Шыңжаңдағы Кенесары жаңғырығы
14.10.2018 2399
Кенесары Алатауға шегінгенде қырғызбен соғысу үшін емес, оның ар жағындағы Шығыс Түркістанға өтпек болды

Себебі, 1847 жылы Шыңжаңдағы қазақ-өзбек, дұңған-ұйғыр жамағаты қытайдың отаршыл армиясын талқандап, азат атанған-тын. Ел билеуге Шыңғыс тұқымы Хан Кенені шақырған. Соңғы ханымызға бұл ұсынысты құп алуға саяси жағдай да, тарихтың өзі де итермелеп тұрғандай көрінген. Сөйтіп Алатау етегіне жеткенде, қырғыздар өткізіп жіберу орнына қарумен қарсы алды. Бекер емес. Себебі 1760 жылы Абылай қырғызға үлкен қырғын жасап еді. Соны кек тұтқан қырғыздар немересінен өш алуды көздейді. Ақырында Кененің экспедициялық жасағы осылай қырғын табады.

Оқта-текте осындай пікір айтылып қалады. Хан Кене таңдаулы-санаулы ғана сарбазымен  Алатау аспақ болды ма, болмады ма, ол жағы беймәлім. Бірақ, қырғыздың арғы бетінде қалың қазақ бары мәлім еді. Аз емес, 400 мыңға жуық. Манчжур деректерінде Шыңжаң жайлаған қазақтар Руссияға тиесілі Түркістандағы көтеріліске, тілектестік білдіріп отырғаны, бірді-екілі ру көсемдері жылқы айдап демеу жасағаны айтылады. Шыңжаң қазақтарының Кенесарыға күш көмек, заттай көмек бергенін Ресейдегі мәліметтер де растай түседі. Орыстың атақты шығыстанушысы А. Иванов «Несколько сведений о Кашгаре» атты еңбегінде Кенесарының жігіттері Шыңжаң барып, хабар алмасып тұрғаны айтылады. Бірақ Кенесарының өзі Шыңжаңға жете алған жоқ. Есесіне ұлы Сыздық төре барды. Жай барған жоқ, Жақып-бек әмірмен Шығыс Түркістанды Қытайдан азат етіп, қазақ-ұйғыр, өзбек-тәжіктен құралған ЖЕТІ-ШААР мемлекетін тұрғызды. Біз бірнеше сериалы бұл мақаламызда – Кененің баласы, қазақтың соңғы төресінің осыған дейін ешбір жерде жазылмаған Шыңжаңдағы ерлік тарихын сөз етпекпіз. Олай болса, зейін салыңыз...

Дауыл алдындағы Шыңжаң

Шыңжаң қытай тілінде «жаңа шекара» дегенді білдіреді. Иә, Қытай бұл аймақты жаулап алғанына 300 жылдан асып кетсе де, әлі қорыта алмай жатыр. Әлі де болса, бұл ұлыс бөлініп кетуге қауқарлы. Қытай «Шың-жаң» атап жүрген аумақ кезінде Жоңғария аталды, одан бұрын Шығыс Түркістан атымен әлемге танымал еді. Себебі қадым заманнан бұл аумақта – қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек секілді түбі түрік, діні мұсылман жұрт мекен етіп келеді.

XVIII ғасырдың соңында Шығыс Түркістанды түгел қамтып жатқан жоңғардай алып елді Цин империясы жер бетінен мүлде жойып жіберді. Жоңғар мемлекетінің құлауымен бірге сол жоңғарға бағынышты боп келген, жергілікті түрік жұрты енді жаңа отаршы – Қытай бодандығына түсті. Бірақ түрік-мұсылман жұрты, жоңғарға талай қыр көрсеткені секілді мәнжүр-қытайға да оңай көне салған жоқ. 1816, 1825, 1830, 1847 және 1857 жылдары дүркін-дүркін қытайға қарсы көтеріліп, дербестікке ұмтылумен болды. 1847 жылғы кезекті көтерілісте ұйғыр-қазақ қолы жеңіске жетіп, билікке Кенесарыны шақырған болуы бек мүмкін. Кенесары мен көтерілісшілер арасындағы хат-хабар сақталған Құлжадағы мешіт кітапханасы 1857 жылғы бұлғақтың кезінде өртеніп кетті.

