«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шипагер Шегіров

2177 0
Шипагер Шегіров
Осындай нақты фактілерге құрылған деректерді саралай келе, 1917 жылғы Қарқаралыда адамның тәні-жанын емдеумен қатар, қоғамды да сауықтыру ісінде Аманбай Шегіров қатыспаған оқиға жоқ екенін байқаймыз

Сайын дала Сарыарқаның бір бүйірінде жатқан Қарқаралының ұлт тарихындағы айрықша орны туралы аз жазылған жоқ. ХХ ғасырдың басында-ақ отарлау саясатына қарсы ашық хат жазылып, ұлттық қозғалыстың ошағына айналуының өзі Қарқаралы даңқын аспандатты. Қазақ халқын мақсатты түрде жою жоспарының шегіне жетуі ел қамын жеген ерлердің атқа қонуын тездетті. 1905 жылғы 25-26 маусымдағы Қарқаралы петициясы ұлттық ояну дәуірінің алғышартына айналды. Ресей патша үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік, т.б. мәселелерді көтеріп, 12 767 қазақ азаматы қол қойған петиция тарих қойнауындағы аса маңызды құбылыс деп саналды [1].

Ғажайып табиғаты қандай көркем болса, Қарқаралының тарихи тұлғаларының да тағдыры күрделі болып қалыптасты. Сондай асылдан туған арда азамат, алаштың айбоз ұлы Аманбай Шегіров жайлы әңгіме өрбітпекпіз. Ғасыр басындағы ділгір мамандық дәрігерліктің оқуын оқып, туған халқының дертіне шипа іздеген абзал жан, саналы ғұмырын сан алуан ауру-сырқаттың жанында өткізген, осынау ұлы кәсібін өлгенше сүйіп өткен есіл ер жайлы қанша айтып жазсақ та артық болмайды. Аманбай Шегіров  туралы қарағандылық өлкетанушылар Е. Мұстафин мен Ю. Поповтың зерттеу еңбектерінде тың мәліметтер бар. Сонымен қатар оның бір топ адаммен түскен фотосуретін және інісі Н. Ыбыраевтың қолымен жазылған қысқаша өмірбаянын сақтаған көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың архивіндегі беймәлім деректер, ал Алаш қозғалысымен байланысы жайлы, ұлттық лидер Ә. Бөкейханмен араласуы туралы белгілі ғалым Сұлтан Хан Аққұлы құрастырған «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары» көптомдығындағы жекелеген хаттар дәлел бола алады. Қалай болғанда да бұл мақаланы жазу барысында негізінен қарқаралылық өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің зерттеу еңбектеріне басымдық беріледі [2].

Қараағашта туған ұл. Білімге бастаған жол. Өткен өмір

Аманбай Шегірұлы Арғынның ішіндегі Әйтімбет руынан шығады. Әйтімбеттің Дулат, Байғұлы, Байғозы, Тілеуке деген аталарының ішіндегі Байғозыдан Шегір туады. Мекені бүгінгі күнгі әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша, Қарқаралының шеткі ауылы Бақтыға тиесілі жерлер болған. Тұлға өмірі жайлы көп ізденіп, зерттеулер жүргізген Ерлан Мұстафиннің дерегінше, Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінің Қызылшілік-Қараағаш Кент болысында 1881 жылы 24 шілдесінде Шегір әулетінде Аманбай есімді ұл дүниеге келеді. Отбасында Жаманбай, Ыбырай деген екі ұл және Үрімбала есімді қарындасы болған екен.

Аса көрнекті ғалым, қазақ тарихындағы сталиндік репрессияның үшінші толқынында жазықсыз қуғындалып, түрмеге түссе де қайтпаған қайсар тұлға Қайым Мұхамедхановтың жеке мұрағат қоры – сан алуан тақырыпты, әсіресе құпияға толы Алаш кезеңін зерттеушілер үшін жасырынған алтын көмбе сынды. Тұрсын Жұртбай мырза «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» деп бағалаған ғұламаның тау сілеміндей мол мұрасының арасында Шегірдің Ыбырайынан тарайтын Нұрпейістің хаты сақталған. Кейіпкеріміздің балалық шағы, алғашқы оқуы жайлы деректі осы жалғыз хаттан біле аламыз:

