Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ауылым» емес, «Ауылың» – қонған Сырымбет саласына...»

1963
«Ауылым» емес,  «Ауылың» –  қонған Сырымбет саласына...» - e-history.kz

Аян Қажыбай, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.

-Айеке, киелі Көкше топырағы десе сал серінің бірден еске түсетіні анық қой. Осы жерде сал-серілер мектебіне тоқталмай кетсек ұждан алдында сын болар еді. Әуелі әңгімемізді осыдан бастасақ?

-Есіл-Көкше өңірінің сал-серілік мектебі жайында біраз дүниелер айтылып, жазылып келгендіктен баршаға мәлім жәйттерді қайта қопарып айтумен, оқырман назарын, уақытын алғым келмейді. Сондықтан бұл жерде бұрын-соңды айтылмаған, жазылмаған, түсі түстелмеген некен-саяқ тың мәселелерге кідіріп өтсем жөн болар. Осы сауал төңірегінде ойымызды өрбітсек, мәселен, бірлі-жарым канондық Арқа әндерінде күні бүгінге дейін текстологиялық, стилистикалық қателіктердің орын алғаны жасырын сыр емес.

Әншінің бойында екі мін болуы мүмкін. Оның біріншісі ән сазын, оның ішкі иірімдері мен мінезін жеріне жеткізе алмау; екіншісі әннің, яғни ән жүгін көтеріп тұрған, өлеңнің сөзін бұрмалап айту. Меніңше, бірінші шартты орындау ұзақ ізденіс, иі қанған машық, сұлу әуенге бай дарындылықты қажет етсе, екінші міндеттің үдесінен шығу онша қиындық келтірмесе керек. Өйткені ән текстің жаттап алып айту үшін соншалықты бір ірі іргелі таланттың қажеттігі жоқ, тек жауапкершілік болсын деңіз.

Десек те осы бір жауапкершілік пен зерделілік аясынан табылып жатар талаптың өзіне жүрдім-бардым жеңіл қарайтын орындаушылар толып жатыр. Ал ондай әншілердің орындалуындағы сөзі бұрмаланып шыққан ән ән емес, әннің пародиясына айналып кетерін құйма құлақ тыңдаушылар да ескерсе керек.

Міне, осы тұста Біржан сал мен Ақан сері әндерінің сөздерін бұрмалау тұстарына ғана назар аударғым келеді.

Ақан серінің әлемге әйгілі «Сырымбет» және «Қараторғай» әндері сонау заңғарлар Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ермек Серкебаев, Жәнібек Кәрменовтерден берменгі әншілердің орындалуында тыңдалып, көкірекке сол бір сұлу сипатымен сіңісіп, орнығып қалғандығы даусыз. Әнде де, сөзде де мін жоқтай қабылданып келеді. Ал ой көзін жүгіртіп зерделесек бірсыпыра бұрмалаушылықтардың бар екендігі, тіпті айтпай қоймасқа болмайтындай ірі ағаттықтардың санаға салмақ салып тұрғандығын жасыра алмаймыз.

Осы орайда сұлу «Сырымбет» әнін алайық. Бүгінгі айтылып жүрген нұсқасында «Ауылым қонған Сырымбет саласында» деп басталғандығын екінің бірі біледі. Осындағы «ауыл» – сөзін Ақан сері өзіне еншілей қаратып айтқан ба, әлде «бөктергіге қор болып бара жатқан қарындасқа» қаратып айтқан ба? Бұл қай ауыл? Ақынның Қоскөлдегі өз ауылы ма, әлде Сырымбет саласындағы қарындастың ауылы ма? Әрине, Сырымбет саласындағы қарындас, дәлірек айтсақ Жүсіп төренің сұлу қызы Жамалдың ауылы. Ендеше «Ауылым қонған...» болмайды. «Ауылың қонған Сырымбет саласына, ғашық болдым ақсұңқар баласына» болмаққа керек.

Біз Ақан серінің ата қонысын Кеңащыдан, Қоскөл аңғарынан табамыз. Ал сырлы Сырымбет өңірі, оның жаз жайлау, қыс қыстау болар құнарлы да шұбарлы өрісі Шоқан Уәлихановтың бабаларынан бермен бұйдасын ешкімге ұстатпай келген төрелер мекені болғандығына ешкім дау тудырмайды.

Осы бір қазықты пікірімізді одан әрі шалмалай түссек Ақанның «Қоскөл жаққа таныса киіп барған, бешпентіңді бер қалқа түймесімен», – дегенін алға тартуға тура келеді. Жаңағы Жамал Ақанның ауылы Қоскөлге сонау Сырымбеттен таныса келген болып, сері осы тұста танысқан болып шығады. Қисын осындай ойға жетелейді. Өлең сөзіне мән беріп зерделеген жерде біраз сыр ашылып, тарихтың елеулі тұстары төбе көрсетіп отырары бар.

