Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресейден Алаштың құнды мұралары табылды

2828
Ресейден Алаштың құнды мұралары табылды - e-history.kz

Бүгін - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қуанышты күнде «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты ұйымдастырған халықаралық «Алаш жолымен: Ресей бағыты» экспедициясының қорытындысы жарияланды. Ақжолтай жаңалықты экспедиция жетекшісі Елдос Тоқтарбай өзінің фейсбук парақшасында жариялады, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.

Алаштанушы ғалым әлеуметтік желідегі жазбасында экспедицияның бір айлық кезеңдегі атқарған жұмыстарына тоқталып, бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген Алаш қайраткерлерінің еңбектерін атап өтті. 

«Экспедицияның 1,2,3 тобының бір айлық (тамыз, 2023) жалпы жұмысында алаш мұрасына қатысты барлығы 510 кітаптың шифры мен қосымша ақпараты көрсетілген библиографиялық көрсеткішін жинақтады. Соның ішінде аса керекті 50-ге жуық кітаптың түпнұсқасын қарап, электронды (pdf) нұсқада әзірледік. Зерттеу мен зерделеу барысында 40 бұрын-соңды жарық көрмеген, ескі қаріптен қазіргі қаріпке түспеген кітап екені анықталды. Мысалы, Сейітбаттал Мұстафаұлы «Зуфнун» романы, Садуақас Шорманұлы «Аушы», С. Аманжолұлы «Тәлім-тәрбие», Сәлкен Балаубайұлы «Мектеп группаларын кәмплектеу», Мәннан Тұрғанбайұлы «Бүтін сөз әдісімен танысу», Жұмахан Күдеріұлы «Өсімдіктану» тағы басқа кітаптары бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген» деп жазған. 

Сондай-ақ ғылыми экспедиция ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының еліміздің сирек қорларында сақталмаған нөмерлерін анықтап, алаш арыстарының өмірдерегіне қатысты құнды құжаттарды тапқан.

«Бірлік туы», «Бостандық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» т.б. қазақ басылымдарының еліміздегі сирек қорларда сақталмаған нөмерлері анықталып, тұтас нөмері сканерленді. Енді институт ұжымы осы басылымдарды арнайы жинақ ретінде шығарады. Тел Жаманмұрынұлы, Аққағаз Досжанқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Зүпнұн Нұрмақ келіні, Нұқ Рамазанұлы, Біләл Сүлейұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы бастаған қазақ оқығандарының 100-ге жуық делосы табылып, фотосуреттері мен сот, тергеу құжаттары, оқу-ағарту, қоғамдық-саяси қызметіне қатысты жаңа деректер қолға түсті» дейді деді Елдос Тоқтарбайұлы.

Бұған дейін хабарлағандай, «Алаш жолы» халықаралық ғылыми танымдық экспедициясы Ресейдің бірнеше қалаларында болып, кітапханалар мен архивтерде, сирек қорлар орталықтарында жұмыс атқарған. 

«Қазан, Уфа, Петербор, Химки, Псков, Переделкино, Мәскеу сирек қор, кітапхана және ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архив қорларымен нәтижелі жұмыс қылдық. Институтымыздың жас зерттеушілері үлкен тәжірибе жинап, ғылыми шыңдалу мектебінен өтті. Сондай-ақ, Қазан, Уфа, Петербор, Мәскеудегі Алаш тұлғаларына қатысты тарихи жерлер анықталып, РФ ҚР Елшілігі мен қор, институтымыз бірлесіп, ескерткіш тақта, белгітас орнату турасында келісім жасалды» дейді Елдос Нүсіпұлы. 

Экспедиция барысында табылған құжаттар институт пен қор сайтына орналастырылып, оқырман назарына ұсынылады. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?