Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бахрейндегі Азия чемпионаты: қара күштің қапысыз тайталасы

1972
Бахрейндегі Азия чемпионаты: қара күштің қапысыз тайталасы - e-history.kz

Сурет: noc.by

(Ауыр атлетиканың отандық тарихқа шолу)

Қазан айында Бахрейн Королдігінің Манама қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Ерлер арасында ұпай саны бойынша біздің жігіттер жалпыкомандалық есепте көш бастады, 658 ұпай жинады. Екінші сатыда 655 ұпайы бар Өзбекстан, үшінші орында 631 ұпаймен Иран елінің ауыр атлеттері орнықты. 

Манамада мәреден көріндік

Ал қыздарымыз  жалпы есептегі ұпай бойынша 550 жинап үшінші сатыға тұрақтаса, Индонезия қыздары 631 ұпаймен топ бастап, Қытайлық Тайпей арулары 580 ұпаймен екінші орынға орнықты. Ауыр атлетикадан Азия чемпионатына құрлықтағы 29 елден 186 спортшы қатысса, біздің елдің намысын  қыздар арасында сегіз аруымыз қорғады, ерлердің  білек күші сынға түскен сайыста 10 ауыр атлетіміз аламанға қосылды. 

Арулар «атқа» қонса...

Алдымен қыздардың жетістігі жайында айтайық, 2012 жылы өткен Лондон жазғы Олимпиадасының чемпионы атанып, кейін допинг дауына шатылып медалінен айрылған, былтыр Токио жазғы Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Зүлфия Чиншанло 55 келі салмақта Азия чемпионы атанды. Ол серпи көтеруде 95 келіні еңсеріп, жұлқа тартуда 125 келіні ауырсынған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша 220 келімен құрлықта қара үзіп шықты. Күміс медаль Қытай қызы Линлу Люге бұйырды. Өзбекстандық Нигора Абдуллаева қола медальді місе тұтты. Айтпақшы,  Зүлфия Чиншанло қыздар арасында осы Азия чемпионатының үздік ауыр атлеті атағына да ие болды.  Басты қарсыласы қытай қызынан 10 келі артық көтерген біздің қыздың білек күшіне азиялықтар таңдай қақты. 

Ел қанжығасына екінші алтын медальді Айзада Мүптілдә бөктеріп берді. 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қайрат күшін сынаған аруымыз   Айзада Мүптілдә қарсыластарынан оқ бойы озық тұрды. Серпи көтеру сайысында 120 келіні еркін еңсеріп көш басына шықты да, жұлқи көтеру додасында 157 келімен тоқтады. Қоссайыс қорытындысы бойынша еншісіне 277 ұпай жазылып, талассыз алтынға қол созды. Ал күміс жүлде алған  индонезиялық Нурул Акмал 267 (114+153) ұпайға әзер жетті. Бұл салмақта қола медаль да біздің еншімізге жазылды. Любовь Ковальчук серпуде 115 келіні, жұлқа көтеруде 151 келімен үштікті түйіндеді. 

81 келіде сынға түскен Айша Омарова қоссайыс қорытындысында 217 келімен қола жүлдегер атанды. Бұл салмақта ирандық Сейдехалхам Хоссейнидің күші мығым екен, ол серпуде де, жұлқуда да алдына ешкімді түсірген жоқ. 227 ұпаймен Азия чемпионы атанды. Күміс медаль  жапон қызы  Мотока Накажимаға бұйырды, ол қоссайыс қорытындысы бойынша 223 келі нәтиже көрсетті. 76 келіге дейінгі салмақта додаға қосылған Арай Нұрлыбекованың еншісіне Азия чемпионатының қола медалі жазылды. Серпи көтеруде 97 келіні, жұлқи көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсерген  жерлесіміз үштікті түйіндеді.  

