Шәкерім және Елтай
25.10.2018 2799
Дуалы ауыздан шыққан сөз шымбайына бата бастаған мезетте басын көтеріп алған Елтай кителін иығына іліп, малдас құрып отырды

Шебер тағдырдың қиылыстыруын қойсаңызшы, жаңа сөз болған қысылтаяңда, яғни 1931 жылдың жазында, замана толқыны тудырған аттанбайлар мен шолақ белсенділердің «ең үлкені» Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров, құдай айдап, Шыңғыстауға ат басын тіреген ғой. Азан шақырып қойған атын ақтай алмаған бұл пақырың Шәкеріммен жүздеседі. Қысқасы, драмаға ма, әлде киносценарийге ме өзі сұранып тұрған сирек оқиғаның куәсі боламыз.

Әулие Шәкерім мен шолақ белсенді Елтайдың кездесуі жайлы мағлұматты Қ. Мұхаметхановтың «Шаһкәрім» атты мақаласынан алайық. Онда Шәкәрім мен Елтайдың Шыңғыстаудағы кездесуін өз көзімен көрген Аюбай Кенесарин (1906 жылы туған) мынадай естелік айтады: «Осы ауданға Қазақ үкіметінің бастығы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шәкәрім сол кісіге кіріп, ұзақ әңгімелесіп, шығып тұрғанда көрдім. Жаздыкүні болатын. Елтайға арналып, Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше қазақ үйі тігілген-ді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты.

Бір кезде Елтай отырған үйден Шәкерім де шығып келіп, тұрған халыққа: «Малдан айырылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар» деп атына мініп, жүріп кетті».

Осы кездесудің белгісіндей мынадай өлең жолдары бүгінге жетті:

…Қазақтың басшы баласын

Сөйлестім, көріп шамасын.

Қалайша қалап қойған ел

Сезімсіз, ойсыз шаласын,

Түк келмейтін қолынан?!

Ел мұңын ондай ұға алмас,

Бастық та болып тұра алмас.

Мансапқа өзің мақтансаң,

Еліңнің басы құралмас,

Адасар айқын жолынан…

Бірінің білімі теңіздей терең, бірінің ой-сауаты шұқанақтай ғана екі адамның тілдесуі мен пікірлесуі қалай өтті екен? Ой жүгіртелік.

Шәкерім сәлем беріп кіріп келгенде, түскі асты асықпай ішкен Елтайдың енді қарынын сипалай қазақы үстелдің төріне жантая түскені сол еді. Үлкен ақын, дана адам дегенді естіп жүрсе де, қатты шаршап жүрген адамның кейпімен ақсақалдың сәлемін алған соң қайта жантайды. Кәнігі шешен Шәкерім сөзін жайлап өрбітіп, былайша түйді: «Өзің де білесің, қарағым, өзегін өртеп тұрған аштыққа ұшыраған адамда да, елде де ақыл-ес қалмайды. Сол аштық құрғырың, соғып кетпесе игі... Қазақта я егін, я өндіріс жоқ қой, қолдағы азын-аулақ малы кетсе не болады?»

Дуалы ауыздан шыққан сөз шымбайына бата бастаған мезетте басын көтеріп алған Елтай кителін иығына іліп, малдас құрып отырды. Сұхбат құрғанда кімге де болса аса кішіпейіл, лепіріп лағуды білмей, сөзді әдеппен тосып сөйлеу Шәкерімнің дағдысы еді. Ол тебіренте сөйлейтін, пікірін салмақпен құйылтып, ой қозғайтын толғаулармен, түйінді термелермен адамды еріксіз өзіне тартып отыратын айтулы шешен адам болған. Осыған қоса, сөз арасында атақты ойшылдардан мысал келтіріп отыруды ұнататын-ды.

Бұл жолы да отырғандарды иіріп алған еді, кенет Елтай жын ұрғандай атып тұрып: «Сендер түкте түсінбейсіңдер! Мәселе әлемдік революцияда, иә, иә нақ солай. Мына Сізді халықшыл, кедей табының сойылын соға ма десем... Жоқ, бұл елдің үлкені де, кішісі де контра!» деп айғайға басқанын өзі де аңдамаған секілді.

Шәкерім әуелде үкімет басшысының мына қылығына асықпайтын, орнықты Олжабай Шалабаев және жаңадан келген иықтары қозғалақтап, көздері ойнақшыған сабырсыз жас нәшәндік Абзал Қарасартовпен бірге аңыра қарап қалып, сәлден соң көк етігінің қонышы түңліктен түскен сәуледен жылт-жылт ете, галифесінің екі балағы елбеңдеп, аты-шулы көсемдерге еліктей қолын кеудесіне қойып ерсілі-қарсылы кезген үкімет басшысы езуіне күлкі үйірді. Бұл оның кім екенін танып қалғаны еді, енді жағдайды ушықтырмау үшін ғана күйбең тіршілік әңгімесіне ауысып, сабаз сабасына түскен тұста «ал амандық болсын» қысқа қайырып сыртқа шыққан.

Бұл, әрине, біздің қиялымыз. Әйтсе де әлденеше сағатта көп жайлардың қозғалғаны анық. Егер Шәкерім әнші Ағашаяқ сияқты тек жеке басының шаруасымен кірсе, оны шешуге сүт пысырым уақыт та жеткілікті болар еді.

Сыртта тосқан көпшілік «Ау, мұнша уақыт не сөйлестіңіздер? Сөз саптасы қалай?» деп қаумалағанда қажының не дегені үстідегі Аюбай естелігінің соңында келтірілген еді. Бұған қосымша «Былғары ерін, құр қарын, әлі-ақ ертең көрерсің, бұл қарынның былғарын» депті-міс.

Иә, ұлт данасы Шәкерім мен шолақбелсендінің көкесі Елтай бірін-бірі қайдан түсіне алсын. Бірақ үкімет басында Елтай емес, ел мұңын ұғатын өзге біреу отырса аштықтың алдын алу мүмкін бе еді, әлде жоқ па еді. Кесіп айтуға қиын, өйткені, гәп аярлықпен қазақтың бөркі мен шапанын киген шала сауаттылау адамды қасына отырғызып қойып, соның атынан ақсүйек аштықты қолдан жасаған құдайы жоқ кәпір Қужақ-Голощекиннің «Қазақстанда кіші Октябрь жасамақ» жоспарына тірелгені қазір ешкімге құпия емес.

Сонымен, мемлекет басшысын да көріп, әділет ауылы алыстығына бұрынғыдан да бетер көзі жеткен Шәкерімге Қоңыр аттың басын қайтадан жапандағы жалғыз тамына түзеуден өзге не қалсын. Ондағы мақсатын ашық айтып:

Мен кеттім, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жинаған қазынамды,

Оңашада қорытам ойға салып, – дейді.

 

Асан ОМАРОВ, шәкерімтанушы