Бір Байтайлақ екі жерленбеген
26.02.2018 1928
Семей өңірінде өмір сүрген керей Байтайлақ батыр – шеруші Бәйімбетұлы Байтайлақ емес, 1757 жылы Шың офицерімен жолығып жүрген Байтайлақ – шұбарайғыр Қожаберген батырдың баласы

Тарих – нақтылықты, дәлдікті сүйетін ғылым. Өзге жұрттың тарихын қайдам, қазақ тарихының арғы кезеңдері ұшы-қиырсыз фольклормен астасып жатады. Соңғы елу жыл мұғдарындағы тарихи санамызды негізінен көркем әдебиет қалыптастырды десек, артық айтпаған болар едік. Мұның нәтижесі мен салдары да күн өткен сайын айқындала түсуде. Ілгері дәуірден есімі жеткен біреуге қатысты там-тұм деректерді сол адамнан ілгері-кейінді өмір сүрген өзге біреуіне орынсыз теліп жариялай салу тым көбейіп кетті. Бұған әсіресе жазушылар мен журналистер, әуесқой тарихшылар мен шежірешілер көп «үлес» қосты.

«Өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші, әлдебір батыр-бағланның, би-болыстың кейінгі қалталы, ықпалды ұрпақтарының, руластарының ығына жығылып, бұра тартып жазған немесе өлермендікпен өз атасының тасын төрттен қоя отырып белден басып жазған дүниесі ертең өміршең бола ма, жоқ па дегенге сол зерттеуші, жазушылардың көбісі бас ауыртпайтын да сияқты. Сондықтан да болар, көбінің қоясы ақтарылып, дау-дамайға шатылып, әшкере болып жататыны үйреншікті жайға айналған. Міне, осы себептен де соңғы сексен жылдың көлемінде, әсіресе сексенінші жылдардың соңынан бері қарай жазылған тарихи тұлғаларға, оқиғалар мен жәдігерліктерге қатысты еңбектердің көбіне үлкен күмәнмен аса сын көзбен қарайтынымыз да рас.

ХVІІІ ғасыр қазақ тарихының аренасына аса көп батырларды шығарды. Әрине, олардың ешбірі де «батыр болайын, тарихта атым қалсын» демеген болар. Ол ерлердің өшпес даңқы қалуының өзі – дәуірдің сұранысы еді ғой. Біздің мақаламызға да осындай ерлігі өшпес ерлер арқау болып отыр.

Орта жүз Керей руының абақ бірлестігіне кіретін он екі рудың бірі – шеруші. Шеруші өз ішінен алты руға бөлінеді. Осы алты ру жоңғар шапқыншылығынан бері қарайғы кезеңде «Байтайлақтап!» жауға шапқан екен. Рулы елге ұран болған Байтайлақ батыр Бәйімбетұлы – шерушінің Құтымбет (Ұзынмылтық) атасынан тарайды. Байтайлақ Бәйімбетұлының өмір сүрген жылдарына қатысты екі түрлі болжамды қолдаушылар бар.

Бірінші топтағылар батыр 1703-1781 жылдары өмір сүрген десе, келесілері 1690 жылдар мен 1740 жылдардың ортасын ала өмір сүрген деп біледі. Сонымен қатар Байтайлақ батырдың жерленген жеріне қатысты да күні бүгінге дейін екі түрлі болжам орныққан.

1703-1781 жылдары өмір сүрген дегенді қолдаушылар Байтайлақ батыр қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Қалбатау өңірінде өмірден өтіп, әйгілі батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының қасында жерленген деп біледі. Осыған негіздеп 2014 жылы Байтайлақ Бәйімбетұлына Қалбатауда кесене тұрғызылып, Астанада және Шығыс Қазақстанда ас беру, конференция т.б. біршама шаралар өткен еді.

Екінші бір нұсқаны жақтаушылар Байтайлақ батырдың зираты қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданы орталығы Талшық кентіне жақын маңда деп біледі. Әр тараптың келтірер өз дерегі мен дәйегі бар.

Екінші нұсқаға қатысты айтарымыз – Талшық төңірегіндегі жергілікті қазақтар бұл араны ежелден «Батыр төбе» атап, «онда керей руынан шыққан Байтайлақ батыр жерленген» деген мәліметті үш ғасыр бойы ұрпақтан ұрпаққа ұмытпай жеткізіп келген. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бұл туралы айтылып, мерзімді баспасөз беттерінде танымдық мақалалар жарық көре бастаған. Осы мақала авторы да бұған үн қосқан болатын.

2015 жылы жармалық этнограф-тарихшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мұхаметқазы Мұхамадиұлы ақсақалмен Астана қаласында кездейсоқ ұшырасып қалғанымыз бар. Жас кезінде сол өңірдегі ақсақалдардың сыбырлап аманаттауымен Ер Жәнібектің зиратын жадында сақтап қалып, жоқтаушыларға әйгілеген тұлғаның ел шежіресінен естіген-білгені көп. Байтайлақ батыр туралы сұрағанымызда ол кісі: «Бір азаматтар сол арада кесене тұрғызу үшін өтініш білдірген екен. Жергілікті жауапты адамдар: «Ел мен жер тарихынан хабарыңыз бар ғой, осы мәселеге қалай қарайсыз?» деп менен сұрағанда: «Шеруші Байтайлақ батыр бұл жерде жатыр деп естіп-білген емеспін» деп жауап бердім» деген еді.

Осы және көптеген жағдайларға байланысты, біз шеруші Байтайлақ батыр шығыстағы Қалбатау өңірінде емес, солтүстіктегі Қараой алқабында жерленген деген пікірге бекіне түскендіктен, мұны дәлелдейтін факт іздестіруді бастаған едік. «Сабақты ине сәтімен» демекші, біздің қолымызға көрнекті ғалым И. Ерофееваның құрастыруымен шыққан «Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов)» [1] атты мұрағат деректері жинағы түскен болатын. Аталған жинақтағы №203 құжатта Байтайлақ батыр туралы айтылады. 1737 жылдың 12 желтоқсанында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтандардың Ресей патшайымы Анна Иоанновнаға жазған хатында:

«...біз, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан, мәртебелі патшаға бас иеміз. Және де мәртебелі генерал әрі мырзаға бауырымызға өз арызымызды жолдаймыз:

Бұл арқылы мыналарды мәлімдейміз: сіз мырза, сіз бізден хат арқылы мынаны: Байтайлақты және ол тұтқынға алған адамдарды бізге жолдауды талап еткен едіңіз. Және де ол хатта сіз Байтайлақтың 26 адамды тұтқындап әкеткенін мәлімдеген екенсіз. Бірақ Байтайлақ мұнда тек он алты адамды ғана әкелген екен. Осылардан он төрт адамға қосып, Байтайлақтың өзін қоса жіберіп отырмыз. Екі адамның қайда екенін Байтайлақ өзі айтып берер. Осы ретте мен Әбілмәмбет сұлтан, ұлы патшаның құзырындағы сансыз күнәһар Байтайлақты, күнәсін мойындаған жағдайда босатуды өтінемін. Мен, Әбілмәмбет сұлтан, менің иелігімдегі керей, уақ, атығай, қыпшақ руларында кім де кім ұрлық пен зұлымдық жасаса, оларды ұстап алып, жөнелтетінімді мәлімдеймін, ал өзге руларда мұндай әрекеттер байқалса, дереу мәлімдейтін боламын... Осылайша керей руынан Байтайлақ, Қарнақ, Әйтімбеттер, Ақжігіт биден оның бауыры Еренжі, Қара биден Достыжы мен Баймеген, Арсалан жөнелтілді. Және егерде Байтайлақ пен өзгелерін қайтарсаңыздар, біздің халқымыз қуанатын болады (аударма біздікі – А.Байтанұлы)» [1, 249-бет, №203 құжат] дейді.

Демек, хатта айтылғандай, Ресей патшалығының 26 адамын тұтқындап әкетіп отырған Байтайлақтың да тегін адам болмағанын бағамдаймыз.

Жоғарыдағы хатпен бір мезгілдегі келесі бір хатта хан мен сұлтан Ресей патшайымына былай деп мәлімдеген екен: «...біз, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан, мәртебелі патшаға бас иеміз. Және де мәртебелі генерал мен мырзаға мыналарды мәлімдейміз: Байтайлақ әкелген тұтқындарды жөнелтеміз және ұлы мәртебелі патшайымға өз басымызды иеміз; және де ұлы мәртебелі патшайымға кім дұшпан болса, біз де оған дұшпанбыз, кім ұлы мәртебелі патшайымға ілтипатты болса, біз де ілтипаттымыз. Төрт руға: керей руына, уақ руына, атығай руына, қыпшақ руына ұрлық жасауға жол бермейміз (аударма біздікі: А.Байтанұлы)» [1, 249-бет, 204 құжат].

Осы арада бір сұрақ туады. Байтайлақ батырдың тұтқынға алып жүрген адамдары кім? Және ол оқиға қай жерде болуы мүмкін? Бұл сұраққа қатысты былайша болжам жасауға болады: Орынбор экспедициясының басшысы И.К. Кириловтың 1736 жылы Далаға жіберген адамы ноғай казагы Көбек Байназаровтың мәлімдеуінше Әблхайыр, Сәмеке хандармен қатар, Ертіс маңында көшіп жүрген Әбілмәмбет сұлтан да өзінің бодандығын растаған» [1, 244-бет]. Демек, Әбілмәмбет хан хатты 1737 жылы Ертістің сол жағалауындағы өңірден жолдаған. Себебі, қазіргі Павлодар облысының оңтүстігінен ары қарайғы жерлер сол уақытта әлі Жоңғар иелігінде болғанын ескерсек, бұл қазіргі Омбы қаласынан бергі аумақ екенін аңғару қиын емес. Осы хаттан бұрын, яғни 1737 жылы 11 қыркүйекте полковник А. Тевкелевке жазылған мына хатта: «Әбілмәмбет ханнан, Абылай сұлтаннан және барлық абақ керей старшиналары мен билерінен тақсыр Тевкелев мырзаға жалынышпен бас иеміз» деп басталып, 200-дей адам өзгелерді тыңдамай, патша адамдарына аттанып, мәртебелі тақсырға қарасты елге зиян шектіргеніне өкінетінін білдіреді» [№200 құжат. 247-бет]. Белгілі бір адамның аты аталмаса да, мұны біз алдыңғы құжатта айтылған Байтайлақ батырдың ісі болуы мүмкін деп бағамдаймыз.

Бұдан өзге де хаттардан көргеніміздей, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан қарамағындағы рулар Ертіс пен Жайық ортасында көшіп жүрген және осы кеңістіктегі башқұрттар мен Еділ қалмақтарымен, орыс казактарымен ара-тұра шарпысып қалып отырған. Жоғарыдағы Байтайлақ тұтқындаған адамдар ақ патша қарамағына ертерек енген осы үш жұрттың бірінен деп болжауға болады. 

1723 жылғы «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін Орта жүз рулары Сыр бойынан Жайыққа дейін барғаны белгілі. Бұл туралы тарихи деректер мен аңыздар көптеп ұшырасады. Осы кезде Керей руының батырлары Ор бойында орыс қамалына шабуыл жасап талқандаған соң, шығысқа қарай үдере көшкені туралы батырлық жырларда айтылатыны бекер еместігін жоғарыдағы хаттан аңғару қиын емес.

Біздің болжауымызша, енді-енді ғана бодандықты қабылдап жатқан қазақтардың наразылығын күшейтпеу үшін Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның өтінішімен патшалық адамдары Байтайлақ қатарлы адамдарды босатқан болуы керек. Себебі, Байтайлақ батырдың Ресей үкіметі тарапынан қолға алынып, қайтыс болды деген ауызша да, жазбаша да деректер ұшыраспайды. Бұл тұста Байтайлақ батыр қандай жас шамасында болды дейтін болсақ, кемінде қырықтан асқан ел ағасы болуы керек.

Осы арада қазақ хан-сұлтандарының, би-батырларының жан-жақтан төнген қауіп-қатерді ескере отырып, екіұшты саясат ұстанғанын да аңғарамыз. 1740 жылы Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Ор бекінісіне келіп, орыс патшайымына адалдық туралы ант беру туралы өтініш тапсырған делінеді. Олар осы арқылы башқұрттар мен Сібір казактарының шабуылынан қорғануға, Ертістің оң жағалауына кедергісіз өтуге, орыс-қазақ сауда-саттық қарым-қатынасын жолға қоюға мүмкіндік алуды көздегені анық. Қазақтар шығыста қас қақпай бақылап отырған Шың империясымен де дәл осыған ұқсас қарым-қатынасқа да мүдделі еді. Қазақ басшыларының бұл саясатын әрине Ресей де, Жоңғария да, Шың да мүлтіксіз сезіп-бағып, соған сай әрекет етіп отырғаны анық. Дәл осы себептен болар, 1740 жылдың күзінен бастап Жоңғария қонтайшысы Галданцэрэн Арқаға әлденеше рет мол әскер жібереді. Қазақ аңыз-жырларындағы «Шарыштың басын Абылай алған» дейтін кезең де, Абылайдың Шідерті бойында жоңғарлардың қолына түсетін тұсы да осы (1741 ж.).

Біздіңше, Абылайдың үлкен саясат аренасындағы жұлдызы жарқырай жануы дәл осы екі жарым жыл жоңғар тұтқынында болып босаудан басталады. Қонтайшы Галданцэрэнмен келісім нәтижесінде аз уақыт аңдыспалы тыныштық болғанымен, 1745 жылы Галдан өлгеннен кейін оның мирасқорлары Арқадағы Әбілмәмбет, Абылай иеліктеріне әлденеше рет қанды жорықтар жасағаны белгілі. «Жау оғынан қаза болды» деп аңыздарда айтылатынындай, Байтайлақ батыр сол көп ұрыстардың бірінде Арқа өңірінде қаза болған деген болжам жасауға негіз бар. Қазіргі күні қазақ даласының қиыр солтүстігі ретінде картада көрініс тапқаны болмаса, Сілеті мен Теке, Үлкен, Кіші Қараой көлдерінің арсында жатқан бұл шалқар алап Жоңғар хандығы тұсында, Орта жүз руларының шеткі аумағы еді. Себебі, Шідерті өзенінен арғы жерлер ұзақ жылдар жоңғарлардың иелігінде болды. XVII ғасырдағы Еділ-Жайыққа өгдей өрлеген торғауыт қалмақтардың, 1750 жылдарға дейінгі жоңғарлардың ат тұяғының дүбірін көрген бұл өңірде Қалмаққырылған, Мұқыры, Дүгіржап, т.б. жер-су аттары баршылық.

Байтайлақ Бәйімбетұлы туралы Жоңғар хандығы күйреген және одан кейінгі кезеңдерге қатысты архивтік құжаттарда ұшыраспайды. Мұны батырдың 1740-1760 жылдардың   арғы-бергі тұсында өмірден өткендігімен түсіндіруге болатын шығар.

Ал шығыс өңірдегі Байтайлақ батырдың зираты туралы айтылып келе жатқан дерек не болмақ? Бұл сұраққа да тарихи құжат арқылы жауап табамыз. Осы арада қазақ хан-сұлтандары мен би-батырларының алып империялар қос бүйірден қысқан алмағайып замандағы қоянбұлтақ саясаты туралы тағы да аздап сөз етуге тура келеді. Қазақ билеушілері, оның ішінде Абылай хан Әмірсанамен достығын пайдаланып жоңғарды іштей ірітуге тырысуында үлкен көрегендік бар еді. Ертең Жоңғария құлаған кезде, бір заманда қолды болған атажұрт Алтай-Сауыр, Тарбағатай, Ілені иемдену керек болатын. Жоңғарды жоймай тынбасқа бекінген Шың империясының да көңілін тауып отыру керек. Қытай боғдыханына да «бала боламын» деп ант беріп, емексіту жасайтындары сол үшін еді. Ақпатша билігіне жаманатты болмау үшін түрлі ішкі қайшылықтар себебі тәріздендіріп, ежелгі жерге жетуге мүдделі кейбір руларды шығысқа қарай жөнелте беру деген саясатты да ұстанған болуы керек. Ер Жәнібек батыр бастаған абақ керей руларының шығыс өңірлерге қарай ұмтылысында осы саясаттың арқауы жатыр. Жоңғар қонтайшысы Әмірсана өмірінің соңы яғни 1756-1757 жылдар негізінен қазақтардың, соның ішінде керей рулары арасында өткені белгілі. Бұл туралы архив деректері мен халық арасындағы толып жатқан ауызша аңыздар дәлме-дәл сәйкеседі. Мәселен, Әмірсана Тобылға аттанар алдында керей шұбарайғыр руының батыры Қожабергенге Мұлтыр (қазақша аты Қазақбай), шеруші Есентай байдың әулетіне Лама (Лаба) атты екі баланы қалдырғаны белгілі. Қазіргі күні осылардан тараған ұрпақтар шұбарайғыр мен шеруші руларының ішіндегі өсіп-өнген үлкен әулеттерге айналған.

Біртіндеп шығыстағы Байтайлаққа ойысайық. Әмірсананы қазақ даласында індете қуған Шың армиясы офицерлерінің жазып қалдырған деректерде керей шұбарайғыр Қожаберген Жәнібекұлы туралы біршама айтылады. Солардың бірінде  былай дейді:

«1757, қыркүйек, Қазақ билеушісі Қожабергенмен келіссөзі туралы Чжао Хойдың әскери кеңесшіге баянаты.

Цян Лун билігінің 22-жылы, 8-ай, бининь.

