Білім жампоздарының жиынына 100 жыл
12.06.2024 1592

1924 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласында Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өткен болатын. Осы бір айтулы күнге бір ғасыр толуына орай аталған съезде тіліміздегі әліпби мәселесінің көтерілуі жайында тоқталмақпыз.


Маусым айының 12-18-і күндері аралығында өткен бұл іргелі жиынның маңызы тек қазақ халқының ғана емес, күллі бауырлас Орта Азия мен алыс-жуықтағы түркі халықтарының оқу-ағарту, ғылым мен білім саласын дамытып, бағытын айқындау жолындағы үлкен қадам болды деуге болады.

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, І Дүниежүзілік соғыс пен Ақпан, Қазан төңкерістерін, Азамат соғысты, бірінші реткі алапат аштықты бастан кешіп үлгерген қазақ халқының ендігі жерде өзгеге есесі кетіп, көштің соңында қалмауы үшін жаппай білімге ұмтылу қажеттігін қазақ зиялылары терең сезіне отырып, осындай ірі қадамдарға барды. Осы арқылы қазақ халқының еңсесін тіктеп, мәдени, рухани өмірін сәулелендіруді көздеген, бұл жолда бірлесе қимылдауға бекінген бір топ қазақ зиялысының ұйытқы болуымен өткен съезге қазақ даласының түкпір-түкпірінен делегаттар келіп белсене қатысқан. 

Бұл келелі жиынның басында ұлт көсемдері мен тарихта аттары таңбаланған әйгілі зиялы тұлғалар қатысты. Олар өздері қызмет етіп жүрген ұйымдар мен мекемелер атынан келген. Атап айтқанда Мәскеудегі Күншығыс баспасөз тарататын кіндік ұйымнан Әлихан Бөкейхан мен Нәзір Төреқұлов, Қазақстанның аймақтық партия комитеті атынан Аспандияр Кенжеев, Түркістаннан Халел Досмұхамедұлы, Ишаналы Арабаев, Бұхара қазақтары атынан Мырза Наурызбаев, Бүкілресейлік кәсіпшілер кеңестер ұйымының қазақ аймағы  бөлімі атынан Мұхтар Самат, Орынбордағы қазақ институты атынан Мұхтар Мырзаев, Қазақстанның Халық ағарту комиссариатынан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Нұртаза Ералин, Нұғман Зәлиев, Молдағали Жолдыбаевтар, Қостанай губерниялық оқу бөлімінен Ерғали Алдоңғаров, Семей губерниялық оқу бөлімінен Мәннан Тұрғанбайұлы, Орал губерниялық оқу бөлімінен Нығмет Шағиев, Бөкей губерниялық оқу бөлімінен Рүстем Ағыбаев, Қазақ аймағын ғылыми зерттеу қауымынан Міржақып Дулатұлы, Орынбордағы газет-журнал басқармалары атынан Рақым Сүгіровтер қатысқан.

Бұл жиынға тек Қазақстаннан ғана емес, Башқұртстаннан Ыбырайымұлы, жоғарыда аталған Ишаналы Арабаев қырғыз елінен қатысқанын атап өткен дұрыс болмақ. 

Білімпаздар съезі Орынбор қаласындағы ағарту қызметкерлері ұйымының ғимаратында өткен. Жиынды Қазақстанның халық ағарту комиссары Нұғыман Зәлиұлы ашқан. Комиссардың орынбасары Молдағали Жолдыбайұлы уәкілдерді топқа келген адамдарды таныстыруымен өз жұмысын бастаған.

Білімпаздар съезінің алты күндік пұрсатында барлығы алты түрлі өзекті мәселе қарастырылған. Олар мыналар: жазу мен әліпбиге қатысты мәселелер, қазақша пән сөздері, ауыз әдебиеті нұсқаларын ел ішінен жию мәселелері, оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерді көбейту, бастауыш мектептің бағдарламаларын түзу.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің күллі түркі дүниесі руханиятына тигізген игі ықпалшы айқын еді. Осы съезден екі жылдан кейін Әзербайжанның астанасы Баку қаласында түркологтарының бірінші съезі ұйымдастырылғаны белгілі. Бұл екі жиынға ортақ дүние – екеуі де тіл мәселесіне арналғандығы. Қазақ білімпаздарының съезінде қазақ тілінің терминологиясы жүйесін түзіп қалыптастыру болса, түркологтардың бірінші съезінде жалпы түркі тілдерінің терминологиясы жүйесіне қатысты мәселелер көтерілді. Мұндағы негізгі баяндаманы қазақ ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлы жасаған болатын.

Аталған съезде әйгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби тақырыптары» деген атпен баяндама жасайды. Баяндамасында ғалым барша түркі халықтарының өз жазуы болғанын, соңғы біршама ғасыр бойы араб қарпін қолданылып келе жатқанын айта келе, әбден бауыр басқан бұл жазуды тастап басқа графикаға көшу оңай емес деген пікірін дәлелдеп келтіреді. Ғалымның ұстанымы – Еуропа халықтарының тіліне түркі жұртының қатысы жоқ дей келе, былай деп атап көрсетеді: «Латын әліпбиін тұтынған Еуропа жұрты балаларымызға тілін үйретіп отырған орыс жұртының орнында болса екен... Онда латын әліпбиін алуға болар еді.» Ұлт ұстазының бұл сөзінен еуропалық өркениетке, білім-ғылымға іш тартатынын, бірақ қазақ халқына жан-жақты ықпалын жүргізіп отырған орыс өркениетінің оған мүмкіндік тудыра қоймайтынын мойындауын аңғарғандаймыз.

Ахаңның: «Жақсы әліппенің қасиеттері – жылдам жазылуы, баланы оқытқанда әріптерінің бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуі, жазбасына баспасының ұқсастығы. Қазіргі қазақ әліппесінен жер үстінде жақсы әліппе жоқ. Латыннан анағұрлым озық әліппеміз тұрғанда босқа латыншыл болудың қажеті не? Латынның керегі жоқ! Латынды ауызға алу – еріккендік! Латынды орыс халқы алмағанда, біз неге аламыз? Әріпке қызығып, бүкіл мәдениетімізден айырылып қаламыз ба? Латынның кемшілігі – кейбір әрпінің үш-төрт түрлі жазылуы, газет қып басып шығарғанда әріптерінің қосылып кетуі», - деп атап көрсете отырып, өзінің араб графикасы негізінде оңайлатылған, қазақ орфоэпиясына барынша етене төте жазуын қолдануға шақырады. Оншақты жыл бойы қалыптастырып, қолданысқа енгізген төте жазу осылайша, білімпаздардың тұңғыш съезінде ғана қабылданған болатын. 

Аталған съездегі ең көп талқыланған мәселе – әліпби екенін көреміз. Ахмет Байтұрсынұлының осы мәселедегі ең білімпаз әрі практик екені дау туғызбайтын мәселе болса да, бұл – Ахаңның аузынан шыққан идеяның бәрі ешбір талқылаусыз, сыни пікірсіз қолданысқа енгізіле берді дегенді білдірмейді. Қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловтың осы съезде әліпби мәселесінде Ахмет Байтұрсынұлының ой-пікір, ұсыныстарын қолдай келе былай деп өз ойын білдіреді: «Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты мұқият саралау керек деген пікірін қолдамауға болмайды, бірақ Ахмет түрік әліпбиін мақтап, латын қарпі бізге қажеті аз деп отыр. Мен ойланбастан түрік әліпбиіне көшкеннен латын әліпбиінің кең мүмкіндігі мен тереңдігін пайдалана отырып, латын қарпін ұсынамын. Осы жерде Ахмет өз сөзіне өзі қарсы келуде, бір жағынан әліпби мәселесін тереңінен қарастыруды ұсынады, екінші жағынан оның болашағы мен дамуына күмән туғызады. Біз күшпен енгізгіміз келмейді.

Немесе Хәлел Досмұхамед секілді латын қарпіне қарсы бола отырып, «Ақжол» газетіне қазақ тіліне арналған латын қарпі жобасын ұсынады. Сондықтан Ахметке қосыла отырып мен ұсынысымды іспен, дәлелмен алға тартамын», - деп өз көзқарасын білдіреді. Латын қарпінің қай жағынан болсын артықшылықтарын алға тартады. Расымен де бұл ұсыныстың негізсіз емес екенін қазіргі кезеңнің практикасы көрсетіп отырған жоқ па? Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз да түбі латынға көшетініміз анық. 

Нәзір Төреқұлұлы өзінің пікірін сол кездегі ең елеулі мәселе – әріп терудегі тиімділікпен де дәлелдейді. Мұның өзі де ой жүгірткен адамға ап-анық дүние екені белгілі: «Егер түрік тілін латынмен салыстырар болсақ, меңгеруге әлдеқайда латын тілі ыңғайлы. Мысалы, қазақ газетінің бір санын шығару түрік (араб) әліпбиімен шығару үшін 15 пұт қажет етеді, ал латын тілінде бар-жоғы 2-2,5 пұт болады. Түрік типографиясында 174-200 әріптік ұяшықтар бар, ал латында 100-ден аспайды. Орыс әліпбиінде 7500 әріп, поляк, француз тілдері қолданып жүрген латын әліпбиінде 5500 әріп қолданылады, татарлар 5500 әріп, қазақша, өзбекше 4000-4200 әріп, араб тілінде теруші 300-ге жуық әріп тереді», - деп атап көрсетеді. Әріп линотипке арналған қорғасын әріптерді теру, мәтін дайындау – үлкен машақатты қажет ететін шаруа болғандығы туралы аға буын баспагерлер айтады. Қазіргі күні бәрі автоматтандырылғандықтан, еш қиындығы жоқ. Ал білімпаздар съезі тұсында бұл – күн тәртібіндегі мәселе болатын. халықтың сауатын ашу, сауатты оқу құралдары мен газет-журналдар, кітаптар мен көмекші оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажет болатын. 

Тағы бір білімпаз Елдес Омарұлы өзінің баяндамасында терминология, сөзжасам мәселелеріне тоқталады. Пән сөз немесе терминдердің ұлттық сөздік қорды, ғылыми терминологияны қалыптастырудағы маңызына тоқтала келе ол түпкі нәтижеде ұлттың тілінің азып, шұбарланбауына да қатыстылығын былайша атап көрсетеді: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, Иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек. Өйткені жат сөздің асыл түбін бұзбай алсақ, ондай сөзге қазақтың тіл келмейтұн болады. Жаңа қазақ тілінің заңына келмеген сөзді, оған қазақша жұрнақ, жалғаулар жалғап өзгертуге де болмайды. Ондай сөз қазақ тіліне қазақтың өз сөзіндей болып сіңісе де алмайды, біртүрлі ерсі сөз болып қалады. Жат сөз қазақ тіліне сіңіп түбкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін, мағанасы түсінікті болмаса да, айтуға жеңіл, құлаққа ерсі болмауы керек. Бұл шартқа келмеген сөз қазақ сөзі бола алмайды, тек кітеб сөзі болып қана қалады. Олай болып кетсе, кітеб тілі ел тілінен басқаланып шығады, кітебтің елге пайдасы болмайды». Баяндамашының бұл пікірінің дұрыстығына еш дауымыз жоқ. Қазақ білімпаздары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары осылай дабыл қаққанымен, олардың көбі жазықсыз жала жабылып, «халық жауларына» айналып өмірден өткен тұста қазақ тілінің лингвистикасына жат тілдік категориялары келсін-келмесін енгізіліп, сөздерді жазу, терминдерді қолдану тұрғысында қазақтық, түркілік өзіндік қасиеттеріне қайшы келетін көптеген эксперименттер жасалып, тіліміздің фонетикасы, орфоэпиясы мен орфографиясы, грамматикасына дейін жалғанбалы тілдің ерекшелігіне сәйкес келмейтін категорияларды енгізуі салдарынан қазақ тілі өзінің табиғи бояуын солғындатып алды деп айтуға болады. Ал қазақ білімпаздары мұның түпкі салдарын сол заманда-ақ анық аңғарса керек. 

Бір ғасыр бұрын қазақ білімпаздары көтерген әліпби мәселесі қазіргі күні де күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Бір ғасыр ішінде біздің халқымыз алға ұзап, есею, көркею сатысына жеткені анық. Жаһандану атты қазіргі дәуірде латын қарпінің дәурені жүріп тұр. Біз әзірге жолайрықта тұрмыз. Қазақтың алғашқы білімпаз зиялыларының көбі қолдағанындай, Ахаң емеурінмен армандағанындай, түбінде латын жазуына көшуіміз әбден мүмкін. Оған дейін баянды бейбітшілік болсын.