Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қала тұрғызғандарды қудалау

1649
Қала тұрғызғандарды қудалау  - e-history.kz

Қазақ совет мемлекеттілігінің құрылуымен байланысты осыдан жүз жыл бұрын болған оқиғалар әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Себебі тарихтың бұл беттері жеткілікті зерттелмеген және қазіргі оқырманға аса таныс емес. Солардың бірі – «қызыл астананы» салушыларға қатысты болған сот процессінің тарихы.

Оқу материалдарында бұл оқиға советтік қуғын-сүргін машинасының қатыгездігі мен рақымсыздығының үлгісі ретінде белгілі. Елизавета Григорьевна Малиновскаяның былтыр жарық көрген «Репрессированная архитектура» кітабында советтік басшылықтың іс-қимыл логикасын көрсететін, осыған дейін беймәлім болып келген фактілер көрсетілген. Зерттеушімен бірге Qazaqstan tarihy порталы өткен ғасырдың 20-30 жылдары болған оқиғаларға үңіліп қайтуды ұсынады.

Сонымен 1920 жылы Совет үкіметі жеңіске жеткеннен кейін Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасы құрылып, астанасы Орынбор болды. Қазақ АССР Орталық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен республика астанасы Ақмешітке көшірілді. 1925 жылғы 15 сәуірде Ақмешітте салтанатты түрде Қазақ АССР Кеңесінің V съезі ашылды.

Съезде өте маңызды шешімдер қабылданады: халыққа «қырғыз» дегеннің орнына өзінің «қазақ» деген тарихи атауы қайтарылады, «Қырғыз Республикасы» «Қазақ Республикасы» болып өзгертіледі, ал Ақмешіт Қызылорда, яғни «қызыл астана» болып өзгертіледі. Қала да көз алдыңда өзгере бастайды: электр жарығы пайда болады, жаңа құрылыс басталады, қала халқының саны өседі.

Астана мәртебесіне ие болғаннан кейін түрлі мемлекеттік мекемелер, оқу орындары, кітапханалар, ауруханалар мен өндірістік нысандар салу қажеттілігі туындайды. Республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі астана салуға қажетті қаражатты бөледі. 1920 жылдар ғимараттарының басым көпшілігі революцияға дейінгідей негізінен жергілікті «кірпіш стилі» нұсқасында салынды.

Атап айтқанда, олар: вокзал, депо, су тартқыш, тұрғын үйлер. Мәскеу, Петербургтің жобалаушылары жергілікті тенденцияның орнына «өздерінің» астаналық архитектурасын ұсынады. Солардың күшімен Қызылорда үш жылдың ішінде типологиясы мен функциясы бойынша ғимараттар салынған заманауи агломерацияға айналады. Аз уақыттың ішінде сәулетшілер 150 типті үй құрастырған.

Жаңа қалада қарапайым тұрғындарымен бірге жобалаушылар В.Н. Львов, А.В. Будассидің, республика басшылары Т.Р. Рысқұловтың, У.Д. Құлымбетовтың отбасылары көршілес тұрды.

Салтанатты көрінуі үшін үкіметтік жекежайларды, әкімшілік ғимараттарды (кітапхана, мемлекеттік ұйымдар) безендірген кезде пішінделген бағаналар, маңдайшалар, кессондалған ағаш төбелер сияқты классикалық әдіс қолданылды.  

Қызылорданы жобалаушылардың бірі профессор, инженер-конструктор С.Л. Фельдман заманауи ғимараттарды салған кезде жергілікті тәжірибені қолдануға қолдау көрсеткен. С.Л. Фельдман сәулетші В.Н. Львовтың Кожсиндикат пен Ауыл шаруашылық банкі (Сельхозбанк) ғимараттарының стилистикасын атап өтеді.

«Өнер тарихында бірқатар орын алатын Шығыс мотивін елемеуге болмайды. Дәл сондай батыл ойластырылған құрылыс үлгісіне пайдалану үшін оларды ойластырып, өңдеп, шебер шиеленістірілген өрнекті тарқатып, жайып, жеңілдету керек; оның үстіне әр стиль жағдайға, жергілікті климатқа, тұрмысқа, және жалпы ел мен халыққа бейімделіп, ғасырлар бойы қалыптасты».

Астана үшін таңдалған жердің табиғи-климаттық, экономикалық, абаттандыру жағынан қисынсыздығына, өнеркәсіпті дамыту үшін жағдайдың жоқтығына қарамастан, құрылыс басталған соң екі жылдан кейін, 1928 жылы, большевиктер салтанатты түрде астананы ашуды жоспарлайды. Ойланбай жасалған жоспарлау орасан зор шығынға әкеп соқты. Қала реконструкциясын басқа жақтан келген дарынды инженерлер мен сәулетшілер дайындады. Ақыр соңында олар да және астана құрылысына бақылау жүргізген үкімет мүшелеріне де қаланы жобалау кезіндегі «зиянкестік» үшін жауап беруге тура келді.

«Қызыл астананы» салушылар нағыз зәбірге тап болды. Қызылордада алғашқылардың бірі болып ССРО-дағы техникалық интеллигенцияға қатысты саяси процесс басталды. 1936 жылға дейін Қазақстан Ресей Федерациясы құрамындағы автономия болған соң РСФСР Жоғарғы Сотының жылжымалы сессиясы Қызылордаға келді.

Сот 1928 жылғы қазанның ортасында теміржолшылар клубының ғимаратында өтті. Негізгі айыпталушылар Қызылорда қаласы құрылысының барлық деңгейдегі басшылары болды:  Серафим Алексеевич Баграков (ХКК Құрылыс комитеті жанындағы құрылыс бюросының бастығы), НКВД бас инженерлері (И.И. Маркушевич, М.И. Попков) және республика ХКК бас инженері (М.Т. Тынышпаев), астананы көшіру жөніндегі ХКК комиссиясының мүшесі С.Д. Акаев.

Мәскеуден Александр Владимирович Будасси мен көмекшісі Семен Борисович Гольдгорды күзетпен әкеледі. Процесс бойынша прорабтар Д.Е. Крисанов, В.Н. Ефремов, НД. Богинский, Н.Н. Суханов, Е.Е. Шлом,құрылыс бюросының бас бухгалтері  И.Я. Осокин, ФКУ бақылаушысы В.Д. Авдонин, барлығы 14 адам тергеледі.

Прокурор үш сағат бойы айыптау қорытындысын оқып, инженерлерді шетелмен байланысы бар деп, шығу тегі пролетарий емес деп, жұмыстың сапасыздығына, «әдемілік үшін» көтермеленген сметаға (Ауыл шаруашылығы банкінің аркасы мен колоннадалары), тіпті қам кірпішті қолданғандары үшін де айыптайды.

Ақыр соңында процестің 13-нші күні сот И. Маркушевич пен С. Баграковты ақтайды. Басқаларына түрлі мерзімге үкім шығарылады, алайда Октябрь революциясының 10 жылдығына байланысты сот амнистия жариялайды.

Осокин мен Гольдгорға 3 жыл қатаң оқшаулау беріледі, ақырында оны «мамандығы бойынша күштеп жұмыс істеуге» ауыстырылады.

Ең үлкен жаза Будассиге беріледі: 4 жылға қатаң оқшаулау, онысы кейін жартылай қысқартылады.

Дарынды инженер Александр Владимирович Будассидің тағдыры таңғажайып. Кезекті коммунистік құрылысты салу кезінде оның білімі мен тәжірибесін пайдалану үшін совет билігі... оны түрмеге отырғызатын.

1930 жылғы мамырда түрмеден енді ғана босағанда инженер су транспортындағы зиянкестікке қатысты процесс жүргізіліп жатқан Ташкентке жеткізіледі. «Средазводхоз» ісі бойынша ондаған инженер өтіп жатқан еді, солардың ішінде Будасси де болды.

Ол «Ірі жеке капиталист Чаевтың көзқарасын құптағанын, шетелдік капиталистерді тартуға тырысқанын, кейін Орта Азияның зиянкестер тобына кіргенін» мойындауға мәжбүр болады.

Процесс бойынша өткендердің бәрі де ұзақ мерзімді жаза алады. Не үшін? Неге совет мемлекетінің көркеюі үшін аянбай қызмет еткен инженерлер мадақ пен марапат алудың орнына көпжылдық жаза алды? Бұл сұрақтың жауабы Совет Одағының астанасы – Мәскеуге алып келді.

Александр Будассимен бірге вагонда көрнекті ғалымдар, профессорлар Георгий Ризенкампф, Владимир Журин, Борис Пошлин, Федор Моргуненков, Владимир Маслов, инженерлер Орест Вяземский, Климентий Зубрик, Николай Хрусталев, Константин Вержбицкий, Өзбекстан су шаруашылығының бас инженері Александр Ананьев, тәжірибелі ирригатор В. Пашков және басқалары әкелінді.

Бұлар техникалық интеллигенциясының сүт бетіндегі қаймағы еді. Тек Мәскеуге келгеннен кейін ғана тұтқындар өздері тап болған теңдесі жоқ сот инсинуациясын түсінеді. Өздері ойлағандай, революцияға дейінгі «мамандар» ретінде оларды жоймақшы болған жоқ. Мемлекет олардың еңбегі мен тәжірибесін тегін пайдалануды шешіпті!

Орта Азияның жоғары санаттағы мелиораторлары Беломор-Балтика каналын салуға қажет екен. Каналдың оңтүстік бөлігінің бюджеті 60 млн рубльден аспайтын, сондықтан Көлік қатынасы жолдарының халық комиссариатына  каналдың солтүстік бөлігін қазу бойынша геологиялық зерттеулер үшін әскери ведомоство мен ОГПУ-дың қылмыстық еңбекті тартумен жұмыстарды жүргізуге тапсырма береді. Бұл шығынды үш есе азайтуға мүмкіндік беретін!

Каналдың жобалау құжаттамасын дайындау үшін тікелей Лубянкада конструкторлық бюро ұйымдастырылады. Бұл советтік лагерлер жүйесіндегі алғашқы шарашкалардың бірі еді. Осылайша, бір топ ғалымдармен бірге Будасси Беломор-балтика каналын салуға Белбалтлагқа тап болады.

Инженерлерге Карелияның ауыр табиғат жағдайында инженерлік проблемаларды шешуге тура келді. Шетелден құрал-жабдық алуға елдің валютасы жеткіліксіз болды. Техника мүлдем болған жоқ, қабырғалар мен канал шлюздері үшін бетон да болған жоқ. Шымтезек, ағаш, топырақ – құрылыс материалы болды. Каналды салуға небәрі 20 ай ғана мерзім берілді. Ал бұл дамбалары, 5 тоған, 19 шлюзы бар 226 шақырым күрделі рельеф. Канал жобасының жалпы сипаты жасалып болған соң жобалаушылар тікелей құрылыс орнындағы Ерекше Конструкторлық Бюроға ауыстырылады.

Каналдың салтанатты ашылуына халықтар көсемі Сталиннің өзі келеді. Құрылыс нәтижесі бойынша мелиораторлар үкіметтік наградалар алады. Канал құрылысы бас инженерінің орынбасары Константин Вержбицкийге Ленин ордені, Беломорстрой бас инженері Николай Хрусталевке, Орест Вяземскийге, Владимир Масловқа, Климент Зубрикке Еңбек Қызыл Ту ордені беріледі. Инженер А.В. Будассиді тамаша жекежаймен және машинамен марапаттайды.

Мәскеу-Волга каналының құрылысында. 1) Г.Д. Афанасьев, 3) С.Я. Жук (құрылыстың бас инженері), 4) А.В. Будасси 

А. Будасси бұдан әрі Мәскеу-Волга каналының құрылысында жұмыс істейді, сол үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Мәскеу – Волга каналының құрылысы аяқталғаннан кейін Александр Владимирович қайтадан тұтқындалады. Дарынды инженер-конструктор бір жылға жақын түрмеде отырады.

Түрмеден ол 1940 жылы 62 жасында босатылады. Босағаннан кейін жарты жылдан соң қайтыс болып, Ваганьково зиратында жерленген. Техникалық интеллигенцияның барлық өкілдері баяғыда-ақ ақталған, бірақ тарих олардың еңбегінің әділ бағалануын, өмірбаяндарындағы жолдардың қалпына келтірілуін талап етеді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?