«Тар кезең» – халық тағдыры таразыға түскен қиын кезеңді суреттейтін кесек туынды
07.04.2016 8688
Жазушымен кездесу барысында оқырмандар ойларын ортаға салды, көкейіндегі сұрақтарын қойысты

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханасында «Бұл кітап әлемі...» атты Кітап айлығы аясында «Тарих пен уақыт мәселесі. Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығында» тақырыбы бойынша белгілі жазушы Қ. Мұханбетқалиұлы мен оқырмандардың кездесуі өтті. 

Қазақ әдебиетіне «Жұлдызды түндер» атты тұңғыш әңгімелер жинағымен келген қаламгер онан кейін «Тоғай сыбдыры» атты дүниесін өмірге әкелді. Қаламгер әңгіме жанрынан бөлек, сын тақырыбында да қалам тартқан. Мәселен, «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...» кітабы осы сөзіміздің куәсі бола алады. 

Бұдан бөлек, көкірегін кернеген, жанына маза бермеген қазақ халқының қилы тағдыры, сол елдің тарихы туралы да жазу қаламгер назарынан тыс қалмады. 

Қалмақ қырғынын айтпағанда, басқа соғыстарды айтпағанда, Ресей империясынан да не құқай көрмеді бұл қазақ?! Мәселен, Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламына арқау болған Ресейдің отарлау саясатын, Сырым Датұлының тәуелсіздікті аңсаудан бастау алған көтерілісін алайық. 

Қазақ даласының батыс пен орталық бөлігі Ресейге қарағанына жарты ғасырдай уақыт өткенде, империя енді өзінің отаршылдық бет-бейнесін ашықтан ашық көрсете бастаған болатын. Қазақтар Елек пен Жайық бойындағы шұрайлы жерінен ысырылып, онымен қоймай, біресе Жайық казак-орыстарының, енді бірде башқұрттар мен Еділ қалмақтарының талауына тап болды. 

Ел басындағы хан Нұралы ел басына күн туғанда осы істердің бір де бірін орнықты шеше алмай дағдарысқа түсті. Міне, осындай қилы кезеңде ел тағдырына деген жауапкершілікті өз мойындарына алған – Байбақты Сырым бастаған қазақтың білікті билері мен батырлары еді. 

Жазушының оқырман қауымға 2012 жылы ұсынған «Тар кезең» аталатын романы сол кезгі халық тағдыры таразыға түскен сол қиын кезеңнің оқиғаларын кең тыныспен, аса байыпты да байсалды көрсете білген, шын мәніндегі көркем туынды. Араға екі жыл салып, бұл шығарма өзінің шынайы бағасын алды. Кітап авторға Мемлекеттік сыйлықты әперді. 

Жазушымен кездесу барысында оқырмандар ойларын ортаға салды, көкейіндегі сұрақтарын қойысты. Жастардың «Жас жазушылардан кімдерді оқисыз?» деген сұрағына жазушы ағамыз Бейбіт Сарыбайды, Мәдина Омароваларды оқитынын айтты. 

Кеш қонақтары – Әнес Сарай, Қойшығара Салғараұлы, Несіпбек Айтұлы, Табыл Құлыяс, Қуаныш Жиенбай сынды қаламгерлер әріптесінің шығармашылығы туралы келелі пікірлерін ортаға салды.

Бауыржан Берікұлы