Темуридтер мемлекетіндегі алтын және күміс ақшалардың айналымы
16.11.2023 1410

Әмір Темір құрған алып мемлекетте ақшалар негізгі тиын металдарының барлығынан соғылып отырған. Алайда, негізгі үш ақша металдары - алтын, күміс және мыстан ақша шекімелеу ісі әр ақша металына қатысты түрлі көлемде жүргізілген. Осы кезеңдегі алтын ақшалардың шекімесіне келер болсақ, осы күнге дейін түрлі жағдайларда табылған, қарастырылып отырған кезеңге қатысты алтыннан соғылған нумизматикалық материалдар көлемі бұл істің мемлекетте кең көлемде іске асырылмағандығын меңзейтіндей.


Жалпы, ортағасырлық Орта Азия нумизматкасының тарихын зерттеуші, атақты нумизмат – ғалым Е.А.Давидовичтің зерттеулері бойынша ХІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XVII ғасырға дейінгі төрт ғасырдан астам уақыт бойында алтын ақшалар соғу ісінің қарқыны төмен болған. Алтын ақша соғу ісі кей кезеңдерде онжылдықтар, кей кездері одан да ұзақ уақыт аралығында іске асырылмаған. Біз қарастырып отырған XV ғасыр да алтын ақша шекімелеу ісінде үлкен қарқынымен ерекшеленбейді. Е.А.Давидович Орта Азияның ІХ-XVIII ғғ. алтын ақша шекімесінің түрлі кезеңдердегі қарқынын былай көрсетеді:

– Бүгінгі таңда белгілі болып отырған жекелеген алтын ақшалар мен көмбелердің сандарына қарағанда ІХ-Х ғғ. Орта Азияда алтын ақша шекімесінің қарқыны төмен болған.

2 - ХІ-ХІІІ ғғ. жағдай өзгерді. Бұл кезеңде Орта Азияда алтын ақша соғу ісі қарқынды жүрді. Оның негізгі көрсеткіші – тиындар беттеріне түсіріліп отырған ақша сарайлары атауларының көбеюі. Бұл кезеңде Бұхара, Вахш, Дихистан, Мерв, Мерв ар-Руз, Отырар, Самарқан, Серахс, Термез, Ходженд, Хорезм ақша сарайларында алтын ақшалар соғылып отырған. Қараханидтер тұсында ХІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІІІ ғасырда қарқынды жүрді. Мұхаммед бин Текеш (1200-1220 жж.) пен Шағатайлар ұлысында алтын ақша шекімесі қарқынды жүрді.

3 - XIV-XVII ғғ. аралығындағы уақытта алтын ақша соғу ісі кей кезеңдерде аз мөлшерде соғылып отырса, кей кезеңдерде мүлдем тоқтап қалып отырды.

- XVIII ғасырда алтын ақшалар Бұхарада қарқынды түрде соғылып отырған деп бағалайды. 

Әмір Темір атымен соғылған алтын ақшалар өте сирек кездеседі. Хорезмде 781-783/1379-1382 жж. аралығында Темір Гураганның алтын ақшаларының 12 түрі соғылып отырғандығы жайлы мәліметтер бар. Олардың беттерінде бұған дейінгі кезеңдердегі алтын ақшалардағыдай динар атауымен емес, ашрафи атауымен берілгендігі көптеген жазба деректерде кезедеседі. Әмір Темірден кейінгі билеушілер тарапынан соқтырған алтын ақшалар да өте сирек кездеседі. Қазіргі таңда Шахрух пен Сұлтан Хусейнның атымен соғылған ақшалар ғана белгілі. Сұлтан Хүсейн атымен соғылған тиындарда ақша атауы ашрафи деп көрсетілген. Дегенмен, Темір әулеті билігінің соңғы кезеңдеріндегі Гераттың жағдайы жайлы баяндаған Васифи бір бай адамның дүниесін суреттеуде оның бес сандық күміс және екі сандық алтын ақшадан (ашрафи) тұратын қоры болғандығын айтады. Бұл жазба ескерткіш Темуридтер дәуірінде алтын ақшалардың шекімесі жоғарыда айтылып өткендей аз көлемде емес, айтарлықтай мол көлемде соғылып отырғандығын көрсеткендей. Алайда, қазіргі таңда белгілі болып отырған сол дәуірдің алтын ақшаларының өте аз мөлшерде кездесуі, алтын шекімесінің қарқынының төмен болғандығына дәлел болғандай. Алтын құнды металл болғандықтан оның айналым ауқымы ешқандай территориялық, уақыттық шектеуге бағынбайтындығы белгілі. Васифидің еңбегінде көрсетілген екі сандық алтын ақша Темуридтер мемлекетінен тыс жерлерде, немесе алдыңғы кезеңдерде соғылған ақшалар қоры болуы да мүмкін. 

Жазба деректерде ақша түрлерін сипаттауда көп жағдайда олардың соғылған металдары жайлы ешқандай қосымша түсініктемелер берілмей, танга сөзінің астарында тек күміс ақшаларды, ал, ашрафи сөзімен тек алтын ақшалар жайлы айтылып отыратындығы түсінікті болғандығын айтады. 

Әмір Темірдің билігі тұсында күміс ақшалар алтын ақшалардан әлдеқайда көп мөлшерде соғылып отырды. Қарастырылып отырған кезеңде күміс ақшалар тангалар деп  аталған. Алайда тарихтың түрлі кезеңдерінде күміс ақшалармен бірге алтын ақшаларды да танга атауымен атаған кезеңдер болған. Сол дәуірге тән нарративті жазба ескерткіштерде танга атауын нақтылайтын «қызыл танга» (яғни, алтын танга) сияқты қосымша сипаттамалар берілмесе, сол дәуірдің адамдары нақты күміс танга жайлы айтылып отырғандығын білетін. (мұндай, ақшаның металына байланысты берілген анықтамалық атауы көрсетілген жағдайда танга сөзі жалпы ақша мағынасында қолданылады. Ол жайлы төменде айтатын боламыз). Танга атауы белгілі бір номиналдағы ақшаның атауы емес, күмістен соғылған ақшалардың жалпы атауы болған. Танга атауымен негізгі құндылықтағы күміс ақшамен қатар, оның кез-келген бөлшектік құндылығындағы ақшаларды да атаған. Бұл сөзге дәлел ретінде Герат билеушісі Темір әулетінің билеушісі Хусейн атымен соғылған күміс ақшаны келтіруге болады. Ақшаның салмағы 1,5 г., көлемі 15-17 мм. құрайды. Ақша бетіндегі картуш ішінде қала атауымен бірге танга термині бірге түсірілген. Бұл ақшаның негізгі номиналдағы ақша емес екендігі оның салмақ және көлем көрсеткіштерінен анық байқалып тұр. Алайда, бұл номиналдағы ақшалардың да басқа арнайы атаумен емес, танга атауымен аталғандығын тиын бетіндегі жазба айқындап тұр. Негізгі құндылықтағы күміс ақшаның бөлшек номиналдарының құндылық мүмкіндігі оның басқа ерекшеліктері мен белгілері арқылы нақтыланып отырған (танганың салмақ, көлем көрсеткіштері, негізгі номиналға және мыс ақшалардың белгілі бір көлеміне құндылық қатынасы арқылы). Жалпы XV-XVI ғасырдың басына тән жазба деректердегі мәліметтер, XV–XVI ғғ. танга атауы күміс ақшалардың жалпылама атауы болған болуы мүмкін деген ойға бастайды. Шайбани хан тұсында Гератта соғылған күміс ақша бетіне نيم تنكه  (ним танга-жарты танга) жазбасы түсірілген. Мұндағы танга сөзі негізгі номиналдағы ақшаның атауы, ал, суреттеліп отырған күміс ақша негізгі құндылықтағы ақшаның жарты құндылығындағы үлгісі екендігі айқын көрсетілген. Мәселен, 940/1533-34 ж., 941/1534-35 жылдары жазылған құжаттардағы тангалардың сипаттамасында تنكه شهروان كه هر تنكه از ان بوزن جهار دانك يكمثقال نقره سره است و در معاملات بثلثان تنكه مضروبه يكمثقالي نقره سره جاريست  (Айналымда жүрген, салмағы бір мысқал тартатын таза күмістен соғылған, төрт данг күміске сәйкес келетін танганың үштен екі бөлігіндегі танга») деп  көрсетілген. Бұл жағдайда негізгі номиналдағы танганың 2/3 бөлігіне сәйкес келетін ақша жайлы айтылған. Алайда, сипаттамада екі номиналдағы ақшаларды да танга деп көрсеткен. Немесе, күміс ақшаның мыс ақшаларға қатысты құндылық қатынасын көрсететін 942/1535 ж. жазылған вакфнамада тангалар تنكه عرفي كه هر تنكه از ان عبارت از جهيل  عدد فلوس از فلوس يكمثقال ودو بنحودي است رايج الوقت بخارا  «Бұхарада қазіргі таңда айналымда жүрген салмақтары бір мысқал және екі нухудқа сәйкес келетін фулустер қатарындағы қырық фельске теңестірілген танга» деп сипатталған. Вакфнама жазылған уақытқа сәйкес келетін жазбалардан бұл кезеңде танга құнының жиырма мыс динарға теңестірілгендігі көрсетілген. Тиісінше, бұл жазбада екі еселік құндылықтағы күміс ақша жайлы айтылып жатқандығы көрінеді. Яғни, бұл номиналдағы күміс ақшалар да танга аталған. 

Күміс ақшалардың жазба деректерде кездесетін тағы бір атауы – тангача (теңгеше немесе кіші теңге). Тангача деп аталған күміс ақшаның атауын түсіндіруге қатысты ең алғаш еңбектер М.Е.Массонға тиесілі. М.Е.Массонның пікірінше тангача атауы жеке мәндік мағынаға ие, 1 мысқал тартатын негізгі номиналдағы күміс тангалар салмағының ¼ бөлігіне сәйкес келетін кіші тангалардың атауы болған. Алайда, ол кезеңнен бері жиналған материалдар танга мен тангача атаулары бір құндылықтағы ақшалардың атаулары екендігіне еш күмән қалдырмады. Тангаларға қатысты бұл екі термин де Темуридтер және Шайбан әулеті билігінің тұсында жасалған құжаттарда бір құндылықтағы күміс ақшаларға қатысты қолданылған. Күміс ақшалардың негізгі номиналының атауы жайлы мәліметтерді жинақтай келе тоқталған тұжырым - танга және тангача атаулары негізгі құндылықтағы күміс ақшаны білдіретін синонимдік мағынадағы сөздер. 

Темірдің Самарқандағы сарайына жіберілген Кастилья королінің елшісі Клавихоның келтірген мәліметтерінде танга деп көлемі үлкен күміс ақшалар аталса, танганың ¼ бөлігіне сәйкес келетін кіші көлемдегі күміс ақшалар мирилер деп аталған. Негізгі номиналдағы күміс ақшаның құндылық бөлшегі - мири атауы Темірдің әмір лауазымынан шыққан. Темірдің атынан соғылған ақшалардың барлығында ол осы лауазыммен берілген. Зеттеушілердің осы дәуірге тән ақша көмбелері мен жекелеген ақшаларға қатысты жүргізген зерттеулерінің барысында Клавихоның берген мәліметіндегідей, мирилер тангалардың орта салмақ көрсеткіштерінің ¼ бөлігін құрайтындығы расталған. Әмір Темір хан тұқымынан шықпаған соң өмірінің соңына дейін хан атағын алмай, әмір лауазымымен қалған. Ол хан әулетінен шыққан ханзадаларды хан тағына отырғызып, солардың атымен билік жүргізген. Е.А.Давидович ақша терминологиясындағы мири сөзінің қалыптасуы да Әмір Темірдің лауазымынан туындаған атау деген тұжырым айтады. Яғни,امير (амир) сөзіне тәуелділік ي (лық, лік) жалғауы жалғану арқылы жасалған. 

Мири термині Орта Азия мемлекеттерінде ақша атауы ретінде XV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін қолданыста болған. Осы тақырыпта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген,  аталмыш ақша терминінің шығу төркіні мен XV - XX ғасырлардың басындағы қолданыс ауқымын зерттеген Е.А.Давидович жазба деректер мен тиындар беттеріндегі жазбаларға сүйене отырып, мири сөзінің негізгі құндылықтағы ақша өлшемінің ¼ бөлігін құрайтын кіші өлшем бірлігі екендігін анықтады. Бұл еңбек «мири» термині жайлы жүргізілген жалғыз ғылыми жұмыс болғандықтан мақалада осы зерттеу жұмысының нәтижелерін пайдаландық. 

ХV ғасырда мири сөзі ақша номиналы ретінде тек тангаларға ғана қатысты айтылса, кейінгі кезеңдерде бұл сөз кез-келген ақша түрінің ¼ бөлігін құрайтын құндылық ретінде қарала бастағандығы аңғарылады. ХІХ ғ. жазба деректерінен N.Furdoonjee-дің 1838 жылғы миридің нақты салмағын көрсеткен жазбасынан; мири-11гранды (1 гран = 62,2 мг сәйкес келетін өлшем бірлігі) құрайтын күміс салмағы, ал, танга-48 гранды құрайтын күміс көлемі екендігі көрінеді.

Е.А.Давидовичтің жүргізген зерттеулерінде қаралған жазба деректердің бірінде, 1842 жылы К.Ф.Бутеновтың Бұхара хандығында болған кезіндегі жазбасында ХІХ ғ. Бұхарада мыс пулилердің күміс тангаға шаққандағы құны 11 пулиге теңестірілгендігін айта келіп,  құны екі мириге (22 пули) сәйкес келетін жарты тангалардың ду-мири (2 мири) аталатындығын сөз етеді. Яғни, тангаларға қатыстылығы айтылғанда танга сөзі қосылып айтылмайды. Ал, алтын ақшалар-тиллаларға қатысты қолданылғанда міндетті түрде тилла сөзі қосарлана айтылатындығын, яғни, тилланың ширек бөлігі және жарты тилла жайлы айтылғанда мири-тилла (ширек тилла), ду-мири-тилла (жарты тилла) түрінде қолданылатындығын айтады. Демек, мири терминімен негізгі номиналдағы ақшаның ширек бөлігі аталған. Негізгі номинал ретінде күміс танга айтылса да, алтын тилла айтылса да олардың ширек бөлігі мири деп аталып отырған. Айырмашылығы, аталмыш термин күміс ақшаларға қатысты қолданылғанда көбіне мири сөзі жеке қолданылып, алтын номиналға қатысты айтылғанда тилла сөзімен қосарлана қолданылып отырған. Яғни, кейінгі кезеңдерге қатысты жазбалардағы деректерде миридің ақша түрі емес, өлшем бірлігі екендігі көрінеді. 

Е.А.Давидович ХV ғасырдың аяғы мен ХҮІ ғ. басына тән мыс ақшалардан тұратын, Ангрен алқабында табылған көмбе құрамындағы ақшалардың 82 үлгісінде беттеріне түсірілген үстінен қайта шекімелерде (надчекан) Адиль йак мири (заңдастырылған 1 мири) жазбасы бар екендігін айтады. Ол кісі бұл мыс ақшалардың беттеріндегі үстінен қайта шекімелер 902/1496-97 жж. мен 910/1504-05 жылдар аралығында түсірілгендігін шекімелерді салыстыру арқылы анықтаған. Бұған дейін  күміс ақшаларға ғана қатысты қолданылып келген аталмыш терминнің мыс ақшаларға қолданылуын қалай түсіндіруге болады? Е.А.Давидович мыс ақшалар беттеріне түсірілген «йак мири» жазбасы бар үстінен қайта шекімелер сол кезеңдегі ұсақ күміс ақшаның ширегіне тең құндылықты білдіреді деген ой айтады. Орта Азияда ұсақ сауданың қарқынды дамыған кезеңінде сауданың негізгі бөлігі мыс ақшалармен атқарылып, негізгі номиналдағы мыс ақшалар мыс динарлар аталды. Яғни, біздің ойымызша, йак мири жазбасы бар үстінен қайта шекімелер түсірілген мыс ақшалар жаңа құндылыққа ие болып, негізгі номиналдағы мыс динарлардың ¼ бөлігін құрайтын құндылыққа ие болып отырған. Демек, осындай әрекеттерді іске асыру арқылы мемлекетте мыс ақшалардың санының мөлшерден тыс көбейіп кетуінің салдарынан жаппай орын алған инфляциялық жағдайды тоқтату мақсатында жаңа номинал ендірген. Бұл әрекет арқылы біріншіден, негізгі номиналдағы мыс ақшалар санын реттеп отырса, екіншіден ұсақ сауданың қарқынды жүруі үшін жаңа номинал ұсынған. Демек, ХVІІ-ХХ ғғ. мири сөзі тек негізгі номиналдағы күміс ақшалардың ¼ бөлігін құрайтын күміс көлемі ғана емес, негізгі номиналдағы ақшаның ширек бөлігін құрайтын мыс пен күміс қоспалары және мыстан соғылған ақшалардың белгілі көлемдегі қосындыларын да білдіріп отырған. 

Алғашқыда кіші көлемдегі күміс ақшаның атауы болған мири сөзі уақыт өте келе, негізгі номиналдағы ақшалардың бөлшектік атауы мен өлшем бірлігі мәніне ие болған еді. Осы соңғы мәнде мири сөзі 5 ғасырдан астам уақыт қолданыста болды. 

ХХ ғ. аяғына дейін Темуридтер мемлекетінің нумизматикасына байланысты  жазылған еңбектерде күміс ақшалардың жоғарыда аталып өткен екі номиналы, негізгі күміс ақша түрі – тангалар мен танганың ¼ бөлігін құрайтын мирилер туралы мәліметтер ғана кездеседі. ХХ ғасырда Темуридтер дәуірінде күміс ақшалардың бөлшектік құндылықтағы ақша түрлері де соғылып отырғандығын дәлелдейтін ортағасырлық жазба деректік және нумизматикалық табыстар мен оларға қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстары жарық көре бастады. Егер, негізгі құндылықтағы тангалар мен оның құндылығының ¼ бөлігін құрайтын мирилер көп мөлшерде кездесіп отырса, негізгі номиналдағы тангалардың еселік және бөлшектік құндылығындағы күміс ақшалары біріншілеріне қарағанда әлдеқайда аз мөлшерде кездеседі. 

Е.А.Давидович Темуридтер дәуірінде күміс ақшалардың динар кебеки (دينار كباكي) деп аталатын түрінің де айналымда жүргендігі жайлы мәліметтер береді. Сол дәуірге тән құжаттық жазбаларды жіті зерттеп, кебеки сөзінің күмістен соғылған ақша номиналы екендігін анықтады. Е.А.Давидовичтің динар кебекилердің күміс ақшалар болғандығына дәлел ретінде пайдаланылған жазба деректерінен мысал ретінде 1502 жылы жазылған бір құжатта: عدلي جيد رايج كباكي است كه هرسه دينار ازان يكمشقال نقره سره و در هراة بهزده دينار هروي جاري  (Гератта 18 мыс динарға теңестірілген, 3 данасы таза күмістің бір мысқалына тең қазіргі таңда айналымда жүрген жақсы адли кебеки динарлары) деп сипаттама берілсе, ал, 1506 жылы жазылған құжатта مجموع نقده كه مذكورشد از عدلي رايج كبكي است كه هر شش دينار ازان بوزن يكمثقال نقره سره است و در هراة به سي و شش دينار هروي رايج  (сипатталып отырған ақшалардың барлығы Гератта отыз алты Герат динарларына, алты данасының салмағы бір мысқал жақсы күміске тең келетін айналымда жүрген кебеки адлилері) деген күміс пен мыс ақшаларға шаққандағы құндары бір-біріне сәйкес келмейтін екі құжат бар. Демек, құжаттарда кебеки динарларының үш және алты данасы бір мысқал таза күміске тең екендігі көрсетілген. Сол кезеңде қолднылған мысқалдың өлшемі 4,8 грамм деп қарастыратын болсақ, онда бірінші сипаттама бойынша кебеки динарларының салмақ өлшемі 1,6 граммды, ал, екінші құжат бойынша 0,8 граммды құрайды. Бірінші құжаттағы сипаттама бойынша, динар кебекидің салмақ көрсеткіші мири салмақтарымен, екінші құжаттағы сипаттама бойынша, күмістің бұл салмақ көрсеткіші жарты мириге сәйкес келеді. 

Бұған дейін Р.З.Бурнашева 1983 жылы Құйрықтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ХІV ғ. аяғы мен ХV ғасырдың басына тән күміс ақшалардың шағын көмбесін зерттеу барысында Махмуд хан мен Әмір Темір, Мұхаммед Жахангир мен Халил Сұлтан аттарымен соғылған, салмақ көрсеткіштері мирилер салмағының (1,5 г.) 1/3 бөлігін құрайтын (0,40-0,45 г.) ақша номиналын анықтаған болатын. В.Н.Настич те  Әмір Темір мен темір әулетінің алғашқы билеушілерінің тұсында ұсақ фракциялық ақшалардың болғандығын айтады. В.Н.Настичтің айтып өткен ұсақ фракциялы күміс ақшаларының салмақ көрсеткіштері де Р.З.Бурнашева айтып өткен ақша түрлерімен сәйкес келеді (0,5 г.). Настич оларды өз еңбегінде дирхемнің 1/3 бөлігін құрайды деп танып, ним данг деп атаса, Р.З.Бурнашева нимдангтық тангача деп атаған. Бұл жағдайда ақшаның салмақ көрсеткіштерін есепке ала отырып, В.Н.Настич атап кеткен ним данг (жарты данг) деп немесе, Р.З.Бурнашеваның атаған  ним дангтық тангача атауын қолданған жөн бе деген сұрақ туындайды. Р.З.Бурнашеваның ним дангтық тангача атауының дұрыс қолданылмағандығы жайлы айтқан Б.Д.Кочнев, тангача атауының негізгі номиналдағы күміс ақшаларға қатысты ғана қолданылғандығын алға тартады. Қалай болғанда да, бұл табыс Темуридтер дәуірінде миридің 1/3 бөлігіндегі құндылыққа ие жаңа ақша түрінің болғандығын дәлелдеп отыр.

Темір әулеті билеушілерінің тұсындағы ақша айналымын зерттеуші А.О.Брагин ОҚО облысындағы коллекционерлердің жинағынанТемір әулетінің билеушілерінің билігі тұсында соғылған екі дана өте сирек кездесетін күміс ақшалардың табылғандығы жайлы мәлімет береді. Бұл тиындардың ерекшелігі, осы кезеңге тән, бұған дейін кең танылып келген күміс ақша номиналдары-танга, мири және ним дангтық тангалардан салмақ және көлем көрсеткіштерінің әлдеқайда кіші болып келуі болып отыр. Олардың салмағы 0,27 г. құрап, Темір әулеті билеушілері тұсындағы ақша номиналдар тізбегін тағы бір салмақ көрсеткішіндегі ақша түрімен толықтырды. 

А.О.Брагин, ұсынып отырған күміс ақша номиналын ең төменгі құныдылықтағы күміс ақша деп қарастыратын болсақ, онда Әмір Темір мен алғашқы Темір әулетінің билеушілері тұсында айналымда болған күміс ақшалардың құндылық тізбегіне қарай бөлсек, 1-танга, 2- ½ (нимтанга), 3- танганың ¼ бөлігі (мири) және танганың 1/12 (нимданга) және 1/24-тік бөліктерінен тұратын тізбек түзіледі. Яғни сол кезеңде ақшалардың құндылық жүйесі 12-лік жүйеге негізделіп құрылған деген ой түйеді. Зерттеушінің Темуридтердің күміс ақшаларға құрған номиналдық тізіміне мысқалдың 1/6 бөлігін құрайтын динар кебекилерді де ендіруге болады деген ойдамыз. Қарастырылып отырған кезеңде ақшалар беттеріне номиналдық көрсеткіштерді түсіріп отыру өте сирек кездесетін жағдай. Бүгінгі таңда бетінде Халил Сұлтан аты мен номиналдық көрсеткіші - мири жазбасы түсірілген күміс ақша ғана белгілі. 

А.О.Брагин Әмір Темір және Темір әулеті билеушілерінің тұсында айналымда болған күміс ақшалардың қазіргі таңда белгілі болып отырған ең төменгі құндылықтағы үлгілерінің (динардың 1/12 бөлігін құрайтын нимдангалар (0,27 г.) беттерінде Самарқан ақша сарайында соғылғандығы көрсетілгендігін айтады. Дегенмен автор, мұндай төмен құндылықтағы ақшаларды жергілікті халық үшін емес, жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан аумақ үшін соқтыруы қымбатқа түсетін, мәнсіз шара болар еді деген пікір айта келе, бұл ақша түрлерінің Отырар аумағында соғылған болуы керек деген ой түйіндейді. Мұндай ұсақ күміс ақшалардың орталық Мавереннахрда емес, жергілікті жерлерде соғылған болуы мүмкін екендігі жайлы ойды Р.З.Бурнашева да Құйрық Төбеде табылған ұсақ күміс ақшалар жайлы еңбегінде айтып кеткен. 

Жоғарыда көрсетілген мәліметтер бойынша Темуридтер мемлекеті өмір сүрген түрлі кезеңдерінде тиын металдары ақша шекімесі ісінде түрлі көлемде және түрлі қарқында қолданыста болуымен қатар, ақша атауларының мәндік ерекшеліктері, олардың басқа металдардан соғылған ақшалар қатынасына байланысты белгіленіп отырған құндылық бағамы да уақыт талабына сай өзгеріске ұшырап отырған. 

Жалпы, тарихта Темір әулеті билік құрған кезеңнің нумизматикалық тарихы өте ауқымды да, терең зерттеулерді қажет ететін сала. Қазіргі таңда тарихтың бұл саласында аз да болса ілгері басушылық байқалады. Нумизматикалық материалдармен терең де тыңғылықты зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы еліміздің тарихына қатысты ешбір жазба деректер мен зерттеушілер еңбектерінде кездеспейтін әлі талай тың мәліметтерге қол жеткізетіндігімізге сеніміміз зор. 

Т.М.Жолдасов. 

Түркістан облысы, Түркістан қ.