Көшеней, Көшеней...
30.08.2013 1562
Мен оны алғаш рет Алматыда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында белгілі фольклоршы Оразгүл Нұрмағамбетованың қасынан көрген едім.

Мен оны алғаш рет Алматыда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында белгілі фольклоршы Оразгүл Нұрмағамбетованың қасынан көрген едім. Мұнтаздай әдемі, жинақы, шашы қап-қара, қой көзді, қоңыр үнді бозбала көрінді. Ұмытпасам, институттың ғылыми кеңесі аяқталар тұсында Мардан аға мен Оразгүл апай қолына домбырасын ұстатып, Көшенейді алдымызға алып келді. Баяғы біз бала кезде Сыр бойында құмартып тыңдаған атақты Рүстембек жыраудың тұқымы еді. Сайрап бір берсін сол бала. Бәріміз ғылыми кеңесті қаңтарып қойып, қарап қаппыз. Директордың кабинетіне алдымен Қобыланды батыр кіріп келгендей болды, артына қарасақ, Қобыландының 
Қарақасқасын жетелеп
Құртқа сұлу келіп тұр.

Көшеней Сыр сүлейлерінің құдіретін Алматыға көшіріп әкелгендей әсер етті. Көмекейі бүлкілдеп, көзі нажағайдай жарқылдап, бізді ғасырлар түкпіріне әкетіп барады. Құдайым-ай, қайда жүрміз осы, не деген салалы саусақтар, не деген қуатты қағыстар. Кәрілеріміздің көзіне жас келеді, жастарымыздың жанарында қызғаныш, қызығу ұшқыны жатыр-ау. Қорқу мен қуану сезімдері қатар арпалысады. Қорқатынымыз – мына қатал заманда бұл баланың үні биігіне бара алар ма, қуана­ты­нымыз – осынау жүйрік өнердің ғасыр­лардың жалына жармасып, біздің уақытпен үндесіп, үміт отын жағып бергендігінде болып отыр.
Бүкіл Әдебиет және өнер институтының дәліздері, бөлмелері «Көшеней, Көшенейге» салып күмбірлеп кетті. Сонау Сыр бойынан келген жас жырау жағамызға жармаспай, жағымпазданбай-ақ жанымызды билеп ала жөнелді. Бағана келгенде танымай тіксіне қарап едік, енді тамсанып, тағзым етіп қалыппыз. О ұлы өнер, құдіретіңнен айналайын! Жеті қабат жардай толқыныңа кімдер қолын созбаған, асқарына атымды жазамын деп, кімдер армандамаған. Кәдуілгі қара домбырасын көтеріп, бізге басын иді де Көшеней шығып кетті. Жүрісінің өзінде жігерлі желпініс бар. Екі жағынан жел есіп бара жатқандай жанып барады, жалындап барады жас жігіт.
«Бұл баланы не істейміз» десті үлкендер жағы ойға батып. «Арамызда жүре берсінші, қызметке алыңызшы» десті жастар жағы. Содан институт ұжымы әрі ойланып, бері ойланып Көшенейді Мәскеуге М.Горький атындағы бүкілдүниежүзілік әдебиет институтына оқуға жіберуге ұйғарысты. Оразгүл апамыздың байланысы күшті еді. М.Горький институтының директоры, доктор А.Петросянды, аға ғылыми қызметкері Кидайш-Покровскаяны апамыз әжептәуір жақсы танитын. Мәскеуге телефон шалынды, хат жазылды, тиісті қағаздар әзірленді.
Сөйтіп, қазақ жырының жас дауылпазы Көшеней Рүстембеков Мәскеуге аттанды. Бұл шамасы 1969–1970 жылдар еді. Қазақ ССР Ғылым Академиясының жолдауымен мен де Мәскеудегі СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтының босағасынан аттаған жылым еді. Көшеней екеуміздің жатын жеріміз де бір болды. Ол Москваның Малая Бронная деп аталатын көшесіне орналасқан СССР Ғылым Академиясының ескі жатақханасы еді. Мен отбасыммен бесіншіде, Көшеней үшінші қабатта тұрады. Бейуақта бүкіл жатақты домбыра үні оятушы еді. Кетіп бара жатайын, келе жатайын, көзім үшінші қабаттағы Көшеней терезесінде еді.