Осы пікірімізді шегелеп тастау үшін ұлы Мағжанның Ақан сері хақында жазған танымдық қасиеті терең мақаласына үңілелік. Ақын: «Жамал ұзатылардағы Ақанның шығарған «Сырымбет» әні – сол өліп бара жатқан құс төресі қудың әні. Біздің зарлы әндеріміз көп. Бірақ «Сырымбеттей» терең зарлы ән сирек болар», – деп ән сұлулығын, ішкі мұңмен үндескен сипаттарын суреттейді де ән текстің толық келтіреді. Сонда «Ауылың («ауылым» емес –  қонған Сырымбет саласына» деген тұстарды дәл осылайша қағазға түсіреді және онысын екі жерде де осылайша айнытпай қайталайды. Амал қанша, ұлы «Сырымбет» күні бүгінге дейін «ауылым» болып адасып жүр.

-Ақанның  әйгілі «Қараторғай» әнінің екінші шумағы да осындай қабалық қателіктерге толы ғой?

-Иә, «Қараторғай» да ірі өзгеріске түсіп, теріс бұрмалаған дегенді батыл айтуымыз керек.

Қараторғай, Көкжендет, Құлагер, Қаратай серінің саналы ғұмырында адамнан зият серіктері, серілік салтанатының ажырамас атрибуттары болған. Ақан осылардың бәріне де кезінде сөз арнаған, әніне қосып күңіренген, тебіренген, әспеттеп шаттанған, мақтанған. Осылардың ішінде шоқтығы биік бір әні «Қараторғай» еді. Бұл әннің бойында жойқын драматизм, сарқылмас көңіл зары бар. Әсіресе, қайырмадағы: «Қараторғай, ұштың зорға-ай, бейшара шырылдайсың жерге қонбай» деген тұсты егілтіп айтпау, егіліп тыңдамау мүмкін емес.

Қараторғай аталатын қыраны қартайып, қанат-құйрық қауырсыны селдіреген тұста сері азаттық береді, бостандыққа жібереді ғой. Серігін қимаған құс Ақанды төңіректеп кете алмай, қонғысы келеді. Бірақ құйрық қауырсыны жоқ құс қона алушы ма еді, қона алмайды. Қазақтың «құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» деуі содан. Құйрықсыз құс кеудесімен соғылып жазым болады. Соны сезген Қараторғай сорғалап құйылып келіп қайра шырылдап қайқаңдап көкке көтеріледі. Осы бір ауыр сәт, аяулы мезет Ақанды қалай тебірентіп, қалай толқытпасын.

«Бейшара шырылдайды,

Жерге қонбай», – деп күйзеліс сезімі осы сәт көкіректен тепсініп шығады, қарт қыранмен ілесіп кете барады.

Осындай ұлы драматизмге толы ән екінші шумаққа ауысқанда мүлде басқа кескінге ие болып, жаңағы жан күйзелтіп, көкірегіңді күйікке ораған әсер сылқ етіп күрт төмен түсіп кетеді. Оған себеп ән сөзінің басқа, бөлек тосын, жат арнаға аунап түсуі, яғни, ұлы қайғы кешіп, жерге қона алмай шырылдаған қарт қыранның «ағаштың бұтағына қонып алып, таң алдында сайраған» бармақтай кәдімгі қараторғайға айналып кетуі. Ақанның қарт қыранның қайғысы үстінде тұрып, кәдімгі қараторғаймен шендестіруді ойламағаны, олай десе жан қайғысын жеңілдетіп, тым сайқымазаққа айналдырып аларын сезбеуі мүмкін емес.

Ендеше бұл әннің сөзі де атақты «Балқадишадағы» «күйеуің сексен бесте шал Қадиша» сияқты төтеден қосылған аққа қара жамылған дөрекі бірдеңе болып шыққан деген тұжырымға келеміз.

Қыран Қараторғай мен жәй қараторғайдың арасында, заты құс демесеңіз, ешқандай логикалық байланыстың жоқтығы бұл әнге де соңғы қараторғайдың мүлдем қатысы жоқтығын дәлелдейді.

-Мұндай өрескел дүниелер Біржан әндерінде де көп ұшырасады емес пе?

-Біржан салдың әндерінің сөздерін бұрмалап айтушылар қазақ жерінде аз кездеспейді.

