Әлкей Марғұланның кандидаттық диссертациясы табылған жоқ
05.04.2024 986

3 сәуір «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен археолог ғалым, тарихшы, ғылымның үлкен қайраткері Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай студенттер мен тарих бағытында, қоғамдық гуманитарлық бағытта білім алушыларға арнап Ашық есік күнін өткізді.


Іс-шараның екінші бөлімі Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметіне, мұрасына арналды. Алғашқы болып сөз сөйлеген «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай ғалым туралы әсерлі естелігін айтып, өткен кезеңдерге шолу жасады.

«Тәп-тәуір төсек тартып жатсам да, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы деген соң сүлдерімді сүйретіп, алдарыңа кеп қалдым. Аз сөйлеймін бе, кем сөйлеймін бе, білмеймін. Көптің алдына шығуға мүмкіндік шектеулі. Бүгін көргенді ертең айту – ғайыптың дүниесі. Бірақ Әлекең туралы үш-төрт нәрсені қайырып айтқым келеді.

 «Отырар кітапханасы» кезінде жақсы болды. Дәл қазіргі ауырып тұрған сәтімде кеудең кейде мұздап кетеді. Осы Әлкей Марғұланның мұрасы кеше музей болып қасиеттеніп тұрған, бүгін қабырға газеті сияқты болып қалғаны менің жүрегімді ауыртады, жанымды ашытады. Егер тарихшы болсаңдар, бір нәрсеге көңілдеріңді аударыңдаршы, балалар. «Депті», «Деген екен», «Дейді» деген сөздермен тарих жасалмайды. Қазақ тарихы сол бірін-бірі көшірумен тойды және тозды. Мен қазір қазақ тарихшыларын оқығым келмейді. Анау анадан көшіреді, дептімен бітеді. Осыдан сақ болыңдаршы!

Әлкей Марғұлан айтты екен деп, Марғұлан жазды дей салуға болмайды. Ал, оқы, көр. Содан кейін жан дүниеңе сіңгенде барып сен шын тарихпен бетпе-бет келесің. Бұ кісінің ойлау жүйесі мүлдем басқа болатын. Кизласов деген атақты кісі айтатын: «Әлкей – археологиядағы ақын. Не жырласа да ақындықпен жазады» деп. 

Бірде менен сұрады. «Жазушылар одағында не болды?» деп. «Осындай осындай, менің ұстазым Есенберлинге тыныштық бермей жатыр» десем, «ол жас жігіт қой!» дейді. 

«Мына Қазақ Хандығы құрылар қарсаңда Шайбанилармен соғысқанда әуелі бақсыларды соғыстырған. Сонда бақсы: «Қазақ хандығы жеңеді» деген. Шайбани өзінің бақсыларынан сол әңгімені естіп, үш жүз мың әскерін тастап, Бұхараға қашып кеткен. Бұл тарих қой. Тарихшының айтатын сөзін ертегі дейсіңдер. Шынында да солай болған. Дүниенің жартысын билеген хан болса да, Шайбани Хорасанға барып тығылды. Қазақтың отыз мың әскерінен жеңіліп қалды. Ол кездегі сенім-наным солай. Есенберлинге осыны айтшы. Содан кейін не болды?»

«Әбдіжамил деген біреу шығып, арыздан арыз жазып, мемлекеттік сыйлық алдырмай қойды» десем, «ол неден болды екен, рушылдық қой. Сен жас баласың, аяулысың, зерттеу керек. Рушылдық ұлтты құртады. Бұл қайдан жұқты екен, ә?! Ресейдің отаршылдығынан ба? Одан ертерек болу керек. Қазақ Хандығы тұсында ма? Үш жүз дегеніміз ру емес қой. Әскер деген сөз. Содан ба екен? Жоқ, түркі дәуірінен қалды ма? Әлде ғұн дәуірінен ба екен? Осыны зерттеу керек. Осыны сен қарашы!» деп айтатын. 

Сонда Жазушылар одағындағы кіп-кішкентай мәселеден дүниенің кеңдігін, арғы-бергі дәуірді түгел қарап, тереңірек ойлау керек деп отыратын. 

Әлкей Марғұланмен он бес күн дайындалып сексен төртінші жылы кездестім. Содан өмірінің соңына дейін әр он бес күн келіп тұрасың, мына екі креслоға отырамыз дейтін. Содан қолыма қағаз бен қалам алсам, үндемейді. Әбден қуғынды көріп сескеніп қалған ғой. Содан газет оқығандай болып, негізгі сөздерін жазып қоямын. Әңгімесі таусылмайды. Жастығынан бастадық, өмір тарихы, одан анау-мынау. Кейін КГБ-ның офицерінің фамилиясын көрсетіп: «Осыған барып көрсетші, ұят болды, сен қате істедің, Әлкей Марғұлан әлі тірі!» деп көзін шұқып көрсетші!» дейтін. 

Сондай бір аңғал адам болатын. 

Дәнелді шақырып алып, «Дәнел, мынау менің ұлым!» дейтін. Дәнел апай көп сөзге жоқ қой. 

Әлкей Мағжанның түрмесіне барып тұрған. Сонда НКДВ жазған екен. Ол – Мағжан өнерінің табынушысы. Сендер қазір «фанат» дейсіңдер ме, нағыз сол. Осы әрекеті үшін жындыханаға қамаған. Мағжанның әйелі кепілдік беріп, 1936 жылы шығарып алған. Зылиханың хатында бұл бар дерек. Ақша апарып тұрған. 1938 жылы Мәскеудің тарих институына кетеді. Ленинградтағылар іздесе таппайды. «Ол бізде жоқ, Мәскеуге оқуға кеткен» дейді. Мәскеуге іздеп келсе, «тіркелген, бірақ ғылыми жұмыспен өз жағына кеткен» дейді. Сонда ол Мәскеудің тарих институтында күзетші болып істейді. Кейін Ғылым академиясының президенті Комаров шақырып алады. «Болды, науқан бітті. Еліңде Академия ашылады. Сонда бар. Академияны құрасың. Сәтбаев сонда» деп айтқан екен.

Әлкей Марғұланның кандидаттық диссертациясы әлі күнге дейін табылған жоқ. Іздейік деп ұсыныс тастағам. Әуелде сырын ашпайтын. «Менің докторлық диссертациям Мәскеудің бәленбайыншы кітапханасында. Пәленбай деген әйел болу керек. Соған тыққызып кеткем» дейді. 

«Ал кандидаттығыңыз қайда?» десем, оны кейін айтты. Татарстанның бір университетінің кітапханасында. Сирек қорлар бөлімінде. Мен барып келейін, табайын десем, Дәнел апай айтады: «Осыдан үш күн бұрын ақша бөлінген, барлығын қатырады» деп. Сол күйі қалды.

Қазан кітапханасына барып, қолжазбаларды тауып, алып келген адам жоқ. Жаңалық ашасыңдар ғой. Алғашқы диссертациясы Жошы ұлысының қызмет хаттары туралы. Қандай тамаша тақырып! Сендер қазір Алтын Орданы тойлайын деп жатырсыңдар ғой. Сол диссертацияны табыңдаршы барып. Қиын емес. Путиннің жас кезінде ғашық болған қызы, қазір кексе әйел қазір сол университетте кеңесші ғой деймін. Сол апайды тауып алып, Марғұланның атынан сәлем айтсаңдар болғаны. Оған да еп керек. 

«Ер Едіге» деген көлемді мақала шыққан кезінде. Бұл өзі қызық адам.  Едігені құртуға болмайды дейді. Содан соңына шам алып түседі ғой. Бұлардың аңдығаны – Қаныш, Марғұлан, Мыңбаев, Әуезов және Шөкин. Оның себебі соғыстан кейін тың көтеру болады. Жаппай орыстар келеді. Сондықтан мына солтүстіктен бастап Ресейге кетіп қалуға сәл қалады. Содан астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстырайық дейді. 1905 жылы Потанин мен Ә. Бөкейханның айтып кеткені бар: «Түптің түбінде Ақмола астана болу керек. Қазақтың басқаша өмір сүруге мүмкіндігі болмайды» деп. 

Ә. Марғұлан осы уақытта қазақтың сол жерлерде қандай көлі бар, суы бар, ескерткіші бар, барлығын картаға түсірген. Шафик Шөкин осы Ертіс-Қарағанды каналын 1947 жылы жобалап бітірген. Содан Ертіс-Қарағанды каналы салына бастайды. Бірақ бұлар қудалауға түсіп кеткеннен кейін соңына дейін салынбай қалды. 

Содан Назарбаев 1997 жылы Шөкинді шақырып алып, жобаны алдыртып, Есілді қостыртты ғой. Шөкиннің естеліктерін қарасаңдар, барлығы бар. Содан Ильяшев, Черниченко деген арандатушы бар, өзіміздің қазақтардан да бар. Кәрім Мыңбаевтың «Гүлденген дала» дегенде «Жезқазғанда үш мұхитқа лайық жер асты суы бар» деп, картасын жасап дайындап, қаулы шығартқызады. Орталық билік «Мәскеуге алып келіңіз, қолдаймыз» деп шақырғанда түгел шәкірттерімен бірге ұшақты Ақтөбенің үстінде атып түсіріп, жарып жіберді... 

Одан кейін Сәтбаев, Марғұландар қудалауға ұшыраймыз деп жүрген кезде қазақтың аң-құстарын зерттейміз деп Балқашқа шығып кеткен еді. КГБ-дан қашып үйренген мәстірлер емес пе. Содан бір жарым жылдан кейін қайтып келеді ғой. «Әлкей қаңғып кетті» деген арыздар да қарша бораған.  Міне, осылай қуғында жүргеніне қарамастан, ғұлама Әлкей Марғұлан осы істерді бітіріп кеткен». 

Ашық есік күнінің құрметті қонағы ұлытаулық Мақсұт Ахметов есімді ағамыз болды. Ол 10-сынып оқып жүргенінде досы Мақсұтпен бірге академикке хат жазып, туған өлке тарихына қатысты жаңалықты жолдаған екен. Жиынға Ұлытау облысының Ұлытау ауданынан арнайы келген Мақсұт Ахметов хаттың жазылуы мен жоғалуы жайлы қызықты деректерді баяндап берді: 

«Қасиетті Ұлытау өңірінен арнайы шақырып, қонақ етіп жатқандарыңызға көп-көп рақмет! Құрметті студенттер, келіп отырған қонақтар, барлықтарыңызға ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан атамыздың 120 жылдығы құтты болсын!

Осы жылдың басы басталғанда мерейтойлардың тізбегін қарап отырып осы Әлкей Марғұланның 120 жылдығын көріп, ойланып едім. Ғалымды ұлықтайтын іс-шара өтсе, барып қатысайын, сөз сөйлейін деп. Есімім белгілі емес, бір жаңалық ашқан жоқпын, ғылым тапқан тапқан жоқпын, мәдени мұралар зерттеген емеспін. Десе де барғаным жөн екен, жастарға жігер сыйлайын, оқушы кезімнен естелік айтып, мотивация берейін деп шештім, осылай орталарыңызға келдім. 

Өзім Ұлытаудың қазағымын. Ұлытаудың бірінші мектебінде оқығанбыз. 1984 жылы Мақсат Дүйсенов деген жолдасым болды, екеуміздің сырымыз да, жырымыз да бір. Жолдас көп болады, дос сирек болады. Сол сирек кездесетін достарымның бірі еді ол. Екеуіміздің әдебиетке, өнерге, Ұлытаудың тарихына деген қызығушылығымыз болды. 

Менің әке-шешем Ұлытаудың аржағында Амангелді селолық округіне қарасты фермада тұрды. Сол фермадан батысқа қарай Қостам деген жер бар. Өзен өтеді, екі жағында екі там бар. Содан біз Қостам атап кеткенбіз. 

Бір күні біздің үйдің бір сиыр-бұзауы жамырап кетті. Бұзау жамырап кетсе, үйдегілерден үлкен ұрыс естиміз. Олар Қостамға кетіп қалыпты. Шешем «Өмірі кітап оқисың да жатасың, қарамайсың ба бұзауды?!» деп ұрысты. Қостам ауылдан 6-7 шақырым жерде. Күн ыстық. Қостамға барсам, сиырым күйісін қайрап, жанында бұзауы еміп тұр. 

Сосын демалып алайын деп көлеңкеде отырып қарасам, молалардың жанында үлкен-үлкен мәрмәр тастар. Жақындап қарасам, бәрінде жазу. Көлденеңнен, тігінен жазылған арабша, жұлдызшалар бар сияқты. Айналасы топырақ, ашып-ашып қарасам, арабша жазулар шығып жатыр. Не жазу екен деп ойландым да, сиырымды айдап ауылға келдім. Екі-үш күннен кейін Қостам жаққа қарай тағы барғым келді. Тастарда бір жұмбақ бар сияқты, жазуларға қызықтым ба екен. Бір жетідей өтті-ақ, болмайды деп соған қарай барайын деп шештім. Қолыма блокнот, қаламсап алдым. «Правда» деген газеттен басыма баскиім жасап, киіп алдым. Қанжарымды алдым. Шыны бөтелкеге суымды құйып алдым. Күн қапырық ыстық. Жолай суымды ішіп тастадым. Барғаннан кейін құран білмеймін, біссімілләмді айтып тастарды суырып ала бастадым. Топырағын сүртіп, шетінен бастап блокнотыма жаздым. Күн ыстық, шөл қысып барады. Арабша жазуды асықпай отырып жаздым. Себебі үтір, нүктелері көп болады екен ғой. Соларды оқытып жатсақ, қайда деп айтпасын деп, барлығын асықпай отырып жаздым. Көшіріп алдым, суретін салдым. Содан кейін ауылға қайттым. 

Қыркүйектің басы. Заттарымды алып Ұлытауға келдім. «Сөйтіп мынадай жазу тауып алдым, оны не істейміз?» деп досыма бардым. Ол ойланып отырып, «Әлкей Марғұланға жазайық» деді. Оған қалай жазасың! «Мен хатты өзім жазам, сен ана жазып әкелгеніңді, суреттеріңді дұрыстап қайта қағазға түсіре бер» деді. 

«Казахская ССР Академику Әлкею Маргулану» деп жаздық. Орысша білмейміз, астына «Жезгазганский область, Улытауский район УСШ №1» деп жаздық. Мақсұт сыртын жазды, мен ішіндегісін жаздым. Сөйтіп поштаға сап жібердік. Бір-екі күннен кейін қайта-қайта бір-бірімізден сұраймыз «хат келді ме?» деп. Хат жоқ. Бұл қыркүйектің 9 ма, 10 ма, жазылған хат уақыт. Әрі күттік, бері күтті. Кейін ұмытып та кеттік. Бір жағынан айдалада жатқан тас, біреудің басына қойылған тас па, бізді қайтеді деп ойладық. 

Сөйтіп жүргенде қараша айы болды. Мен интернатта жатам. Бір күні бір орыстың баласы «письмо нашли» деп бір хат алып келді маған. Әкел деп қарасам, шынымен хат келіпті. Умаждалған, жартысы жыртылайын деп тұр. Біраз жатып қалған ғой. Ертерек келген хат екен негізі. Өйткені біз интернаттың балалары үйімізді сағынғанда поштаға барып, үйімізден келген хат болса лақтыра салады, соны аламыз. Сөйтіп жаңағы орыстың баласы үйін сағынып поштаға барғанда менің хатымды тауып алған ғой. Алып кеттім. Ашайын десем жүрексініп тұрмын. Штампты қарасам, Алматинский область деп тұр. Алматыдан ешкімді танымаймыз. 

Содан хатты ашсам, Әлкей Марғұлан жазыпты. Басында ашып қалғанда «Ұлытаудағы бірінші мектептің оқушылары екі Мақсұтқа!» деп бастапты. Жазуы сәл түсініксіздеу. Хатты алып қуанғаннан Мақсұтқа барам. Сол бала поштаға бармаса, хат қаладығой жайында. Мақсұт хат жазайық деп айтпаса осы жерде тұрам ба? Ғалым аға бізге былай деп хат жазыпты. 

«Ұлытаудағы бірінші мектептің оқушылары екі Мақсұтқа! 

Сендердің хаттарыңды алдым, онда мәдениетке байланысты жақсы ойлар айтқансыңдар. Ұлытау, Жезді, Байқоңыр төңірегінде араб әрпімен жазылған қазақ жазулары орасан көп. Маған жіберген жазуларың – сондай араб қарпімен жазылған қазақ жазуы. Бірақ араб жазуын білмегендіктен сөздері қате жазылған. Менің оқығандарым «Тарих 1291 жыл Байбатырдан Қара көз, Үшбу тасты язғуша баласы Құдабай». Тасқа түсірген таңбалары – анық оғыз тайпаларының таңбасы. Дөңгелек жұлдыз салып түсірген суретті мен көрген емеспін. Валукинский тапқан бір таста аттың, бұғының суреті бар. Оны мен орысшаға аударғанмын. Қазір Жезқазған музейінде сақтаулы тұр. Сендердің міндеттерің жаз шыға, Ұлытау, Жезді, Кеңгір, Байқоңыр өзендерін тегіс аралап, кітапқа айналдыру керек. Ол үшін қастарыңа арабша жақсы білетін қарттарды ертіп алуларың керек. Олар Ұлытауда, Жездіде, Қарсақпайда табылады. Жазуларды білу үшін олардың пайдасы орасан зор.  

Әлкей Марғұлан. 5 ноябрь 1984» деп жауап жазыпты. 

Біз әрине қатты қуандық. Оқушы басымызбен Әлкей Марғұланнан, атақты академиктен хат алыпты деген – ол кезде үлкен мәртебе. 

Содан бұл хат менде болды. Енді жаспыз, конвертін жоғалтып алдым. Ал хаттың өзі менің үйдегі фотоальбомымның ішінде жүрді. Содан мен әскерге кеттім, одан кейін оқыдым. 

Мен 1989 жылдары Жезқазған мәдени ағарту институтында оқығам. Сол уақытта маған Аманғали Ербозов деген Маңғыстау жақтың кісісі сабақ берді. Сол бір күні жатақханада кезекші болып отырғанда әлгі хатты көрді де: «Сенің бұл адаммен қандай байланысың бар, қалай келген саған бұл хат?» деп сұрады. Мен тарихын айтып бердім. 

«Бұл хатты маған берші» деді. 

Түпнұсқаны сұрап тұр. Біз енді ұстаз сыйлап қалған адамбыз. Сұрап отырғасын бере салдым. Ол кісі хатты алып, 1989 жылы осы хат туралы, Мақсұт екеуміз туралы жезқазғандық газетке көлемді мақала жазды. Содан кейін хат сол кісінің қолында кетті. 

Кейін, осыдан 6-7 жыл бұрын, осында Серікқали Мұқашев деген азамат отыр, достары болып Мақсұт марқұмның 50 жасқа орай құран оқыттық. Осы кісі Ұлытауға келді. Хаттың әңгімесін қозғадық. 

Сөйтіп жоғалған хатты қайта іздедім. Аманғали ағайымыз қайтыс болған екен, қызын тауып алып, сұрап, архивтен қараңыз деп өтіндім. Ол таба алмады. Хаттың түпнұсқасын осылай жоғалттым. 

Бүгінгі кешті жүргізіп отырған, осы құтты шаңырақ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының меңгерушісі Данагүл Ахметкәрімқызы Махат ханымға зор ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі ол кісі Әлкей Марғұланның жеке архивінде жұмыс істеп, хатты тауып алған екен. Атақты ғалымның эпистолярлық мұрасына қатысты зерттеу еңбектеріне енгізіп, ғалымның шығармашылық мұрасын насихаттап келеді. Баршаңызға рақмет!»

Ашық есік күнінде қойылған көрме 20 сәуірге дейін жұмыс істейді. Онда Әлкей Марғұланның кітаптары, ұстанған заттары, бұйымдары, зерттелмеген тақырыптар мен ғылыми орталық қызметкерлерінің еңбектері қойылған.