Смаханов сәтті тапсырған сынақ 

Ерлер арасында  Асылжан Бектай ерледі. 89 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатына қосылған Бектайдың баласы серпи көтеруде сәл әлсіздік танытып, қырғызстандық Эмиль Молододосовтан бір келі кем көтерген. Есесіне жұлқи тартуда жұтынып шыға келіп, алтын медальді басты қарсыласынан жұлып алды. Серпуде 165 келіні, жұлқа көтеруде 197 келіні көтерген Асылжан алтын алса, қырғызстандық Эмиль Молододосов 261 (166+195) келімен күміс, ирандық Масуд Чатраей қоссайыста 358 келімен қолаға қол жеткізді. Азия чемпиоантының алғашқы күні елімізге медальді Арли Чонтей ұстатқан. 55 келіге дейінігс алмақта құрлық аламанына қатысқан Арли серпи  көтеру сынында  116 келіні еңсеріп, жұлқа көтеруде 144 келімен күміс жүлдегер атанды.   

96 келіге дейінгі салмақта Артем Антроповтың бағы жанбай қалды. Әйтпесе, ол  серпи көтеруде барлық қарсыластарынан көш алда тұрды. Бірақ жұлқа көтеруге келгенде жігерсіздік танытып, қоланы місе тұтты. Дегенмен де басекелестік өте жоғары Азия құрлығында қола медаль олжалау да аз табыс емес. 

Ауыр атлетикадан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне осы жылдың ақпан айында  Нұржан Смаханов  тағайындалған болатын. Басынан дау арылмаған құраманың бас бапкерлігі қызметіне ауыр міндет арқалап келген Смаханов үшін Азия чемпионаты үлкен сынақ десек те болады. «Біз биылғы қаңтар айынан бастап осы жылы болатын додаларға қатысу үшін әзірлікті тыңғылықты жүргіздік.  Шымкент қаласында содан кейін Қостанайда жаттығу өткіздік.  Одан кейінгі оқу-жаттығу жиынды Алматыдағы «Ақбұлақ» олипиадалық даярлау орталығында жалғастырдық. Биылғы жыл үшін  ауыр атлеттеріміздің алғашқы жарысы Ислам ынтымақтастығы ойындары болды. Біз бұл сында жақсы өнер көрсеттік. Ең маңызды мәселе ұлттық құрамада қазіргі кезеңде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Салмақ дәрежесінің басым бөлігінде жастар келді. Ислам ынтымақтастығы ойындарынан кейін осы Азия чемпионаты негізгі додамыздың бірі болатын. Жастарымыз сенімді ақтай білді деуге болады.  Құрлық аламанына қатысқан  атлеттеріміздің төменгі нәтиже көрсеткендерінің өзі 8-орынға тұрақтады. Енді желтоқсан айының басында Колумбияда әлем чемпионаты өтеді. Міне, біздің жастардың сыналатын сәті осы дода.  Әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, мықтылығын дәлелдеген белді спортшыларымыз жазғы Азия ойындарында, одан кейін  келесі жылдың қыркүйегінде Қытайда өтетін  жазғы Азия ойындарында сынға түспек. 2024 жылы Париж жазғы Олимпиадасында кімдерге сенім артамыз, міне, осы әлем чемпионатындағы додадан кейін байқала түседі», –  дейді ерлер құрамасының бас бапкері  Нұржан Смаханов.

Ауыр атлетиканың алыптары Азияда

Қош, сонымен кезекті Азия чемпионаты да тарих қойнауына кетті. 2008 жылдан бері қарай ауыр атлетикадан Азия чемпионаты да жазғы Олимпиада ойындарына жолдама үлестіретін дода болып саналып келеді. Сондықтан да құрлық аламаны айрықша бәсекемен өтеді. Мысалды алыстан іздемей-ақ, соңғы өткен Токио жазғы Олимпада ойындарының қорытындысын қарасаңыз да көзіңіз жетеді. Осы аламанда ерлер 7 салмақта сынға түссе, соның алтауында Олимпиада чемпионы деген атақты Азия құрлығының ауыр атлеттері иеленді. Тек аса ауыр салмақта ғана грузин атлеті Олимпиада чемпионы атанды. Жеңіл салмақтың үшеуінде Қытай елінің спортшылары озық шықса, Индонезия, Катар, Өзбекстанның спортшылары қалған салмақта топ жарды. Қыздар арасындағы бәйгенің де көрігін осы Азия құрлығының арулары қыздырған болатын. Жеті салмақтың төртеуінде сары құрлық қыздары  чемпион атанды. Демек, ауыр атлетиканың басты бәсекелестігі осы Азия құрлығында деген сөз. 

