Қонаев мансабы қалай аяқталды?
11.02.2019 2234
ССРО Бас прокуратурасы жанындағы айрықша маңызды істер жөніндегі бұрынғы тергеуші Владимир Калиниченко Совет Одағының барлық аумағында көптеген істерді тергеген

Жемқорлықта әшкереленген жоғары лауазымды шенділердің тұтқындалуына әкелген Қазақ ССР-індегі атышулы тергеуді де жүргізген осы кісі. Владимир Иванович айналысқан істердің ішіндегі ең әйгілісі – 1970 жылдардың аяғындағы ССРО Балық шаруашылығы министрлігі ісі бойынша жемқорлыққа қатысты тексерулер. Бұл істен «Медунов ісі» жеке өндіріске шығарылады. Іс бойынша 1500 адамға түрлі мерзімге сотталып, 5000 адам жұмыстан және СОКП қатарынан шығарылады.

Өзбек ССР-дегі «Мақта ісіне» қатысты бірқатар қылмыстық істердің қозғалуына да қатысады, ССРО МҚК хатшылығы бастығының орынбасары Вячеслав Афанасьевтің милиционерлермен өлтірілуіне қатысты істі де тексереді, бұл кісі өлімі «Ждановскаядағы кісі өлімі» деген атпен тарихқа кірді.

Алматыға келгенге дейін Калиниченко ССРО Прокуратурасының орталық аппаратында басқарушы лауазымда болған, ал Михаил Горбачев СОКП ОК басшылығына енді ғана келген еді. Партиялық номенклатураның жазылмаған заңы бойынша М. Горбачев өз позициясын нығайтуға кіріседі, ал бұл –өзіңнің саяси қарсыластарыңды жоймайынша мүмкін емес нәрсе. Саяси бюро құрамын «жасартпақ» ниетпен Горбачев кәрі саясаткерлерді ығыстыруды бастайды, бұл қызметкерлердің ішіне үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев та кіреді.

Қонаев 70-ші жылдардан бастап Нұрсұлтан Әбішұлымен жақсы таныс болған. «Менің орныма келетін осы жігіт» деген фразасын замандастары еске алады. Тіпті оны мансап сатысында ілгерілеуіне мейлінше көмектескен: алдымен Теміртау қалалық комитеті, одан соң Қарағанды партия обкомы, ОК-нің өндіріс жөніндегі хатшысы, Қазақ ССР Министрлер кеңесіндегі төрағалық. Алматыға көшуі, Қонаевтың қамқорлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың мінезін бұзған жоқ, оған бәрі де толық сеніммен қарайтын, ал Д. Қонаевтың жары Зухра Шәріпқызы оны мейірлене «балам» деп атайтын.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхаммед Ахметұлы

Қонаевты орнынан ығыстыру мәселесін Мәскеу жергілікті саяси элитаға берген деген болжам бар, бұл бірінші хатшы лауазымына бірден үш кандидаттың: Зақаш Камалиденовтың, Еркін Әуелбековтың және Нұрсұлтан Назарбаевтың үміткер болуына жол ашады. Үшеуі де Қазақ КСР Коммунистік партиясының XVI съезінде 1986 жылғы 6 ақпанда Қонаевты ел экономикасын тұралатып қойды деп айыптайды, сонымен бірге Дінмұхаммед Ахметұлының інісі, ҚазССР Ғылым академиясының президенті Асқар Қонаев та айыптаудың астында қалады.

Тергеушінің ойынша, қарым-қатынастың аяқ астынан осылайша шиеленісуі Қонаевты қарымта қадам жасауға мәжбүрлейді. Көп уақыт өтпей осындай материал табылады да: Қарағанды жолаушылар автобасқармасы басшысы ретінде көп жылдар бойы Нұрсұлтан Әбішұлымен иық тіресе қызмет еткен қарағандылық Анатолий Караваев басқарған республика Автомобиль көлігі министрлігіндегі айнала сыбайластық пен жемқорлық.

Дінмұхаммед Ахметұлы ССРО Бас прокуроры Александр Рекунковтан көмек сұрайды, ол өзінің ең тәжірибелі қызметкерін Алматыға жібереді. 1986 жылдың жазында Владимир Калиниченко Алматыға ұшып кетеді.

Калиниченконың естелігі бойынша, Қонаев тергеушіні жылы шыраймен қарсы алады, елдегі жағдайды түсіндіріп, Караваев ісінің айналасында әңгіме қозғайды, басқа да лауазымды тұлғалардан күдіктенеді, бірақ өз абыройына қарай әңгіме барысында бірде-бір кісінің аты-жөнін атамайды.

