Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.
Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек.
Өткен жолы белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған осы балалар ойындарының "Түлкі соғу", "Қазан доп", "Шілдек", "Асық доп" секілді түрлерінің біразына тоқталған болатынбыз.
Бүгін енді осы балалар ойындардың «Үйірмекіл», «Шақпақ», «Бес тас», «Оқтау көтеру», «Әшекей-шешекей», «Ақ сандық-көк сандық» секілді түрлеріне тоқталғалы отырмыз:
Үйірмекiл - асық ойынының бір түрі, асыкты бірден ұтып ойнайды. Бұл ойынды жеке-жеке де, одактасып та ойнауға болады. Әр жолы үйірген асыктың ұтысына карай жол алады да, асық үйіруші біркелкі тұрып (алшы не тəйкі) немесе біркелкі жатық (бүге не шіге) түскен асықты табуды талап етеді. Кейде бірнеше әртүрлі тұрықты (алшы мен тəйкіні), әртүрлі жатыкты (буге мен шігені) тап десе, кейде аралас түскен тұрық пен жатықты қосып тап деп, өзінен кейінгі кезек алушыларға бұйырады. Екінші адам үйіргенде тап дегені дәл түссе, асықты түгел алады. Түспесе, үшінші адам үйіреді. Ол да тапса алады, таба алмаса, әуелгі үйіруші алып, осылайша, асықты ұтысып ойнап, кімнің асығы таусылса, асығы бардан қарыз алады. Кейін ұтылушы асық ұтып алғанда қарызын қайтарып береді. Сөйтіп, үйірмекiл ойнаушылардың ең соңында асықты кім ұтып алған болса, сол ұтқан асықты алып кетеді.
Құмар (төрт асық), яғни төрт асық ойыны - бірден топтап ұтысып ойнайтын асық ойынының бір түрі. Ойнаушылар біркелкі жақсы асықтан төрт асық таңдап алады да, майданға бірден асық қояды (ойнаушы қанша болса, сонша асық қойылады). Ойын бастаушы «екі асық», «үш асық тіктім» деп төрт асықты үйіреді. Бір алшы, бір тəйкі, бір бүге, бір шіге немесе төрт алшы, төрт Təйкі, төрт бүге, төрт шіге түскен болса, айтқан санындай асықты алып және ұтысқа түсіп үйіреді. Егер түспесе, айтқан санындай асықты қосады да, кезекті басқа адамға береді. Осылайша, қолындағы бар асығынан айырылған адам ұтып алушыдан қарыз асық алып ұтысқа тігіп, «ұтып аламын ба» деген үмітпен және ойнайды. Ұтып ала алмай тағы ұтылса, қолындағы бар асығынан айырылып тағы да қарыздар болып қайтады. Бұл қарызын келер жолғы ойында кайтарса - қайтарды, қайтара алмаса, үнемі қарыздар болғаны.
Сасыр - асық ойынының бір түрі. Сасыр ойынын ойнаушылар еті әбден тазартылып, алшы-тәйкі жақтары жөнделген төрт асықты ұтыс асығы етіп белгілейді де, бірден асық үйіріп (бастан-аяқ екі адам ойнады делік), түсуіне карай кезек алады. Тұрық болса, алшы - біріншілікті, тәйкі екіншілікті алады. Жатық болса, бүге - біріншілікті, шіге екіншілікті алады. Аралас болса, тұрық бірінші кезекті алады да, ұтыс майданына екіден төрт асық қойып, талданып алынған төрт асықты (екеуіне бұл төрт асық тең болады, әркім қалаған асықты үйірмейді) үйіреді.
Ұту мен ұтылуда бір-ақ сыпырып алу мен сасырда тұрақты шарт бар. Үйірілген төрт асықтың бірі - алшы, бірі - шіге, екеуі бүк түссе, алшы мен шіге үшін екі асық ұтып алады. Егер бірі – алшы, бірі – шік, бірі - тәйкі, бірі бүк түссе, ештеңе де алмайды. Себебі төрт асықтың бірі – ТӘйкі, бірі - бүк болып, екеуі шік болса, Тәйкi үшін - бір асык, бүк үшін бір асық қосады (ұтылған болады). Өйткені екі асық ұтып алғанымен екі асық берешек болғандығы үшін алмасбермес болып бітісіп, үйіру кезегін карсы жакка өткізеді. Ал алшы болмай жалаң шік болса (біреу болуы керек, екеу болса болмайды), асық ұтып ала алмайды. Жалаң алшы болса (екеу болса да болмайды, біреу болуы керек), бір асык ұтып алады. Жеке бір бүк болса (екеу болса болмайды), асық ұтып алмайды, жалаң тəйкі болса (екеу болса болмайды), бір асық алады.
Егер де бір алшы, екі шік, бір бүк болса және бір тəйкі, екі бүк, бір шік болса, алшы үшін біреу ұтады да, тәйкi үшін біреу ұттырады. Осылайша, бірі – алып, бірі - қосып ұтысып ойнау барысында екі алшы, екі шік қатарынан түсіп қалса, ұтыстағы асықты бір-ақ алады. Бұның, керісінше, екі тəйкі, екі бүгі қатар түссе, «сасыды» деп, ұтыстағы асық қанша болса, сонша асық қосады. Жетпесе, қарыздар болады (егер басқаларға салған ұпайы болса, ол да бірге «сасып», жойылады).
Орналасқан орын мен ойналу түріне қарай кейбір аудандарда сасырдың төмендегідей түрі бар. Бұнда асық үйіруде ұтатын асық саны айтылып үйіріледі. Үйіруге арналған төрт асық ойнаушыларға ортақ талданып алынады да, ойнаушылар бірден асық үйіріп тұрық және жатық түрлеріне қарай ойын кезегін алып, ұтыс майданына бірден немесе екіден асық қосып қояды. Асық үйіруші бес асық деп үйірсе, үйірген асығы төрт түрлі түссе (алшы, тәйкі, бүк, шік), бес асықты алады.
Егер төрт түрлі түспесе, бес асықты ұттырып қосады да, ойын кезегін өзінен кейінгі адамға өткізіп береді (ұтқан жолы және жалғасты үйіреді). Ойын осылайша жалғасты ойналу барысында шартты түрде төрт асық төрт түрлі түссе - ұтады. Төрт түрлі түспесе - ұтылады. Үш алшы, бір жатық түссе - «сасиды». «Сасуда» үш алшы - бір жатык, үш ТӘйкі - бір жатық, үш бүкбір тұрық, үш шік - бір тұрық болуы керек. «Сасығанда» ұтқан асығы, салған ұпайы тұтас ұтысқа (құмарға) түсіп кетеді.
«Қантай ату» - асық ойынының бір түрі. Бұл ойынды ойнау үшін ойын алаңына арасы үлкен үш адымнан үш сызық сызып, ортадағы сызыққа ойнаушылар бірден кантай тігеді. Әркімнің кантай ататын сақасы өзінде болады. Сақамен бастасады да (бұл «сақа соғыстыру» деп те аталады) үйірген сакаларының тұрық-жатық түрлеріне қарай атыс кезегін алады. Ойнаушылар тізілген кантайдың бір жағындағы сызыққа ату кезегі бойынша тұрып, бас болған кантайды атады. Егер сақасы кантайға тиіп, үш табан жерге ұшырып түсірсе, сол кантайды (кімдікі болса да) ұтып алып, қарсы сызықтан және атады. Сақасы оған тимей қалса, кезек екінші адамға өтеді. Өстіп кезектесіп атып, ұтысып ойнайды.
«Қантай атудың» және бір түрінде ойын бастағаннан кейін ең соңы болған адам өзінің сақасын қатар тізілген кантайдың ішіндегі өзінікінің қасына апарып тігіп қояды. Бас болған адамнан бастап арнайы сақаны атады. Кімнің сақасы тігілген сақаға тиіп, үш табан жерге ұшырып кетсе, басқа кантайды атпастан бір-ақ ұтып алады. Егер ешқайсысы тигізе алмаса, сақасын тіккен адам бас болады және кантайларды бір-ақ алады. Өйткені сақасын құрбандыққа тіккендіктен, басқалар атып ұшырып кетсе, оның сақасы «өлген» болар еді. Басқалар тигізе алмағандықтан «тірі» қалған сақасы қасындағы барлық кантайды алып, кезекті ала қайтады. Бұны кейде «сақа өлтіру» деп те атайды. |
«Үшке шықтым»
Бұл қазақ халқының асық ойындарының бір түрі болып саналады. Оны үш асықпен ғана ойнайды. Ойнаушылардың саны шектелмейді, ойынға қатынасушылар қораланып отырады да, бәріне ортақ талданып алынған үш асықпен ойнайды.
Ойын кезегін алуда бір асықты кезек үйірісіп, кезек ұтысады. Алшы –біріншілікті, Тәйкі - екіншілікті, бүге - үшіншілікті, шіге төртіншілікті алады. Егер бүк (басқа түрі де) катар екі адамға тең ұқсас түсіп қалса, онда қайтадан үйірісіп ұтысады. Ойналатын асық үшеу ғана болып, алған кезектері бойынша айналдырылып үйіріледі. Аралас (тұрық, жатық, яғни жатықта бүк пен шік, тұрықта алшы мен тəйкі араласып түскен болса) түссе, нөмір алмайды, кезек екінші адамға өтіп отырады. Тек үш асық бірдей бүк немесе шік. алшы немесе тəйкі болып түскенде ғана үш нөмір алады. Сондықтан «үшке шықтым» дейді. Асықтың үшеуі де біркелкі түсіп, үш нөмір алған жолы тағы үйіреді. Тағы біркелкі түссе, тағы үш нөмір алады. Егер түспесе, кезек баскаға өтеді.
Ойнаушылардан кім бұрын 9, 12, 15, 18, 21 сандарына жеткен болса, сол ұтқан болады да, қалғандарына өз кезектері бойынша үйіру (қуалау) жолы беріледі. Қуалау жолында шекті санға жетсе, ол да ұтқан болады. Жете алмағандар ұтылған болып, ұтушыларға ұпай береді. Ұпай алуда кертоқай, шампу, түлкішек алса да, ән айтқызып, домбыра шерткізсе де болады. Ойын ұпай алынғаннан кейін қайтадан басталып, ойнала береді.
«Ақ сандық пен көк сандық» - қазақ балаларының ежелден келе жатқан дене шынықтыру ойыны. Бұл ойынды көбінде жас балалар ойнайды. Балалар бір жерге жиналып алып екі-екіден, екеуі екі жаққа қарап, бірінің арқасына бірі арқасын келтіріп, екі білектерін айқастырып, бірінбірі іліп алады да, «ақ сандық», «Көк сандық» деп кезектесіп көтереді. Осы арқылы екі білек пен белдің көтеру қуатын арттырып, ауыр жүк көтеруге дағдыланады.
«Ақ терек пен көк терек» ойыны жасөспірімдерді тездік пен өжеттiкке дағдыландырады. Бұл ойынды ойнау үшін ойнаушылар екі топқа бөлініп, қатар тізіліп, кең аралык қалдырып бір-біріне қарама-қарсы қарап тұрады. Әр екі жақ өздеріне бірден басшы сайлайды. Әр екі жақтың басшысы не айтса, басқалары еріп соны айтады.
Бірінші жақтың басшысы екінші жақтың басшысына (2-жаққа) карап:
Ақ терек пен көк терек,
Кесіп алдым бәйтерек.
Таңдап алу еркіңде,
Бізден сізге кім керек? - дейді.
Екінші жақтың басшысы:
Өзі - шебер, өнерлі,
Барлық істе үлгілі.
Оқуда да жақсы екен,
Бізге (баланың атын атайды) сол керек! - дейді.
Осы аты аталған бала өз тобынан шығып, алақандарын жайып қарсы алуға дайын тұрған қарсы жақтың балаларынын алдына келіп, қалаған біреуінің алақанына бір салып, өзінің тобы жаққа қарай тұра қашады. Алақанына ұрылған бала ұрып қашқан баланы қуып, оны тобына жеткізбей ұстауы қажет. Егер ұстай алмаса, сол бетінде бірінші жакка барып қосылады, ұстап алса, жетелеп әкеліп, өз тобына қосады. Осылай ойын жалғасып, енді екінші жақтың басшысы бірінші жақтың басшысына қарап:
Ақ терек пен көк терек,
Кесіп алдық бәйтерек.
Таңдап алу еркіңде,
Бізден сізге кім керек? - дейді.
Бірінші жақтың басшысы:
Көп таныған белгілі,
Барлық істе үлгілі.
Таңдап алсақ сіздерден,
(Баланың есімін атап) Бізге сол керек! - деп жауап береді.
Осы аты аталған бала да алдыңғы баланың істегенін істейді. Ойын осылайша жалғасып, бірінің баласын бірі ұтып, акырында кайсы жақ көп болып жиналса, сол жақ ұтқан болып, ұтылған жақ өнер көрсетеді.
«Итің көп-ақ»
Қазақтың ұлттық ойындарының ішіндегi бала қызығып ойнайтын балалар ойыны. «Итің көпақ» ойыны уақыттың өтуі арқылы ойнаушылардың атауы бойынша «қоқақ-секек» деп аталып кеткен. «Қоқақ-секек» ойынын ойнауға жиналған балалар екіге бөлініп, келінің түбіне (сандық тастың үстіне қойса да болады) бақан немесе тақтайды көлденең қояды да, бақанның екі басына екі бала мініп отырып, бір жағындағы бала: «Қоқақ», - деп екі аяғымен жерді теуіп жоғары көтерілгенде, екінші жағындағы бала: «Секек», - деп салмағын салып төмен басады. Жоғары көтерілген бала қайта төмен басылғанда: «Секек», - деп төмен түсіп, басып отырған бала: «Қокақ», - деп жерді теуіп аяктын серпінімен жоғары көтеріліп, екеуі алма-кезек жоғары-төмен көтеріліп ойнайды. Кей жерлерде бұл ойын! «Қоқан-секен» деп те аталып кеткен.
Ойнаушылардың жас шамасы, дене құрылысы тең болмай, салмақта біраз парық болғанда (мүмкіндік бар тұрғыластар жұптасып ойнауы керек) бақанның тіреу нүктесін өзгертіп, бақанның қысқа жағына үлкендеуі - салмағы ауыры, ұзын басына кішілеуі – салмағы жеңіл бала мінеді. Ойнау барысында қайсы жағы баса алмай қалса немесе айтып отырған «Қоқақ-секек» сөзінен жаңылыс болса, сол бала түсіп (ұтылған болып есептеледі), басқа бір бала мініп ойнайды. Балалар бұл ойынды осылайша жалғастыра береді.
Бүгінде балалардың бұл ойынды ойнауына жағдай жасалған. Өйткені жас балаларды тәрбиелеу орындарында үлкенді-кішілі жұмыр ағаштардың басын айырлап кертіп, үлкен шығырық қағып, мықты, ұзын, түзу ағашты өткізіп койып ойнатуға болады. Қазақтың осы бір қарапайым балалар ойынында да білім бар (күш, иін, нүкте, т.б.). Осы арқылы салмак тең болмағанда, бақан неге әуелгі тіреу нүктеден қозғалып кетеді. «Не үшін жеңіл бала ағаштың ұзын басына отырғанда өзінен ауыр баланы басып кетеді» деген сияқты түсініктерді балалар қаршадайынан-ақ ұғынады.
«Әшекей-шешекей»
Ойынды ойнау үшін ойнаушылардың ішінен үлкені ең алдыға тұрып, қалғаны бойына қарай бірінің етегінен бірі ұстап, алдыңғы баланың артына тізіледі де, бір бала шетте жалғыз тұрып, тізілген балалар қозғалысымен ойынды бастайды.
Жалғыз бала керуенбасынан: «Қайда барасыңдар?» - деп сұрайды.
- Тұзға барамыз.
- Тіркеуіңнен біреу бер.
- Берер артык тіркеу жоқ, - деп жүрмекші болады.
Осы кезде шеттегі бала ұрлыкка кіріседі. Керуенбасы алдырмауға әрекет жасайды. Шеттегі бала: «Әшекей-шешекей, әшекей-шешекей», - деп өзіне ыңғайлы жаққа қарай билеп жүгіреді. Керуенбасы артындағы балаларды қорғап, карсы ұмтылады. Соңындағы тізілгендер ұсталып қалудан сақтанып, ұстаушының қимылына тез әрі қырағылықпен қарап, алдыңғы керуенбасының жүрісіне сәйкесіп айнала кашады. Өстіп ойнау арқылы бала ұтысады. Егер керуенбасы тіркеудегі балаларды ұрлатып алса, ұтылған болып есептеліп, өнер көрсетеді. Ұстап ала алмаса, жалғыз бала өнер көрсетеді. Кейде жалғыз баланы «қарақшы» деп те атайды.
Каума-қаума (Қаума – бір топ адам бірлесіп, бір нәрсені қаумаласып көтеру дегеннен шыққан).
Бұл ойынды бірнеше бала ойнайды. Екі бала қарама-қарсы тұрып, әрқайсысы сол қолымен оң қолының білезігінен ұстайды да, оң қолдарымен бір-бірінің сол қол білезігін мықты ұстап, үшінші бір баланы төрт қолдың үстіне мінгізіп: «Қаума-қаума, сенің денің сау ма, иттің боғы қайда?» – деп көтеріп жүріп: «Иттің боғы мына жерде!» - дейді де, суға тастайды (жерге тастаса да болады). Сол кезде қаума болған бала өте жылдам жығылмай, түсуге ұмтылу қажет. Ойын осылай жалғаса береді. Мұндағы көңіл бөлетін нәрсе каума болған баланы тасқа тастауға болмайды.
Оқтау көтеру – жасөспірімдер ішінде ойналатын күлдiргi ойын. «Оқтауды немесе бұрауды кім көтереді?» - десе, «Көтермейім», - деп ешкім айтпайды. Көріністе оқтау мен бұрауды көтеріп тұрып кететіндей болғанымен шындығында көтере алмайды. Ойнаушылар орталарынан бір адам жатып тұратындай орын қалдырып, қораланып отырады да, бір баланы етпетінен жатқызып, арқасына оқтауды, болмаса бұрауды көлденең қойып, екі ұшын екі колтыктын астынан өткізіп қойса, жатқан бала орнынан қанша күш шығарса да, көтеріліп тұра алмайды. Оқтауды алып тұрғызып жібергенде, оның кішкене ағашты көтере алмағанына басқалар күлсе, орнынан тұрған бала өзінің көтеріп тұра алмағанына өкінеді.
Сөйтіп, көрермендер ішінен бірінің соңынан бірі оқтау көтеруге шығып, ойын жалғаса береді. Бұрын көтере алмағандардың алақанынан шампу, басынан тоқинак (кертоқай) алатын, қазір өлең айтқызып, би билетіп өнер көрсеттіретін болды.
Шарт: оқтау мен бұраудың, яғни көтеретін ағаштың екі басы қолтықтан асып тұратындай болуы керек. Орнынан оқтау көтеріп тұратын бала аунап тұрмайды, жатқан бойда орнынан түзу тұруы қажет. Оқтау көтеретін баланың жататын жеріне киіз салып қойған жөн.
«Бес тас». (1)
Бес тас ойынын одақтасып төрт бала немесе жеке-жекеден екі-үш бала ойнаса да болады. Бес тасты қаршысып бастасады да, қайсысы көп қаршыса сол бала ойын бастайды. Бұл ойынның жолы ұзақ, ойналуы күрделі болғандықтан, тездік пен ептілікті, есте сақтауды қажет етеді.
Бірлік. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырады (жоғарыға лақтырады) да, жердегі төрт тасты бірден-бірден теріп алады.
Екілік. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырады да, жердегі төрт тасты екіден алады.
Үштік. Бес тасты шашып, өзіне қолайсыз түскен бір тасты ұшырып, бірінші жолы бір тасты, екінші жолы үш тасты алады.
Төрттік («дап» деп те аталады). Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, төрт тасты бірге алады.
Май жалау. Бес тасты қолда ұстап тұрып, бір тасты ұшырып, сұқ қолдың ұшымен жерді сипап ұшқан тасты жерге түсірмей қағып алады.