Өткенге бір көз салсақ... 

Азия құрлығы демекші соңғы он жылдағы  біздің ауыр атлеттердің Азия чемпионатынан олжалаған жетістіктеріне шолу жасауды жөн деп таптық. 2012 жылы Оңтүстік Корея елінде өткен Азия чемпионатында  Нұрсұлтан Рахатов 77 келі салмақта күміс, 94 келіде Игорь Башанов қола алды, ал қыздар бәйгесінде  75 келіден ауыр салмақта Александра Аборнева күміс, 75 келіде Гүлнәз Наурызова қола медальмен оралды. 2013 жылы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты еліміздің бас қаласында өтті. Өкінішке қарай қыздарымыз өз жерімізде өткен құрлық бәсекесінде жүлдеге іліне алған жоқ. Ерлерге де чемпиондық атақ бұйырмады. 62 келі салмақта Фархад Харки, 94 келіде Александр Зайчиков күміс алса, 85 келіде Евгений Естафьев қола медалді місе тұтты. Есесіне 2015 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында біздің спортшылар еңсе тіктеді. 77 келі салмақта Айдар Қазов, 85 келіде Ермек Өміртай, 94 келі салмақта Рүстем Сыбай Азия чемпионы атанды. Қыздарымызға бұл жолы да медаль тиген жоқ, жалпыкомандалық есепте үш алтын алған еліміздің құрамасы 6 алтын алған Қытайдан кейін екінші сатыға тұрақтады. Қазақстанның ауыр атлетикасы тарихында бұл орасан жетістік саналады. 

2016 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында Денис Уланов 85 келіде чемпион атанды, ал қалған спортшыларымыз жүлдесіз қайтты да, 1 алтын медальдің нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 6-сатыға тұрақтадық. 2017 жылы ауыр атлетикадан Азия чемпионатын Түркіменстан мемлекеті өткізді. Тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бері қарай тұңғыш рет құрлық додасын ұйымдастырған түркімендер бар сән-салтанатын келістіре отырып өткізген додадан біздің қыз-жігіттердің арасынан Альберт Линдер 69 келіде алтын медаль алды. Айдар Қазовтың да медаль алатын мүмкіндігі болған,  бірақ қарыс қадам жетпей қалды. Өкінішке қарай осы жылы Азия чемпионы атанған талантты спортшы Альберт Линдер  былтырғы жылдың қоңыр күзінде өзіне-өзі қол салып жұмбақ жағдайда өмірден өтті. 

2019 жылы Қытайдың Нинбо қаласында өткен кезекті құрлық чемпионатында  үш қола медаль бұйырды. Ерлер додасында Арли Чонтей 55 келіде, Денис Уланов 81 келі салмақта, қыздар арасынан Раушан Мешітханова 81 келіде үшінші сатыға тұрақтады. Былтыр Азия чемпионаты Өзбекстан елінде өтіп, 55 келі салмақта Арли Чонтей Азия чемпионы атанса, осы салмақта Абылай Әуелханов күміс, 102 келіде Артем Антропов қола медаль еншіледі.  Міне, біздің соңғы он жылдың бедерінде ауыр атлеттеріміздің Азия чемпионатынан олжалаған жүлдесі. Құрлық бәйгесінде алтынды көсіп алу үшін бізге әлі жілік майды толтырып, білек күшті берік ете түсу қажеттігін  жоғары сөз еткен нәтижеге қарап-ақ бағамдауға болады. 

Суреттер: ғаламтор бетінен

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?