Сыздық төреге дейінгі Шыңжаң

Қайта-қайта бұлқына беретін провинцияны бағынышты етіп ұстау үшін Цин билігі бұл аумақта мәнжүр және қытай әскерінен құралған үлкен гарнизон ұстап тұрды. Одан қалды, жаңа территорияны қорытып жіберу үшін ішкі Қытайдан ханзуларды қаптатумен болды. Мысалға, манжүрлік сибо және солон дейтін тайпаларды Амур бойынан арнайы осында көшіріп әкеп, әскери қоныс-қосындар тікті. Отаршыл Цин империясының мұндағы әкімшілік орталығы Құлжа қаласы болды. Әскери гарнизон ұстады деп қалдық қой. Деректерге сенсек, 40 мың мәнжүр, қалмақ, ішінара қытай полктерінен құралған әжептеуір армия Үрімжі, Құлжа, Шәуешек секілді қалаларда тұрған.

Кенесары хан 1847 жылы қырғыз қолынан қаза тапқанда Сыздық сұлтан небары 10 жаста еді. Ханның жұбайы төлеңгіттердің қорғауымен бала-шағасын ертіп, Қаратау маңына көшіп барады. Алғыр әрі әккі боп өскен Сыздық төре Қоқан әміршілерінің көзіне ерте түседі. 1864 жылы Қоқан ханының әмірімен Созақтың әкімі болып тағайындалды. Бұл кезде Ресей Қазақияны талқандап енді, Орта Азиядағы әмірліктерді жоймаққа кіріскен еді.  Веревкин атты полковникті Түркістан қаласына жаулап алуға жібереді. Сыздық дереу жігіттерді жинап, орыс әскерінің қоршауын бұзып, Түркістанға іргелес Иқан ауылы маңында ойсырата соққы берді. Сыздық сұлтан мұнан кейін Шымкентті қорғауда көзге түседі. Бір шапқанда алатын генерал Черняевтың сағын сындырып, Шымкентке жасаған бірнеше шабуылын тойтарып отырады. Бірақ Орыс империясы бүкіл күшін сарқа жұмсап, әуелі Түркістанды, сосын Шымкент пен Ташкентті алды. Кейін Қоқан хандығын қиратты. Өмір бойы Ресеймен соғысып өтуге әке алдында ант ішкен көкжал Сыздық әуелі Бұқар әмірлігіне кетеді. Ол да жеңілген соң, Кіндік Азиядағы соңғы бауырлас ел Хиуаға өз қызметін ұсынады. Бірақ, анталаған Ресей бірінші Қоқанды, сосын Бұқарды, ең соңында Хиуа хандығын да жалмап тынады.

Сыздық төре. ХІХ ғасырдағы орыс гравюрасы

Сыздық төре Шығыс Түркістанда

Осыдан кейін Сыздық сұлтан мың жігітімен Қашқар өлкесіне өтіп кетеді. Ол Шыңжаң мұсылмандардың көмегімен Түркістан өлкесін орыс жаулаушыларынан азат етуге болады деп үміттенді. Үрімші қаласына жеткен бетте халықтың Қытайдан әбден зәрезап болғанын көреді. Тездетіп қытай билігінен арылудың жолын іздестіре бастайды. Сөйтіп 1864 жылы 15 шілденің тас-қараңғы түнінде жергілікті дүнген солдаттарымен уағдаласып, қытай қосындарын басқаратын командирдің үйіне басып кіреді. Үрімжі гарнизонының мөрін қолға түсіреді. Сол мөрмен қытайша жалған бұйрықтар шығарып, қытайлық полктерді қарусыздандырады әрі Шыңжаңдағы ең үлкен әскери қойманы басып алады. Сыздық төре осы операцияны жүргізіп жатқанда ұйғырлар мен дүнгендер де дүрк көтеріліп, қала көшелерінде ұрыс сала жүріп, қытай кварталдарын қирата бастайды. Мәнжүр солдаттары қырылып, қырғын таба жүріп, қаладағы қамалға барып тығылады. Сыздық төре дәл осы бекіністі басып алуда нағыз стратег екенін көрсетеді. 3 апта ішінде мықты қорған құлайды.

Қоршауда қалған солдаттарға көмек ретінде жіберілген 2 мыңдық цин корпусын көтерілісшілер қалаға жете берер тұста талқандап тастайды. 1864 жылдың күз айында Сыздық төренің жігіттері көтерілісті басып-жаншуға асығып келе жатқан 4 мыңдық моңғол кавалериясының да көзін жояды.

Дәл осы кезде Қашғарда, Сыздық төренің қоқандық әріптесі, досы Жақыпбек те көтерілісті бастап кеткен еді. Айта кету керек, қытай гарнизоны оңай шағылатын жаңғақ емес. Бекініп алған қамалдарды жан аямай қорғаумен болды, берілмеуге тырысты. Себебі, олардың шегінетін жері жоқ-тын. Олар бөтен жерде, жау ортасында. Миллиондарға бықып отырған Қытай сусыз, шөл даланың арғы жағында еді. 

