«Coreyah» тобы алты өнерпаздан тұрады: бес аспапшы (корей дәстүрлі аспаптық комунго, корей флейтасы, корей барабаны, гитара, әлемдік барабандар) және бір вокалист. Корейлік ұлттық құралдардың бірегейлігін сақтай отырып, «Coreyah» тобы әлемге дәстүрлі музыкалық бағытты заманауи әлемдік жанрлармен байланыстырушы, яғни қалыптасқан шекараны бұзатын жаңа корей музыкасын ұсынады.
Жалпы алғанда бұл кешті 448 көрермен тамашалаған. Кештің кульминациясы ретінде аталған топтың қазақтың халық әні «Дударайды» шалқыта орындағанын айтсақ жеткілікті.
Кештің қадірлі қонағы болған Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэ Сик мырзамен аз-кем сұхбаттастық.
– Бүгінгі тамаша өнер көрсеткен «Coreyah» тобы туралы айтсаңыз.
– Бұл – 2011 жылғы Корей музыкасының ренессанс кезеңінде құрылған ең жас топ. Топтың ерекшелігі, Кореяның дәстүрлі аспаптарымен қазіргі замануи аспаптарды бірге қосып, жаңа стильдегі әндерді орындайды.
– Қазақтың дәстүрлі халық әндері мен корей әндерінде ұқсастық барма?
– Әрине, мен ондай ұқсастықты сездім. Көріп отырғаныңыздай, бүгінгі толған зал корей әндерін жақсы қабылдап, қолдап отырды. Бұл көрініс қазақтың әуендері мен корей музыкасының ұқсастықтарын сездіргендей. Жеке өз басым қазақтың әндерін тыңдағанда өзімнің жүрегіме жақын болып естіледі. Бүгінгі кеш сол екі халықты ұқсас әуен арқылы біріктіріп отыр.
– Қазақстан Республикасы мен Корея мемлекеттері арасындағы мәдени, саяси, ғылыми байланыстардың жолға қойылуы жайында айтсаңыз.
– Екі мемлекет арасындағы байланыс өте тығыз, терең. Әсіресе мәдениет пен ғылым саласы жақсы байланыста. Астанада корей орталығы бар. Сол орталықтың көмегімен жылына жиырма шақты мәдени іс-шара, концерт ұйымдастырылып тұрады. Тағы айтатын дүние, Қазақстан бойынша жылына осындай орталықтарда үш мыңнан астам адам корей тілін үйренеді. Орталықтарға келіп тұратын жастар болашақта екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға атсалысатын болар деп есептеймін.
– Соңғы кезеңде біздің азаматтар Кореяға жаппай жұмыс іздеумен барып жатыр. Олардың мәселесі сізді қаншалықты толғандырады?
– 2014 жылы екі мемлекет арасында визаны жою туралы куәлікке қол қойылған болатын. Содан бері мемлекеттер арасында барып келушілер саны көбейді. Әрине осыны пайдаланып кейбір азаматтар Корея Республикасының территориясында жұмыс істеп, қалып жатқанын және ол азаматтардың саны көп екенін естіп жүрміз. Бірақ бұның позитивті жағы екі мемлекет арасындағы визасыз жүйе енгізілгеннен бері көп жобалар іске асты, бірақ жаңа сіз атап кеткен негативті жағына мемлекеттер арасында қадағалаулар, бақылаулар жүреді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын.
– Суық саясаттың кесірінен екіге жарылған қос Корейның келешек тағдырын қалай елестетесіз?
– Мен бұл тұрғыда Қазақстан халқына алғысымды білдіремін. Себебі, осы мәселеге қызушылық танытып, қолдап отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, екі ел арасында осы жылы тарихи кезең басталды деп айтсақ болады. Жыл ішінде екі ел басшылары үш рет кездесіп үлгерді. Одан ары қарай айтсақ, Солтүстік Корея басшысы мен АҚШ президентінің тарихтағы алғашқы кездесуі, оның барлығы Корей түбегінде болып жатқан позитивті өзгерістерді көрсетіп жатыр. Бұл – барар жолдың алғашқы сәтті баспалдағы. Себебі, бұл жердегі қиын мәселе – ядролық қарусыздардыру. Яғни, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жабуы. Әрине, бұл бір-екі жылда болатын шара емес. Тек Корей түбегі, АҚШ қана емес бүкіл әлем болып, бұл мәселені шешуге атсалысу керек. Бізге белгілі, Қазақстан ядролық қарудан өзі бас тартқан болатын. Осы мысал Солтүстік Корей мемлекетіне жақсы әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.