#100шайқас: Жужандарды жайрату
25.02.2019 4255
Ұлы Далада жүз алпыс жылдан астам уақыт арпалысты ғұмыр кешкен далалық iрi мемлекеттiң бiрi – Жужан қағандығы осылайша жер бетiнен бiржола жойылып, орнына әйгілі Түрік қағанаты шаңырақ көтерді

Атамекен Алтай даласында құдіретті Ғұн империясы ыдыраған соң, Орхон аймағында түркі текті теле тайпалар одағы ұйымдасты. V ғасыр ортасында Ашына бастаған Алтайдағы түріктер осы телелердің 40 мың үйлік бірлестіктерін бағындырып, солардың күшімен өздерінің атажаулары жужандарды (аварлардың бабаларын) жеңіп, тарих сахнасына көтерілді.

Бір кездері дүркіреген мемлекет Жужандар қағанатының ақырғы сәттері мен даңқты Түрік империясының дүниеге келуін белгілі тарихшы Қ. Салғараұлы «Ұлы Дала» кітабында егжей-тегжейлі баяндайды. Оның жазуына қарағанда, «552 жылы күш-қуатының қарсыластар қабырғасын қақыратуға жететінін толық сезінген түріктер Батыс Вей (Солтүстiк Жыу) империясының айдап салуымен дүрлiге көтерiліп, бір ғасыр бойы үстемдік жасап келген қожаларына қарсы шықты. Оларды жазалау үшiн Анагүй қалың қолмен өзi аттанды. Бiрақ түріктердiң басшысы Бумын Хуәй-хуаңның терiстiгiнде болған ұрыста Анагүйдi күйрете жеңiп, әскерiнiң тас-талқанын шығарды. Кешегi құлынан жеңiлудiң күйiгiне шыдамаған Анагүй өзiн-өзi жарып өлтiрдi».

Осынау оқыс оқиғадан кейін Жужан (Қ. Салғараұлы «Жыужән» деп жазады) мемлекетiнiң іргесі шайқала бастап, берекесi қашады. Аяқ астынан опат болған Анагүйдiң отбасы Чи империясына барып бас сауғалайды. Жужандардың қалған жұрты Дынжу сылидiң екiншi баласы Тиефаны қаған етiп сайлап едi, бiрақ ол келесi жылы чидәндардың қолынан қаза табады.

Чи империясына барып бағынған жужандықтар Анагүйдің немере туысы Дынжуды қаған етiп сайлайды. Бiрақ оның қаған болуын қаламаған Афути бастаған ел ағалары оны өлтiрiп тынады. Таққа отырған Анагүйдiң баласы Иәнлочың империядан бөлiнiп, Жужан мемлекетiн қайтадан қалпына келтiрмекке ұмтылады. Бiрақ әскерiн тiкелей өзi басқарып соңынан қуып келген император Вiн-Сиуән оның тас-талқанын шығарады. Иәнлочың баласымен оңтүстіктен қайыр таппай, солтүстiкке қашып кетедi.

Солтүстік бұлар барғанда да, одан бұрынғы кезеңдерде де тыныш емес еді. Түріктердің бiрнеше дүркiн шабуылына ұшыраған Жужан әулеті әбден титықтап бiтедi. Ақыры қайда барса да күн көруден қалған жужандар қайтадан Солтүстiк Жыу (Батыс Вей) империясына келіп, бас ұруға мәжбүр болады. Бiрақ сонда да олар тыныштық таппайды.

Жойқын-жойқын жасаған шабуылдары арқылы күштерін сынап біліп алған түріктер Солтүстiк Жыу империясымен достық қатынастарына сене отырып, шашырап кеткен жужандар уақыт оза келе қайта бiрiгiп кете ме деген қауiпті көптен ойластырады. Олар императордан қол астына келiп паналаған жужандардың бiреуiн де қалдырмай қырып тастауды қатаң талап етеді. Әскери күшпен демеп, жауларын жасқап отырған Солтүстік Жыу империя түріктердің көңiлдерiн бiржола орнықтыру үшiн айтқанын орындайды.

Сөйтiп Солтүстiк Жыу императоры Вiн-ди өзiн паналап келген 3000 жужанның қол-аяғын матап, арнайы келген түрік елшiсiнiң қолына тапсырады. Түріктер бұлардың бәрiн империя астанасының Шығыс қақпасының сыртында түгел өлтiредi. Кәмелетке толмаған жас балаларға ғана кешiрiм жасалып, оларды бектердiң үйлерiне таратып бередi.

Ұлы Далада жүз алпыс жылдан астам уақыт арпалысты ғұмыр кешкен далалық iрi мемлекеттiң бiрi – Жужан қағандығы осылайша жер бетiнен бiржола жойылып, орнына әйгілі Түрік қағанаты шаңырақ көтерді.

Түрік қағанаты 552 жылы құрылды, оның негізін салушы Бумын қаған. Көне Күлтегін жазуындағы деректерге қарағанда, «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласын басқаруға ата-бабам Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқын, елін, заңын ұстай берген, иелік еткен. Төрт бұрыштың бәрі жау еді. Әскер жүргізіп халықты көп алған, бәрін бейбіт қылған. Бастыны жүгіндірген. Тізеліні бүктірген. Ілгері Қадырқан қойнауына дейін, кері Темір қақпаға дейін қондырған» алып та ақылды қағандар еді деп еске алады.

Бастапқыда ағалы-інілі екеуі бір-біріне тәуелсіз болған, қытайлар осыған дейін көшпелі империяларды солтүстік түріктердің мемлекеті және батыс түріктердің мемлекеті деп атаған. Ұлы түрік қағанаты өте қықсқа мерзім ішінде Сары Теңіз бен Қара теңіздің арасында жатқан тайпаларды біріктіріп, бір орталыққа қаратады – осы ұлан-ғайыр өлкені ен жайлап жатқан соғдылар Түрік империясына қарсы тұра алмайды.