Жылқы тісті ер
30.09.2024 2221

Адамзат әуелі жылқыны қолға үйретті. Одан кейін үзеңгі пайдаланды. Уақыт өте келе ер-тұрман керектенді, сөйтіп эволюциялық жолмен дамыды. Әлем халықтарының этнографиясы мен этногенезін зерттеуші мамандар бұл процесті атқарған байырғы көшпелілер дейді бірауыздан.


Ендеше мына өздеріңіз суретте көріп отырған «Жылқы тісті ер», сөз жоқ, көшпенділер мұрасы екені анық. Ердің өлшеміне назар аударсақ, жалпы ұзындығы 48 см, ені 33 см (1-сурет). Жасалған уақыты – ХІІІ ғасыр. Бұл Шыңғыс қағанның әлемге билік орнатқан тұсы. 

1-сурет

Жәдігердің құрылым-сипаты хақында айтар болсақ: алдыңғы қасы биік, артқы қасы құйрық басып отыруға ыңғайлы жатаған жасалған. Қазақша айтқанда қозықұйрық ер. Бұндай ер алыс сапарға немесе жорыққа шыққанда үстінде отырған адамды шаршатпайтын керемет мүмкіндікке ие. Яғни, бұл ерді мінген адамның арқасы құрысып, белі талмайды. 

Ал қос қапталының орналасуы мен алшақтығы жылқының арқасына керемет үйлесетіндей қалыпқа тән. Ердің жалпы сипаты қазақтың ойшыл ақыны Шәкерім қажы Құдайбердіұлы айтқандай:

Атқа тыныш, адамға және жайлы,

Алды-арты бірдей сұлу көзге ыңғайлы,

Оғаш, ағат, оқыра, сызаты жоқ,

Ер қайда сыр сымбатты түгел сайлы.

Ердің басты ерекшелігі – жылқының азу тісін ағашқа шекіте сіңіріп көмкере жасағаны. Жылқы тістерін араның ұясы сияқты бір-біріне қиюластырып, өте шебер орнатқан, дүние жүзіндегі жалғыз жәдігер. Мына тістердің жылқы түлігінікі екендігі арнайы лабораторияда химиялық тәсіл арқылы анықталыпты.

Жұмысты орындаған шебер әуелі жылқы тісінің мөрі өшпеген бөлігін жұқалап 1-1,5 мм қалыңдықта кертіп алып, оны алты бұрышты формаға келтіргені анық білінуде. Одан кейін ердің алдығы қасын толық, алдыңғы қапталдың ашық тұсы мен артқы қапталдың қанжығалық бөлігін шеберлікпен қаптап шыққан. 

Осыған қарап-ақ орта ғасырда көшпенділердің қолөнері қаншалықты дамығанынан аңғаруға болады. Өйткені, жаратылыста ең қатты зат тіс. Соның ішінде жылқының тісі. Оны аса шеберлікпен жұқалап тілу үшін қазіргі заманның түсінігімен айтқанда лазерлік қуатқа ие аспап қажет. 

Мұндай іске кез келген жылқы тісі жарай бермесі хақ. Мына тістер физикалық тұрғыдан толық жетілген жылқының тісі екені көрініп тұр. Жылқыға жақын жүретін адамдар жақсы біледі. Құлыннан бастап тоғыз жасқа толғанға дейін жылқының астыңғы тісінде мөр тұрады. Ал, үстіңгі тістің мөрі 13 жасқа дейін кетпейді. Мөрі кеткен тіс сарықайрақтанады. Яғни, тістің мөрі кетіп, тіс жалаңаштанады.  Осы жалаңаш жоғалған соң тісте қараөзек пайда болады. Қараөзекте мөр бедер болмайды. Демек, ерді көмкерген тістердің айқын мөріне қарап – бұл тістер 9-13 жас аралығындағы еркек жылқының тісі деген пайым жасап отырмыз. 

Сондай-ақ, ердің алтын-күміс оюмен әшекейлейленген алдыңғы қасы көз таратады (2-сурет). 

Ер-тұрман ат әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс деген,

Қапталған жамбы күміс жалт-жұлт етіп,

Япырай дегізгендей кім істеген, – деп атақты ерші, шіліңгір ұста Дәркембай Шоқпаров айтқандай, бұлай алтын және күмісті қатар қолданып, бір-біріне қиыстыра өрнектеп, жиек салу тек ғана керемет шебердің қолынан келетін іс.

2-сурет

Бұл жәдігер қазір Ұлан-батыр қаласындағы Шыңғыс хан музейінің төрінде тұр. Оған дейін құнды мұра Еуропаны айналып Америкаға барған. Сол жерде антиквариат дүкен ұстайтын жеке саудагердің қолында тұрған. Оны АҚШ-та тірлік жасап жүрген моңғол жігіттері көріп қалып, сатып алады да, 2020 жылы музейге әкеліп тапсырыпты. Сөйтіп әлемді шарлап иесін таппай жүрген жәдігер моңғолдың меншігі болып шыға келді.