Жаңа экономикалық саясат: әлеумет пен әлеует
08.12.2016 4033
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты жүргізуші большевиктер болды. Оларға шаруалар қауымының сенімі арта бастады. Бұл тұста кеңестерді нығайтуға байланысты біраз жұмыстар жүргізілді

1921 жылы уездер мен губернияларда Кеңестер съезі болып өтті. Алайда Қазақстандағы Кеңес құрылысында бірқатар қиыншылықтар мен кемшілік кездесті. Көптеген қызметкерлер жаңа экономикалық саясаттың мәнін түсінбеді, бұрынғысынша "әскери коммунизм" әдістерімен жұмыс жасады. Кеңестер құрамына жаңа құрылысқа қарсы, іштен бүлдіру әрекетіне бейім адамдардың кіріп алу фактілері орын алды. Дегенмен Кеңестерді құрып, нығайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілді. Оған белсене қатысқан Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы С. Мендешев, орынбасары Ә. Жанкелдин, Ішкі істер халық комиссары Ә. Әйтиев және басқалары Кеңестердің жұмысын жандандыруға елеулі еңбек сіңірді.

1921 жылы 4-10 қазанда Қазақ АКСР Кеңестерінің екінші съезі болып өтті. Онда республика өмір сүрген алғашқы жыл ішіндегі мемлекеттік және шаруашылық кұрылыстың қорытындылары шығарылды. Сонымен бірге жергілікті жерлерде кеңестерді нығайтудың жолдары белгіленді.

1922 жылы Кеңестер сайлауы етті. Олардың құрамын жетілдіру іске асырылды. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Семей губернияларында болыстық атқару комитеттері сайлауынан депутаттардың жартысынан астамы қазақтар болды. арасында саяси жұмыс жүргізу мақсатында Қызыл керуен және жылжымалы Қызыл отау сияқты жұмыстың түрлері пайдаланылды. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш қызыл керуені 1922 жылы Ә. Жанкелдиннің басқаруымен ел аралауға шықты. 9 мамырдан 12 маусымға дейін керуен Орынбор мен Семей аралығындағы 26 болыстың 37 ауылында сондай-ақ Екібастұз бен Спасск зауытында болды. 126 жиын, 420 әңгіме өткізді. Керуен Кеңестердің іс қағаздарын казақ тілінде жүргізуді жолға қойды. Мұның өзі мемлекеттік жүйені нығайтуға ықпал етті. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде өткен Кеңестердің Бүкілодақтық бірінші съезі Кеңестердің Социалистік Республикалар Одағы құрылғанын жариялады. Басқа да автономиялық Кеңес республикалары сияқты Қазақ АКСР-да Кеңестер Ресей Федерациясы құрамында Одаққа кірді.

Орта Азия Кеңес республикаларын ұлттық-мемлекеттік жағынан 1924 жылы жүргізілген межелеу республика өміріндегі оқиға болды. Ұлттық жерлердің межеленуі де Түркістан АКСР-інің құрамындағы бұрынғы Сырдария облыстарының жерлері Қазақ АКСР-не қарайтын болды. Соның нәтижесінде Қазақстан жері 700 мың шаршы шақырымға, ал халқы - 1 млн 468 724 адамға өсті. Тұрғындары негізінен орыстар болып табылатын Орынбор губерниясы Қазақстаннан бөлінді. Республиканың астанасы Қызылордаға (Ақмешіт) көшті. Қазақ жері мен біртұтас ұлттық мемлекетке біріктірудің республика үшін зор әлеуметтік және экономикалық маңызы болды.

1925 жылы сәуірде Қызылордада республика кеңестерінің V съезі өтті. Ол "Ауылға, қыстакқа және деревняға бет бұрындар" деген ұран негізінде жұмыс істеп, жерге орналастыру жұмыстарының келелі жоспары, суландыру кұрылысын дамыту, мемлекеттік және кооперативтік сауданың рөлін одан әрі нығайту, өндірістік серіктіктерді қолдау мәселелерін талқылады. Съезде халыктың байырғы тарихи атауы қалпына келтіріліп - казақ халқы, ал республиканы - Қазақ АКСР-і деп атау туралы қаулы қабылданды. Сол жылы Кеңестер сайлауында ауылдық кеңестерге 60 мыңға жуық депутат сайланды. Олардың құрамында жұмысшы және селолық жердегі жалдамалы-жұмысшылар 6,1 %, кедейлер - 70,9 %, орта шаруа - 18,8 %, қызметшілер – 4% қамтыды.

1925 жылы ақпанда Қазақ облыстық партия комитеті өлкелік болып қайта құрылды. Сол жылдың аяғына таман Қазақстан партия ұйымында 30 мыңнан астам партия мүшесі мен партия мүшелігіне кандидаттар есепте тұрды. Бұл кезде бұқара арасындағы саяси ағарту жұмысына көп көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде өлкеде 76 қалалық клуб, 7 кітапхана мен қызыл шайханалар, ауылдар мен селоларда 584 оқу үйі, 33 қызыл шайхана, 12 қызыл отау, 168 қызыл бұрыш, 9 шаруа мен малшы үйі, 93 болыстық кітапхана жұмыс істеді. Егер республика құрылған кезде небары үш-ақ газет шықса, 1925 жылы "Еңбекші Қазақстан", "Народное хозяйство Казахстана", "Советская степь", "Қызыл Қазақстан" т.б. 13 газет пен 5 журнал шықты.

20-шы жылдардың соңында республикада саяси жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкийшіл-зиновьевшіл оппозициямен және "оңшыл оппортунистермен" күрестің күшеюі ұлт pecnyб- ликаларында ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде көрініс тапты. 1928 жылдың аяғында "буржуазияшыл-ұлтшылдар" деп аталғандардың ішінде бұрышы Алашорда кайраткерлерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардьщ қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж.Аймауытов, X.Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышбаев, X.Досмұхамбетов, Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 қыркүйек-қазанда ұсталды. Кешікпей олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қара топырақты облыстарына жер аударылды. Бұлардың барлығы дерлік 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін кезінде атылды. Жалпы 1929-1931 жылдары қазақ интеллигенция өкілдерінің он мыңынан астамы жаппай жазалауға ұшырады. 

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)