Арасан тастағы түркі таңбалары
27.09.2024 132

Өтукен даласының шығыс жақ шетінде, нақтырақ айтар болсақ, Моңғолияның Кентей аймағы Батшірет сұмын орталығынан 40 шақырым қашықтағы Биндір тауының бөктерінде көне түркі бабаларымыздан қалған 400-ге жуық мөр-таңба бар. Бұл жәдігер Құрғы өзен алқабындағы Арасан бұлағының басында орналасқандықтан «Арасан тас таңбасы» деп аталады екен.


Аталмыш құнды ескерткішті алғаш рет 1943 жылы Х.Перлее деген археолог-этнолог ғалым зерттеп бастап, арада аздаған жыл үзілістен кейін 1960-1970 жылдар аралағында тұрақты түрде зерттеу-зерделеу һәм айналысқан таңбаларға анықтама жасау ісімен айналасқан екен. 

Нәтижесінде, сұр гранит тастың өң бетіне 180 дана, арты жағына 40-қа тарта, ал тастың қыр арқасына 50-дай мөр-таңба қашалғанын анықтап, 1976 жылы «Көшпенділердің тек-тұқымын мөр-таңба арқылы анықтау» дейтін еңбек жазып шығыпты. Ғалым бұл туындысында арасан бұлақ басындағы сопақша келген жалпақ тасқа ойып бәдіздеген мөр-таңбалардың жасалу стилін анықтап, онымен қоймай жалпы адамзат баласы ерте дәуірден бері қолданып келе жатқан гералдикалық символдармен салыстыра зерттеген.

Бұл нысанға 1974-1981 жылдары моңғол-кеңес бірлескен зерттеу тобы, 1991-1993 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Үш өзен» ғылыми жобасы, 1992-1996 жылдары моңғол-корей бірлескен «Шығыс Моңғолия» ғылыми экспедициясы, 2005-2008 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Зүүн Моңғол» экспедициясы, 2008-2013 жылдары моңғол-корея бірлескен «МонСон» жобасы аясында әртүрлі зерттеу жұмыстары жүргізу барысында бұл өлкеден полелит дәуіріне тән мұралар тапты. 

Бұл ескерткіш кешен төңірегінен жоғарыдағы зерттеушілер палеолит дәуіріне тән жан-жануар және адам бейнесі бәдізделген артефактілермен қатар, орхан-енисей, парсы, тибет, манжы-қытай т.б. 20 түрлі жазу нұсқасы табылды. 

Осындағы түрік жазу бәдізделген аумақтың ұзындығы 60 см, ені 17-20 см.  Жазу екі жолға бөлініп жазылып, оның дәл желке тұсына таутекенің мүсіні шекітілген. Бұл жазуды түрколог ғалым, марқұм Қаржаубай Сартқожаұлы «атам апам ачигнун» деп оқып, оны қазақша «ата бабамның арқасы» деп тәпсірлесе,  екінші жолды «сат атыч ерти» деп оқып, оны қазіргі тілге «немерем ер болып өсті» деп түсіндіріпті. 

Айта кетерлік оқиға, осындағы түркі таңбалы тас пен кешен аумағын Моңғол мемлекеті 2020 жылғы Үкіметтің №13 қаулысымен мемлекет қамқорлығына алынды.