Данияр Ихсан, алаштанушы: Астрахан елі Ғазымбекке бөтен емес
Бөлісу:
09.09.20241093
Көзі қарақты жұртқа Данияр Ихсанның есім-сойы жақсы таныс. Ол соңғы буын жас алаштанушылардың арасындағы ынталы өрен. Жуырда ғана Ресейден олжалы оралған жас ғалыммен кездесіп, қуанышына ортақтасып келдік. Әңгіме тізгінін Даниярға берейік. Мархабат!
– Армысың, Данияр! Ресейге барған сапарың туралы сұрағалы тұрмыз. Қандай мақсат болды?
– Армыз! Бармыз!
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар Одағы «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» сынды үш бірдей ауқымды жобаны ұйымдастырып отыр. Соның ішінде «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» дейтін ауқымды жоба аясында 25-31 тамыз аралығында Ресей Федерациясының Астарахан облысына барып келдім. Бірінші кезекте іргелі жобаны қолдаған ҚР Мәдениет министрлігіне, жүзеге асырған Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы Мереке Әбдешұлына, жоба үйлестірушісі Қасымхан Бегманов ағамызға, жөн сілтеп, бағыт-бағдар берген алаштанушы Елдос Тоқтарбай ағамызға айрықша алғысымды айтқым келеді.
Алғашқы күндері Астрахан қаласының тарихи-мәдени жерлерін аралап, әдеби-танымдық экскурсия жасадық. Астрахан Кремлін, Часовников көпестің музей-үйін, П.М. Догадин атындағы Астрахан көркемсурет галереясын, өлкетану музейін көрдік. Қала орталығындағы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне бардық. Астрахан үкіметі өткен тарихтан сыр шертетін тарихи жәдігерлерін ұқыпты ұстап, туристік нысан ретінде қаражат тауып отырғанына ырза болдық.
Астрахан қаласына барудағы басты мақсатымыз – Астрахан облысының архив және кітапхана қоры негізінде Алаш зиялысы, жазушы, агроном, мемлекеттік бағдарламамен шетелде оқыған қазақ Ғазымбек Бірімжанның өмірі мен шығармашылығын зерттеу, қазақ әдебиетіне қатысты деректер мен құжаттарды жинақтау. Астрахан облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істеп, Ғ. Бірімжанның нағашы атасы Сүлеймен Жиһангеров мен қайын атасы Сәлімгерей Жантөре туралы деректерді нақтыладық. Сәлімгерей Жантөренің ұрпақтарымен байланыс орнаттық. Астрахан халық университеті (1918 жылы ашылған), қазіргі Астрахан мемлекеттік медицина университетіне қатысты қорлармен жұмыс істеп, тұлғаға қатысты тұстарын нақтыладық. Сонымен қатар Астрахан губерниясының құрамына кірген Бөкей Ордасы туралы және Бақтыкерей Құлман, Уәлитхан Танаш, Шафқат Бекмұхаммед, Нұғыман Манай, т.б. қазақ зиялылары жайлы деректер іздедік. Төңкеріске дейін жоғары оқу орны болмай, Астрахан балалары Қазан қаласында оқыған-ды. Алайда бастапқы білім беретін гимназиялары мен реалды училищелері болған. Мәселен, Алаш қайраткері Уәлитхан Танаш 1899-1908 жылдар аралығында Астрахан гимназиясында білім алып, Қазан университетіне оқуға түскен. У. Танаштың 1908 жылдың 5 маусым күні берілген аттестатына көз жүгіртер болсақ, үлгерімі жақсы оқушы болғанын біле аламыз. Шекараны шегендеуге қатысқан қайраткердің туған інісі Сабыр Танаш та туған жерінен білім алып, кейін Қазан университетінен Ташкентке, одан әрі шет ел асып, Берлин қаласында білім алған. Түркістандық жастармен бірге Алманияға аттанып, Берлин ауылшаруашылық институтының қант қайнату факультетінде оқыған. Ал Шафқат Бекмұхаммед 1902-1912 жылдар арасында Астрахан гимназиясында оқыған. Сонымен қатар Астрахан губерниясы және Ішкі Ордадан шығып тұрған «Кедей тілі», «Ұран» газеттерінің тігінділерін қарап шықтық.
Архивтен кейін Н.К. Крупская атындағы облыстық ғылыми кітапхананың сирек қор мен газет-журналдар бөлімінде жұмыс істедік. Астрахан губерниясынан шығып тұрған «Астраханский вестник», «Астраханец», «Коммунист», «Астраханский край», «Прикаспийский край» сықылды басылымдардың тігінділерін қарадық. Сонымен қатар қазақ-орыс тіліндегі тәуелсіз газет ретінде шыққан «Ақ ниет» пен «Ақ арна» газеттерін де шолып өттік. «Ақ ниет» газетінде қазақ хандары мен би-шешендерінің сөздері (Бала би, Зілқара би, Бекқали төре), мақал-мәтелдер, нақыл сөздер молынан беріліпті. Екі газетте де Шафқат Бекмұхамедтің әкесі Мақаш туралы деректер бар. Осы өлкеден шыққан тұлғалардың дені Мақаштың тәрбиесін көріп, тәлім алған. Ал халық депутаттары Астрахань облыстық советінің, кейін Астрахань облысы әкімшілігі мен тіл және мәдениет «Жолдастық» қоғамының үні болған «Ақ арна» газетінде қазақ әдебиетіне, тарихына байланысты материалдар жетіп артылады. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан бастап тұрмыстық заттарына дейін мәліметтер береді. Қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Шөмішбай Сариев, Сүндет Сейітов, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспанұлдарынан бастап Құбаш Батырашев, Мүслім Мұқамбетов, Хайреден Жамбылов, Маркс Көбеев, Л. Қапашев, Мәжіліс Өтежан, Өтеміс Медьяев, Қайыпназар Шотбасов, Сүйінғали Нәдіров, Қайреден Жамбылов Рая Қаженова, Роза Құспанқызы, т.б. сынды жергілікті қаламгерлерінің, мектеп оқушыларының өлеңдері басылған. «Қазақ поэзиясы тарихынан» деп арнайы ат қойылып, айдар тағылып, Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуған жыраулардың, Абай Құнанбайұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері оқырман назарына ұсынылған. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында жарық көрген мерзімді басылымдар, оның ішінде «Дала уалаяты», «Айқап», «Кедей тілі» атты газет-журналдардың мақалалары кирилл әліпбиіне түсіріліп, жарияланып тұрған.
– Зерттеу нысаның туралы айта отырсаң…
– Негізгі зерттеу нысаным – қазақтың маңдайына біткен ірі тұлғасы Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжан. Неліктен ірі тұлға деп атаймыз? Ғазымбек Бірімжан кім?
Алаш қайраткері. 1916 жылы майдан жұмысына алынған қазақ азаматтарын елге қайтару кезінде жәрдем қылған. Бірінші және екінші жалпықазақ сиездерінің ұйымдастыру жұмысына қатысып, Алашорда үкіметінің түрлі тапсырмаларын орындаған. Ахмет Зәки Уәлиди Тоған, адмирал Колчак басқарған үкіметтермен байланыс орнатуға атсалысқан. «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жасаған жеті қайраткердің бірі.
Агроном. Сол кездегі қазақ даласы үшін ең қымбат маман иесі қазаққа аса қажетті, керекті мамандықтың дипломын Берлин қаласында оқып алған болатын. Прусск атындағы жоғары ауылшаруашылық академиясы бүгінгі күні Гумбольд университетінің құрамына кірген-ді. Берлинге дейін Орынбор реалды училищесі, Мәскеудегі Петров-Разумовский атындағы академия (жарты жыл) мен Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінде (1920-22) білім алған-ды.
Қайраткер тұлға. 1920-1922 жылдары Түркістан Республикасының түрлі қызметтеріне тартылып, қызмет істеген. 1921-22 жылғы ашаршылықта қазақ халқына жәрдем қылып, жәрдем комитеттерін ұйымдастырған. Аштар кіндік комитеті жанындағы қазақ секциясының басшысы болған. «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының жиындарына қатысып, Мұстафа Шоқай, Ахмет Уәлидимен тығыз жұмыс істеген. Мемлекеттік сауда басқармасында қызмет қылған.
Қазақтың қалам қайраткері. 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласынан шығып тұрған «Қазақ» газетінің қара жұмысына жегіліп, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының шекпенінен шыққан көсемсөзші. 1920-1923 жылдар аралығында «Ақ жол» газетінде жұмыс істеп, бас публицисті атанған. Одан бөлек «Шолпан», «Известия», «Горн» сынды басылым беттерінде туындылары жарияланған. Қазақтың Ер Едігесі атанып, ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек ұйымдастыру үшін қазақ азаматтарына үндеу жариялап, аштық туралы мақалалар жазып отырған.
– Бәрекелді! Не деген тұлға болған! Алайда Ғазымбек Бірімжан неге толық танылмаған? Тұлғаның зерттелуі жайлы ел неге біле бермейді?
– 1988 жылдың қарашасында Қазақ ССР үкіметінің шешімімен бір топ қайраткер ақталды. Арасында Ғазымбек те бар. Содан бері, міне, 30 жылдан астам уақыт өтті. Ары кетсе Алаш қозғалысына қатысқан жиырма шақты тұлғаны ғана танимыз.
Көпшілік қауымның ғылыми ортаға ғана мәлім Ғазымбек Бірімжанның есім-сойын біліп, танып жатқаны 3-4 жылдың төңірегі десек, қателеспейміз. Оның өзі мемлекет тарапынан емес, Алаш кезеңін зерттейміз, зерделейміз, Алаш тұлғаларын танытамыз деп алаштанушы-ғалымдар құрған «Qyr balasy» қоғамдық қорының жүйелі жұмысының арқылы іске асып отыр. Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахман, Әлібек Байбол, Еркін Рахметуллин, Алтынбек Құмырзақ, Қарлығаш Әубәкір, Алма Сайлауқызы сынды аға-апайларымыз ғылымға, жазу-сызуға ебі бар жастардың басын біріктіріп, зерттеу тақырыптарын ұсынып, бағыт-бағдар берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ академиктері сол кезде ғылым жолына енді келіп жатқан Дихан Қамзабекұлы бастаған жастарға бір-бір қазақтың ірі тұлғасының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу тақырыбы етіп, бекітіп берген-ді. Осындай ұмыт қалған, үзіліп қалғалы тұрған сабақтастықты алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай ағамыз қайта жалғастырып, маған және менің қатарластарыма ғылыми тақырып ретінде Алаш ақсұңқарларын ұсынып келеді. Осылайша, мен Ғазымбек Бірімжанның, Бағлан Әбеу Сейдәзім Қадырбайдың, Ерден Нұрахмет Біләл Малдыбайдың, Әйгерім Нұржанқызы Жұмахан Күдерінің, Ертай Біләл Нұғыман Манайдың, Жауынбай Жылқыбайұлы Әубәкір Алдиярдың, т.б. өмірі мен шығармашылығын зерттеуге кіріскен-ді. Соның нәтижесінде 2021 жылы «Алаш кітапханасы» сериясымен Ғазымбек Бірімжанның тұңғыш шығармалар жинағын жарыққа шығардық. 2023 жылы толықтырулар мен түзетулер енгізіп, «Алаш ұранды қазақ халқы» дейтін екінші басылымын оқырман назарына ұсындық. 2022 жылы «Ғ. Бірімжанның тұлғалық келбеті мен әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында магистрлік диссертация қорғап, ғылыми монография әзірледік. Отандық және алыс-жақын шет ел архивтерін ақтарып, тұлға туралы құнды деректер мен беймәлім мұраларын таптық.
Қалың қазаққа Ғазымбектің есімі кеңірек танылуына «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының басты кейіпкерлерінің бірі ретінде көрсетілуі деп те есептеймін. Ал сериалдың басы-қасында жүрген жауаптылардың бірі – қор құрылтайшысы, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман.
Сонымен қатар Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейінде бұрыш ашылып, бюсті қойылды. Ұрпақтарының игі бастамасымен Мәскеу қаласының шетіндегі «Коммунарка» жалпықабіріне арнайы белгі қойылды. Зерттеп қана қоймай, елге таныту, насихаттау жұмыстарын да қоса алып жүрміз.
Ғазымбек Бірімжан ақталып, есімі елге енді танылып жатқан кезде алғаш жазған – ф.ғ.д., профессор Темірбек Қожакеев. «Арыстардың ағартушы еді», «Өрелі өрім еді» сынды мақалалар жазып, қаламгердің шығармашылығын талдаған-ды. Одан кейін жалпылама әрі жанама түрде айтылғаны болмаса, бұл тақырыпқа дендей еніп, тереңірек зерттегендер жоқтың қасы. Тек ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы мен өлкетанушы Ертай Қарабаланың мақалаларын ғана атап айтуға болады. Есімдері енді ақталып жатқан тұлғаларды шәкірттеріне ғылыми тақырып ретінде ұсынған академиктің назарынан неге тыс қалғанын білмедік. Осылай, шаң басқан архивте өз зерттеушісін ұзақ күтіп қалды. Алтын тұғырына қондыру, елге таныту, ғұмырнамасын жазу, мұрасын жинақтау бақыты бізге бұйырды.
– Өзіңдей өрелі жас ғалымнан бүгінгі алаштану ғылымының алдында тұрған мәселені сұрамай кетсек, айып болар. Бүгінгінің алаштанушысын қинайтын қандай мәселе бар?
– Өткен күндермен салыстырар болсақ, бүгінгі таңда халық пен биліктің Алаш зиялыларын танып-білуге деген қызығушылығы артып келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Алаш қайраткерлері ұлтқа аз ғана уақыт ішінде қызмет етті. Алайда соның өзінде қазақ тарихы мен әдебиетіне, мәдениетіне үлкен жаңалық әкеліп, қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Қысқа ғұмырда ұлы істер жасап кетті. Ал біз, бейбіт заманда, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырсақ та, тарих жасаған тұлғалардың тарихын жаза алмай, мұраларын түгендей алмай отырмыз. Ахмет Байтұрсынұлы «қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» деп айтқан екен. Жоқшы боп, жоқ іздеп, Qyr balasy қоры мен Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ бірлесіп, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, бай мұрамызды жинақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осындай ұлтқа қажетті жобаларды барынша көбейтуіміз тиіс. Өйткені, аты атаусыз, есімі ескерусіз қалған Алаш ардақтыларын әлі толық танып біткен жоқпыз.
– Болашақтағы жоспарың қандай?
– Осы жылы өмірден өткен, марқұм Медеу Сәрсеке атамыз Қаныш Сәтбайдың өмірі мен шығармашылығын бірнеше жыл зерттеп, зерделеді. Серікбай Оспанұлы ұстазымыз Ыбырай Алтынсарының өмір жолын 25 жылға жуық зерттеп келеді. Мен де Ғазымбек Бірімжанды түбегейлі түрде зерттеп, қарастырып, «Қазақтың Ғазымбегі» атты деректі ғұмырнамалық роман жазғым келеді.
Сонымен қатар ХХ ғасыр басында мемлекеттік бағдарламамен шет елде білім алған бес қазақ (Ғ. Бірімжан, Ә. Мұңайтпасұлы, Т. Қазыбекұлы, Д. Битілеуұлы, С. Танаш) жайлы тарихи-танымдық еңбек жазып жатырмын. Түркістан Республикасының үкіметі қолдау көрсетіп, жетпіске жуық жасты шет елге жіберген-ді. Арасында қазағы да, өзбегі де, башқұры да, түрікмені де бар. Өзбек ғалымы Шералы Турдиев «Улар Германияда укиган едилар» атты еңбек жазып, өзбек студенттерінің өмірі туралы жазған болатын. Ал қазақ жастары туралы жан-жақты, толыққанды ақпарат беретін ондай еңбек жазылмады. Ары кетсе бес-алты беттік мақаламен шектеледі. Осы олқылықтың орнын толтырсам, оның өзі оңай олжа емес.