп, атауыштық қызмет атқаратындығы белгілі. Терминологиядағы терминдер де дəл сондай деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары болып табылады. Яғни, жалпы əдеби тілдегі қарапайым ұғымдар да, терминологиядағы ғылыми ұғымдар да бір ғана зат есім категориясы арқылы көрініс табады. Сондықтан да терминологияда зат есімнің басым болуының ең басты себебі – аталмыш сөз табының тілде деректі немесе дерексіз ұғымдардың атауы ретінде атауыштық қызмет атқаруында.

Адам баласы өзін қоршаған шындық өмірдің құпияларын ашу барысындағы жетістіктеріне, ашқан жаңалықтарына атау беріп отырады. Ғылым мен техниканың, мəдениеттің үздіксіз дамуы ондай жаңа атаулардың көбеюіне жол ашып отыр. Өркениет барысында қол жеткізген ғылым дамуының белгілі бір нəтижесінің тіліміздегі көрінісі болып табылатын терминдердің негізінен зат есімдер болуының объективтік негізі – тілде атауыштық қызметтің ең алдымен зат есімге жүктелетіндігі десек шындықтан алшақ кетпейміз.

Қазақ терминологиясының алуан түрлі салаларындағы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған зат есім терминдердің арнаулы саладан орын алуының өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпы лексика негізінен сөздің тура мағынасының метафоралануы, сөз мағынасының тарылуы, кеңеюі (яғни нақтылануы) жəне калькалану тəсілдері арқылы терминденеді. Көп жағдайда екі затты немесе құбылысты салыстыру барысында байқалған олардың қандай да бір ұқсастықтары сөздің бастапқы мағынасының метафоралануына негіз болады. Ондай ұқсастың негізінен бұрыннан бар ұғым мен жаңа ұғымның түр, түс, көлем, пішін, қызметтеріне байланысты болуы мүмкін. Мысалы, терминделуші ұғым мен бұрыннан белгілі заттың немесе құбылыстың қызмет ұқсастықтарына байланысты жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуін мына мысалдан көруге болады. Əдеби тілде сауыт деп «оқтан, найза-сүңгіден сақтану үшін ертеде батырлар киген тор көзді темір кіреукені» жəне «əртүрлі зат салып қоятын кішігірім құты ыдысты» айтса, биологияда сауыт (панцирь) деп «Кейбір жəндіктер (мысалы, шаянтəрізділер) мен жануарлардың (бірсыпыра балықтар, жорғалаушылар, тасбақа, крокодил), сүтқоректілердің денесін қаптап, оларды жауыннан, зақымданудан қорғайтын қатты жабындыны» айтады. Батырдың сауыты оны оқтан, найза-сүңгіден қорғаса, жəндіктер мен жан-жануарлардың сауыты оларды зақымданудан, жауыннан қорғайды. Екі сауыттың да қызметтері ұқсас. Ұғымдардың сыртқы пішіндерінің ұқсастығына қарай сөздің метафоралану жолымен терминденуін келесі мысалдан көре аламыз: Əдеби тілде сырға деп «əртүрлі қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған, сəн үшін əйелдердің құлағына тағатын затты» айтса, биологияда сырға термині «кейбір құстардың алқымындағы екінші жыныстық белгісі болып табылатын салпыншақ теріні» білдіреді. Мұнда əшекейлік бұйым мен құстың салпыншақ терісінің арасында ешқандай қызмет ұқсастығы жоқ. Сөздің алғашқы мағынасының метафоралануына екі ұғымның сыртқы формаларының ұқсастығы негіз болған. Бұрыннан бар ұғым мен жаңа ұғымның арасында осылар сияқты қандай да бір ұқсастықтар болмаса жаңа терминнің туындауына уəждемелік негіз болмаған болар еді.

Г.Ц.Пюрбеев ұғымға ат қою кезінде ескі ұғым мен жаңа ұғымды салыстыру барысында сол тілде сөйлеушілердің санасында олардың басын біріктіретін, жақындастыратын əйтеуір бір ортақ ұқсастық табылмайынша ешқандай семантикалық алмасудың болмайтындығын айтады. Сондай-ақ аталған автордың сөздің бастапқы мағынасының метафоралануы арқылы жасалған терминдер табиғаты жағынан негізінен деректі заттық ұғымдардың атаулары болатынын сондықтан да олардың аталушы объектілері үнемі нақты (деректі) болатын техникалық, ботаникалық, анатомиялық жəне географиялық терминологияға тəн екендігін атап көрсетуі ете орынды. Деректі ұғымдардың атауы болатын сөздердің метафоралану тəсілі арқылы терминденуінің себебі дерексіз ұғымдарға қарағанда оларды көзбен көріп, қолмен ұстап, өзара салыстыру мүмкіндігінің молдығынан болса керек.

Жалпы қолданыстағы сөздердің мағыналары нақтыланып, оған ғылым дамуының деңгейіне сəйкес дефиниция берілу арқылы да сөз терминденеді. Мысалы, əдеби тілде түйсік деп «сананың, ақыл-ойдың тітіркенуі арқылы болатын сезіну қабілетін» айтса, философияда «сезім мүшелеріне əсер ету нəтижесінде туындайтын жəне ми қабығының нерв орталықтарын қоздыратын шындық өмірдегі заттардың қасиеттерінің сəулеленуін», – түйсік дейді. Бұл жағдайда таңбалаушы мен таңбаланушы сəйкес келгенімен термин мен жалпы қолданыстағы сөздің арасында елеулі айырмашылық бар. Сөз арқылы ұғым туралы жалпы мағлұмат берілсе, терминнің дефинициясы арқылы сол ұғымды өзге ұғымдардан айыратын оның ең басты белгілері аталып көрсетіледі.

Ғылым мен техниканың даму деңгейіне сəйкес, терминнің дефинициясы да толығып, өзгеріске ұшырап отырады. Ғылым неғұрлым дамыған сайын сөз бен терминнің арасы алшақтай түседі. Бұл тəсілмен жасалған терминдер жалпы қолданыстағы сөзден өзі қатысты болатын терминологиялық өріс пен терминге тəн дефинициясы арқылы ажыратылуға тиіс. Жоғарыда тіліміздегі сөздердің калькалану арқылы да терминденетінін айттық. Мысалы, жалпы қолданыста «желкен» деп «кеменің, қайықтың жүруіне көмек болу үшін мачтаға керілген қалың матаны» атаса, өсімдіктануда «желкен» термині «гүлдің ең жоғарғы күлтежапырақшасы» деген ұғымды білдіреді. Осы термин орыс тілінде «парус» деп аталады. Терминді қазақ тілінде аудару кезінде «парус» сөзінің жалпы қолданыстағы қазақша баламасы желкен өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алды. Яғни, «желкен» сөзі семантикалық калькалану жолымен терминденді. Ал орыс, тіліндегі парус термині метафоралану тəсілімен жасалған. 

Тілдік деректерге қарағанда, егер қимыл атау формасымен келетін терминдер процесс пен дерексіз заттық ұғымды білдірсе, онда олардың аражігі көмескіленіп, бір ұғым сияқты көрінеді екен де, ал процестің нəтижесі немесе құралы нақты ұғымды білдірсе, олардың аражігі айқындалып, дербес атаулар түрінде көрінуге мүмкіндігі арта түседі екен. Терминологияда қимыл атау формасымен келетін терминдердің молынан ұшырасуының себебі – ең алдымен қимыл-əрекетті білдіру үшін етістіктің қажеттілігінен болса, екіншіден терминдердің ұғым атауы ретінде зат есімге тəн формада көрінуді қажетсінетіндігінен деп білеміз. Қимыл атауының бойында осы екі қажеттілікті де өтейтін қасиеттер бар.

Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (əдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина) деген терминдердің алғашқы сыңарлары сапалық сын есімдер де, жұқпалы ауру (медицина), қалыпты қысым (химия), тұрлаусыз мүше (тіл білімі) терминдерінің бірінші сыңарлары қатыстық сын есімдер болып табылады. Яғни, терминологияда қатыстық сын есімдер де сапалық сын есімдер де тең дəрежеде қолданылады.

О.С. Ахманова тіркесті терминдер құрамындағы сын есімнің өзі тіркесетін зат есімнен тең дəрежеде термин болатын жағдайынан, сын есімнің өзі термин болмай зат есім белгілейтін терминдік ұғымға қатысты болатын тұстарын ажырата білу қажеттігін айтқан болатын.

Шындығында да, сын есімнің терминдік қызметін анықтауда аталған ерекшелік ескерілуге тиіс. Мəселен, қосалқы бүршік, жылдық сақина (өсімдіктану), жаяу əскер, отты қару (əскери терминдер), қосымша құн, жеке меншік (экономика) терминдерінің алғашқы сын есім сыңарлары жеке алғанда, термин емес те, екінші зат есім сыңарлары терминдер. Арнаулы ұғым бұндай жағдайда тұтастай сөз тіркесі арқылы беріледі. Ал дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс сияқты терминдердің екі сыңары да терминдік ұғымдарды білдіреді. Алғашқы сыңарлары жеке термин ретінде дауыстылар, дауыссыздар немесе ашық дауыстылар, қатаң дауыссыздар түрінде сапалық сын есімдермен тіркесіп те қолданылады. Осы тəрізді тіркесті терминдердің құрамындағы дербес терминдік мағынасы бар сын есімдерді В.Даниленко «терминдік элемент» деп көрсетеді. Біз де осы пікірді қолдай отырып, екі сыңары да терминдік ұғымды білдіретін тіркесті терминдердің құрамындағы сын есімдерді терминдік элемент деп білеміз. Өйткені олар бүтіннің бөлігін құрайды əрі негізгі терминдік ұғымды білдіруші басыңқы сыңарына нақты терминдік мағына үстейді. Алғашқы сыңарлары дербес терминдік мағынаны білдірмейтін (қосалқы бүршік) терминдердің айырмасы – олар ұғымдардың аражігін ажыратушылық қызмет атқарғанымен дербес терминдік мағынаны білдіре алмайды.

Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мəселен сезікті (подозреваемый) деп, заң ғылымында «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған жəне айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды» айтады. Бұл терминді толықтырып айтсақ, «сезікті адам» деген болар едік. Алайда, дауысты дыбыс терминін дауыстылар деп қолданған сияқты бірінші сын есім сыңары ғана алынып отыр. Сын есім субстантивтенген. Тіліміздегі үстеу, есімдік сияқты сөздердің терминденуі өте сирек.

Терминденген жағдайдың өзінде олар зат есім қатарына көшеді. Терминденуі жағынан зат есімнен кейінгі орында тұрған сын есім мен етістікке де заттану құбылысы жат емес. Кейбір ғалымдар (В. Даниленко т.б.) ғылыми əдебиетте етістіктердің терминдік мəнде жұмсалатынына көбірек мəн беру керектігін айтады. Алайда терминдер мен олардың ғылыми əдебиетте қолданылуын бір деңгейге қоюдың қисыны жоқ.

Қорыта айтқанда, біз жоғарыда қазіргі терминжасамдағы ерекшеліктер мен терминологияның кейбір мәселелері туралы сөз еттік. Сондай-ақ тақырыпқа байланысты ғылыми еңбектер мен пікірлерге сүйене отырып, бұл мәселенің ақпараттық ерекшелігін талдап, өз тұжырымдарымызды да жасауға тырыстық.

Дегенмен де, бұл мәселелерді толықтай қамти алдық деп айта алмаймыз. Себебі, бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі болып отырған терминология мәселесінде – терминжасам мен сөзжасамның қарастырып, талдау қажет етерлік жайттары әлі де баршылық. Ал бұл мәселелердің бәрі – болашақ тілші-ғалымдардың үлесінде болмақ.

Ұмтыл Зарыққан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?