«Шивээт улаан» ескерткішіндегі таңбалар мен кешеннің кіреберісінде орналасқан арыстан мүсіндегі қаған таңбасы өте сирек кездесетін тарихи құнды деректер қатарына жататынына дау жоқ
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне жүргізілген «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпелілерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедицияның ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелері жұртшылық назарына ұсынылды.
Айтулы шараға Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі рашад Маммадов, Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Икром Назаров, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» респбуликалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Иылдыз, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, Түркиядан, Қырғызстаннан келген және қазақстандық көрнекті түркітанушы, тарихшы ғалымдар қатысты.
Келелі жиынның модераторы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институттарымен бірлесіп, түркиялық ТІКА ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған Өтүкендегі ІІ Халықаралық экспедиция жұмысының маңыздылығын айтып өтті.
Көне түркі бабаларымыздың ғұрыптық кешені «Шивээт улаан» жобасын зерттеп айналысуда мұрындық болған Халықаралық Түркі академиясы ауқымды жұмыстар атқарды. Экспедициясы аясында «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ түркі-моңғол археологтарының дала семинарын өткізді. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Енді міне, түркі дүниесінің алқалы жиынында қорытынды нәтижелерін ұсынып отыр.
Қорытынды жиында «Шивээт улаандағы» экспедицияның қазақстандық тобына жетекші болған ғалым Нәпіл Базылхан арнайы баяндама жасап, көпшілікке ғұрыптық кешен туралы қысқаша баяндап берді.
«Моңғолияның орталық ауданында орналасқан «Шивээт улаан» деп аталатын аса ірі ғұрыптық кешен бар. Осы кешенде археологиялық зерттеу, жалпы құрылым бітімін анықтау мақсатында бірлескен экспедиция 2 ай бойы қазба жұмыстарын жүргізді. Басты мақсатымыз қорымның құрылым-бітімін анықтау болды. Өйткені, бұл көне түркі дәуірінің бітім-болмысы жағынан қайталанбайтын ерекше кешені. 60-тан астам таңбасы, 30-ға жуық тас мүсіндері бар, таудың төбесінде, екі өзеннің қиылысында орналасқан», - деді Нәпіл Базылхан.
Сондай-ақ экспедиция жетекшісі ғұрыптық кешеннің жалпы құрылысына, сипатамасына тоқталып, кешеннен табылған тас мүсіндер туралы айтты.
«Кешен құрылысының жалпы көлемі 120*45 метрді құрайды. Жалпы құрылымы таспен қаланған, төртбұрышты созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан құрылған. Мұнан бөлек, бас құрылыстың 8 қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғаны анықталған. Археологиялық зерттеу барысында 9 адам бейнелі, 4 жырқыш аң бейнелі, 1 қозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тас мүсіндер табылған»,-деді Н.Базылхан.
Сондай-ақ экспедиция жетекшісінің айтуынша «Шивээт улаанға» кешенді кең көлемді зерттеу жұмыстары бұған дейін әлі жүргізілмеген. Халықаралық Түркі академиясы бұл бастаманы алғаш болып кешенді зерттеу үстінде. Жоба аясында әлі де зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ТІКА ұйымының қолдауымен кешеннің сырты қоршауға алынатын болды.
Таныстырылым соңында зерттеуші ғалым Нәпіл Бәзілхан мен Түркия Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) Астанадағы өкілі Ади Ихсан Чағларды академияның «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көрсеткіні үшін» еңбектерін жоғары бағалап, Түрік академиясы халықаралық ұйымы «Құрмет громатасын» тапсырды.
Айта кетер болсақ, «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің мерзімі жайлы зерттеушілерде бірізді пікір жоқ. Кейбір ғалымдар кешен 692 жылы қайтыс болған Елтеріс (Құтлық) қағанға арналып 693 жылы орнатылған дейді. Бұл ғұрыптық кешенде тастан жасалған текше қоршаудың ішкі тұсында тас үйінді қорған орналасқан және көптеген адам, арыстан бейнелі мүсіндер, аталмыш таңбалары бар ескерткіш тастан құралады (Кляшторный, 1978, 576 б.). Жалпы, «Шивээт улаан» ескерткішіндегі таңбалар мен кешеннің кіреберісінде орналасқан арыстан мүсіндегі қаған таңбасы өте сирек кездесетін тарихи құнды деректер қатарына жататынына дау жоқ. Демек, осы ескерткіш арқылы және көне жазба деректемелер негізінде көне түрік мемлекетінің қалыптасу тарихының кейбір тұстарын, ғұрыптық кешендердің жосын-жоралғыларын, дүниетанымдық, наным-сенімдік мифологиялық ұғымдары мен құқықтық негіздерін, т.б. тұстарын қалпына келтіруге болады.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)