Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Далалық өлкенің қала халқы

1737
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Далалық өлкенің қала халқы - e-history.kz

Қазақ даласына капитализмнің енуі өңірдегі экономикалық қатынастарға ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен қоса ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Далалық өлкенің уездік қалаларындағы демографиялық процесске айтарлықтай әсер етті. Демографиялық өзгерістердің негізгі тенденцияларын 1897 жылғы Ресей империясының Бірінші жалпы халық санағы материалдарынан көруге болады (Общий свод. Т. 81. Акмолинская обл. СПб., 1904).  

Далалық өлкенің тарихын, оның ішінде демографиялық жағдайды зерттеу бойынша тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Роза Сабырқызы Буктугутова үлкен жұмыс атқарды. 

Мысалы, 1897 жылдан 1910 жылға дейінгі аралықта Ақмола облысының уездік қалаларындағы халық саны 37376 адамнан 64837 адамға (1,7 есе) дейін өскен, осы аралықта Семей облысында 25312-ден 30450-ге дейін (1,2 есе) өскен. 

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында халық саны негізінен Ақмола облысындағы Петропавл мен Ақмола, Семей облысында Өскемен және Павлодар сияқты уездік қалаларда өскен. 1897 – 1910 жылдар аралығында Петропавлда халық саны 19688-ден 43248-ге дейін, яғни 23560 адамға (2,2 есе) өскен, Ақмоланың халық саны 9688-ден 13842 дейін, яғни 4154 адамға немесе 1,4 есе өскен. Осы аралықта Өскемен халқы 8721-ден 13164 адамға (4433 адамға немесе 1,5 есе), ал Павлодар халқы 7738-ден 9549-ға дейін (1811 адамға немесе 1,2 есе) өскен. 

Қарастырылып отырған аралықта Петропавл халқы санының жылдам өсуін уездік қаланың тарихи өлшеммен алғанда аз уақыт ішінде далалық өлкенің ірі көлік және сауда-өнеркәсіп орталығына айналуымен түсіндіруге болады, бұлай болуына өлкеге Сібір теміржолының келуі әсер етті. Павлодар мен Өскемен қалаларындағы халықтың өсуіне Ертісте бумен жүретін кеме қатынасының дамуы елеулі ықпал етті. Осының арқасында Павлодар қазақ даласындағы астық сатып алу мен тасымалдаудың басты пункттерінің біріне айналса, Өскемен Моңғолия мен Цинь империясының батыс аудандарымен транзиттік сауда-саттықтың маңызды орталығына айналды. 

Ақмола халқының өсуіне Константин-Еленин жәрмеңкесі мен қалалық тұрақты сауда орындары желісінің біртіндеп кеңеюі әсер еткені сөзсіз. 

Далалық өлкенің басқа уездік қалаларына келер болсақ, онда тек Зайсан қаласында ғана халық санының шамалы өскенін атап өтуге болады: 1897 - 1910 жылдар аралығында халық саны небәрі 740 адамға ғана өскен. Осы кезде Көкшетау, Қарқаралы, Атбасар қалаларындағы халық саны біршама азайған. 1897 - 1910 жылдар аралығында Көкшетаудағы адам саны 4962-ден 4776 адамға дейін (186 адам), Қарқаралыда 4451-ден 2595 адамға дейін (1856 адам), Атбасарда 3038-ден 2973 адамға дейін (65 адам) азайған. Бұндай жағдай Атбасар, Көкшетау, Қарқаралының қазақ даласының түкпірінде орналасуымен және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында тиісті уездердің әкімшілік орталығы болып қалуымен, оның үстіне сауда-өнеркәсіп дамуы оларды сырт айналып өтуімен түсіндіруге болады, сол себепті де көрсетілген қалаларда өсім емес, керісінше халық санының азаюы байқалады. 

Бұдан кейінгі жылдарда да Далалық өлкенің уездік қалаларындағы демографиялық үдерісті дәл осы тенденция айқындайды. Мысалы, 1914 жылға қарай Петропавлдың халық саны 50 мың адамға дейін, Ақмолада 18740 адамға дейін өссе, Атбасардаың халық саны сол 1910 жылғы деңгейде қалып қойған. Яғни, негізінен өңірдегі сауда-өнеркәсіп орталығы болған уездік қалалардың халық саны өсіп отырған. Қарастырылып отырған уақыттағы Далалық өлкенің ірі уездік қалаларындағы халық саны негізінен сырттан көшіп келгендердің есебінен, яғни механикалық өсім есебінен өскен. Атап айтқанда, 1897 – 1914 жылдарда Петропавлдағы халық саны 30 мың адамға өскен, бұл ретте табиғи өсім жылына тек 300-ден 500-ге дейінгі адам санын құрайды, тек 1914 жылы ғана 1492 адамды құраған. Дәл осы жылдары Ақмоланың халқы 9052 адамға дейін өскен, ал табиғи өсім жылына шамамен 150-250 адамды құраған, тек 1907 жылы ғана 500 адамнан асқан. Осылайша, осы қалалардағы жергілікті халық санының өсуінің 20 - 30 % табиғи өсім құрайды. 

Далалық өлкенің уездік қалаларына сырттан келушілер негізінен ХХ ғасырдың басында осы өңірлерді қамтыған қоныс аудару қозғалысының нәтижесінде келген. Көрсетілген аралықта Қазақстанға Ресейдің еуропалық губернияларынан 1,3 млн шаруа көшірілген, көшірілгендердің жалпы санының 56%-ын Ақмола, 10%-ын Семей облыстары қабылдаған. Барлық қоныс аударғандардың 80% Далалық өлкеге 1900 жылдан 1910 жылға дейінгі аралықта келген. Қоныс аударылғандың негізгі бөлігі Воронеж, Саратов, Полтава, Херсон және Волынь губернияларынан келгендер болды. Шаруалардың қоныс аударуы өндіруші күштердің дамуында үдеткіш рөлін атқарды, солардың ықпалынан ішкі нарық кеңіп, ауылшаруашылық өндірісінің құндылығы өсті, ауыл халқының әлеуметтік дифференциациясы өсті. Осы ретте кедейленген шаруалар ақша табу үшін қалаларға кетуге мәжбүр болды, сөйтіп олар қала халқы санының өсуіне және уездік қала халқының әлеуметтік сипатының өзгеруіне әсер етті. 

Жоғарыда көрсетілген фактордан басқа Далалық өлкенің уездік қалалары халқының өсуіне сауда-саттық та әсер етті, ол қалада тұратын тұрақты тұрғындар және әртүрлі себептермен қалада тұруға мәжбүр болғандар үшін дәстүрлі еңбек түріне айнала бастайды. Далалық өлке қалаларының дамуында маңызды фактор болған сауда олардағы халық санының өсуіне де айтарлықтай әсер етті. Далалық өлкенің уездік қалалары ХІХ ғасырдың аяғына дейін негізінен әкімшілік функцияларды атқарған, сондықтан да қызмет үшін олар көбіне ер адамдарды тартатын, сол себепті де қаладағы әйелдер санынан ер адамдар саны біршама артық болған. 

Сауда-өнеркәсіп саласында еңбек ететін адам санының өсуі мен шаруашылық өмірдің дамуына байланысты қала тұрғындары құрамындағы ерлер мен әйелдер қатынасы теңесе түседі. Мысалы, Петропавлда 1912 жылы 41539 тұрғынның 20225-і ер адам, ал 21314-і әйел адам болған, Ақмоладағы 16411 қала тұрғынының 8383-і ер адам, 8028-і әйел адам, Көкшетауда 4734 тұрғынның 2356-сы ер адам, 2378-і әйел адам, Атбасарда 3071 тұрғынның 1591-і ер адам, 1480-і әйел адам болған. Далалық өлкенің уездік қалаларының халқы ұзақ уақыт бойы негізінен Еуропалық Ресейдің ішкі губернияларынан келген мигранттар есебінен қалыптасты. Сол себепті қарастырып отырған уақыт аралығында қала халқының негізгі бөлігі орыс ұлтының өкілдерінен тұрды. Осылайша, 1912 жылы қала халқының жалпы санында орыстар саны мынадай: Петропавлда 41539 тұрғынның 25170-і орыс, Ақмоладағы 16411 тұрғынның 5067-сі орыс, Көкшетаудағы 4734 тұрғынның 2952-сі орыс, Атбасардағы 3071 адамның 2277-сі орыс. Осылайша, Ақмола қаласынан басқа осы облысқа қарайтын уездік қалалардың тұрғындарының басым көпшілігін орыстар құрайтынын көреміз. Ақмола облысының уездік қалаларындағы саны жағынан көп келесі топ – татарлар. 1912 жылы Петропавлда 9260 татар, Ақмолада – 3767, Көкшетауда 734, Атбасарда – 536 татар ұлтының өкілі өмір сүрген. Ақмоладан басқа облыстың басқа уездік қалаларында саны жағынан орыстардан кейінгі екінші орында татарлар болған. Өңірдің байырғы тұрғындары қазақтарға келер болсақ, олар Ақмоладан басқа қалалардың бәрінде саны жағынан орыстар мен татарлардан кейінгі ұлт болған. Петропавлда 1323 қазақ, Ақмолада – 5131, Көкшетауда – 402, Атбасарда – 206 қазақ тұрған. Орыс, татар және қазақтардан басқа Ақмола облысының уездік қалаларында сонымен қатар украиндықтар, немістер, еврейлер және басқа да ұлт өкілдері өмір сүрген. 

Далалық өлкенің уездік қалалары ұлттық субмәдениеттің тоғысқан жері болды, ол өз кезегінде олардың әлеуметтік мәдени ерекшелігін айқындай түсті. Дінге қатысы жағынан да көрініс әртүрлі болды. Далалық өлкенің уездік қалаларының тұрғындары арасында негізінен екі дін болды. Қазақтар, өзбектер мен татарлар – мұсылман дінін, орыстар мен украиндықтар – христиан дінін ұстанды. Ресми құжаттар бойынша 1905-1912 жылдары уездік қалалардың халқының басым бөлігі православтықтар болған, мұсылмандар әлдеқайда аз болған. Мысалы, Петропавл, Көкшетау, Атбасарда православиелік тұрғындар мұсылмандарға қарағанда үш есе көп болған, Павлодарда 4177 адам православие дінін ұстанса, мұсылмандар саны бар болғаны 1648 адам ғана болған. Өскеменде де дәл осындай жағдайды көруге болады, бұндағы мұсылмандар саны небәрі 1180 адам ғана, православтықтардан 10 есе кем. Ал Қарқаралыдағы мұсылмандар саны православтықтардан 3,5 есе көп болған. Ақмоланың 16411 тұрғынының 9000-ы мұсылман болған. 

Ислам мен христиан діндерінен басқа Далалық өлкенің қала халқы католик, иудаизм, лютеран және т.б. діндерді ұстанған. Осылайша, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Далалық өлкенің уездік қалаларындағы демографиялық үдеріске жасалған талдау негізінен сауда-өнеркәсіп орталығы болған қалаларда халық саны басымдырақ өскенін көрсетіп берді. Өңірдің уездік қалаларының халқы көпұлтты болды, бірақ, қала халқы ішінде көп жағдайда орыс халқының саны басымырақ болған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?