Теңге туралы толғамдар: 25 жыл бұрын
15.11.2018 1877
ҚР Ұлттық валютасы – Теңгеге 25 жыл. «Қазақстан тарихы» порталы 1993 жылғы қараша айындадағы республикалық басылымдарға аздаған тарихи шегініс жасайды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорында жинақталған қазақ баспасөзінің қайнары «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы қараша айындағы сандарын шолып шықтық.

5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы жарияланды. Жарлықта ССРО Мембанкі мен Ресей банкісінің 1961-1992 жылғы шығарылған банкноттарды қалай пайдаланудың тәртібі қарастырылған. 5 қарашаға дейін ескі ақшаларды ұқсатудың жолдарын қарастырылып, ҚР Ұлттық банкісінің, Бас мемлекеттік салық инспекциясының, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің өкілдерінен комиссия құрып, олар бұрынғы қаржылардың жаратылу процесін тексеретінін қаулыда анық көрсеткен. Шаруашылық субьектілердің жаңа шоттар ашу жұмысы тоқтатылып, ССРО Мембанкі мен Ресей банкісінің 1961-1992 жылдары шығарылған банкноттарындағы мөлшері 100 мың сомнан асатын ірі қаржы құзырлы органдар тарапынан ұсталып, ҚР ұлттық банкісіне өткізілетіні айқындалған.

11 қараша күні «Өз ақшаң, өз алтының – өз қолыңда» деген айдармен бірнеше материал жариялануы сом аймағынан шығатын қазақ ақшасының алдағы болашағынан хабар береді. «Қазақстан сом аймағынан шықты» деген тақырыпта Ресей мен Қазақстанның арасындағы жаңа ақша жүйесі қалыптасатыны және оның тез арада, тіпті жаңа жылға дейін-ақ бөлінетінін жариялайды. Қарашаның үшінде екі елдің премьер-министрі В. Черномырдин мен С. Терещенконың арасындағы келісімсөз соның айғағы.

Мұның себебін қазақстан үкіметінің басшысы экономикалық өтпелі кезеңде Ресей мен Қазақстанның ақша жүйесінде пайда болған айрымашылықтармен, қазақтан аумағының ішінде сомның пайдалану мүмкіндігі азаюымен және оның орнына жаңа ақшаның, алтынның, ұлттық валютаға деген сұраныстың артып отырғандығымен түсіндірген.

«Қазақстанның сом аймағынан шығуына қарамастан ол ТМД бір тұтас экономикалық кеңістігін құру ісінде Ресейдің жетекші әріптесі болып қалады» деген Ресей үкіметбасшысының сөзін келтірген.

Осы екі елдің үкімет төрағаларының келісім сөзіне орай республика қаржы министрі Еркешбай Дербісов бас басылымға түсінік береді. Едел-жедел алынған шағын түсінік «Теңгенің де өз құны бар» деп аталады. Онда «басы ашық нәрсе сол – Қазақстан төл теңгесін шығаратын болады. Әрине, біздің үкіметіміз бұған дейін де қарап отырмай, түптің түбінде енгізілетін болғандықтан, өз валютасын әзірлеу бағытында бірқыдыру іс тындырған-тын. Ендігі мақсат біреу-ақ, ол – қайткен күнде де төл теңгемсіздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, құндылығын арттыру. Біле білсек, теңгенің де өз құны бар» делінген.

Министр мырза сонымен қатар құндылықты реттеуші екі фактор барын, оның біріншісі теңге тұрақтылығын ұстап тұратын бағалы метал қорының болуы, екіншіден халық тұтынатын тауарларға сұраныстан ұсыныстың артық болуы әсер ететінін айтады. Ақша ауыцсатын өтпелі кезеңге қатты мазасызданудың жоқтығын, жыл соңы мен келесі бюджетке айта қаларлықтай орасан зор өзгерістер енгізіле қоймайтынын жеткізіп, көпшілікті сабырға шақырады. «Қысқасы, өз валютамыздың босағадан аттайтын күні алыс емес. Алайда ақшаны ауыстырудың мерзімі әлі белгісіз» дейді Қаржы министрі.

Расында да ақша ауыстырудың мерзімі санаулы ғана адам білетін, құпия түрде жүзеге асырылған. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс тобы үкімет үйінің бір бұрышынан бөлме алып, жасырын жұмыс істеген. Теңге дизайны авторларының бірі, марқұм Т. Сүлейменов үш жыл бұрын баспасөзге берген сұхбатында процестің өте күрделі болғанын және құпия ұсталғанын егжей-тегжейлі баяндайды.

«Егемен Қазақстан» газеті қараша айының әр санында теңгеге қатысты материалдар жариялауды ұйымдастырған. Айталық, «Теңге арқылы теңелеміз», «Құндылық құлдырамасын», «Ақша реформасының алты қыры», «Теңгенің тегеурінді болуы үшін» тақырыптарымен ұсынылған мақалалар бүгінгі күн үшін тарих болғанымен, кешегі күннің өз дауысы еді.

Біздің назарымызды аударған мақаланың бірі – марқұм Ержұман Смайылдың «Теңгеге қарсылық – тәуелсіздікке қарсылық» атты шағын жазбасы. «Ақша реформасы қарсаңында мемлекеттік сауда орындарындағы тауарлардың тығылып, сөрелердің қаңырап бос қалғанын пайдаланған базаршылар мен коммерциялық дүкендердің иелері бағаны аспандатып жібергені мәлім. Ескі ақшасынан қалайда құтылғысы келгендерге істеп отырғандары деп едік қой. Бақсақ, олай емес екен. Алматының көк базарындағылар мен көше бойын жағалай орын тепкен дүңгіршектегілер сол кешегі аспандаған бағаны 500-ге бөліп, қымбатшылықты енді теңгемен жалғастырып кетті. Бұл онсыз да жетісіп жүрмеген жұртты ашықтан-ашық қанау, тауар молшылығын жасай алмай жүрген үкіметті аяқтан шалу. Сайып келгенде, бұл – ұлттық валютамызды құнсыздандырудан, теңгеге қарсылықтан басқа ештеңе емес» деп ашынады автор.

Сонымен бірге мақалада халыққа ең қажетті тауарлардың дүкенге түспей, арадаға делдалдардың, оларды қылмыскер деп атауға дәл келетініне, нан мен арақтың жасырын синдикаты бар екеніне оқыған жұрттың көзіне жеткізеді. Іргелі өндіріс орындарының мұндайда шалт қимылдап әрекет ептей, өнімді тек сыртқы шығару үшін жанталасып жатқанын, халық үшін дүкенге түсетін дүниенің қат болғанын қынжыла жазады. Ақырында өндіріс басшылары мен алыпсатарлардың ауыз жаласу фактілері болып отырғанына алаңдайды. Автордың ойынша, теңгенің тұрақтылығын реттеу үкіметтің жұмысы, алайда өтпелі кезеңде оны реттеу үшін уақыт қажет екен.