Динбянь оң қанат фуцянцюны Чжао Хойдың қазақ басшысы Қожабергеннің сөзі туралы баянаты:

7-айдың 6-сы күні Эбукетедегі қарауыл, Айхусы (Аягөз), Яр (Шар) жағынан 200-ден астам  салт атты өткенін мәлімдеді. Ат тұяқтарының ізі өте үлкен, қазақ жылқыларыныкіне ұқсайды.

Қызметшіңіз шивэй Да Лишан бастаған отрядты барлауға жіберді. 7-сі күні ол қосынға Қожабергеннің ұлы Байдалық (Байтайлақ) пен кіші інісі Балат-Мамиді (Баймәметті) және басқаларды ертіп әкелді, олар былай деді: «Абылайдың ұлы императорға бағынышты болғаны туралы хабар бүкіл халыққа тарады. Біздің әкеміз бен үлкен ағамыз Әмірсананы іздеумен жүр. Алдымен сіздермен кездесуге бізді жіберді. Және де бағынышты Баярнямды қолға түсіріп, сыйға жіберіп отыр, ол үшін қарымта сыйлық беруін сұраймыз (орыс тілінен аударма біздікі: А.Байтанұлы)» [2].

Демек, Семей өңірінде өмір сүрген керей Байтайлақ батыр – шеруші Бәйімбетұлы Байтайлақ емес, 1757 жылы Шың офицерімен жолығып жүрген Байтайлақ – шұбарайғыр Қожаберген батырдың баласы. Шұбарайғыр руының бірнеше шежіресінде Қожаберген батырдың тұңғыш ұлы Байтайлақ екендігі анық жазылған. Қожабергенұлы Байтайлақ шамамен үлкен 1737 жылдары өмірге келген деп жобалауға болады.

И. Ерофеева құрастырған еңбектен Байтайлақ Қожабергенұлы туралы деректерді де кездестірдік. Енді осыған кеңінен тоқаталайық.

Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанның 1777 жылы 9 ақпанда Сібір шекара шебі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Д. Скалонға жазған хатында орыс үкіметі мен қазақтар арасындағы түрлі жағдайларды баяндайды. Мұндағы мақаламыз үшін маңызды үзіндіні алайық: «...Ерекше айтқанда, бекіністе орналасқан орыстың Иван батыры тарапынан қазақтарға көбірек реніштер туындап жатыр. Қожаберген батырдың баласы Байтайлақты өзіне алдап шақырып алып, түнекте екі ай ұстап, шығарда аямай дүре соққан себепті өз ұлысына жетпей қаза болды...(орыс тілінен аударма біздікі: А.Байтанұлы» [1, 375-бет, №355 құжат] делінген.

Бұл жерде анықтайтын нәрсе, хаттың шағатайша түпнұсқасының факсимилесіне үңіле отырып, мәтіндегі сөздерді қалдырып кету, жаңсақ оқуға жол берілгендігіне көз жеткізілді. Орысша аудармасында «называемого Хутеберген-батыра сына Байталака» (Байтайлақтың баласы Қожаберген) деп берілген болса, түпнұсқада: «керей Қожаберген батырдың баласы Байтайлақ батырды...» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Демек, кіші Байтайлақтың да халық көзі тірісінде «батыр» деп таныды деуге толық негіз бар.

Әбілпейіз төренің Зайсан мен Балқаш аралығындағы найман, керей руларының сұлтаны болғанын, сол тұста Ер Жәнібек бастаған абақ керей рулары Қалба өңірінде өмір сүргенін ескерсек, Байтайлақ Қожабергенұлы қырық жас шамасында сол өңірде қаза тапқан болып шығады. Әбілпейіз сұлтанның баласы Көгедайды гүңнің ұрпақтарына қарасты абақ керей рулары ілгерінді-кейінді бұл өңірден тұтастай дерлік ірге көтеріп, ежелгі мекенге қоныс аударып кеткен себепті, батырдың зиратына қатысты «шұбарайғыр» анықтауышы ұмытылып, «Керей Байтайлақ» екендігі ғана қалуы да заңдылық емес пе? Зиратқа қатысты жаңсақ басудың түйіні осы дер едік. Тіпті күні кешеге дейін Ер Жәнібектің басын алғаш көтеру кезінде «Қошқарұлы Жәнібек» деп жазып қойған жоқ па?

Екі Байтайлаққа қатысты ой-пікірді, дәлел-дәйекті осы жерден аяқтауға немесе төменде айтылатын жайларды басқа мақаланың жүгі етуге де болушы еді. Бірақ қатысты болған соң жалғастырып отырмыз. Бізді қызықтырғаны – Әбілпейіз сұлтанның хатындағы қазақтарға зиян шектіруші Иван батыр кім болды деген сұрақ еді. Бұған жауап табу қиынға соқпады және төменде біз бөгенайлаған тарихи тұлға – анық осы «Иван батыр» екендігіне сеніміміз зор.  

Иван батырдың кім екендігін білу үшін сол кезеңдегі Семейдің тарихына көз жүгіртуге тура келді. Біздің назарымызға «Караван» газетінің 2015 жылғы 29 мамырындағы санында семейлік өлкетанушы Алла Белякинаның «Ұмытылған Семейдің негізін қалаушы» («Забытый основатель Семипалатинска») [3] деген мақаласы ілінді. Мақаланың кіріспесі былай деп басталыпты: «Қазіргі күні Семейде осы қаланың негізін қалаған, осы өлкені зерттеуші әрі алғашқы орыс-қазақ сөйлеспелі сөздігінің авторының атын ешкім де білмейді...» дей отырып, Тобылдық ұсақ дворян отбасынан шыққан әскери инженер-топограф Иван Григорьевич Андреевтің 1776 жылы жаңа қамал тұрғызу үшін Ертістің оң жағалауына келгені айтылады. Оның себебі де бар екен. Қаланың жарты ғасыр бұрын орын тепкен алғашқы орны мүлде қолайсыз болып шығады. Жағалау жиегі жиі өзгермелі әрі тарам-тарам арналардың ортасындағы тоғайлы аралдар алысты бақылауға мүмкіндік бермейтін болған. Дала қазақтары тарапынан жиі шабуылға ұшырап отырған. Тіпті бұдан бес жыл бұрын, яғни 1771 жылы Еділден ежелгі мекені Шығыс Түркістанға үдере көшкен қалмақтар да бекіністі жайпап өтіпті. Осылардың бәрін ескерген капитан Иван Андреев бұрынғы жоңғар хошауыттардың ғибадатханасы Дархан цоржийн хийд (Дархан Цорж ғибадатханасы) орналасқан жерге қазық қағады. Орыстар будда ғибадатханасының пішініне қарап «Семьпалат» атағандықтан, кейін қала да солай аталып кете барады. Бекініс тұрғызу алты айға созылып, оған орыс солдаттарына қоса, жер аударылған тұтқындардың еңбек күші пайдаланылған. Демек, Байтайлақ батырдың ажалына себепкер Иван батыр – осы Иван Андреев деп сеніммен айтуға болады. Бірақ, не үшін шақырып алып азаптағаны жұмбақ. Иван Андреевтің суреті сақталмағаны болмаса, ол жайлы мәліметтерді көп кездестіруге болады.

Айтпақшы, жоғарыдағы мақала авторы Иван Андреев салған көптеген бірегей ғимараттардың ең соңғысы, әйгілі абақтының 2012 жылы көктемде тарихи маңызы жоқ деп танылып бұзылғанына қинала өкініш білдіреді. Сөйте келе, Семейдің қазығын нықтаған Иван Андреевтің есімін қаланың бір көшесіне немесе жағалауға беруді қаншама жылдар бойы өлкетанушылар талмай сұрап келе жатса да еш нәтиже шықпай келе жатқанын жазады. «Иван батырдың» жайы осылай екен.

Байтайлақ батырға қатысты деректерді тарқата айтқанда осындай. Ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолындағы бір үлкен парыз – ел қорғаған ерлер жатқан қасиетті топырақты қастерлеу екенін ескерсек, қазақ даласының шығысы мен солтүстігінде жатқан Байтайлақ батыр атты екі бірдей ердің еңбегін лайықты ұлықтауымыз жөн болмақ.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ, гуманитарлық ғылымдар магистрі, ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 годов / введ., биогр., коммент., сост. и ред. И.В. Ерофеевой. т. I. Письма казахских правителей. 1675-1780 гг. - 696 с.; т. II. Письма казахских правителей. 1738-1821 гг. - 1032 с. - Алматы: ао «Абди компани», 2014

2. Цинская империя м казахские ханства. Вторая половина ХҮІІІ-первая треть ХІХ. Составители К.Ш.Хафизова, В.А.Моисеев. Алма-Ата: Наука, 1989, Часть 1 – 216 с,

3. А.Белякина. «Забытый основатель Семипалатинска» // «Караван», 29 мая, 2015 г.