– Осы істің сәтті аяқталуына мүдделі жолдастар бізде көп, сондықтан да мейлінше бірбеткейлік танытуларыңызды сұрар едім, – деді Қонаев қоштасарда. – Нәтижелермен мені таныстырып отырыңыз. Тағы бір мәселе: мен сіз туралы, әсіресе, біздің көршіміз Өзбекстандағы жұмысыңыз туралы көп естідім. Мұндай жағдай біздің республикамызда жоқ деп сендіріп айта аламын.

В. Калиниченко ОК-нің екінші хатшысы Олег Мирошхинмен кездеседі, ол Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуді ұсынады. Владимир Иванович ұсынысты қабыл алмайды. Аз уақыттан соң В. Калиниченко республика прокурорының орынбасары Мызниковпен бірге Қарағандыға жүріп кетеді. Келе салысымен тергеуші жағдайды зерделеуге кіріседі. Жемқорлықтың құлаш жайған ауқымы тергеушіні таңғалдырады.

Оның бақылауы бойынша, жолаушыларды билетсіз негізде тасымалдаумен айналысқан автобустардың барлығына жуық жүргізушілері жемқорлық торына тартылған екен. Жүргізушілердің қолындағы қолма-қол ақша автоколонналардың бригадирлері мен бастықтарына өтіп, олардан – өңірдің автобасқармасы басшылары мен олардың орынбасарларына құйылып отырған. Бақылау – ревизия басқармасында да пара алудың дәл осындай жүйесі құрылған, онда да жоғары инстанциялармен өз табыстарымен бөлісіп отырған. Тергеушілер жолаушылар тасымалымен айналысатын үш жүзден астам адамды сөйлете алған. Түсініктер тізбегінің ұшы автоколонналар бастықтарына, Қарағанды жолаушылар автобасқармасы бастығы Бондаревке және оның алдында болған Караваевқа тиді.

Шаралар барысында Автомобиль көлігі министрі Анатолий Караваевтың жеке ісінде қызықты жазба табылады. Сөйтсе, партия жолына түсер алдында бастық А. Караваев жолаушылар легі қозғалысын зерделеу жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Қарағанды политехникалық институтымен келісімге қол қойыпты. Долбарлап айтқанда, қарағандылық ғалымдар жоспарды орындай отырып, өз қалтаңды да қампиту үшін мемлекетке қанша ақша беру керектігін есептеуге көмектескен. Бұл жұмыс оған кандидаттық диссертацияны қорғауға көмектескен. Дәл осындай сызба 11 миллионнан 21 миллионға дейін ақша иемденуге септігін тигізген.

Тамызға қарай қылмыстық іс бірнеше жеке-жеке өндірістік істерге бөлінеді, ал Караваев он үш сыбайласымен Мәскеуге тергеу изоляторына жіберіледі. Бұл Д. Қонаевты жедел ақпарат алып отыру мүмкіндігінен айырады, бірақ ол онсыз да тұтқындалғандардың түсінік беріп жатқандарын білетін. Қарағандыға келген соң, Калиниченкоға Д. Қонаевтың келетінін, екеуінің де бір қонақ үйде орналастырылатыны жеткізіледі. Дінмұхаммед Ахметұлымен болған сол жолғы әңгіме туралы В. Калиниченко былай деп еске алады:

«Менің алдымда саяси бюро мүшесін алдамай, оған артық ештеңе айтпау тапсырмасы тұрды. Бұл тапсырманы мен толығымен орындап шықтым. Бір сағаттан аса біз оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы туралы әңгімелестік. Менің түсінуімше, Қонаевты ең мазасыздандырғаны осы. Менің алдымда шаршаған, өзі шексіз сенген адамдарының сатқындығына қайран болған, саяси мансабының ақыры тек уақыт еншісінде ғана екенін түсінген адам отырды. Оған тек аяныш білдіруге ғана болар еді. Біз жылы қоштастық. Келесі әрі соңғы кездесуіміз бір жарым жылдан кейін – тергеу кезінде болды».

1986 жылғы желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясының жұмысы барысында Д. Қонаев аяқ астынан Мәскеуге ұшып кетеді. Мирошхиннің естелігі бойынша Димаш Ахметұлы зейнетке кету ниетін білдірмек болып Горбачевке өтінішпен барған. Бас хатшы бұның дұрыс шешім екенін және оны қолдайтынын жеткізеді. Қайтып келгеннен соң, Димаш Ахметұлы жасамақшы болған үндеу туралы сөз шыға бастайды.

Осы жерде не басталды десеңізші. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Мұқашев: «Әкеміз-ау, біз сізсіз не істейміз? Жетім қаламыз ғой!» деп жылап жібере жаздайды.

1986 жылдың 15 желтоқсаны Мәскеуден Ульянов СОКП обкомының бұрынғы бірінші хатшысы  Геннадий Васильевич Колбин келеді.

Жалғасы бар...