Бірсыпыра әншілердің өлеңнің сөзін зерделемейтіндігі, мағынасына көңіл құлатып, қызықтамайтындығы байқалады. Мәселен, Біржанның ащы күйікпен, кесек мінез, ірі қимылмен айтылатын «Жанботасын» орындаушылар:

«Өзіңдей Азынабайдың поштабайы,

Қолымнан домбырамды алды тартып», – деп толғай келіп, үшінші шумаққа ауысқанда:

«Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

Есерді поштабайдың көргенім жоқ», – деп жалғастырады. Осы арадағы логикалық қайшылықты аңғармайды. «Қолымнан домбырамды алды тартып» деген сөз поштабайдың Біржанның қолынан домбырасын мүлдем алып қойды дегені емес пе? Сөйте тұра «тартса да домбырамды бергенім жоғы» қалай? Мәселен бұл арада «алды тартыпта» болып тұр. Ал шындығында ол «қалды тартып» болуы керек қой, сонда «тартса да домбырамды бергенім жоқ» деген тіркес өзінің қисындық мағыналы жалғасын табары ақиқат.

Осы өлеңде кейбір әншілер қайырма тұста «сабап кетті-ау», «қойып қалды-ай» деген Біржан аузына түспейтін, түссе де өз құнын өзі төмендетіп, аяқ-асты ететін сөздерді кіргізіп жатады. Сабағаны да, қойып қалғаны да рас десек те ұлы Біржанды тап мұндай төмендіктен көргіміз келмейтіндігін жасыра алмаймыз. Ән қайырмасындағы қайталай соғып, қайырмалай қуалап кететін ащы ыза, буырқанған кекті аңғартар әуенді тұспен-ақ әннің мінезін, оның бойындағы ұлы сипаттарды жеткізуге болар-ақ. Тек орындаушысы табылсын.

Кейінде ән мінезін ашу үшін кіргізілген «сабау, қойып қалу» тіркестерін бүгінгі ән мәдениеті, Біржанның тұғырлы тұлғасына эстетикалық баға берер тұста қажеті бола қояр ма екен деген ойға келесің.

Біржанның «Теміртасын» орындаушылардан да жіберген тіркес, сөз қателіктері аз болмады.

Мәселен:

«Көз көрген құрбыларға сәлем деңдер,

Батасын оқи берсін біздерге арнап», – деген тұста сырт қарағанда пәлендей қиғаштық жоқтай көрінері бар. Ал зерделей үңілсек «бата сөзінің» орнында «дұға» тұру керектігін ескере бермейміз. Ежелден «бата» сөзін қазақ халқы ізгілік сипатта, яғни, оң мағнада қабылдап келген ғой. Оған «жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген қазақтың аталы мақалын төрелікке тартуға болар. Қазақта батагөй қарттардан бата алу рәсімін қайда қоямыз?! Ал «дұға» рәсімінің өлгендерге жасаларын қай қазақ білмейді?

Жаңағы «Жанбота» әніндегі «Жанбота осы ма еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің» дегендегі «боқтық» сөзін «баурайына» деп майдалайтындар да аз емес. Бұл арада Біржан өзін есер поштабайдың соншалықты кеміткен «боқтық» сөзімен тым ащы, ащы да болса, дөп түсіріп, дәл беріп тұрғандығын ескерсек керек. «Баурайға» көму мен «боқтыққа» көмудің арасында орасан алшақтық бар, әрі өз көңіл күйінің азалы, ашулы, ызалы сәтін дөп басардағы «боқтық» сөзінің ғаламат өткір қызметін тіптен де жоққа шығара алмаймыз.

Біржанның тағы бір ұлы әніндегі «Оқжетпес Көкшетауды мекендеген» деген тұсты «Көкшетау Оқжетпесті мекендеген» деп бұрмалап айтушылар да аз емес. Алақандай Оқжетпес шоқысын, ат айналғысыз Көкшетаудың қалайша мекендерін, оның логикаға қайшылығын ескермейді. Екі сөздің орнын ауыстырудың осылайша жалғандыққа ұрындырары бар.

Өлең – сөздің құдіреті болса, сол сөзге салақтықпен қарау өлеңге қиянат жалпы өнерге, соның ішінде ән өнеріне де қиянат деп қабылданса керек. Ендеше, әсіресе сал-серілер мектебіне, өнерге қанат қаққандар, демек әншілер музыканың неше ықылым сырларын игеріп, меңгерумен қатар, қос өрімде ұстайтын шартты – ән текстін де жаңылыссыз игеруге, қапысыз үйренуге міндетті. Бұл әсіресе Көкшетау өңірінен көктей гүлдеп шыға бастаған жас қауымға тікелей қатысты. Біржан, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ мұралары жаңсақтықты, жалғандықты көтермейді. Бұлардың әр сөз, әр әуенінде толайым тарих, өң бермес ұлы қазына жатыр. Ал сол қазынаның нақ мұрагерлері ән, өлең өнерін келер күндерге шашасына шаң, дидарына кіршік түсірмей жеткізу үшін көңіл зердесін, өнер өрісін қос тізгіндей қатар ұстап, дамыта беруге қарыздар ғой.

-Айеке, тұшымды сұхбатыңа көп-көп рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?