Сондайда бір соға кетсем, балаша қуанушы еді. Мұңлы күй шертіп, әңгімесін бастайтын. Мұздай Мәскеуге, жалғыз бөлмеге үйрене алмай жүргенін, елін, жас келіншегін сағынғанын айтатын. Ұмытпасам, сол жылы баласы Арнұрдың дүниеге келіп, тәй-тәй боп жүре бастаған еді. Әйтеуір менің тұңғышым Арманымды көрсе басынан сипап мәз болып қалушы еді. Балажан әрі далажан еді Көшеней.
– Өтеке, мынау Мәскеуің тар ғой, – деп бөлмеге сыймайтын. Сыйдырмайтын сағынышы еді, сыйдырмайтын домбырасы еді, сыйдырмайтын шалқар шабыты еді. Жай тұрғанының өзінде саусақтары сала-салаға бөлініп, толқып тербетіліп кетуші еді. Жарықтықтың арқасы бар еді, сөйлегенде де екіленіп, арқасы жыбырлап, еріндері күбірлеп кетуші еді. Үй-жайын аңсайды ғой деп, бөлмеге шақырып, қазақша ет асып, домбырасын алдырып, бір рахат күйін кешкен кештеріміз де бар еді. «Бөкең жеңгемнің шайы балдай» деп мақтайтын.
Қайран Көшеней тағдырының қамшы сабындай қысқа екенін кім білген, ол кезде. Үшіншіден, бесінші қабатқа көтеріліп келе жатқанымда естіген күйлерім көкірегіме тұнып қалатын. Оны түсін­бегендер ренжитін. Мына қазақ күні-түні аспабын тартып мазамызды алды деп, ондайлардың талайымен ұрысып, түсініктер бергенім бар. Бәріміз де жанып тұрған жас едік, намысымызға тисе жанып кететінбіз. Жатақханада сан ұлттың өкілдері тұратын. Қазақтың қара домбырасы соларға басын имей өтті. Такаппар еді Көшеней және сол такаппарлығы өзіне жарасатын. Күректей аппақ тістері ақсиып күліп, күмбірлей сөйлегенде тыңдағанды тыңайтып, жақтырмағанның сағын сындырып тастаушы еді.
Сонымен, әрі-бері шапқылап жүргенімізде Көшенейдің институтқа келіп, ізденуші боп оқығанына жыл толып, бір жылдың ғылыми есебін беретін болды. Күні-түні дайындалды марқұм, жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Сүйрік саусақтары домбыра пернелерінде мазасызданып жүріп алды. «Өтеке, мен алдымен сізге есеп берейін, тыңдаңыз, сосын барып анау сар сақалды орыстар мен семіз әйелдерге берем ғой» деп әзілдейтін. Бес-алты көйлек бұрын тоздырғанымды есіме салып, есейтіп, есті етіп қоятын жарықтық. Тұла бойында кісіні өзіне жақындатып тұратын жылы сәуле бар еді.
Әрине, бейтаныс ғылыми ортаға есеп беру оңай ма және өзге тілді, өзге өнерлі орта қалай қабылдайды деп қобалжиды ол. Қолымнан келгенінше дем беріп коямын. Көшеней ақ түсті ұнатушы еді. Сол есеп беретін күні шайдан соң шатырдай ақ көйлегін, ақ костюмін киіп, көмірдей қою қара шашын тарап, айнаға айналып бір қарап алды да қалың дәптерін қолтықтап, «Өтеке, тарттық» деді. Шығып бара жатқанда маған қарап жымиып: «Өтеке, жыраудың домбырасын қасындағы кісі алып жүреді ғой» деді. Қатты ұялдым, қара былғарылы қорабы бар домбырасын қолыма қысып соңынан ере жөнелдім.
Біз баратын М.Горький институты жатақханадан екі аялдама жер еді. Жаяу жүріп, жүрек ентігін ептеп басып алуға келістік. Барғанша әзіл-қалжың айтып, жол қысқарттық. Кидайш-Покровская атты ғалым апамыз күтулі екен, Көшенейдің ғылыми жетекшісі де сол кісі еді. Көшенейдің есебі институт залында өтетін боп белгіленіпті, ғалымдар да, аспиранттар да жиналып қалса керек. Бір қауым ел бар. Апасы Көшенейге кездесудің жоспарын сызып, нақтылап берді.
Сахнадағы жалғыз орындыққа қағілез Көшеней қаққан қазықтай боп қадалып отырды. Домбыраның құлақ күйін келтірді. Сценарий бойынша өзінің шығармашылық өмірінен мәлімет бере кетті. Мұнда келген мақсат-мұратынан хабардар етті. Сосын барып домбырасына сөз берді. Қобыланды жырынан үзінді көсіле жөнелді. Зал іші тынып қалып, сәлден соң күмбірлеп сөйлей жөнелді. Байтақ бір көз жеткісіз кең даланың төсін шерткен тұяқтардың дүбірі естілгендей еді. Қасымда отырған атақты ғалым Халық Гусеинович Көроглы маған қарап таңдана басын шайқап қалды. Әуелгіде сәл қобалжып, сәл қысылған Көшенейім ел көшіріп әкеле жатқандай жүздері жалын атып, жас жанары жарқыл қағады. Ұзаққа ұшатын қырандай қомданып, иықтарымен қабырға тірегендей тамсана жұртты тербетіп алып барады. Құдды бір арқырап тасып аққан Сырдың жасыл жағасында жалғыз отырғандай қыран кезген биікке көз тігеді.
Содан Қобыландыға келесі жырлар жалғасты. М.Горький институтының салтанатты залы мүлдем бұрын-соңды болмаған бір ғажайып құбылысты бастан кешті. Қазақтың домбырасы, қазағымның жырауы не деген керемет ең, өзім бірінші рет тыңдағандай ұйып қалыппын. «Мына жігітті әлемге таныту қажет, Францияға апару керек» деген Х.Г.Көроглы сөздері құлағымда қалыпты. Ара тыныста Кидайш-Покровская Көшеней шығармашылығы жайлы қысқа түсінік беріп қояды, аракідік қызу қол шапалақтар құлак тұндырады. Қысқасы, Көшенейдің жылдық есебі жарқырап жақсы өтті. Сөйлегендер жоғары баға берді. Кеше ғана қырдан келген қазақ баласының осыншалықты ордалы өнеріне Мәскеу таң қалады деп ойламаппын. Сөйтсем, Мәскеу бізден гөрі тереңірек түсініп тыңдаған екен. Көшеней екеуміз жатақханаға қалай жер басып келгенімізді білмейміз. Табанымыз Мәскеудің суық тасына тимеген сияқты.
Бөкең – менің зайыбым елге кетіп қалып еді. Көшеней екеуміз ЦИЛ-ға (Герцен көшесіндегі әдебиетшілердің орталық үйі) ресторанға барып, жуғанымыз есімде. Көшенейдің екі езуі екі құлағында, даладай көрінген жырауым баладай бал-бұл жанады. «Өтеке, енді оқуым бітті ме, ауылға жібере ме, есебімді бердім ғой», – дейді жүзіне қуаныш нұры ойнап шығып. «Жоқ, ә, әлі бір жыл оқуың бар, шыда, Көшеке» деймін. «Мынау Москваң мені жалықтырды, адамды жынды ғып жіберетін жер екен. Бірінің үйіне бірі кірмейді, бір-бірімен сөйлеспейді, бұ неткен халық. Көп қой өздері, ауыл үйдей араласып жатпай ма?», – дейді жымиып.
Сөйтемін дегенше, бір күні 8-марттың да дүбірі жақындап қалды. Көшеней Ержан деген экономика бағытында оқитын бір алматылық жігітпен аракідік араласып тұратын. Кейде екеуі қыдырып кетіп қалатын. Жатаққа кештеу оралатын. Бірер күн домбыра үні күмбірлемей қалса, Көшекең қайда жүр екен деп, құлағымыз елеңдеп отыратын. Бақсақ, сол 8-март Көшенейдің Малая Бронная көшесіндегі жатақтағы ақырғы күні екен. Кім білген, бұлай боларын. Жазмыш дегеніміз сол шығар.
Ертеңіне таңертең естілген суық хабар тұла бойымызды мұздай қарып өтті. Кештен қайтқанда Көшенейді бір қалтарыс­та зымырап келе жатқан электричка іліп әкетіп, біраз жерге апарып тастапты. Қасында Ержан болыпты, бірақ ол артына қарамай озыңқырап кетсе керек. Бір кезде жалт қараса, есіл Көшеней анадай жерде тастың үстінде жайрап жатыр дейді. Жылап жатақханаға жетеді. Болған жайды хабарлайды. Қапелімде сасып қалдық. Алыс жерде білім қуып жүргенде асыл бауырдан айырылып қалу оңай ма?
Көздің жасын көл еткенмен іс бітпейді. Көшенейдің денесін жатақханаға жеткізіп, мырыш табытқа салып қойдық. Ел жаққа хабар берілді. Москвада оқитын өзім білетін қазақстандық жастарды жинап алдым. Ақын Жұмекен Нәжімеденов марқұм сол жылы М.Горький атындағы әдебиет институтына келіп еді. Жұмекен жатақханаға бірінші жетті, өте бір сабырлы, жүзі мейірімді жігіт еді. Қолымыздан келгенінше Мәскеудегі қазақ жастары бірігіп, ақша жинадық. Бөлек бауырсағын пісірді, шайын әзірледі. Штаб біздің бөлмеміз еді. Көшенейдің комнатасын реттедік. Басқа ұлт өкілдері де қол ұшын беріп жатыр.
Жас жыраудың қолынан қазақтың домбырасы құлап түсті, Көшенейдің кешегі саусақтарын іздеген пернелер үнсіз қалды. Қара домбыра жетімсіреп бұрышта ілулі тұр. Көшенейімді қайда жібердің деп күңіренеді, күрсінеді. Қарай берсек қайғы төгіп, қалың елді көшіріп жіберетіндей көрінеді. Көшенейдің туған жері Қызылорда облысының Қармақшы ауданы еді. Сол жақтан кете руының бас көтерер жігіті Нағымет Егізбаев Байқоңырдан әскери самолетпен Москваға келіп үлгірді. Жүгіміз жеңілденіп қалғандай еді. Көп кешіктірмей Көшеней салынған суық табытты әскери ұшақтың бауырына бердік. Домбырасын қасына қойдық. Көп ұзамай каникулға шығып, Бөлек екеуміз Алматыға бара жатқанда Қармақшыға тоқтап, Көшенейдің отбасында болып, көңіл айттық. Көшеней бейітінің басына барып құран оқып, тағзым еттік.
Аруағыңнан айналайын, Көшеней інім-ай, содан бері қаншама жылдар ауысты. Қазақ жырының көгінде жарқ еттің де жоқ болдың. Сенің орның бөлек еді. Дауылпаз үнің әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Сенің есіміңді қаншама рет ел аузынан естідім, қаншама рет сен жайлы естелік жазуға оқталдым, бірақ бірдең­келер кедергі боп, үзіп кете береді. Өзімнің де туған әкем Күмісбай жырау еді. Өнерді өлердей сүйетін. Таңның атысы, кештің батысы үйге жырауларды жинап алып, үш-төрт күнді жырға, дастанға айналдырып жіберетін. Сері кісі еді көкем. Бала күнімде оларды көп тыңдадым, ұйқы қысқанда әкемнің домбырасының құлағын тістеп отырушы ем.
Шорақтың Омары, Жүсіптің Мұзарафы, Кете Жүсіп Ешниязов, әсіресе, сенің әкең Рүстембек жырауды айрықша ілтипатпен мүлгіп тыңдаушы едік. Рүстембек жыр айтқанда көмекейінде бүркіттің басындай бірдеме ойнап жүріп, жүйткіп жөнелетін. Қайран, қасиетті елімнің қыран жыраулары-ай! Сендерді қалай ұмытайын.Мәскеудің тұз-дәмін бірге татысқан кеңпейіл, күйдей көсем Көшеней жыры көкірегімде сайрап тұр.

Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті