Академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан Ғылым академиясындағы қызметі
11.04.2024 3546

Биыл Қазақстан Республикасында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы


Қаныш (Ғабулғани) Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір, 1899 – 31 қаңтар, 1964) – қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геолог. Қазақстан геологтар ғылыми мектебінің негізін салушы және металлургия ғылымының негізін қалаушы. Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлы (1845-1928) Омбы қаласындағы медреседе білім алған. Анасы Әлима Исақызы (1860-1904) Қаныш Имантайұлы бес жасқа келгенде қайтыс болған. Жас Қаныш Имантайдың бәйбішесі Нұрым Тасболатқызының тәрбиесінде өскен. Ол саутын ауыл молдасынан ашқан. Кейінірек Қаныш Имантайұлы 1911-1914 жылдары Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде бастауыш білімін алған. 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Онда Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезов сияқты көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. 

1918 жылы семинарияны бітіргеннен кейін Семей педагогикалық курсында мұғалім, 1920-1921 жылы Баянауылда халық судьясы қызметін атқарды. 1921 жылы Баянауылға емделуге келген М.А. Усов жас Қаныш Имантайұлын қызықтырып, туған елінің қазба байлықтарын зерттеп, геолог болуға ынталандырады. Ол кейін 1921 жылы Том қаласында Технология институтының тау-кен факультетіне оқуға түсті. 1926 жылы Институтты бітірген соң Қазақ АССР-і Халық шаруашылығы орталық кеңесінің ұйғаруымен Мәскеу қаласында «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімін басқаруға жібереді. Бұл треске Жезқазған мыс кен орындарын, Бақоңыр көмірін зерттеу және Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жүргізу жүктелген еді. Сондықтан, Қаныш Имантайұлы бұл істі қарқынды жүргізу мақсатында Қазақстанға қайтып оралған. 1929 жылы Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай комбинаттың бас геологы болды. Осылай Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасқан. Оның көп жылдары Жезқазған жерінде өтті [1].

1941 жылы 18 қазанда Совет Одағы Ғылым академиясының қазақстандық филиалы төрағасының орынбасары Қ.И. Сәтбаев Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасыновтың атына «Соғыс уақытында эвакуацияланған академиктердің республика үкіметінің шақыртуымен Алматы қаласына келетіндігі туралы» хат жазған. Онда 20 қазан күні Алматыға академиктер А.Н. Бах, Л.С. Штерн, А.А. Борисяк, олардың ғылыми қызметкерлері Таусон мен Сенвям отбасыларымен 14 адам және Ғылым академиясы Қазақстан филиялы төралқасының төрағасы ССРО Ғылым академиясының корреспондет-мүшесі Ф.Г. Гриорьев отбасымен 4 адам болып келетіндігін хабарлаған [2].

Қаныш Имантайұлы 1942-1946 жылдары ССРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі төралқасының төрағасы қызметін атқарған. Соғыс жылдарында ғылым саласындағы ынтымақтастық та аса жемісті болды. Соғыстың ең басында СССР Ғылым академиясының Орал, Батыс Сібір және Қазақстан ресурстарын қорғаныс қажеттіліктеріне жұмылдыру жөніндегі комиссия құрылды. Құрамында В.Л. Комаров, А.А. Байков,   И.П. Бардин, А.А. Скочинский, В.К. Обручев, Л.Д. Шевяков, В.Н. Образцов сияқты ірі ғалымдар енген комиссияның ғылыми ұсыныстары Қазақстанның әскери экономикасының даму негізін қалады.

Республикада соғыс жылдарында еліміздің ең ірі ғылыми күштері шоғырланды. Бурабайда академиктер В.М. Алексеев,, А.Н. Бах, Л.С. Берг,  С.Н. Бернштам, В.И. Вернадский, Н.Ф. Гамалея, Н.Д. Зеленский, Л.И. Мандельштам, А.С. Орлов, және т.б. ғылыми зерттеулер жүргізді. Алматыда 20-дан аса ғылыми-зерттеу институттары орналасты [3].

Ғылым академиясы 1942 жылы құрған Орал, Батыс Сібір және Қазақстанның табиғи қорларын қорғаныс ісіне пайдаланумен шұғылданатын комиссияда одақтың ірі ғалымдары И.П. Бардин, В.А. Обручев,  А.А. Скочинский, И.И. Мещанинов, А.Д. Шевяков, Э.В. Брицке, И.Ф. Григорьев тәрізді ұлағатты ғалымдар жұмыс істеді. Қ.И. Сәтбаев болса бұл міндетті республикалық жоспарлау комитетінің ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасының орынбасары қызметімен ұштастыра атқарды. 

Қ.И. Сәтбаев өміріне шуақты қуаныштарды 1943 жыл әкелді. Соның ең көрнектісі ССРО Ғылым Академиясының жазда өткен кезекті сайлауы. Осы жиында геология-география бөлімшесі арқылы жасырын дауысқа түскен ғалым корреспондент-мүше болып сайланады.

Академик Ш. Шөкин өз естелігінде: «Қазақстан ғылым ордасын көтерерде Қаныш Имантайұлы 1944 жылдың екінші тоқсанынан бастап филиалды республикалық Ғылым академиясына айналдыру ісіне біржолата ден қойып, сол үшін пәрменді әзірліктер жүргізді. Алматыда уақытша тұрып жатқан белді ғалымдармен ақылдасып, солардың қоштауымен Қазақстан КП(б) Орталық комитеті мен үкіметіне жаңадан 11 ғылыми-зерттеу институттарын ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдады [4], – дейді.

Қазақстан Үкіметінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов: «Қаныш Имантайұлы 1942 жылы Орталық Ғылым академиясы Қазақ филиалының төрағасы болып тағайындалды. Әрі қарай мен Қаныш ісіне араласқан емеспін. Араласқаным, айтқаным, «қаражат жөнінен қам жеме, мен осы орында отырғанда ол жағынан таршылық көрмейсің» дегенім болды. Ол 1943 жылы ССРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1946 жылы толық мүшесі болып сайланды. Орта Азиядан Орталық Академияға мүше болып сайланды. Орта Азиядан Орталық Академияға мүше болған тұңғыш ғалым – Қ. Сәтбаев. Ол өзі де соған лайықты болатын. Өте жан-жақты, білімді, парасатты, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор адам еді.

Соғыс жылдарында ССРО Ғылым академиясының Президиумы Свердловскіде болғанымен, академиктердің көбі Қазақстанда – Бурабай мен Алматыда болды. Бірде арнайы сол академиктерге, ішінде В. Комаров бар, сәлем беруге бардым. Көзбен көру мен естудің арасында айырмашылықтың көп болатынын өмірдің өзі талай тосқан алдыма. Маған жеткен хабар бойынша, ғалымдардың жағдайы жақсы болатын. Жоқ, барсам, талай шаруа қордаланып,  проблема көбейіп тұр екен. Бастысы – ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасадық. Ас-су, тұратын жерлерінің мұқтаждарын шештік. Осыны базыналай тұрып, кетерде: «Қазақстанда ғылым докторлары мен өздеріңіздей академиктердің көбеюіне көмектессеңіздер және Қазақстаннан жеке ғылым ордасын ашсақ», – деп айтқан екен.

Соғыс жылдарында Қ. Сәтбаев басшылығымен Академия филиалында 15 ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл жеке Ғылым академиясын ашуға басты тірек, негіз болды.

Қаныш Сәтбаев әріптестерімен бірге

1945 жылдың қазан айында ССРО Үкіметі Қазақ ССР Ғылым академиясын құру жөнінде шешім қабылданды, қаулы шығарды. Біздің де күткеніміз сол, бар күш-қайратты жұмсап, ақырында 1946 жылдың маусым айының бірінде Ғылым академиясын аштық. Қазақ ғылымы күмістей таза болсын деп, ырымдап күміс ақшаны таған қаққанда табанына тастадым. Ашылуында сөз сөйледім. Көптен көздеген ісім бітіп, елім үшін ойлаған бір арманым орындалды...» – дейді ағынан ақтарылып Нұртас Оңдасынов өз естелігінде.

Бәрі рас, Республика Үкіметінің, оның ішінде жеке Нұртас Оңдасыновтың тапсырмасымен жеке Қазақ ССР Ғылым академиясын құруға орасан зор дайындық жұмысы жүргізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағасы өзі, орынбасарлары: Николай Александрович Скворцов, Жұмабай Шаяхметов, Қаныш Сәтбаев бекітілді. Комиссия құрамы он сегіз адамнан тұрды. Бұл қазақ халқының ғылымы мен мәдениетінің биікке шырқап шыққандығын көрсететін үлкен саяси маңызы бар тарихи оқиға болды.

Дайындыққа байланысты Үкімет өткізген кеңестер мен шаралар және қаулылар Орталық архивтің №1137 қорында сақтаулы және Ғылым Академиясына байланысты құжаттар осы қорда жетерлік.

Қазақ ССР Ғылым академиясын құру барысында Мәскеу мен Ленинград және еліміздің басқа қалаларынан Қазақстанға уақытша қоныс аударған ғалымдар баға жетпес көмек көрсетті. Айталық, 1943 жылы ССРО Ғылым академиясының Президенті В.Л. Комаров басқарған бір топ ғалым Көкшетауға қоныстанды. Мақсат – Оралдың, Батыс Сібір мен Қазақстанның қорларын соғыс мүддесіне жұмылдыру. Сол үшін ССРО Ғылым академиясының комиссиясы құрылды. Оның құрамына еліміздің аса көрнекті ғалымдары – академиктер А.А. Байбеков, И.П. Бардин, К.А. Скочинский, В.А. Обручев, Л.Д. Шевяков, В.Н. Образцов, Э.В. Брицке, Д.Н. Прянишников, В.И. Вейц және қазақстандық ғалымдардың көшін бастаған Қаныш Сәтбаев еді. Олар көмір өнеркәсібі, түсті металлургия өндірісінің қуатын арттыру жолдарын белгіледі. Осы жолы Сәтбаев өзіне жаңа достар, әріптестер тапты, өзінің ғалымдық қабілетін, ұйымдастырушылық қасиетін танытты. 

Соғыстың жүріп жатқанына қарамастан 24 адам ССРО Ғылым академиясына докторантураға жіберілді. Соғыс аяғында бөлімшеде 900 маман он бес ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істесе, олардың алтауы ССРО Ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшесі, 70 ғылым докторы мен профессор, 200 ғылым кандидаты, 350 кіші ғылыми қызметкер болды. Бұл жерде ғылымның қамын жеп, жар құлағы жастыққа тимей жүрген, Үкімет басшысының мемлекеттік дәрежеде қолдау көрсетіп, «...мен тұрғанда қаражаттан қам жеме» деген уәдесін әдемі орындаған және соны ұқсатып әкеткен, ұтқыр ұйымдастырушы, ғұлама ғалым Қ. Сәтбаев еңбегін ерекше атаған жөн.

Бұдан кейінгі кезекте Ғылым академиясына жаңа, жақсы шаңырақ салуды Үкімет басшысы ойлады. Арнайы, атақты архитектор А.В. Щусевті өзі шақырды, сөйлесті пікір алысты. Айтқаны, архитектурасында ұлттық нақыш пен өрнектің орын алуы болды. Ол көпке созбай, Ғылым Академиясының жоспар-жобасын жасап, Н. Оңдасыновтың алдына әкеліп қойды.

Ал Қ. Сәтбаев соғыс басталысымен әуелі өнеркәсіпті стратегиялық шикізаттармен қамтамасыз ету үшін республикада жұмыс жүргізіп жатқан барлық геологиялық мекемелерді біріктіру керектігін Үкімет алдына мәселе етіп қойды. Мұндай шешім – Жезқазған, Жезді-Қорғасын, тағы басқа Қазақстан зауыттарының үздіксіз жұмыс істеп, соғысқа керек құрал-сайман, қару-жарақтың тез арада шығуын қамтамасыз етті.

Қаныш Сәтбаев Атасудың темірін, мысын, қорғасынын, Атбасардың мысын, Торғайдың бокситін жедел барлап игеру қажеттігін, қара металлургия индустриясын көтеру керектігін ұсынды. 1941 жылы Қ. Сәтбаев Үкімет комиссисының құрамында болып, Қазақстандағы қара металлургияның тұңғыш – Теміртау комбинатын салуда алғаш айтқандардың бірі және соның құрылысына басынан аяғына дейін қатысқан ғалым.

Болатты қорыту үшін ең керекті заттың бірі – марганец. Совет Одағындағы марганец өндіретін жалғыз Никополь кешені жау қолында қалды. Мемлекет алдында маңызы зор проблема тұрды. Оны Қ. Сәтбаев шешті, марганецті Жездіден тапты. Бұл «Үлкен Жезқазғанның» өрлеуіне әкелді. 

Нұртас Оңдасынов Үкімет басшысы қызметін атқарып жүрген уақытындағы осы оқиғаларға байланысты өз естелігінде: «Қиындық үстінде жақындасып, танысып, достасқанның қадірі айрықша болады екен. Соғыс кезінде Отанның қажеттерін өтеу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір мақсатта жұмыс істеген Совет Одағы Ғылым академиясы өзіміздің үйіміздей, оның Президенті Владимир Леонтьевич Комаров үлкенімізге аға, кішімізге ата болып кетті. Олар Мәскеуге қайтар кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан Үкіметінің атына ризалық алғыстарын айтып, шын сүйіспеншіліктерін білдірді».

Дәл сол ризашылығын академик В.Л. Комаров Қазақстан Үкімет басшысы Н.Д. Оңдасыновтың атына жазған хатында: «Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов жолдасқа Аса қадірлі жолдас! Сіз және Сіз арқылы Қазақ ССР Үкіметіне Алматы қаласында тұрған кезімізде маған, менің серіктеріме көрсетілген ерекше мейірбан қабылдау үшін алғысымды білдіруге мархабат етіңіз. 

Қазақстанның ресурстарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру жөніндегі біздің бірлескен жұмысымыз таяу уақытта өзінің нәтижелерін беріп, ата жауымызды тезірек талқандауға және Қазақстанның халық шаруашылығы мен мәдениетінің бұрынғыдан да қарыштап дамуына жәрдемдесетіндігіне иманым кәміл. 

Ілтипатыңыз бен қамқорлығыңыз үшін Сізге тағы да алғыс айтып, шын жүректен өзіңізге денсаулық, толайым табыс тілеймін. Сізге риязсыз адам  В.Л. Комаров», – деп қол қойған дерек те сақталған [5].

1945 жылы 1 наурызда Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов пен ССРО Ғылым академиясының академигі В.Л. Комаров екеуі Совет Одағы Ғылым академиясының қазақстандық филиалы негізінде Қазақ ССР Ғылым академиясын ашу туралы Г.М. Маленковтың атына хат жолдаған. Онда Қазақстан басқа республикалармен қатар соғысқа өзіндік үлес қосқаны және енді алдағы уақытта елдің зиялы қауымын топтастырып, әртүрлі салаларды дамыту үшін республикада Ғылым ордасын ашу қажеттігін атай келіп, мұнда 40-тан астам ғылым докторы, 100-ден астам ғылым кандидаты қызмет атқарып жүргендігін айтқан [6].

Қазақстан Ғылым ордасының ашуға байланысты «ССРО Ғылым академиясының филиалы ретінде 1945 жылдың 26 қазан күні ашылып, қызмет жасап келген мекемені өз алдына жеке Қазақ ССР Ғылым академиясы ретінде құрылғаны 31 мамыр 1946 жылдан», – деп заңды қаулы қабылдаған сол уақытта Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ә. Қазақпаев, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов еді [7].

Дәл осы уақытта ең алғаш рет 1946 жылы 31 мамырда Қазақ ССР Ғылым академиясының 16 ғылыми-зерттеу институтының штаты бекітіліп, онда 1000 адам жұмысқа кіріскен. Олардың ішінде 75 ғылым докторы, 188 ғылым кандидаты болды. Сол уақытта 14 нақты корреспондент-мүшесінің тізімі бекітілген. Олар: Қ.И. Сәтбаев, М.О. Әуезов, А.Б. Бектұров,  П.Г. Галузо, М.И. Горяев, А.Қ. Жұбанов, Н.Г. Кассин, С.К. Кеңесбаев,  Н.В. Павлов, М.П. Русаков, Н.Т. Сауранбаев, Г.А. Тихов, В.Г. Фесенков, С.В. Юшковтар болатын. 

Одан басқа мүше-корреспонденттер 16 адам: Х.К. Аветисян, Н.У. Базанова, А.И. Безсонов, С.Н. Боголюбский, Р.А. Борукаев,  А.М. Ғаббасов, Қ.Ж. Жұмалиев, Ә.Х. Марғұлан, А.Ж. Машанов, К.М. Мыңбаев, А.П. Полосухин, В.И. Смирнов, А.Н. Сызғанов, Н.Н. Удинцев, М.И. Усановичтердің тізімін қаулымен бекіткен және қол қойған Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов және Іс Басқарма басшысы Д. Сырцев болатын [8].

Бұл уақытта республикада 23 жоғары оқу орны, 91 техникум және 7 735 орта мектеп жұмыс істеген. 

Ал, ресми түрде Қазақстан Ғылым академиясының ашылған салтанатты мәжілісі 1946 жылы 1 маусым күні республикада тарихи күн болды. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының ашылған уақыты еді. Міне, осы салтанатты мәжіліс Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен. 

Қазақстан Ғылым академиясының салтанатты ашылуына Совет Одағынан және республиканың түкпір-түпкірінен келген қонақтар қатысты. Ең алғаш сөз сөйлеген Нұртас Оңдасынов: «Жолдастар! Біз Сіздермен өте толқулы сәттің үстінде тұрмыз. Қазақстан өзінің Ғылым ордасын құруда. Бұл Ғылым ордасы мәдениет пен ғылымның дамуына жол ашады. 

Мен, осы салтанатты шарада елдің атынан республикамызға көп көмектескен атақты ғалымдарға алғыс айтқым келеді, – деп төмендегідей ғалымдардың аттарын атаған: Совет Одағы Ғылым академиясының академиктері В.Л. Комаров, И.П. Бардин, И.И. Мещанинов, В.А. Обручев, А.А. Григорьев, В.Г. Фесенов және мүше-корриспондеттері Г.А. Тихов, Д.В. Наливкин, А.М. Панкратова, С.Е. Малов және қазақстандық ғалымдарға атқарған қызметтері үшін алғыс білдірген. Одан кейін отандық ғалымдарға Совет Одағы Ғылым академиясымен, бауырлас республикалардың ғалымдарымен өте тығыз жұмыс жасаңыздар» [9], – дейді.

Қазақстан Ғылым орлдасын құрғанан кейін оның Президентін сайлау мәселесі қозғалады. Бұл айтулы оқиға 1946 жылдың 3 шілде күні болған. Ең алдымен Ғылым академиясының Бірінші сессиясын ашық деп жариялап, құрметті ССРО Ғылым академиясының академигі Г.А. Тиховқа сөз кезегін берген Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов болатын. Мұнда негізінен Қазақстан Ғылым академиясына Президентін сайлау мәселесі және болашақ атқаратын жұмыс жоспарлары қаралған. 

Ғалымдардың басын қосқан алқалы жиында жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан қолдау және сенім білдіріліп, бірінші сессиясында Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті болып Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланады. 

Бұл мәжілісте сөз сөйлеген М.О. Әуезов Ғылым академиясының Президенттігіне түскен Қ.И. Сәтбаевтың қазақ интеллигенциясының арасында беделі зор және танымал ғалым екендігін атай келіп, оның терең білімді, шығарған еңбектерінің көп екендігін, сол себепті осы орынға барлық ғалымдар оны лайықты деп сайлауда дауыс беріп, үлкен сенім білдіргендігін  айтқан [10].

Қазақстан Ғылым ордасы саналатын «Қазақ ССР Ғылым академиясын» алғаш ашылған сәттің куәгері және салтанатты жиналысқа қатысушы В. А. Ульяновскаяның естелігін жазушы Медеу Сәрсеке «Қазақтың Қанышы» атты еңбегінде былай деп келтірген екен: «1946 жылдың 1 маусымы, ертеңгілік мезгіл. Қазақстан зиялыларының таңдаулы өкілдері – ғалымдар мен әдебиет, көркем өнер қайраткерлері, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары мен жетекші мамандары – Қарағанды мен Жезқазғанның, Ембі мен Кенді Алтайдың, Балқаштың жұмысшы делегациялары, Алматыдағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, жауапты партия қызметкерлері, Мәскеу мен Ленинградтан, Орта Азия республикаларынан келген ресми қонақтар Абай атындағы академиялық опера және балет театрының залына лық толған. Жұрт мереке күнгі дей киінген. Шынында да, бұл – қазақ елінің рухани өмірінде бұрын-соңды болмаған мәдени ұлы оқиға! Қандайда зор мерекеден асып түсетіндей тарихи елеулі кезең!

Құрметті төрде республиканың үкімет пен партия басшылары, есімдері дүние жүзіне, Одаққа әйгілі қонақ академиктер, Қаз ФАН-ның жетекші алқасы...

– Қымбатты жолдастар! Біз бүгін тарихи мәні аса зор, бәрімізді бірдей тебіренткен ұлы оқиғағ куә болып отырмыз. Біз бүгін Қазақ совет социалистік республикасы Ғылым академиясының шаңырағын көтеруге жиналдық, – деп бастаған-ды салтанатты мәжілісті үкіметтің әзірлік тобының төрағасы Н.Д. Оңдасынов.

Соңында ол Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті, Министрлер Кеңесі мен Жоғары Кеңесі Төралқасының Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы тарихи қаулысын жариялау үшін сөз кезегін Орталық Комитеттің хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовты мінберге шақырды. Одан соң Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Исағали Шәріпов жұрт алдына шығып, тұңғыш Ғылым ордасының алғашқы толық мүшелері мен корреспонденттерінің үкімет бекіткен құрамын жариялады.

Кейн 3-7 маусым күндері аралығында үкімет үйінің мәжіліс залында жаңа академияның ең алғашқы жалпы жиналысы, соңынан тұңғыш ғылыми сессиясы өткен-ді.

Бұл жолығы мәжілісті де үкімет басшысы Н.Д. Оңдасынов басқарып, ә дегеннен-ақ жұрт көңілінен шыққан ұсыныс жасаған-ды: қазақтың Ғылым Академиясының жарық дүниеге келуіне шапағаты тиген, жан-жақты зерттеу-ізденістер бастауына айтарлықтай қолғабыс еткен орыс ілімінің  С.И. Вавилов, И.П. Бардин, В.А. Обручев пен И.И. Мещанинов сынды салауатты өкілдеріне шексіз ризалық білдіре отырып, оларды өз құрамына құрметті мүше етіп сайлауды қажет деп біледі... Жиналысты жүргізушінің ұсынысы бірауыздан мақұлданып, ду қол соққан ғалымдар тік түрегеліп, есімдері аталған ғұламаларға қошамет білдірісті.

Осы рәсім орындалған соң жиналысты басқарушы Нұртас Дәндібайұлы қазақы бір әзіл айтып, сөзінің аяғын «Ау, жолдастар, өңкей ғұламалар алдында тұрып, орталау дәрежелі біліммен менің екі күн ұдайы сіздерге төбе би болғаным қолайсыз іс емес пе?» – деп, бұдан әрі мәжілісті басқару тізгінін қазақстандық ең кексе академик Г.А. Тиховқа ұсынған» [4, 408-409].

Осы Қазақстан Ғылым академиясының ашылу салтанаты туралы Нұртас Оңдасынов өз естелігінде: «Совет Одағы Ғылым академиясының Қазақстанда ғылымды дамыту, ол үшін көрнекті ғылыми кадрлар даярлау, республиканың сан алуан байлықтарын Жеңіс мүддесіне толығырақ жұмсауға сіңірген еңбектері өз алдына айрықша әңгіме етуге тұрарлық.

Қазақстан ғылымын басқарған Қаныш Сәтбаев ең алдымен үлкен ғалым еді. Оны бұл дәрежеге жеткізген – оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы. Ешбір табыс өзінен-өзі келмейтінін жақсы білген ғалымның қағидасы – «Бейнетке – береке» болған. Ол алға қойған мақсатына тезірек жету үшін білімді білетіндерден танбай үйренген, үлкен ғалымдарды пір тұтқан, соларға ұқсауға тырысқан. Білмегенін білуге асығу оны дәйім ізденіске әкеліп отырған. Оның барлық әрекет-тірлігі тек күн көру үшін ғана емес, халқына ғылыми жаңалықтар табу жолына бағытталған. Қаныш Сәтбаев жаңалықты жанындай жақсы көретін еді.

Ол Отанымыздың ғылымына өзінің лайықты үлесін қосып кетті. Оның есімі өзіміздің елде ғана емес, көптеген шет елдер ғалымдары арасында кең белгілі болды. Шығыстағы совет республикаларынан бірінші CСРО Ғылым академиясының академигі болды. Бұл қазақ халқына үлкен абырой мен қуаныш әкелді, ғылыммен кеңірек шұғылдануға талпындырды. Сөйтіп Қ. Сәтбаев кеңес ғылымының аса көрнекті өкілі ретінде тарихтан өзіне тән лайықты орнын алды, халықтың өнегелі перзенті болып ұрпақтар есінде мәңгі сақталады [11]», – депті.

Нұртас Оңдасынов – Ғылым академиясының дербес құрылуына бірден-бір атсалысқан адам. Соғыстың жүріп жатқанына қарамай жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын», – деп күміс ақша шашқаны мәлім. 

Академик Қ.И. Сәтбаевтың көп қырлы талантының аса жарқын саласы – ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Қаныш Имантайұлы халқына мұра болып қалған қазынаның ең салмақтысы – оның өзі негізін қалап, іргелі парасат ордасы, ұлттық мақтаныш, дәрежесіне жеткізіп кеткен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы болып табылады.

Қ.И. Сәтбаев ұйымдастырушылық жұмысқа 1941 жылы шақырылды. Бұған дейін ол Атбасар және Қарсақбай трестерінде геология бөлімінің жетекшісі және бас геолог қызметтерін атқарып, Орталық Қазақстанда көптеген кен көздерін ашып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де жан-жақты айналысып маман ретінде де, адам ретінде де кемелденген болатын.

Ол 1941 жылы ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының құрамындағы геологиялық ғылымдар институтының директоры әрі осы филиялдың төрағасының орынбасары болып сайланды. 1943 жылдан филиалдың төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы Қ.И. Сәтбаев геология ғылымын дамытудағы үздік жетістіктер үшін ССРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Қаныш Имантайұлы сол кезде ССРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді.

Қ.И. Сәтбаев Алматыға қызметке шақырылған кезде Қазақстанда Ғылым академиясын құру жөнінде мәселе қойылып, оған дайындық жұмыстары басталып та кеткен. Қаныш Имантайұлы осы жұмыстың бастау көзінде тұрды.

Қазақстанның Ғылым академиясын құру ісінің басы-қасында болған сол кездегі республика үкіметінің басшысы Нұртас Оңдасынов «Тұңғыш Президент» атты естелігінде:  «Қ.И. Сәтбаев ғалымдығына қоса шебер ұйымдастырушы жан еді. Басшылық етудің өзіне тән айырмашылықтары мен қиыншылықтары болды. Басшы болу білгенге мехнат, білмегенге қанағат. Қ. Имантайұлының ұйымдастырушылық қабілеті басқаларда сирек кездесетін құбылыс. Ол бұл қасиетін ғылым басына келгенде бірден көрсетті. Қ. Сәтбаев жаратылысында – өте алғыр, көздегеніне жетпей қоймайтын, қайда барса да олжасыз, құр қол қайтпайтын адам еді. Ол академия коллективін жаңа институтпен, жаңа лабораториямен, жаңа қондырғымен, сәтті қорғалған диссертациясымен, басқа да базарлықтармен дәйім қуантып отырған», – деп жаған.

1946 жылғы 1 маусымда ҚазССР Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Ұлттық ғылым академиясы) ашылуы республика өміріндегі аса көрнекті оқиға болды. Бұл тарихи оқиға Қазақстан ғылымының жаңа сапалық деңгейге шыққанының, маңызды мәселелерді шешуге қабілетті көптеген ғылыми кадрлардың өскенінің, ғылыми-зерттеу мекемелерінің айтарлықтай жүйесі құрылғандығының көрінісі болды.

Жаңадан ашылған ғылым ордасының құрылымы мен құрамы республиканың халық шаруашылығы мен мәдениетінің шешілуге тиісті өзекті мәселелерінен туындады. Әуел баста академия 16 ғылыми-зерттеу институтты, 11 секторды, геология музейін, астрономиялық обсерваторияны, ботаника бағын біріктіретін төрт бөлімшеден (минералдық қорлар, физика-математикалық ғылымдар, биологиялық және медициналық, қоғамдық ғылымдар бөлімшелерінен) тұрды. Бұлармен қатар академияның жекелеген облыстарда жеті базасы құрылды (Қарағанды, Жезқазған, Гурьев, Алтай, т.б.). Академия төралқасының жанынан шөлдерді игеру жөніндегі комиссия мен республиканың өндіргіш күштерін зерттейтін кеңес ұйымдастырылды. Республика үкіметінің арнаулы қаулысымен академияның толық және корриспондент-мүшелері бекітілді. 

Академияның алдында үлкен міндеттер тұрды. Мәселен, минералдық қорлар бөлімшесі республиканың табиғи байлықтарын геологиялыұқ тұрғыдан зерттеп, Қазақстанның түсті және қара металлургиясының тау-кен және отын өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету міндеттерін шешуге тиісті болды [12].

1947 жылы наурыз айында Қ.И. Сәтбаев ССРО Жоғарғы Кеңесінің үкімет делегациясы құрамында іссапармен Англияға барды. Мұнда У. Черчилль мен К.Р. Эттлидің қабылдауында болды. Сол жылы 25-31 шілдеде Қазақстан Ғылым академиясы мен ССРО-ның Түсті метталлургия министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Өскемен қаласында өткен «Үлкен Алтайдың» өндіргіш күштерін зерттеу мен игеруге арналған көшпелі сессиясын басқарды [13].

Қаныш Имантайұлы өмір жолында көп еңбектерді жарыққа шығарды. 1942 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін екі маңызды монографиясы жарық көрді. Олардың біріншісі – «Қазақстан мен Совет Одағының мыс құмдары» монографиясы, екінші монографиясы – «Қазақстанда қара металлургияның дамыту мүмкіндіктері туралы», Қазақстанның темір рудасы кен орындарының геологиялық сипаттамасын береді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзінің маңызды еңбегі «Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясын аяқтайды. 1942 жылы бұл еңбегі үшін ол Мемлекеттік (Сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп танылды. Бұл марапат, шын мәнінде, соғыстың ауыр күндерінде Қазақстанға арзан мыс өндіру арқылы үлкен үлес қосқан Жезқазған кен орынының құрметіне берілген.

Қ.И. Сәтбаев қырықтан астам ғылыми еңбек жазды, олардың бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылды. 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия оның жұмыстар жиынтығын бағалау негізінде Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді. Ғалым минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау сияқты аймақтарға да айрықша назар аударып, олардың кен орындарының стратиграфиясы, тектоникасы, құрылымы, металлогениясы, геохимиясы және пайда болу тегі туралы терең зерттеулер жүргізді. Осы зерттеулері арқылы ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешенді әдісін енгізіп, Қазақстанның геологиялық ғылымында жаңа кезеңнің басталуына ықпал етті. 

Қаныш Сәтбаев пен Жұмабек Тәшенев төрде отыр. Қазақстан  Ғылым академиясында. Алматы қаласы, 1956.

Қаныш Сәтбаев Қазақстан ғалымдары арасындағы ақылшы және тәрбиеші ретінде танылды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық және қазақстандық деңгейдегі комиссиялар мен комитеттерде мүшелік және басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ ол ССРО және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитет президиумының мүшесі болды. Оның еңбегі төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, ССРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері (1958) атанды [14].

Қорытындылай айтқанда, Қаныш Имантайұлы 1946-1951 жылдары және 1955-1964 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті қызметін атқарған дарынды тұлға. Ірі ғалым. Қазақстан ғылымын дамытып, ғылыми мектеп қалыптастырған үлкен ұстаз болды. Ғалымның Қазақстан табиғат байлығын зерттеуде және оны ел игілігіне жаратуда еңбегі өте зор болды. Жалпы, Қаныш Имантайұлының атқарған еңбегі әлемдік деңгейде танылды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Сәтбаев Қаныш //Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. - 661-617 бб.

2. ҚР ОММ. 1137-қ., 6-т., 827-іс, 17-п.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. - 438-б.

4. Сәрсеке М. Қазақтың Қанышы. Роман-эссе. – Алматы: Атамұра, 1999. – 392-б.

5. Нұртас Оңдасынов. Алматы: «Мұнайшы» қоғамдық қоры, 2007. – 112-120-бб.

6. ҚР ОММ. 1137-қ., 12-т., 517-іс, 7-8-пп.

7. Қазақ КСР Ғылым Академиясының мұрағаты (ҚАММ). 2-қ., 1-т., 6а-іс, 10-14-пп.

8. Қазақ КСР Ғылым Академиясының мұрағаты (ҚАММ). 2-қ., 1-т., 6а-іс, 15-18-бб.

9. Ундасынов Н.Д. Торжественное заседание, посвященное открытию Академии наук Казахской ССР. Речь Председателя Совета Министров Казахской ССР тов. Ундасынов // Казахстанская правда, 2 июль, 1946 г. с. 2-3.

10. Академия наук КазССР. Президиум. Стеннограмма торжественного заседания, посвященного открытого Академии наук КазССР. // «Ғылым Ордасы» ММ, мұрағаты. 2-қ., 1-т., 16-іс, 1-13-пп.

11. Оңдасынов Н.Д. Тұңғыш Президент // Зерде. №4.1989. 21-24-бб.

12. Нұрпейісұлы К. Алаш ақиқаты. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2010. - 382-384-бб.

13. Қаныш Сәтбаев. Энциклопедия. /Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 595 б.

14. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009.

Қанат Еңсенов, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының

 жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор