Лингвистика лидері
08.01.2025 197

Өз өмірін тұтастай қазақтың тілі мен мә­дениетінің өрлей түсуіне бағыштап, небәрі 40 жасқа енді толған шағында халық жауы атанып мерт болған Құдайберген Жұбанов жайлы бірер сөз. 


Кұдайберген Жұбанов — Қазақ ССР Ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі. Жұбановтың есімі қазақ мәдениеті мен ғылымының алыптары: С. Сейфуллин, А. Байтұрсынұлы, С. Асфендияров, И. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов сынды тұлғалардың деңгейіндегі тұр.  

Құдайберген Жұбановтың  білім алуы Ишан Оспанның мешітінде, Жобалы Темір-Уркачевск аймағында басталды. Үш жылдан кейін бала үйіне оралып, әкесі өз қаражатына ауылда жаңа бағыттағы мектеп ашты. Ауылдастары  имам балаларды Құранға емес, зайырлы ғылымдарға үйретіп жатқанын естіп, балаларын мектепке жіберуден бас тартты. Құдайберген сыныпта жалғыз қалды, ал кейінірек әкесі Қуан өзі мұғалімнің айлығын көтеріп, қыздарын да мектепке береді. 11 жасар Құдайберген Жұбановтың ұстазы Абдулла Беркінов болды, ол кейінірек Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атанды.

Профессор Жұбанов қазақ тілін зерттеудің теориялық және практикалық мәселелерін айқындап, төл тіл білімі ғылымының даму жолдарын белгілеп берді. 

Қазіргі замандастары Құдайберген Жұбановты ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы деп санады, ал Мұхтар Әуезов: «Жұбановтың алғашқы қадамдары да оның кім екенін және қоғамдағы орнын түсінуге мүмкіндік берді» деп жазған болатын. 

Кұдайберген Жұбановтың интеллектуалды көзқарастары мен ғылыми ашылулары сол кездегі ең ірі түркітанушылар тарапынан жоғары бағаланып, ол ғалымдармен үнемі байланысып, хат алмасқан.

1932 жылдан бастап, 1937 жылғы қараша айында тұтқындалғанға дейін Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры әрі меңгерушісі болды. 1933-1937 жылдар аралығында Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, әдістеме, бағдарлама және оқулықтар секторының меңгерушісі, сондай-ақ Қазақ ССР Мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы әрі «Гостерминкомның бюллетені» журналының бас редакторы болды. 1936-1937 жылдары Қазақ ССР Ғылым  академиясының Қазақ филиалының лингвистика секторын басқарды, Ғылыми кеңестің мүшесі әрі Президиумының мүшесі болды, сондай-ақ «Қазақ тілінің академиялық сөздігі» бас редакторы қызметін атқарды.

1935-1937 жылдары Қазақстан ұлттық мәдениет институтының ғылыми кеңесінің мүшесі әрі жаңа (латын әрпіне негізделген) әліппидің Бүкілодақтық Орталық Комитетінің мүшесі болды.

1935 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланып, XVI Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегат болып қатысты, сондай-ақ «Қазақстанның 15 жылы» құрмет белгісімен марапатталды.

Қазақ тіл білімі туралы айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлын айналып өтуге болмайды: ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында ол араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп, ана тілі бойынша оқу құралдарын, сауат ашу жүйесіне арналған оқулықтар мен суретті әліппе шығарды. 30-жылдары қазақ тілі латын әліпбиіне көшірілгенде және орфографиялық қателіктер басталғанда, Құдайберген Жұбановтың қабілеттері қажет болды. Ол тек салыстырмалы талдау жүргізуден бөлек, ақпаратты жүйелеуде де қабілетті еді, бұл академиялық ойлау құрылымы бар адамның ерекшелігі. Латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінде жазу мәселесі қиын болды, көптеген кірме сөздердің жазылуында әртүрлі нұсқалар болды, ал профессор Жұбанов олардың бірегей жазылуын қорғады. Ол латын әліпбиі негізінде қазақ орфографиясының нормаларын қалыптастыруға белсенді қатысып, қазіргі қазақ әдеби тілінің теориясын жасады, ірі зерттеу еңбектерін жазып, қазақ академиялық тіл білімінің негізін қалады. 

Қазақ терминологиясының өзекті мәсе­лесінің бірі – оның принциптерін қа­лып­тастыру. Қ. Жұбанов өзі қарап бекіткен 10 мыңнан аса терминді қандай принцип­терге сүйеніп жасады. Ол бұл мәселеге ал­дын ала үлкен әзірлікпен келген. Бұл жө­ніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өт­кен мәдениет қайрат­керлерінің бірін­ші құрылтайында баян­дап береді. Кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс үлесінің ықпалы, яғни «орыстандыру» саясаты­ның әсері айрықша болғанын ескерген жөн. Ол съезде 11 қағида ұсынады. Өз сөзімізбен қысқартыңқырап айтқанда олардың жалпы мазмұны мынадай:

1. Көптеген әдеби тілде аударыл­май қалыптасқан халықаралық термин­дерді, қазақ тіліне аудармай сол қалпын­да алу (революция, совет, теория, практика, тенденция, хирургия, климат, абсолют­ный, конкретный, т. т.);

2. Көптеген әдеби тіл тәжіри­бесінде ауда­рылып алынған халықара­лық терминдер (производство, труд, деньги, корень, сте­бель, мышцы, деление, умножение,
т. т.)­ қазақ тіліне де ауда­рылады, егер аудар­ма­ тер­мин мағынасын дәл бере алмай, бұза­тын болса, онда оларды (сословие, состав, клет­ка, слет, т. т.) орыс тіліндегі қалпынша алу;

3. Әрқилы пәнде бір мағынада қол­да­нылатын терминдерді бірегейлетіп алу; мысалы, форма – форма (философия, физика), материя – материя (физика, философия), корень – түбір (мат­ематика, ботаника, лингвистика), реакция – реакция (химия, биология, политика), т. т.

4. Білімнің әр саласында әрқилы мағына білдіретін терминдер (мануфакту­ра, продукт, легенда) бір салада термин ретінде, басқасында жай сөз ретінде қол­да­нылады. Мысалы: мануфактура эко­номи­калық даму кезінде термин болады, бірақ тауар түріне жата алмайды.

5. Халықаралық сөздер түрінде қа­лып­тасқан терминдер орыс тіліндегі үлгімен қабыл­­данады (пролетариат, физика, биология);

6. Терминдерді түсініксіз етіп жібе­ретін жасанды сөзжасамға бармай-ақ, қазақ тілінің грамматикалық ерек­ше­ліктерін де, атаудың ғылыми мәнін де толық қамти алатын терминдердің (Мысалы: беріліс – передача, көпкіл – мно­гоугольник, тоқыма – текстиль, тәжірибе – практика, т.б.) баламасын табу;

7. - изация, - ификация. - ация тә­різді формалды элементтермен (машинизация, электрофикация, объективация) келетін сөздерді қазақ тіліндегі материалдандыру, электрлендіру, объективтенулер тү­рінде қалыптастыру келеді. Сол сияқты популярная книга – популяр кітап, абсолютная величина – абсолют шама, буржуазная идеология – буржуаз идеология, дифференциальное уравнение – дифференциал теңгерме түрінде қысқартып алу;

8. Қазақ тіліне халықаралық, терминдер­мен ілесіп -ист, -изм қосымшалары және ре, син, де, суп, анти, контр тәрізді пре­фикс­тер ен­гізі­леді.

9. -авто, -аэро, -авиа сияқты қыс­қартылған формаларға қазақ сөздері бірігіп (автожол, аэрошана, авиашана, автоқатынас) жазылады.

10. Қаркөмір (Караганда уголь), Хал­комжер (Нарком-зем), т.т. сияқтыларды қыс­қартып қолдану.

11. Бұрын терминологиялық қолда­ныстан шығып қалған диктатура, ре­во­люция, совет, теория, практика, контр­­­­революция, милитаризм сияқты тер­мин­дерді қазақ тіліне қайта енгізу.

Құдайберген Жұбановқа қазақ тілінің грамматикасы, диалектологиясы және тарихы бойынша алғашқы оқулықтар мен зерттеулер тиесілі. Ғылым, өнер, әдебиет саласының қызметкерлері арасында Құдайберген Жұбанов өте құрметті адам болған. Ол Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры ретінде, Қазақ ССР Халық Комиссариатының оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы ретінде, онда білім мен тәрбие мәселелері қарастырылған, сондай-ақ Қазақ ССР Ғылым академиясының лингвистика секторын басқарушы ретінде үлкен беделге ие болған. Қазақ совет тіл білімінің тарихында профессор Жұбанов қазақ тілінің алғашқы монографиялық еңбегінің авторы, туған тіл бойынша мектеп бағдарламасы мен оқулығының алғашқы құрастырушыларының бірі ретінде белгілі. Оның еңбегі – қазақ филологиясы бойынша кадрлар даярлау да маңызды жетістігі.

1937 жылғы қарашада профессор тұтқындалып, үш айдан кейін атылды. Профессорға жапон тілін білгенін үшін де айып тағылды: жапон тыңшысы деп айыпталды. Ол 1957 жылдың 3 қазанында ақталды.

Құдайберген  Жұбановтың есімі Ақтөбе мемлекеттік университетіне берілді, бұл білім ордасы Батыс Қазақстанның және бүкіл елдің беделді жоғары оқу орындарының бірі. 1998 жылы  ұлы ғалымның туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе университетінің басшылығы облыс әкімдігімен бірге Құдайберген Жұбановқа ескерткіш-бюст орнатты, осылайша Қазақстанның осы даңқты ұлының есімін мәңгілікке сақтады. Ескерткіштің авторы – Жадыгер Кенбай. Сондай-ақ Жұбановтың есімі көптеген қалаларда көшелерге берілген.