Жаңа әліпби жаңашылдыққа бастайды
20.02.2018 1265
Қазақ тілінің болашағы, Президентіміз айтқандай, қазақтың өз қолында. Осыны әр қазақ ұмытпауы керек. Ұлт тілін дамытуға әркім қал-қадерінше үлес қосуы керек

Сонда ғана дүниедегі барша қазақтың ана тілі – қазақ тілі өсіп-өркендейтін болады.

Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деді [1]. Ол осы мақсатқа қазіргі заманның энциклопедиясына айналған әйгілі еңбегі – «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында да жұртшылықтың  назарын аударған болатын.

Сол атқарылуға тиісті істердің ең маңыздысы ретінде көтеріліп отырған мәселе – қазақ жазуында қазіргі қолданылып келе жатқан орыс графикасын (кирилицаны) қазақи таңбаға негізделген латын әліпбиімен ауыстыру. Бұл мәселе бойынша тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ талай пікірлер айтылуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2006 жылғы XII сессиясында, басқа да жиындарда сөйлеген сөздерінде, Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында осы мәселеге бірнеше рет назар аударылды.

Президентіміз 2017 жылғы сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таяу жылдарға қатысты міндеттерге тоқтала келе, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек екендігін айтқан еді [2].  

Бізді қуантатыны, күні бүгін жарияланған ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» өзінің  2017 жылғы 26 қазандағы Жарлығына тиісті өзгерістер енгізіліп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа редакция­сы бекітілді [3].

Бұл – ұзаққа созбай, осы кезден бастап, барлық салаларда біз латын қар­піне көшуге арналған нақты іс-шараларды жүзеге асыруға міндеттіміз деген деген сөз.  Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.  

Елбасының ұйғаруынша, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады.

Қазіргі кезде біздің азаматтарымыздың басым көпшілігі латын жазуына көшуді әлемнің заманауи инновациялық-технологиялық жетістіктеріне ілесудің төте жолы, дүниежүзілік өркениет игіліктеріне қосылудың бірден-бір негізгі тетігі деп біледі.

Менің өз басым қазақ тілінің жанашыры ретінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын толығымен қолдаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазуға тырысып бағамыз. Енді осы мақсатқа жетуге Елбасының бекітілуімен ұсынылып отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі жол ашып отыр. Үшіншіден, қазіргі заманның соңғы технологиялық жетістіктері, барлық ақпараттық-коммуникативті байланыс құралдарының желісі латын әліпбиіне негізделгеніне жұртшылықтың көзі жетті.

Сонымен бірге бұл күндері халықаралық байланыс жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі де латын жазуымен біздің күнделікті тұрмысымызға еріксіз еніп отыр. Осы айтылғанның бәрі елімізде латын әрпіне көшудің кейбір алғышарттары қазірдің өзінде жасалып жатқанын көрсетеді. Оның үстіне, қазақ халқы бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу тәжірибесін екі рет – 1928 жылдан басталып, 1932 жылы араб графикасына негізделген төте жазудан – латын әліпбиіне, 1940 жылы латын жазуынан бүгінгі кириллицаға көшу дәуірін бастан өткізгені баршаға мәлім.

Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Дегенмен, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, тіліміздің ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет.

Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, Елбасының бірталай еңбектерінде көтерілген, ал бүгінгі күні оның аса тарихи маңызды Жарлығымен шешімін тауып отырған  латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды деп есептеймін. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін жан-жақты ойлануымыз қажет. Себебі, латын әліпбиіне көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, алдымен, латын графикасына көшудің барлық жолдарын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек.

Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Біздің ойымызша, ондай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Алдымен қолда бар оқулықтар мен әдебиеттің барлығын тұтастай сауатты етіп аударып шығу қажет.    

Үшіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізіп, латын қарпін сауатты жазу бойынша дәріс беретін  оқытушылар дайындау қажет сияқты.   

Ал біздің институттың ғалымдары латын әліпбиіне көшу барысында өздерінің белсенділігін танытып,  мемлекетіміздің алдындағы аса жауапты іс-шараларды жүзеге асыруға атсалысады деген ойдамын.

Талғатбек ӘМИНОВ, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл

2. Н.А.Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Астана, 5 сәуір  2017 жыл

3. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлығы