Қайрат Сәки: Қыпшақ-мәмлүктер жорықтарының негізі жылқы болды
Бөлісу:
22.08.20241293
Көшпенділердің тұрмыстық өмір салты мен әскери жауынгерлік ісінің негізгі ұстыны – жылқы. Мысалы қырғыз халқының «Манас» эпосында соғыс жылқысы туралы: «Айқай шықса саспаған, Ай қараңғы түндерде, Аяғын ағат баспаған, Қарабайыр, қазанат, Қалбыр өкпе, жер тірсек...» деп сипатталса, халқымыздың батырлық дастандарында жауынгерлік сайыс аты жайлы:
«Жануар жер қабады ала қашып,
Тұқырып арыстандай аузын ашып.
Сартылдап төрт аяғы бауырында,
Аузынан келе жатыр көбік шашып» - деп жырланған. Бұлардан тыс көшпенділердің жауынгерлік ісінде жылқының рөлі жайлы мағұлматтар орта ғасырда Мысыр елінде билік жүргізген қыпшақ мәмлүктері туралы қолжазба деректерде көп сақталған екен. Бұл мәліметтер шын мәнінде, көшпенділердің байырғы жауынгерлік өнерінің нақты бір көрінісі екені анық. Өйткені, Мысыр жерінде билік жүргізген қыпшақтар ұлы даладан ауып барған біздің төл аталарымыз. Олар өздерімен бірге көшпенділердің соғыс өнерін сол өлкеде дамытты. Яғни, мысырлық қыпшақ мәмлүктердің жауынгерлік дәстүрін тану арқылы біз өз ата-бабаларымыз ежелгі жауынгерлік дәстүрін аңдай аламыз. Осы орайда, аталмыш тақырып бойынша ұзақ жыл зерттеу жасап бірнеше кітап жазған арабтанушы-ғалым Қайрат Сәкимен жүргізген сериалды сұхбаттың алғашқысы бөлігін партол оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Қайрат Ұзақұлы, сіз Мысыр жерінде билік құрған қыпшақ-мәмлүктер арқылы ұлы даланың әскери-жауынгерлік өнері сол топырақта өркен жайды деген тың пайым айтып жүрсіз. Бұл тақырыпты жан-жақты қаузаған бірнеше кітап жазып, тіпті «Қыпшақ мәмлүктері құрған мемлекет, іс жүзінде, Түркі мемлекеті еді» деген тұжырымды бүгінгі қазақ қоғамына ұсындыңыз. Демек, өзіңіз айтқандай мысырлық түркілердің жауынгерлік дәстүрінде жылқының рөлі қандай болғаны туралы айтып берсеңіз?
– Жалпылама айтар болсам, қыпшақ-мәмлүктердің әскери жорық дайындығының негізі – жылқы. Өйткені, атты әскерді негізгі жауынгерлік құрал деп танығандықтан мәмлүктер жылқының қадірін жақсы білген. Олар жат елде, жат жерде үстемдік құрып билік жүргізу үшін жылқының жауынгерлік қасиетіне жүгінген. Бұл жерде ерекше атап айтарлық оқиға, қыпшақ-мәмлүктер билік құрған кезең еуропалық христиандардың Құдыс қаласы мен ондағы Иса пайғамбар мазарын мұсылмандардан қайтарып алуға бағытталған крест жорығы басталған кез. Осы бір ымырасыз шайқаста ислам әлемін кресшілерден қорғап қалған мысырлық түркі-қыпшақ мәмлүктері екені анық.
Мәмлүктер осы бір зор ғазауат майданында жеңіске жетудің негізгі компоненті жылқы екенін жақсы білді. Сөйтіп олар жорық, яғни соғыс аттарын дайындауды алғышарт деп түсінді де, сайыс аттарын қыпшақ даласынан алдырды. Өйткені қыпшақ даласының жылқылары апайтөс кең сахарада өскендіктен, тынысы кең, әсіресе жорыққа шыдамды еді. Бұл жылқыларды араб жазба деректерінде «акдиш (икдиш)» деп атаса, жергілікті Хиджаз, Неджд, Йемен, Шам, Мысыр, Барқа және Мағриб өлкесінен алып келген жылқыларды «ираб» деп атапты. Мәмлүктер осы екі тұқымды будандастыру арқылы түркі жылқысының шыдамдылығы мен араб жылқысының әдемілігін бойына сіңірген «хаджин» атты жылқының жаңа түрін өмірге әкелгені жайлы дерек бар.
Яғни, мәмлүктер жоғарыдағы екі тұқымды қарапайым үйірлестіру арқылы жорық аттарын сапаландырып отырған. Айталық, аталығы түркі, аналығы араб жылқысы болса, одан туған құлынды «хаджин» десе, ал аталығы араб, аналығы түркі құлынды «муқриф» деп атаған.
Жалпы сол дәуірдің ан-Нуайри (1333 жылы өлген) деген тарихшысы: «Түркі жылқысының сүйегі ірі, араб жылқысының денесі ауыр. Түркі жылқысы шыдамды, араб жылқысы жылдам» деп жазса, мәмлүктер әлемінде өте ықпалды сұлтан Қалауынның (1222-1290) «араб жылқысы әдемілігі үшін қажет» деген сөзі мысырлықтардың ұстанымы болған. Осыған қарағанда, мысырлық мәмлүктер қыпшақ жылқылары мен араб жылқысын будандастыру арқылы сапалы жорық жылқысын өмірге әкелгені жайлы және олар сұрыпталған, бапталған жүрдек, жүйрік түрлерін пайдаланғанын нақты айта аламыз.
– Қыпшақ мәмлүктердің шабандоздығы мен атүсті өнері туралы не айтасыз?
– Мысыр елінде шабандоздық өнер мәмлүктер тұсында ерекше дамығандығы таңқаларлық емес. Себебі билік басына келген қыпшақтардың дені шабандоз болатын. Атсейістері сатылып алынған жылқыларға бас білдіріп, оларды баптап, суытып, бәйгеге қосып, әскери және атүсті істеріне жаттықтырып пайдаларына жаратқан. Сол заманының тарихшыларының жазуы бойынша шабандоздық – тек атқа мініп отыру емес, атүсті сайыстарға шебер болу дейді. Мысалы, атпен шауып келе жатып, садақ ату, найза түйреу, қылыш сілтеу, айбалта, шоқпар қолдана білу, әрі қорғаныш құралы қалқанды шебер игеру, т.б.
Әскери нұсқаушылар ең алдымен жас мәмлүкке атқа дұрыс міне білуді үйрететін. Ол үшін ағаш аттың тұлыбын жасап, жас мәмлүктер күн ұзақ соған қарғып мініп, секіріп түсуге машықтанады. Ағаш аттың тұлыбына мініп, түсіп үйренген бозбала одан кейін оның үстіне ер-тұрман салып жаттығуды жалғастыратын болған. Одан кейін қару-жарақ асынып келіп, мініп-түсу жаттығуларын жасаған. Осы жаттығулар кезінде жас мәмлүк өз бетімен тірі атқа мініп, шауып кетуіне рұқсат етілмеген. Осылай жасанды атқа мініп үйреген жас мәмлүкке аттың жайын, жағдайын түсінуді, оның ауруларын анықтай және емдей білуді қоса үйрететін болған.
Осылай жайдақ ағаш атқа қарусыз, қарумен жылдам мініп-түсуді үйренген жас жауынгер алдына тартылған жайдақ немесе үстіне тоқым салынған аттың сол жағына келіп тұрады. Белгі бойынша сол қолындағы тізгіннің бір ұшымен қоса аттың жалынан ұстап тік қарғып атқа отыруы керек. Атқа қонған соң арқасын тіктеп, екі қолымен тізгінді қарпып ұстап, сәл алға еңкейіп, тақымын қысып отырады. Жайдақ атқа қарғып мінуге бойы жетпегендер біраз уақыт мәстек жылқыға мініп-түсіп жаттығады да, бірте-бірте шоқтығы биік жылқыларды мінуді үйренеді. Осы қозғалыстар әбден үйреншікті деңгейге жеткенше аға мәмлүктердің бақылауымен қайталана береді.
Астындағы атын үйлестікте басқара алатын деңгейге жеткен жас мәмлүк ат үстінде қару алып жүруге, жерге түсіп қалған қаруын шауып бара жатып іліп алуға үйренеді. Бұл әрекеттерді толық меңгерген сарбаз ұрыс жағдайында қажет іс-қимылдарға бейім болады да, ат үстінде қару қолдануға, жекпе-жекке шығуға дайын тұрады. Ат үстінен қару қолданып жаттығу үшін жас мәмлүк жылқының биіктігіндей ағаш қарақшыны түйреп, садақпен атып үйренеді.
Келесі кезекте мәмлүк шауып келе жатқан аттан түсіп-мінуге, аттан құлауға, босанып кеткен атын қайта ұстауға, аттың артына мінгесуге, екі атты қатар алып жүруге, шауып келе жатып екінші атқа ауысып міну секілді күрделі керек десеңіз акробатикалық қимылдарға жаттыға бастайды.
Үлкен ілімгер Ибн Хузейл мәмлүктердің шабандоздығы туралы еңбегінде: «Шабандоздыққа төселген мәмлүк жауынгері атқа отырғанда сол аяқтарын үзеңгіге бірден ілген соң, екі аяқты үзеңгіге толық салып, тіктеп тұрып үстіндегі киімді жөндеу керек. Атты орнынан өкшені ақырын қимылдатып жылжыту керек. Атты аяқпен теуіп, ұрып жүргізуге болмайды. Шебер шабандоздар ерге отырып, аяқты үзеңгіге тіреу керек деп санайды. Сонда адам ат үстінде түрегеп тұрған секілді болады. Найзамен соғысқанда оң аяққа, садақ атқанда сол үзеңгіге салмақ түсіру керек» деп жазады.
– Жалпы көшпенділер тарихында жауынгерлік машақты шыңдау үшін әркез атүсті ойындарын өткізу дәстүрі бар. Осы істі қыпшақ мәмлүктері қалай атқарған?
– Мәмлүк сұлтандары түрлі әскери ат ойындарын ұйымдастыратын болған. Бұл туралы тіпті жазба деректер көп. Әсіресе, сұлтан Байбарыс тұсында бұл үрдіс ерекше қанат жайып, мәмлүк сарбаздары күн сайын памдат пен екінді намазының арасында Каир қаласының төріндегі қамалдың етігінде орналасқан алаңға жиналып әртүрлі атүсті әскери ойындар өткізетін болған. Садақ ату, найзамен жекпе-жекке шығу, аударыспақ секілді соғыс тәсілдерінен озық шыққандарға жүлде үлестіретін. Осы дәстүрді сұлтан Қалауын және оның ұлдары Халил мен Мұхаммед одан әрі жалғастырған.
Мәмлүктердің қамал түбіндегі ат ойындарын қарақұрым халық жиналып тамашалаған. Бұл туралы тарихшы әл-Қалқашанди: «Еріншектерге жігер береді, маубастардың ұйқысын ашады, қорқақтарды батыл етеді, сараңға жылқы ұстауды оған қаржы шығарудың рахатын көрсетеді, жасырын кек пен ғадауатты қозғайды, іште бұғып жатқан затты сыртқа шығарады, осы жолмен патша патшалығын сақтайды, күмәнсіз өзінің және айналасындағылардың аман қалуына қол жеткізеді», деп жазады.
Сол сияқты мәмлүктердің әскери ілімгері Лашын (1337 жылы өлген) өзінің «Ислам жолында шайқасып жүргендерге сирек сыйлық» атты трактатында мәмлүктер атүсті жаттығуы кезінде екі топқа бөлініп үйлесімді қимылдар жасау арқылы майданда топтасып шабуылдауды үйренеді, соғыстың басты талабы – ержүректік таныту дей отырып: «Бұл кітапта ұрысқа қатысатын жауынгердің орны, онда қалай тұруы, орналасуы, түсінуі, бұйрық берушіге бағынуы, бұйрықпен бөліну, шабу, шегіну, алға ұмтылу, қашу, қайту мен шығу, найзаны ұстау, тізгінді босату, шабуыл мен қоршау, керекті жерде пайда бола білу мен аластап кету, басшының қулық (әзілі) мен шын айтып тұрғанын түсінуі баяндалады», деп дейді.
Сол заманның кейбір тарихшылары: «Мәмлүктер екі тең топқа бөлініп, күні бойы найзаласып, қылыштасып кешке қарай арнайы белгі беріліп әскери ойын тоқтатылады да, екі жақ өліктерін жерлеп, жаралыларын алып, «араларында ештеңе болмағандай қамалға қайтатын. Сондықтан жекпе-жек атүсті ойындары жағынан мәмлүк мектебінің жұлдызы жарқырап тұрды» деп көрсетеді. Бұл фактінің шындыққа қаншалықты жанасатыны белгісіз. Өздері санаулы мәмлүктер бейбіт кезде бір-бірін жоюмен айналысуы мүмкін емес. Бірақ әскери жаттығулар кезінде жарақат алуы, тіпті қаза табуы орын алып тұрғаны шын.
Осы орайда мысырлық қыпшақтардың ат ойыны қазақ жерінде де жалғасып жатқан. Мысалы, атақты күш иесі Балуан Шолақ 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алғандығы.
Сонымен қатар мәмлүктер суда жүзуге үлкен мән берген. Олар қару-жарақтарын жел үрленген меске артып, өзендерді аттың құйрығынан ұстап терең өзенді кесіп өтуге, атсыз өздері қару-жарақпен жүзіп өтуге, ауыр заттарды алып өтуге машықтанған. Тарихшылар сұлтан Байбарыс қару-жарақпен дарияны жүзіп өтуге қатысқанын, бірде-бір мәмлүк пен бек оған жете алмағанын жазады.
– Мәмлүк жауынгерлері жылқыны соғыс ісіне пайдаланған кезінде, оның жабдығы мен ат әбзелдері сай болуы тиіс екені белгілі жайт. Осы туралы не айтасыз?
– Қыпшақ мәмлүктер жылқы жабдығын төрт топқа: жүген-ауыздық, тізгін-шылбыр, ер-тоқым-үзеңгі және жабу деп бөлген. Жүгеннің тері, мата, темірден жасаған түрін алтын, күміспен әшекейлеп қолданған. Оның ішінде белгілі сұлтанның атымен немесе этнос атауларымен аталғандары болған. Мысалы, этнос атымен аталаған «түркі жүгені» деген танымал жабдық болған. Тарихшылар ең жақсы жүген - қыпшақ сұлтаны Мұхамедтің атымен аталған «насири» түрі деп көрсеткен. Бұл жүгеннің ерекешелігі – жылқының барлық түріне жарайды және аузы кең құмырадан да су іше алады деп бағалаған. Тайбұқа деген тарихшы ең жақсы жүген темірмен көмкерілген атты тез жүгендеуге ыңғайлы «назики» деп көрсеткен. Осы темір жүгенінің ерекшелігі – аттың басын қылышпен ұрғанда қорғаныс қызметін атқаратын маңызы болған.
Мәмлүктер тізгінің үш түрін пайдаланған. Шабандоз ат үстінде отырып тізгінді бел ортасынан ұстап өзіне тартқанда ердің алдынғы қасына жетсе орташа, асып кетсе ұзын, жетпей қалса қысқа деп санаған. Аттың шылбырын алтын, күміс шынжырдан жасаған. Әрине, қайыстан немесе матадан жасаған түрлерін де қолданылған.
Қыпшақ мәмлүктері ер-тұрманның бірнеше түрін қолданған. Олардың қатарында билеуші немесе дара этнос атауымен есімделген ер-тұрмандар болған. Мысалы, түркі, хорезм, араб ері немесе сұлтандар Байбарыс, Халил, Мұхамедтің титулымен аталған заһири, ашрафи, насири деген ердің түрлері тарихи шығармаларда аталады. Тарихшы әл-Байтар ер-тұрманның ішіндегі ең кереметі қыпшақ сұлтаны Мұхамедтің ері деп көрсетіп, оның ерекшелігі «барлық мініс аттарына жарайды, себебі қапталы созылмалы, ердің қастары қысқа, ершігі терең емес, үйренушілерге де қолайлы», деп көрсетеді.
Тарихшы Али бин Дауд хорезм ер-тұрманы жеңіл, әрі жайлы бірақ атүсты садақ тартуға қолайлы, ал найзаласуға араб ер-тұрманы жайлы деп көрсетеді. Тарихшының араб ер-тұрманы найзаласуға ыңғайлы деп отырған себебі араб ер-тұрманының алдыңғы және артқы қастары өте биік келеді.
Мәмлүктердің жылқы жабдығы
Сондай-ақ, ибн Меңлібұға атты тарихшы мәмлүктер қолданған ер-тұрман хақында: «Әсіресе, артқы қасы биік, құйрық басары тар ер-тұрман үлкен қиыншылық тудырады. Бұл ер-тұрман түрі Мысырда кең тараған, оны ойлап тапқан парсылар. Қате жасалған, егер олар оның зиянын білсе жасамас еді. Қоржын салғанға және ат үстінде қол тартысына жақсы. Білікті шабандозға жарамайды. Мен оның бойынан көптеген кемшілік таптым, соның жетеуін айтайын: аттыны шаршатады, қарсыластың найзасының ұшы тақалғанда жалтару кеңістігін шектейді, найзаны қамшымен, қолмен, қылышпен немесе қанжармен қайтаруға кедергі жасайды, ал тар жерде найзаға қарсы шарасыз қалады. Тар ер-тоқым шауып келе жатып садақ атуға қолайсыз. Себебі, шауып келе жатып садақ ату үшін ердің артына қарай жылжып, үзеңгідегі екі аяқты алға беру керек. Сонымен қатар, қажет жағдайда үстіндегі адам аттың артынан түсе алмайды. Менің басымнан сондай жағдай өткен, бірақ менің ер-тұрманымның артқы қасы, бұрынғылардың ер-тұрманы секілді төмен. Қазір де сондай ер-тұрманды пайдаланамын. Егер қарсыластың артынан шабуыл жасағанда оның ерінің артқы қасы биік болса, аяғыңды үзеңгіден жылдам шығарып, соған аяқты тіреп қарсыласты тарту керек. Ол дайындықсыз адам болса оны ер үстінен жұлып кетесің. Қорыта айтқанда, егер аяқты қарсыластың ерінің артқы қасына тіресе қарсыласын аттан аударып тастайды. Шабандоз қабақ атуға шапқан кезінде немесе әуеде үстерінен ұшып бара жатқан құсты атқан кезде шалқаю керек болса ердің биік қастары кедергі етеді. Оның үстіне атқа мінген кезде оң аяқты барынша жоғары көтеруге тура келеді. Ал атқа мінгенде ердің артқы қасынан ұстап мінетіндер қасы төмен ерге мінгендей міне алмайды. Адамдардың көпшілігі атқа мінгенде оң қолымен ердің артқы қасынан басқа жерді ұстамайды. Оның пайдасы көп және мәмлүк соған үйренген. Атқа мініп үйренген адамға басқа адамның көмегін сұрауы қолайсыз» деп жазады.
Мәмлүктердің тағы бір ерекшелігі – олар кебістерінің үстінен оң аяқтарына, астындағы аттарын бірден жылдам қимылдауға мәжбүр ететін, таза алтын, күмістен жасалған, үшкір жағы өкшенің арт жағында орналасқан темір тебінгі тақса, аттарының омырауларына көз тимесін деп, көк тас жапсырылған түлкі, қасқырдың құйрығы немесе түрлі-түсті жіп ілінген тұмар тағатын.
Мәмлүктер 1291-1292 жылдары билік құрған Халил сұлтанның кезінде ер-тұрманды сәндеуге ерекше мән берген. Ер-тұрманды алтын, күміспен әрлеп, асыл тастармен безендірген. Сондықтан, әшекейленген ер-тұрман тарихи шығармаларда сұлтан Халилдің титулымен «ашрафи» деп аталады. Сұлтандар таза алтыннан немесе күмістен жасалған ер-тұрман пайдаланып, бектер мен қатардағы мәмлүктер кірістеріне жылқы жабдығын жасандырған. Қатардағы жауынгердің ер-тұрманы ағаштан жасалып, сыртын былғары терімен қаптап, алдыңғы қасының басына оймақтай күміс шегелер қағылған.
Сол заман тарихшысы, мәмлүк сұлтанының қоймасында жүздеген ер-тоқым, жүген, жалпы алғанда ат әбзелдері сақтаулы тұрғанын, оның таза алтын, күміс және алтын-күміс араластырып жасалған ерлер сақтаулы тұрғанын жазады. Қымбат ер-тоқымның әрқайсысының бағасы 1000-7000 динар арасында деп көрсетеді. Мәмлүктер ердің алдыңғы қасының ішіне қоладан жасалған, ішіне 3,5 литр су сиятын ыдыс орнатып, төтенше жағдайда сусыз қалмауды ойластырған. Оның арнайы шүмегі арқылы салт атты шөлін қандыра алатын болған.