«Ол 1906 жылы Том медицина техникумын тәмамдайды. Болыстық басқару кезінде екі жасөспірімді жоғары медициналық оқу орнына түсуге рұқсат қағаз беретін. Ондай мүмкіндік негізінен байдың  немесе болыстың отбасына ғана берілетін. Сол кезде баланы ресейлік губернияға оқуға жіберетін болса шоқынып кетеді деген көзқарас болған. Сондықтан көп жағдайда байлар бұдан қашып, кедейдің балаларын беріп жіберетін болған. Міне дәл сол кезде Шегірдің екі баласы: Жаманбай мен Аманбайдың жасы келіп тұрған еді. Сондай таңғажайып таңның бірінде болыстық басқарушы Спан Жанақов менің атам Шегірді өзіне шақырып, былай деген: «Біз сенің Жаманбай мен Аманбайыңды орыстың Том қаласына оқуға жіберейік. Сен кедей болғандықтан, біз көмектесейік деп шештік. Оқу жылының аяғына дейін біз 3 қой, 2 ешкі, жоғары сорттағы ұн, 25 рубль береміз. Басқалай көмектесе алмаймыз. Егер бұған келіспесең, біз сенің екі ұлыңды мәжбүрлі түрде оқуға жібереміз». Атамның басқа мүмкіндігі қалған жоқ, ол келісімін берген. Көзінен жасы сорғалап, ол екі ұлын 1901 жылы Том қаласына жібереді. 1906 жылы оқу аяқталған соң екеуі де Қарқаралыға қайтып келеді» [2].

 

Нұрпейіс Ыбыраевтың Қайым Мұхамедхановқа жазған хатынан,

1984 жылғы 8 тамыз.

Осылайша ғайыптан бұйырған бақ ағайынды екеудің өмір жолын өзгертті, туған еліне жақсылық жасап, шапарат дәнін себуге ынталандырды. Қарқаралы жеріне оралған ағайындылар медицина мен орман шаруашылығы саласында белсенді қызмет етуді бастады.

Аманбай Шегіров Қарқаралы ауруханасын, сонымен қатар бір мезетте қалалық денсаулық сақтау бөлімін де басқарған дейді деректер. Н. Ыбыраевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «1917-1922 жылға дейін Қарқаралы денсаулық сақтау басшылығын басқарды. Ал 1922-27 жылға дейін Қарқаралы қалалық ауруханасын, ал 1927-1930 жылға дейін Қарқаралы қаласының дәріханасын басқарды». Ал 1930 жылдан соң Аманбай отбасының тағдыры басқаша қалыптасады, неге екені белгісіз, атамекеннен қоныс аударып, Алматыға көшеді. Алматыда қалалық ауруханада дәрігер болып қызметке кіріскен ол 1934 жылға дейін осы қызметті атқарыпты. «1934 жылдың шілдесінен Денсаулық сақтау министрлігінің мектепке дейінгі және балалар үйі бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады» деп жазады Е. Мұстафин [2].

«Адамның басы – Алланың добы» деген. Бұдан соң жолдама бойынша Аманбай Шегіров Қызылордаға қызмет ауыстырады. 1936 жылдан 1942 жылға дейін балалар үйінде меңгеруші болып қызмет атқарады. Өзіне қаралған жанның барлығының ақ алғысын алған абзал жанның өмірінің соңғы жылдары Семей жерінде өтеді. Ол 1942 жылдың қарашасынан бастап Жаңасемей мүгедектер үйінің басқарушысы болып орналасыпты. Ғұмырының соңғы демі таусылғанша осы қызметті атқарған екен. Том медициналық техникумының түлегі, қазақтың қайырымды қолы, ақ жүректі фельдшер Аманбай Шегіров 1947 жылы 1 мамырда қайтыс болып, Семей шаһарында жерленген.

Жүрегі мейірімге толы, әрбір емделушіге артық ықылас қойып емдейтін білгір маманның кәсіби қызметі жайлы баласындай болып кеткен інісі Н. Ыбыраев: «…Көптеген ауыр науқастар жазылып кететін, оған тіпті республикадан тыс өңірлерден де науқастар келетін. Диагнозды ол аурудан сұрап білмейтін, науқастың тамырын ұстап анықтайтын. Сол бойынша рецепт жазып беретін. Аманбай ағаға қаралған  науқастың 99%-ы жазылып кететін. Науқастар разы болатын. 1906 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол денсаулық саласындағы жаңалықтарды насихаттады. Ол науқастарды ешқашан кейінге қалдырмайтын, қақаған аязда, түтек боранға қарамай, науқастарға баратын. Еш уақытта бас тартқан емес» деп тебірене еске алады. Тіпті науқастарды өз үйінде қабылдату үшін сол кездегі Семей қалалық партиялық совет органының рұқсатын да алған көрінеді.

Ғасыр басындағы қарбалас. Жыл ішіндегі жұмбақтар. Медицина майталманы

Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылып, ғалымның қызы профессор Дина Қайымқызы ұсынған тарихи фотосуреттегі ерекше болмысты А. Шегіровтің тұлғасы зерттеуші ретінде мені көп қызықтырды. Осы аталған суреттің сыртқы бетінде ғұлама ғалым өз қолымен «Аманбай ? Жаманбай Шегіров» деп толтырған екен. Ал алдыңғы негізгі бетте араб графикасымен «جامانباي» деп жазғаны анық байқалады. Демек, ағайынды екеудің нақты қайсысы болуы мүмкін екендігіне ғалымның күмәні болған секілді. Семей шәрінде тасқа басылған тарихи сурет 1911 жылы түсірілген делінсе, 1905 жылы бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қатарында тұрғаны даусыз аңдалады. Алғашында бұл толқуға алаш қайраткерлерімен бір саптағы, кейін қарсы жақтағы Көлбай Төгісов, Нұрғали Құлжановтармен қатар отырған Аманбай Шегіровтің бекзат болмысы, ерекше стильдегі киімі, әсем отырысы өз заманының айтулы азаматы болғанын паш ететіндей. Сақал-мұртын сәндеп басып, еуропалық үлгідегі киім киісінен өмір сүрген қоғамының маңдайалды тұлғасы болғанын білу қиын емес [3]. 

1910 жылы шыққан «Семипалатинские областные ведомости» газетінің № 39 санынан 1911 жылғы Қарқаралы уезі алқабилерінің тізімінде Аманбай Шегірұлының есімі аталады. Тағы бір тарихи деректе Қарқаралы уездік фельдшерлер қоғамының отырысы өтіп, хаттамасы толтырылғаны жазылады. 1917 жылдың 10 наурызында өткен жиында Аманбай Шегірұлы делегат болып қатысып, кейін уездік фельдшерлік қоғамның төрағасы болып сайланған. Қоғам мүшелері арасында Мұхамедия Оспанов, акушерка Шегірова (Аманбайдың әйелі – Бәлішкен),  Қарқаралы станциясының фельдшері Владимир Зотов, Төлеубай Шонтин, Әсет Сембаев, т.б. болған делінеді.

Оқыңыз: #Алаш100. Бір  суреттің тарихы

Ал белгілі өлкетанушы Юрий Поповтың деректері бойынша, 1917 жылы Қарқаралы уездік қазақ комитеті құрылуы жайлы тарихи маңызды құжаттарда да Шегіровтің есімі кездеседі. Аталған уездік комитетті құру үшін Семейдегі мұғалім Нұрғали Құлжанов және Николай Васильевич Вайсер екеуі комиссар ретінде Қарқаралыға жіберіледі. Оларға бұл жауапты шаруа сеніп тапсырылады. 15 наурыз күні Қарқаралыға жеткен комиссарлардың алдында жергілікті халықты Уақытша үкіметке сенім артуға шақыру міндеті тұрды. Нұрғали Құлжанов Аманбайдың үйіне, Вайсер Игнати Бабиннің үйіне келіп түскен. 1911 жылы Семей шаһарында иық тіресіп  суретке түскен бұл екеудің жолы Қарқаралыда тағы түйіседі [4].

1917 жылғы 5 наурызда Семейде облыстық атқару комитетінің қоғамдық ұйымдар комитеті құрылса, келесі күні, яғни 6 наурыздан Қарқаралыда уездік қазақ комитетінің жиындары ұйымдастырылып, оған 23 болыстан делегаттар қатысқан. Комитет мүшелерінен құрылған кеңестің төрағасы Жақып Ақпаев болса, орынбасар бастығы Нарманбет Орманбетұлы, кеңес хатшысы Смайыл Бектенов, хатшы көмекшісі Ахмет Бектібаев сайланады. Осы кеңес президумы мүшелерінің қатарында Ақайдың Хасені, Нығмет Нұрмақов, Смахан Бөкейханов секілді белгілі тұлғалармен бірге біздің кейіпкеріміз Аманбай Шегіровтің де есім-сойы анық жазылған.

Осы кеңестің хаттамасы 9, 10 және 11 наурыз күндері толтырылып, 16 наурыздан бастап мұрағатқа сақтауға қойылған. Мұндағы құжатта уезд өкілдері қалыптасқан жағдайдың маңыздылығына, жергілікті және облыстық комитеттермен қатынас үшін заң жобасын әзірлеу қажеттілігіне байланысты:

1. Қырғыздардың Қарқаралы уездік комитетін құру;

2. Семей облыстық қырғыз комитетінен әзірленген Жарғыны жіберуді сұрау;

3. Комитет мүшелігіне ұлтына, діні мен нәсіліне қарамастан, бәрін қабылдау;

4. 5 рубльден кем емес мүшелік жарнаны белгілеу;

5. Комитет құрылғаны туралы уезд халқына жария ету;

6. Қырғыз комитетін құру туралы қаулыдан көшірмені мәлімет үшін Қарқаралы қалалық басқармасына жіберу;

7. Комитет мүшелерінен кеңес, ал кеңес мүшелерінен президиум құрылсын деп қаулы еткен.

«Қарқаралы уездік қазақ президиумы мүшелерінің бірінші хаттамасын Жақып Ақбаев толтырған» дейді өлкетанушы Е. Мұстафин. Оның ойынша, Шегіров пен қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш Орда ұлттық үкіметінің мүшесі, заң магистрі Ақпайдың Жақыбымен байланысы жақсы арнада өрбігенін баса айту керек. Екеуі де Бекметевтер әулетінен қыз алып отырғанына қарасақ, бажа ретінде де жақсы араласуы әбден мүмкін.

Семей қаласының мұрағатында сақтаулы тағы бір маңызды құжатты тапқан Ерлан Мұстафин бұдан да Амантай Шегіровтың есімін кездестірген.

№ 23

Семей облыстық комиссариатына білім комитетінің қоғамдық қауіпсіздігі жайлы Семей облысы Қарқаралы уезінің уақытша үкімет комиссарынан хат

 

Қарқаралы қаласы                     1917 жыл 11 желтоқсан                               32

 

25 қарашадағы  №16004 ұсыным бойынша және 17 қарашадағы №829 менің қосымша жеделхатым бойынша Қарқаралы уездік қоғамдық қауіпсіздік комитеті мүшесінің құрамына мына адамдар кіргенін хабарлаймын: төраға – Ульяновский, мүшелер – Жақып-мырза Ақпаев, Ахмет Райымбеков, Рақымбай Сапақов, Аманбай Шегіров, Омар Бекпаев, солдаттар – Федор Кукерекин, Андрей Бражников, Мұрат Мусин, Зуфахара Якупов, Жәмел Бекметев, казактар – Захар Червев, Михаил Корнилов және қалалықтар Павел Чемоданов пен Павел Ковалев. 8 қарашада маған жіберілген Ішкі істер министрінің №71346 жеделхаты негізінде комитет құрылды. Комитетті құрудағы негізгі мақсат  – қазіргі уақыттағы милиция құрамы өзінің тағайындауына жауап бере алмайтындықтан, қоғамдық тәртіпті сақтау және бұзақылықпен күрес.

 

Комиссар                                                                    Ульяновский

Хатшы қызметін орындаушы                               Червев

 

(ЦДНИ ВКО, ф.48, оп.1, д.5, л.122. түпнұсқа) (2).

Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінде уездік аурухана мен амбулатория жұмыс істеп тұрған. Кедей болысында фельдшерлік пункт тұрақты түрде ашылса, 3 фельдшерлік пункт жылжымалы жүйеде қызмет атқарған. 1926 жылғы деректерге сүйенсек, Қызылеспеде аурухана ашу және Кент болысында Тоқырау халқы үшін 2 амбулатория ашу жоспарланған. Медицина қызметкерлерінің штаты да көп болмаған: денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, қалалық және разъездік дәрігерлер, 2 лекпом, 1 акушер, 1 мейірбике, 2 ауруды күтуші, 1 ас пісіруші әйел және 1 күзетші. Болыстық жерлерде шешекке қарсы егуші ретінде тағы 4 және 6 адам жұмыс істеген.

Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда Қарқаралыда Аманбай Шегіровтің еңселі ағаш үйі болған және ол аумақтағы алғашқы аптеканы да осы үйінен ашқан деседі. Осындай нақты фактілерге құрылған деректер мен ауызша мәліметтерді саралай келе, 1917 жылғы Қарқаралыда адамның тәні-жанын емдеумен қатар, қоғамды да сауықтыру ісінде Аманбай Шегіров қатыспаған оқиға жоқ екенін байқаймыз.

Жалғасы бар...

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Алаш қозғалысы. Қамзабекұлы Д., Тілешев Е. – Алматы: Сардар, 2014.
  2. Мұстафин Е. // Останется в памяти народа... NDH порталы, 2018.
  3. Кәрімхан З. // #Алаш100: Бір суреттің сыры. NDH порталы, 2017.
  4. Попов Ю. // inkaraganda.kz Каркаралинск, март 1917 года.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English