Гимнастика – Олимпиаданың маңызды ойындарының бірі
Бөлісу:
01.08.20242169
Олимпиада ойындарың тым әріден басталғанын білеміз. Неше мың жылдықтарды артқа тастаған спорттық дода бүгінде дамыды, жетілді. Сөйтіп 1894 жылдың маусым айында Париж қаласында өткен халықаралық үлкен жиында Олимпиада комитетінің жарғысы, лауазымдық дәрежелер, әнұраны, эмблемасы күн тәртібіне қойылды. Осылайша төрткүл дүниені дүбірге бөлеген спорттық бәсеке 1896 жылдың 6 сәуірінде Грекияның астанасы Афина қаласында ең алғаш түндігін түрді.
Гимнастика – Олимпиаданың маңызды ойындарының бірі. Гимнастика Олимпиада бағдарламасына 1896 жылы енген болатын. Қазіргі кезде осы спорттың 3 түрі бойынша Олимпиада төрінде сайыс өтеді.
1. Спорттық гимнастика (Artistic Gymnastics) – бұл ең танымал гимнастика түрі, оған ерлер мен әйелдер де қатыса алады. Ерлер еден жаттығулары, тіреп секіру, керме, қоссырық, ат/әткеншек, сақиналар сияқты алты жарыс түрінен бақ сынай алса, әйелдер спорттық гимнастиканың тіреп секіру, бөрене, еден жаттығулары, қоссырық сынды төрт түріне қатыса алады. Ерлер арасындағы спорттық гимнастика 1896 жылғы Афина Олимпиадасынан бастап жазғы ойындар бағдарламасына енгізілсе, әйелдер арасындағы бәсеке 1928 жылғы Амстердам Олимпиадасында енгізілді.
Елімізде спорттық гимнастика 1936 жылы басталды. Осы жылдың 24 сәуірінде Алматыдағы спорт залында Дзержинский атындағы Қазақстанның Бірінші Чемпионаты өтіп, Зоя Абатурова мен Александр Ершов чемпион атанған еді.
Қазақстандағы спорттық гимнастиканың жарқын жеңістері дегенде есімізге Нелли Ким оралатыны даусыз. Ол Шымкенттегі облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Владимир Байдиннен тәлім алып, жаттығып, атын, атағын шығарды.
Нелли Ким – қазақстандық және советтік спорттық гимнастикадағы ең атақты спортшылардың бірі. Ол Совет Одағының құрамында 1976 және 1980 жылдардағы Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасында 3 алтын медаль, 1 күміс медаль еншілеген. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында 2 алтын медаль ұтқан.
2. Көркем (ритмикалық) гимнастика (Rhythmic Gymnastics) – бұл тек әйелдер арасында өтеді. Мұнда спортшылар жеке сайыста көпсайыс, шығыршық, доп, ұршық, лента сияқты құралдармен өнер көрсетсе, топтық түрде көпсайыс, 5 доп, 3 шығыршық + 2 жұп ұршық сынды түрімен бақ сынайды.
Көркем гимнастика алғаш рет 1984 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында алғаш рет жеңімпаздарды анықтаған болатын.
1948 жылы көркем гимнастикадан бірінші ССРО чемпионаты өтті. 1945 жылы көркем гимнастиканың Бүкілодақтық секциясы құрылып, 1963 жылы ССРО Федерациясы болып өзгертілген-ді.
3. Батут гимнастикасы немесе батутта секіру (Trampoline Gymnastics) – бұл ерлер арасында да, әйелдер арасында өтеді және спортшылар батутта әртүрлі акробатикалық элементтер орындайды. Яғни оның жеке секіру, синхронды секіру сияқты екі түрді орындайды. Батутта секіруден жекелей сын жарыстары алғаш рет 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында өтті.
Гимнастиканың бұл түрі бүгінде еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды облысы, Павлодар облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы сияқты 10 аймағында дамуда.
Қазақстан Совет Одағы кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де спорттың дәл осы саласы бойынша спортшыларын үкілеп түрлі жарыстарға қосып отырды. Әсіресе Әлия Юсупованың спорттық жолы тәуелсіздік кезеңімен тікелей байланысты. Ол ҚР 10 мәрте чемпионы және көркем гимнастика бойынша халықаралық турнирлердің қатысушысы, Әлем кубогының және XIV Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. 2000 жылы Сиднейдегі, 2004 жылы Афиндағы өткен Олимпиадада 4-орын иеленсе, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадсында 5-орынды еншілеген. 2004 және 2008 жылдардағы Олимпиада ойындарында Қазақстанның ритмикалық гимнастика бойынша өкілі болды. Бүгінде Әлия Юсупова Қазақстанның гимнастика федерациясын басқарып отыр.
Ал қазіргі уақытта өтіп жатқан Париж Олимпиадасында гимнастикадан Қазақстан құрамасы тұңғыш рет толық құрамда қатысып отыр. Қазақстан гимнастиканың үш түрінен Олимпиадаға тұңғыш рет жолдама алған еді. Яғни батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев, спорттық гимнастикадан Милад Карими мен Нариман Курбанов, көркем гимнастикадан Эльжана Таниева іріктеуден өткен болатын. Күні кеше ғана Милад Карими 24-орыннан көрініп, жарысты аяқтады.
Қазақстан 2016 жылы спорттық гимнастикадан, 2020 жылы батутты гимнастикадан жолдамасыз қалған еді. Ал көркем гимнасттар 2004 жылдан бері Олимпиада ойындарына үздіксіз қатысып келеді.