Әртүрлі жылдары бұл сыйлықты аварлық ақын Расул Гамзатов, әлемге танымал автоматтың құрастырушысы Михаил Калашников, советтік атом бомбасының «әкесі» Игорь Курчатов, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауретаты Михаил Шолохов, ХХ ғасырдың ірі композиторларының бірі Дмитрий Шостакович және тағы басқалар иеленген. Сталиндік сыйлықтың иегерлері атанған қазақтар да бар.
Бастапқыда сыйлық «Сталин атындағы сыйлық» деп аталған. ССРО ХКК сыйлықты бекіту туралы екі қаулы шығарған, біріншісі И.В.Сталин 60-қа толғаннан кейін екі күннен соң, 1939 жылдың 20 желтоқсанында жарияланған. Қаулы мәтінінде:
«Жолдас Иосиф Виссарионович Сталиннің алпыс жасқа толуына байланысты ССРО Халық Комиссарлары Кеңесі: ғылым мен өнердің келесі салаларында: 1) физика-математика ғылымдары; 2) техникалық ғылымдар; 3) химия ғылымдары; 4) биология ғылымдары; 5) ауылшаруашылығы ғылымдары; 6) медицина ғылымдары; 7) философия ғылымдары; 8) экономика ғылымдары; 9) тарих-филология ғылымдары; 10) заң ғылымдары; 11) музыка; 12) сурет; 13) мүсін; 14) сәулет; 15) театр өнері; 16) кинематографиядағы елеулі еңбегі үшін Сталин атындағы жыл сайын берілетін 16 сыйлықты (әрқайсысы 100 мың рубль көлемінде) бекітуді қаулы етеді»-делінген.
Осы қаулыға сәйкес номинанттар үш дәрежеге бөлінген (1 дәреже – 10 лауреат, екінші – 20 лауреат, 3 – 30 лаурет), әрқайсысы белгілі көлемдегі соманы алған. Осылайша, арнайы комиссия жыл сайын 1 дәрежелі Сталиндік сыйлықтың иегерлеріне 100 мың рубль, екінші және үшінші дәрежелі сыйлық лауреаттарына 50 мың және 25 мың сәйкесінше табыстаған. Бұдан басқа, әскери ғылым саласындағы ерен жетістігі үшін берілетін жеке Сталиндік сыйлық болған. Сомасы жоғарыдағыдай болғанымен, номинанттар саны біршама аз болған: бірінші дәрежелі сыйлықты – үш адам, екінші дәрежелі сыйлықты – бес, үшінші дәрежелі сыйлықты – он адам ғана ала алған. 1940 жылғы 1 ақпанда жеңімпаздар анықталатын он алты салаға тағы бір сала – әдебиет қосылды. Оған поэзия, проза, драматургия және әдеби сын салалары бойынша әрқайсысы 100 мың рубльмен марапатталатын төрт сыйлық бөлінді. Табыстау тәртібі, лауреаттар саны мен төлем көлемі бірнеше рет өзгеріп отырғанын айта кеткен жөн. Сыйлық беру тәртібін реттейтін құжат БКП (б) ОК Саяси бюросы отырысында 1940 жылдың 20 наурызында түпкілікті дайындалған. Бұл құжат бойынша ССРО ХКК жеңімпаздарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізген. Екі комиссия екі бағыт бойынша жұмыс істеген: әскери білім мен өнертапқыштық, сонымен қоса әдебиет және өнер салалары. Комиссия өтінімдерді әдетте 15 қазанға дейін қабылдаған. 1 желтоқсанға дейін өтінімдер қарастырылып, комиссия мүшелері одан әрі өз ұсыныстарын ССРО ХКК-ге жіберген. ССРО ХКК соңғы 6-7 жылдағы жұмыстар үшін сыйлықпен марапаттауды рұқсат еткен. Ізденушілердің жұмыстарына келер болсақ, өтінім кез-келген тілде толтырылған. Бұдан басқа, әскери білім мен өнертапқыштық ғылымдары саласындағы еңбектержазу машинкасында немесе типографиялық тәсілмен басылған үш нұсқада ұсынылуы керек болған. Әдеби және музыкалық шығармалар, сонымен қоса, сәулет ғимараттарының жобаларын бір нұсқада ұсынуға рұқсат етілген. Қалған жұмыстар түпнұсқа күйінде қабылданған. Театр өнері мен кинематография саласындағы жұмыстар ұсынылған материалдарға сәйкес бағаланған.
Сталиндік сыйлық лауреатының дипломы, 1943 ж.
Көптеген куәліктер И.В. Сталиннің сыйлық кандидаттарын таңдау мен бекітуге аса зор мән бергенін, тіпті сыйлық беру туралы шешімді жеке өзі қабылдағанынан хабар береді. Замандастары сыйлықтың тағдырын жұмыстың бірегейлігінен гөрі, ықтимал лауреаттың образы шешкендігін айтады. Антисоветтік іс-әрекетте айыпталғандарды айтпағанда, жұбайынан ажырасқан ізденушілерге де Сталиннің сыйлық беруден бас тартқан жағдайлары болған. Сыйлық қорына ақша Иосиф Сталиннің басылып шыққан, оның ішінде шетелде де басылған еңбектері үшін түскен гонорардан алынған. Сыйлық қорына оның айлық ақысының бірінен қаражат түсе алған: ол кезде ол ОК хатшысы және ХКК төрағасы лауазымдарын атқарған. Оның үстіне, соғыстан кейін Сталинге ай сайын қосымша 10 мың рубль төленіп тұрған. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Сталиндік сыйлықтың барлығы дерлік лауреаттары алған соманы Қорғаныс қорына аударған. Сталиндік сыйлық бар еңбегінің жиынтығы үшін емес, нақты еңбегі үшін берілген. Бұл сыйлық материалдық ынталандыру ретінде ойластырылған сыйлық болғандықтан, ол негізінен орта жастағы адамдарға немесе тіпті жастарға да берілген. Сыйлыққа марапат ретінде орден берілген, ал лауреаттар көлікте тегін жүру және балаларын жоғары оқу орындарында оқыту сияқты жеңілдіктерге ие болған.
Сталиндік сыйлық иегерлері ішінде қазақтар да болған.
1948 жылы Мұхтар Әуезов (суретте сол жақта) «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші томын жазып, ал 1949 жылы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болады. 1952 жылы ол «Абай» спектаклін қояды. Спектакльдегі басты кейіпкерлерді сомдаған актерлер 1952 жылы үшінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болады. Олар: Керім рөліндегі Шәкен Айманов, Әйгерім рөліндегі Қадиша Бөкеева, Майбасар рөліндегі Сералы Қожамқұлов, Зере рөліндегі Рақия Қойшыбаева, Құнанбай рөліндегі Қалибек Қуанышбаев, Дәркембай рөліндегі Елубай Өмірзақов және Абайды сомдаған Қапан Бадыров. Бұның аз алдында, 1948 жылы, екінші дәрежелі Сталиндік сыйлықты «Біржан-Сара» операсының әртістері мен оның басты шабыттандырушысы Мұқан Төлебаев алған еді. Спектакль 1946 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қойылған еді. Сыйлық лауреаттары атанған әртістердің ішінде Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Байғали Досымжанов, Құрманбек Жандарбеков және Әнуарбек Үмбетбаевтар болған. Театр өнеріндегі жетістіктерден басқа Сталин қазақ малшыларының еңбегін ерекше бағалаған. Атап айтқанда, ірі қара малдың жаңа түрін - Қазақ ақбас сиырын шығарған Нәжіп Ғалиақберов пен Қапыс Жуасов бірінші дәрежелі сыйлық иегерлері атанған. 1950 жылы Қазақ ҒА Күрмекті тәжірибелік базасында биязы жүнді «қазақ арқар-мериносы» қой тұқымын шығарған.
Бұл еңбек үшін Қазақ ҒА ИЭБ директорының орынбасары Абдул ғазиз Жандеркин, аға шопандар Төленді Қайыпов пен Жамал Манапбаева, ғылыми қызметкер Әндіжан есенжолов және Алматы облысы Кеген ауданының «Қызыл Ту» колхозының төрағасы Молдахим Мұсралиевтер үшінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болған. Әртүрлі жылдары күріш өсіруші, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев («Айтарлықтай үлкен алқапта күріштің рекордтық өнімін – гектарына 150 центнерден аса өнім алуды қамтамасыз ететін агротехниканың озық үлгілерін енгізгені үшін» үшінші дәрежелі Сталиндік сыйлық), советтік шаруашылық қайраткері Мұхтар Қаптағаев («Теміржол көлігінде еңбектің жаңа стахановтық үлгісін әзірлеп, енгізгені үшін» екінші дәрежелі Сталиндік сыйлық), ақын Жамбыл Жабаев («Жалпыға танымал поэтикалық шығармалары үшін» екінші дәрежелі Сталиндік сыйлық) және Қаныш Сәтпаев («Жезқазған ауданының кен орындары» монографиясы үшін» екінші дәрежелі Сталиндік сыйлық) сыйлық иегерлері атанған.
Сталин өлгеннен кейін оның еңбектері үшін гонорарлар Сыйлық қорына түспеген. Кейіннен, Сталиндік жеке басқа табынушылықты жою кампаниясы аясында Сталиндік сыйлықты алмастырған Лениндік сыйлық бекітілді. 1966 жылы ССРО Мемлекеттік сыйлығы бекітілді, бұрынғы Сталиндік сыйлық иегерлері құрмет белгілері мен дипломдарын осы сыйлыққа ауыстырып алуға құқылы болды.