Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ

1661
МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ - e-history.kz
«Боль моя, гордость моя – Алаш» – катарсиске лайықты құнды дүние. Олай болса, Тұрсын Жұртбайдың жаңа еңбегі ҚР Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық деп есептейміз

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя – Алаш» атты еңбегін қолға алып таныса бастағандағы біздің есімізге алғашқы ойымызға келгені – Марк Твеннің  «Живи я при начале мира, я бы сперва прислушался, что говорят соседи об убийстве Авеля, прежде чем громко осудить Каина» деген сөздері болды.

Авторды айтуынша, мұң мен зарға толы бұл еңбеті жазудағы ең басты мақсат – оқырман қауымға кешегі өткен зар заманда жасықсыздан-жазықсыз құрбан болғандар туралы, сол кезең туралы мүмкіндігінше мол деректер жеткізу. Ойландыру. Ал Т. Жұртбайдың көрсетіп отырғанындай: «Олардың ішінде еліміздің маңдайалды оқыған азамматтарынан бөлек, қатыгез жүйенің сансыз, есепсіз құрбандарының сүйектері Бетпақдаланың шөлі, Торғай атырабы мен Қызылқұмның қиырында шашылып жатты. Және де солардың арасында құпия қызметкерлер мен тергеушілер және сөз жеткізуші құлақтар да аз болмады».

Олардың басым көпшілігі не үшін тұтқындалып, не үшін жазаланғандарын да түсінбей кетті. Ал енді біреулері бастарына түскен қайғыға не ортақтас бола алатын жан таппай, амалсыздан «қара күштің ықпалына» жығылудан басқа амал таппадған болатын. Міне, осының бәрін профессор Т. Жұртбайдың еңбігін оқи отыра, көз алдыңа елестете аласың...

Солардың бірі Әлихан Бөкейхан өзінің қызы Лизаға былай деген екен: «Лиза, мені іздеп бос уақыт кетірме. Қолыңнан түк келтіре алмайсың. Мен тым ұзақ іссапарға аттанып барамын. Ол – «Барсакелмес».

Тұрсын Жұртбайдың еңбегінде тағы да бір топ азаматтардың тағдырлары туралы сөз қозғалады. Олар туралы кешегі советтік тарихнамада да,  бүгінгі тарихнамада да сөз өте сирек қозғалады. Олар Совет үкіметінің құрған қақпанына ілігіп, амалдың жоқтығынан мәлімет бергендер.

«Дала қашқыны» атпен тұтқындалып тергеушілер «дальше» атап кеткен Дінмұхамед Әділов секілділер қаншама болды екен сол кездері. «Жалпы Дінмұхамед Әділевтің тергеу барысындағы жауаптары негізінде түрмедегі адамның психолгиялық жанталасы мен ашынуы, қасарысуы мен мінезінің сынуы, шындық пен сыр жасырудың арасындағы көрінбейтін қызыл сызықтан қалай аттағаны, бостандықта қасиетті көрінетін құндылықтардың қапаста мәнін жоюы, ұстамдылық пен төзімнің шегі, арбау мен арбалу түйсігі, өмір мен өлімнің арасындағы ант мезгіліндегі сана жанталасы, парасат пен парықтың жігінің ажыратылуы, қысым мен бопсаға шыдауы сияқты құпия құбылыстар туралы жанжүйесіне қатысты зерттеу жүргізуге болады. Әрине, жетіскен тақырып емес. Бірақ та өзін күрес жолына дайындаған, оқ пен оттың арасында өмір сүріп, өлім мен өмірдің шекарасында жанталасқан жандардың жан құпиясы да тылсым бір құбылыс. Д. Әділевтің тергеудегі әр жолғы көрсетінділерінде сондай мінез бар. Тек үш жылдық қысым мен қинаудан, ұстамалы дерттен әбден зықысы шыққан азап иесінің соңғы тергеулердегі жауабынан оның шындық пен қиялдың ара жігін ажырату қабілеті тұмандана бастағаны анық аңғарылады. Және ол өзін ақтайтын қандай да бір дәйекті келтіргеніне қарамастан, оны тек қана ату жазасы күтіп тұрғанын білген. Ең бірінші тергеу көрсетіндісі мен ең соңғы өсиетті көрсетіндісіне дейін бұл көңіл-күй оның құлақ күйіне айналып, үнемі санасында жаңғырып отырған» деп жазады автор.

Бір сөзбен қорытындалайтын болсақ, Т. Жұртбайдың бұл еңбегі – деректерге толы шығарма. Оны бірден оқып шығу да оңай емес. Талай рет, талай мысалдарға қайта-қайта оралу нәтижесінде ғана, бір мысалды екіші бір мысалдарменен салыстыра отырып ғана ақиқаттың бетін ашуға мүмкіндік беретін еңбек қолымызға енді жетіп отыр.

Біздің байқағанымыз Тұрсын Жұртбайдың еңбегінің үлкен эмоция үстінде жазылғандығы болар: үлкен аяныш пен өкініш, ашу мен ыза. Түкеңнің бойынан осы бір көріністі соңғы уақытта жиі байқағандай болғанымыз да шындық.  Міне, қолымызға деректерге мейлінше толы осы бір еңбегі қолымызға тигеннен соң барып қана, талай жылдар «шаң басқан полкаларда жатып», ғалымның қолына алғаш рет тиіп отырған құжаттар арқылы болған оқиғаларды көз алдыңа елестетудің арқасында кеше ғана қоғамның алдыңғы қатарында жүрген қазақ зиялылары өмірлерінің қас қағым сәтте жазықсыздан-жасықсыз қиылып кете баруы себептерін бірнеше бет қағаз беттерінде қалған тергеушінің айыпкерге қойған  сұрақтары мен оған айыпталушының берген жауаптарынан  екішісін ең жоғарғы деген жазаға лайықты дегенге шыға алмай жанталасқан зерттеушіге эмоцияға берілмеу мүмкін де емес секілді.

Енді, міне, өзінің міндеттерін үлкен ғалым, зерттеуші ретінде түсіне алған Тұрын Жұртбай былай деп отыр: «кітапты жазудағы басты мақсат – ұйқылы-ояу қоғамның санасына саңылау енгізу, оқиғалар желісінен ақпараттар беру арқылы ойландыруға шақыру».

Біздер көп уақыт бойы бұл кезеңге барудың әлі уақыты келген жоқ дегенді айтып, шындықтың бетін ашуға әлі де болса жүрексінудеміз. Оның түрлі себептері де бар.

Дегенмен, осылай дей отыра, кітап ішінен алынған мына бір сөздерге де назар аударсақ. Тұрсын Жұртбай секілді, өз елінің тарихи беттеріне үңіліп отырған бір зерттеуші, күн тәртібінде тұрған бір мәселені саяси тұрғыдан ашып берудің әлі де болса уақыты келмегенін айта отыра, ол күндердің әлі де болса келетінінен үмітті.  

Ғылымда «катехезис» «катарсис» деген түсініктер бар.

Біріншісі – қандай да болсын бір ілімнің негіздерін дайын сұрақтарға дайын жауаптар арқылы түсіндіру. Біз одан өтіп кеттік. Оған шүкірлік. Екіншісі – адамның қайғылы да қасіретті бір оқиғаны көз алдына елестетуі арқылы тазаруы. Таза ойға келуі.

«Боль моя, гордость моя – Алаш»  – катарсиске лайықты керемет құнды еңбек. Олай болса, Тұрсын Жұртбайдың бұл еңбегін сондай күндерге бастап берерге лайықты алғашқы қадамдардың бірі деп санағанымыз дұрыс болар. Сондықтан жаңа еңбекті ҚР Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық деп есептеймін.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?