Бестен термек. Бес тасты шашып, бірін алып ұшырып, бірден теріп, сол алушы қолына жинайды.
Көп құс. Бес тасты шашады да, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бірден алып, алған тасты қосып ұшырып, теріп, қанша тас теріп алса, сонша тасты ұшырады (бірінші жолы – бір тас, екінші жолы – екі тас, үшінші жолы үш тас ұшады, төртінші жолы төрт тас ұшып, бесінші тасты алады).
Үй жинау. Бес тасты шашып, бір тасты ұшырып, жердегі төрт тасты бір-бірден өз орнында қозғап, жинап қояды.
Үй сыпыру. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бір жолда сыпырып, бір орынға жинайды.
Қос тоқпақ. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бірден алады, әр тасты алғанда қолды жерге екі ұрып барып алады. Сондықтан «қос тоқпақ» деп аталады.
Қысқаш. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бірден сұқ қол мен ортан қолдың арасы арқылы қысып алады (алақан үстіге қарап барып қысып алады, сондықтан «қысқаш» деп аталған).
Шартылдақ
Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бірден әдейі бірін-біріне соғып дыбысын шығарып жинайды.
Үндемес. Мұны ойнағанда ойнаушы тастың дыбысын шығармайды. Бес тасты шашып, бір тасты ұшырып, төрт тасты бірден тергенде тастарды бір-біріне соғылыстырмай алады. Дыбысы шықса, ойын тәртібінің бұзылғаны.
Тудырмақ. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, төрт тасты бірден тереді. Тергенде ұшырған тасты жерге қалдырып, ең соңында төртінші тасты қалдырып, бесінші тасты қолына алады.
Ауыспақ. Бес тасты шашып, бір тасты ұшырып, жердегі төрт тасты бірден тереді. Ұшқан тас екінші қолға жиналады (оң қолымен ұшырып, сол қолымен қағып алып, оң қолмен жерден бір тас алады).
Ұшырмақ. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, осы ұшқан тасты екі рет ұшырып үшінші жолы сол қолына тастап, оң қолымен жердегі төрт тасты бірден алады.
Қаршыма. Ұшқан тасты түсіп келе жатқанда үстінен төмен қарай қағып алуды «қаршу» дейді.
Қаршыма -1. Бес тасты шашып, бір тасты ұшырып, жердегі төрт тасты бірден алғанда, әр алған жолы сол алған тәсілмен коса ұшқан тасты қаршып алады.
Каршыма - 2. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бір жолда екіден алып, үшкан тасты каршып алады.
Қаршыма - 3. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, әуелі бір тасты одан соң үш тасты алып, ұшқан тасты қаршып алады.
Қаршыма - 4. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бір жолда алып, ұшқан тасты қаршып алады.
Қаршыма - 5. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, жердегі төрт тасты бірден алғанда әр жолы алған тасын қосып ұшырып, қаршып алады.
Каршыма - май жалау. Бір тасты ұшырып, сұқ қолдың ұшымен жерді сипап каршып алады.
Орамал. Бес тасты шашып, бір тасты алып ұшырып, тасты ұшырған қолмен ұшқан тастың арасынан сол қолды бір орап өткізіп, оң қолмен жерден бір тас алып ұшқан тасты қағып алады.
Нәби. Сол қолдың ортан саусағымен бас бармағының басын жерге тіреп (сұқ саусақты ортан саусақтың үстіне орап айқастырып алады), бес тасты оң қолымен жерге тіреген сол қолдың астынан айналдырып алдына тастайды да, бір тасты алып ұшырып, төрт тасты бірден жасалған «қақпадан» өткізеді. Ең соңында қолындағы ұшырған тасын сол қолдың астынан айналдырып тастап «қақпадан» сыпырып өткізеді.
Күпай салу: Бес тасты ыршытып, қолдың сыртымен тосып алып, қайта қаршып алады. Сонда қанша тас түсіп, қанша тас қағып алса, сонша күпай салады. Ойынды бес тастың қайсы сатысында қалса, сол жерден бастайды.