Қара мылтық ұстаған «жаңа мұсылмандар»

Үрімшіде басталған көтеріліс әп-сәтте күллі Шығыс Түркістанға таралып, 1864 жылы Қытай бұл аймақтан айырылып қалды. Сыздық төре дәл осы жылы көтеріліс жасауға бекер бекінген жоқ еді. Себебі, ішкі Қытайда «тайпин» дейтін бүлікшілер шығып, ресми Пекиннің басы соған  қатып жатқан. Мәнжүр билігі дәл іргедегі жауды жоям деп, алыстағы Шыңжаңға қарауға уақыты да, зауқы да болмады. 5 жыл бойы Шығыс Түркістанға Қытай жақтан бірде-бір солдат келген жоқ. Қытайды түре қуып тастағасын, қашанғы әдет бойынша әр аудан жұрты өздеріне хан, әмір сайлап жатты. Мысалға Үрімші мұсылмандары Сыздық төрені басшы сайлады. Сол секілді Құшар, Хотан, Тараншы, Қашғар сұлтандықтары пайда болды. Осылардың ішінде, Қашғар әмірлігі мықты боп шықты. Себебі, билік басында, Қоқан хандығының өкілі Жақып-бек Мұхаммед отырған еді.

Айта кетейік, Жоңғар империясы әлсірей бастаған сәтте-ақ, Шығыс Түркістанға Абылай ханның ықпалы, кейіннен Қоқан хандығының әсері зор болды. Бұл өлке Қытайға қарағанның өзінде, Цин билігі әлсіздеу болып, қоқандықтар өздерінің бектерін тағайындайтын дәргейде еді. Қоқан азаматы Жақып-бектің Қашғарда билік етіп жүруінің себебі де осы еді.

 

Мұхаммед Жақып-бек. 1870 жылдардағы ағылшындар салған сурет

Мұхаммед Жақып-бек. Ол – ұйымдастыру қабілеті жоғары һәм заманауи армияны талқандаудың әдіс-тәсілін жақсы білетін еді. Сыздық төре секілді, ол да Қоқаннан келген, саналы ғұмырын орыстың тұрақты армиясымен соғыста өткізген. Осы қасиеттері оны Шыңжаңның шүпірлеген әмірлік, хандықтарынан ерекшелеп тұрды. Ол билікке келе салысымен Қашғардың жаңа армиясын жасақтай бастады. Шаһардың қақ ортасындағы цин гарнизоны тұтқынға берілген кезде, Жақып-бек – 4 мың мәнжүр-қытайға «жаныңды сақтаймын десең, мұсылмандыққа өт» деп талап қояды. Жан тәтті ғой. Осы «жаңа мұсылмандардан» Қашғар әмірі қарамылқтышылар тобын жасақтап, жасағының әскери қуатын еселеп алды.

Қара мылтық  – ұзындығы 2 метрге пара-пар, ауыр білтелі мылтық. Цин армиясы бұл сайманды 18 ғасырдан бастап қолданып жүрген-тін. Атқан кезде бірінің соңынан бірі ерген 3 солдатты тесіп өтердей қуатты. Кейде қорғасын-темір үгінділерін салып, картечь есебінде де қолдануға болады. Көтеріліс кезінде жергілікті түріктер осындай мыңдаған қара мылтықты қолға түсірді.

Қарамылтықшылар жасағы. ХІХ ғасырдағы ағылшын гравюрасы.

Жақып-бек қара мылтыққа 4 сарбаз бөлді. Екі адам оқтап, от қояды. Екеу иыққа тіреп ұстап, қажет болса бағытын бұрып отырады. Бұл мылтықпен атып көргендердің дерегінше, сапасыз дәрінің кесірінен от қойғанда, шоқ шашырайды екен. Сондықтан көздеуші, шүріппені басқан бетте, көзін жұматын болған. Әлбетте, мұндай атыс – нысанаға дөп тие бермейді. Бірақ, қоян-қолтық айқаста картечь есебінде қолданса, жауды жапырып жіберетін әлеуеті бар.

Жақып-бектің қара мылтықшылары.

«Бақ-дәулеттің» армиясы мен мемлекеті

Цин армиясындағы әдеп бойынша, қара мылтықшыларды садақшылар мен найзашылар қорғауы тиіс-тін. Жақып-бек бұл тактиканы өзгертіп, енді қара мылтықшыларды 3-4 ақберен ұстаған мергенде қорғайтын болды. 5 қарамылтық ошағы бір командирге бағынды. Бір қызығы, мұсылмандыққа өткен қытай мен мәнжүрлік бұл қара мылтықшылардың басқа ешқандай қаруы болмады. 

Қара мылтықшылардан бөлек, Жақып-бектің армиясында жаяу әскер – «сарбаздар» және атты әскер – «жігіттерден» тұрды. Сондай-ақ, әжептеуір көлемде зеңбірекшілер де болды. Оларды «топшы» деп атады. Әуелде бұл әскер еріктілерден құралған еді. Уақыт өте, 15-30 жас аралығындағы ер азаматтарды мәжбүрлі түрде әскерге тарту саясаты енгізілді. Сөйтіп  тұрақты армияның сұлбасы көріне бастады.

Исламға өткен қытайлар болса, 19 жастан бастап «қара мылтықшылар» жасағына алынуы тиіс болды. Одан бөлек, көпір соғу, жол салу, бекініс тұрғызу дейтін қара жұмысты да осы «жаңа мұсылмандар» атқарды. Армияда басшылық қызметті негізінен Жақып-бекпен ере келген әндіжандық өзбектер, қоңырат-дулат тайпаларының батырлары атқарды. Ал артилерия жасағында Ауғаннан, Үндістаннан қашып келген әскерилер көп болды.

Жақып-бектің әскері. ХІХ ғасырдағы фотосурет. Екінші қатарда – сарбаз формасында қоңырат жігіттері.

Жаяу әскер және атты әскер ондық және жүздікке бөлінді. Бір қызығы, Жақып-бектің әскерін, ағылшын солдаты ұстап жүрген заманауи карабиндермен жарақтауға тырысты. Десе де, сарбаздардың дені қылыш, сүңгімен қаруланды. Жақып-бектің армиясы өте мобильді еді. Жаяу әскерді діттеген жерге тез жеткізу үшін, бірнеше ат жегілген арбалармен таситын. Осындай әлеуетті армия Жақып-бектің Шығыс Түркістанда бір мемлекетке айналдыруға үлкен мүмкіндік берді. Цин қолбасшылары ішкі Қытайда бүлікшілермен қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқанда, Жақып-бек мұнда шүпірлеген көп хандық, әмірліктерді жойып, күллі Шыңжаңды бір тудың астына біріктіре алды. Қашғарды астана еткен бұл жаңа мемлекет «Жетішаар» деген ат алды. Иә, елдің атауы – Шығыс Түркістандағы 7 өте дәулетті шаһар; Қашғар, Қотан, Ақсу, Кучар, Курля, Гиссар и Яркендтің құрметіне қойылған еді. Бұл қалалардың қатарына Үрімші 3 жыл кешігіп кірді. Сыздық сұлтан Үрімші хандығын өз еркімен жойып, Жақып-бекке қосылуды жөн көрді.

Түбі қоқандық әмірші Сыздық төренің бұл көрегендігіне разы болып әрі стратегиялық қабілетіне бек сеніп, оны армияның қолбасшысы етіп тағайындады. Сыздық төренің бастауымен Мұхаммед Жақып-бекті  жергілікті жұрт «Бақ-Дәулет» деп атай бастады. Былайша айтқанда «бақытты адам» дегенге келеді ғой. Иә, Шығыс Түркістан халқы, отаршыл қытайды қуып тастағанымен, іле-шала билікке таласып, өзара қырқысқа батқан кезде «тәртіп түзейтін, қаһарлы басшы келсе...» деп тілеп еді. Тілегенге берген деген осы. Бақыт болып, Дәулет болып Жақып-бек келді.

Алайда, «Бақдәулеттің» айналасы бақытты емес еді. Оның мемлекетін сол кездегі 3 ұлы империя қоршап жатты. Іргеде Шыңжаңнан айырылып қалғанына кектеніп, қан жұтып, от бүркіп отырған Қытай тұр. Батыс жақтан анталап Британия келеді. Әскерінің алды Ауғанды жалмады деген дақпырт тарап жатыр. Ал солтүстікте қомағай Ресей де тыныш жатпай, жылжып жер жұтып келеді.

Сондықтан Жақып-бектің нөмірі бірінші шаруасы – армияны мықтау болды. 1870 жылы әскерінің санын 45 мың сарбазға дейін жеткізді. Алайда «Бақ-Дәулет» әскерінің техникалық тұрғыда мешеу екендігін, қару-жарақтары ортағасырлық екендігін нақты білетін. Сол себепті жарақты жаңартуға барын салды. Сол үшін қазынаға салық алып келетін бүкіл саланы дамытуға күш салды. Егіншілікті заманауи тәсілге көшіру, саудагерлікті дамыту, ұста-шеберлердің үлесін көбейті сынды шаруаларды қолға алды. Әрине, жергілікті жұртқа көбірек салық сала бастады.

Алдағы бөлімде Жетішаар мемлекетін сақтап қалу, өміршең ету үшін Сыздық сұлтан Үндістан барып, ағылшындармен, Стамбұлда осман патшасымен келісім жасасқанын сөз етеміз.

Жалғасы бар...