Бестас (2)
Бес тастың бұл түрін көбінше қазіргі балалар ойнап жүр. Мұны да 4-5 бала ойнауға болады. Ойын жолы біріншісіне қарағанда, әлдеқайда қарапайым, тез аяқтайды. Бірден төртке дейін бес тас бірінші айтылған жол бойынша ойналып, төртке барған соң нәбиге өтеді де, күпай салады.
«Тас, қайшы, тауар» – арнаулы төрт бұрышты сызық сызылып, оны төртке бөліп, екіден алып екі бала қарамақарсы тұрып ойнайтын балалар ойыны. Ойнаған кезде, екеуі бір уақыттың ішінде: «Тас, қайшы, тауар», - деп тез-тез айтып арттарына ұстаған қолдарын шығарады. Бұл ойында жұдырық - тас, екі саусақтың арасы - қайшы, алақан тауар болады да, Қолды алдыға шығарғанда бір жағынан - қайшы, бір жағынан тас шықса, тас шыққан жағы ұтып, өз шақпағына бір сызық сызады. Екінші рет қайшы шығарған бала тас шығарып, тас шығарғаны тауар шығарса және ұтып сызған сызығына көлденең тартып және бір сызық сызады (бір шақпақ ішіне + таңбасында екі сызық сызылады). Осылай ойнау арқылы төрт жол жеңсе, төрт сызықпен (екі қосумен ++) өзінің төрт бұрышты сызығын бітіріп, бірінші жолы қарсы жағының шақпақ сызығының қатарынан бір шақпақ жаңалап сызып алады. Сөйтіп, осы жаңартылған сызықты бұрын толтырса, ұтқан болып бір ұпай салады. «Тас, қайшы, тауар» ойынында қайшы - тауарды, тауар - тасты, тас қайшыны жеңеді.
Жасырынбақ (1)
Бұл - балалар ойыны. Бір топ бала жеребе тастап, ішінен іздеушіні шығарады да, ол көмбеде көзін жұмып тұрғанда, қалғандары бөлек-бөлек жасырынады. Олар жасырынып болды-ау дегенде көмбедегі бала көзін ашып, іздеуге кіріседі. Іздеуші жасырынған баланы көрісімен атын айтып, көмбеге бұрын жетсе, тапқан болып есептеледі, ал кешіксе, есепке алынбайды. Жасырынған балаларды түгел осылай іздеп табу керек. Алғаш табылған бала келесі жолы іздеуші болады да, ойын созыла береді. Бір баланы тапқан соң екінші бала іздеушіден бұрын көмбеге жетсе, өзін де, оның алдында табылған баланы да іздеу міндетінен босатады. Бұлай болмаған жағдайда келесі жолы алғашқы табылған бала іздейді. Ал жасырынған барлық бала таптырмаса, іздеуші қайта тұрып, ойын қайта басталады.
Жасырынбақ (2)
Бұл ойынды көбінде кештерде ойнайды. Жасырынбакты ойнаушылар екіге бөлінеді де, бір жағы – жасырынып, бір жағы іздейді. Жасырынушылар жасырынуға кеткенде, іздеушілер көмбеде көздерін жұмып, басқа жаққа қарап тұрады. Жасырынушылар жасырынып болды-ау дегенде іздеуге кіріседі. Жасырынғандарды тауып алса, іздеушілер ұтқан болып жасырыну кезегін алады да, жасырынғандар ұтылып, іздеуші болады.
«Ала күшік» – халық ойыны. (1). Жастар (көбінесе балалар) өзара кезектесіп, ала күшік болады да, қалғаны соны мазақтап, жүгірісіп ойнайды. Ойынның мақсаты - ала күшіктің қолына түспеу. Қолға түссе, келесі ала күшік сол болады.
«Ала күшік» (2)
Жау қолына түскен жесір де «ала күшік» атанған. Менің «ала күшік» болған заманымда деу осыдан шыққан.
«Қуырмаш» - қазақтың ұлттық ойыны. Қуырмаш көбінде 2-3 жастағы жылаған балалардың ойын бөліп, назарын басқа жаққа аударып уату үшін ойналады. Баланың бір қолын ұстап, бес саусағын – бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек, Шылдыр шүмек, кішкене бөбек деп ат қойып, бірден жұдырығын түйгізеді де, қайтадан: «Сен қойыңа бар (кішкене бөбектен бастайды), сен қозыңа бар, сен сиырыңа бар, сен жылқыңа бар», - деп төрт саусағын ашып, бас бармаққа қаратып: «Сен қақпас қарап отыр, қазан түбін жалап отыр», - дейді де, қолдың ұшымен алақанын қытықтап: «Міне, бит! Міне, сірке!» - деп білектен өрлеп қолтығына дейін қытықтап уатады. Сөйтіп, баланың назарын ойынға аудартады.
«Арқан аттау» – қазақтың халық ойыны. Түбі бөріні мазақтаудан шыққан. Ол арқаннан қатты қорқады. Жазғы ауылды айнала арқан керіп қойса, бөрі оған жоламайды. Балалар қасқырдың бұл мінезін көрсету үшін біреуі қойшы болып тығылып тұрады да, өзгесі керілген арқаннан қорыққан қасқыр болып ойнайды. Қайсысы арқанға бұрын шырмалып қалса, сол жеңілген (қойшының қолына түскен) болады.
Шақпақ ойыны – дене шынықтыру ойынының бір түрі. Оны қыз балалар ойнайды. Шақпақ ойынын ойнау үшін үлкендігі біркелкі бес қатар он шақпақ сызады да, бірінші шакпақ оныншы шақпақтың аралығына тураланып, сыртына бір дөңгелек («қазан» деп атайды) сызылады. Ойын кезегін алуда қатар екі сызық сызып, арасын ойнаушылар бір аяқтарының табанымен кезектесіп басып, ең ақырында сызықты басқаны бас болады да, қалғаны реті бойынша кезек алады.
Ойынды бастағанда қазанда теріс қарап тұрып, иығынан асырып артындағы бірінші шақпаққа тас тастайды. Тастаған тасы екіншіге немесе сыртына түссе, ойын кезегін екінші бала алады. Бірінші шақпаққа түссе, бір аяғын көтеріп алып, жерге басқан аяғының ұшымен тасты теуіп, екіншіге, үшіншіге, төртіншіге, бесіншіге, алтыншыға, жетіншіге, сегізіншіге, тоғызыншыға, оныншыға түсіріп, соңында сыртқа шығарады. Тебу барысында қайсы шақпақта қалса, келесі жолы сол шақпақтан бастайды. Егер қалмай, оныншы шақпақтан сыртқа шығарғанда қазанға түсіп кетсе, келесі кезек келгенде жаңадан бірінші сызықтан бастап ойнайды. Қазанға түсірмей, оныншы шақпақтан теуіп шығып кетсе, бірінші шақпақты ортасынан бөліп, ішкі жақ бөлігін өзіне ұя етіп («үй» деп те атайды) алады да, екінші рет тасты ұядан аттатып, екінші шақпаққа тастап, өз ұясына жүріп барып екінші шақпақтан бастап, бір аяғын көтеріп жерге басқан аяғы арқылы тасты теуіп шығады. Осылайша, бір теуіп шыққанда бірден ұя алып, он ретте он шақпақтан он ұя алады да, екі көзін жұмып: «Так ба-мак ба?» - деп аттап, әр шақпақты басып шығады. Егер «так ба-мак ба» деп жүріп бара жатқанда, ылғи шақпақты басқан болса: «Мак», - деп тұрады да, шақпақтан адасып сызықты басып кетсе: «Так», - дейді. Екінші кезекте сол «так» болған шақпақтан бастап, оныншы шақпақтан шыққанда бір ұпай салады.
Ұяны алуда, ең алдымен, 10 шақпақты бұрын айналып, тасты теуіп шыққаны ішкі жақтан алады да, екінші шыққаны сыртқы жақтағы бөлікті алады. Бесінші шақпаққа барғанда алтыншы шақпаққа түсіру үшін арадағы қарсы жақтың ұясына түсірмей аттатып өткізіп, өз шақпағына түсіруі шарт. Жолдағы ұяға түсіріп алса, әлде сыртқа шығарып алса, ұтылған болып есептелінеді.
Келесі жолы жаңылтпаш түріндегі ойын түрлеріне тоқталамыз.
Пайдаланылған әдебиет:
Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.
Жалғасы бар..