Патшалық Ресейдің Қазақстандағы дін саясаты
14.11.2023 1410

Кез келген мемлекеттің немесе халықтың рухани, саяси-идеологиялық өмірінде дін ерекше рөлге ие. Бұл – ежелден бері келе жатқан өзгермейтін қағида. Тіпті дінге тыйым салынған кешегі коммунистік дәуірдің өзінде ленинизм-марксизм идеялары мен оның ұстанымдары діни догмалар сипатында болды. 


Қазақ даласында мыңдаған жылдар жүзінде сан алуан діни наным-сенімдер өмір сүрді. Олардың Ұлы Далада азды-көпті мерзімде салтанат құрғандығына мұндағы түрлі жерлеу орындары, ғибадатханалар, ғимараттар, өзге де артефактілер куә болады.

Дегенмен Ұлы даланың байырғы көшпелі тұрғындары соңғы 12 ғасыр жүзінде ислам әлемімен тығыз байланыста болып келді. Сондықтан да ғасырлар жүзінде қазақтар мұсылман дінін ұстанатын халық ретінде қалыптасты. Қазақ хандығы дәуірінен бергі кезеңде қазақтар арасында ислам дінінің күнделікті өмірдегі маңызы тым терең болмағанымен, көшпелі ел мұсылмандық пен дәстүрлі наным-сенімдердің синтезделген бағытын ұстанып келді. Мұндай пікір айтуымызға ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласының көп жерлерінде тұрақты мешіт пен медреселердің болмауы, тіпті осы кезеңге дейінгі қазақ шежірелеріне үңілсек, төрелер мен қожаларда болмаса, өзге қазақтарда мұсылманша қойылған есімдердің тым сирек екендігі негіз болады. Және сондай-ақ осы кезеңде қазақ даласына саяхат жасап, тыңшылық мақсатпен, сауда керуенімен келген шетелдіктердің жазбаларында да көптеген деректер бар. Қазақтың тұңғыш кәсіби ғалымы Шоқан Уәлихановтың қазақтардағы дін мәселесі туралы еңбегіндегі тұжырымдар да бүгінгі күні қоғамда алуан түрлі пікір тудырып отырғандығы белгілі. 

Бізге белгілісі – Патшалық Ресейдің қазақ халқын отарлау саясатын жүргізе бастағаннан-ақ дін мәселесіне көңіл бөлгені және ол саясатты әр кезеңде түрлі деңгейде өзгертіп отырғандығы.

Қазақ даласына сонау Петр І патша заманынан-ақ шындап көз тіккен Патшалық Ресей ХҮІІІ ғасырдың жүзінде көп өңірді зеңбіректің добымен, мылтықтың оғымен, қылыштың жүзімен бағындырған болатын. Қазақ даласына қоса, Орта Азияны да жаулап алған Патшалық Ресей билігі енді осы ұланғайыр өлкедегі жергілікті халықты демографиялық және рухани отарлауға көшуге тиіс болды. Себебі, халықтың жанын отарлап, бағындыру арқылы оның рухын сындыруға, жері мен оның асты-үстіндегі байлықтарын алаңсыз тонап, аяусыз қанауға мүмкіндік ашылатын еді. 

Жаулаушы империялардың барлығына бірдей тән осы мақсатты жүзеге асыру үшін Патшалық Ресей билігі қазақтар мен өзге мұсылман халықтарды рухани отарлаудың ұзақ жылдық кешенді жоспарын әзірледі. Осы жоспар жүзеге асқан жағдайда қазақ халқының бұған дейін жүріп өткен жолындағы даңқты тарихы ұмытылуы тиіс болды. Ол үшін қазақтың арғы тарихы мен ондағы белгілі тұлғалар мансұқтатып, ұлттың тілі мен ділін, дәстүрін де біртіндеп жоққа шығартып, әсіре фанатизмге негізделген діни ағымның шырмауына халықты батырып, осындай «бөліп ал да билей бер» саясаты арқылы әлсіреген елді патша мен оның атынан билік жүргізетін сенімді өкілдер басқарып, қазақтар оларға сөзсі, еш қарсылықсыз бағынуға тиіс болды. Ол үшін Орта Азиядағы ұлттарды, әсіресе сан мың жылдар бойы ұлан-байтақ Далада еркін өмір сүрген жауынгер халықтың дәстүрлі наным-сенімін, Жаратушыны тану жолындағы өзіндік ерекшелігін жақсылап зерттеп алған соң әрекет ету қажет болды. Бұл жымысқы саясатты қазақтар арасында жүргізу үшін Патшалық Ресей билігі бұған дейін өздері бағындырған мұсылман халықтарға қолданған әдіс-тәсілдерді ретімен қолдана бастады. Алайда бұл әдіс-тәсілдер бірден-ақ олар ойлағанындай үлкен нәтиже бере қойған жоқ. Ресей тарапынан жүргізілетін діни отарлық саясат негізінен қазаққа туыс татар, башқұрт, сібір татарлары т.б. халықтарға сонау І Петр заманынан бері жүргізе бастаған алуан түрлі әдістер мен тәсілдерге сүйенілді. 

Осы ретте айта кетерлігі, біз алыстағы Америка мен Африка құрлығында ғасырларға жалғасқан құл саудасы туралы ақпараттарды мектеп оқулықтарынан оқып білген болатынбыз. Африкадан сатып алынған құлдарды кәдімгі мал мен өзге де тауарлар сияқты бағалап алып, оларды плантацияларда ауыр еңбекке жеккендігі туралы сан алуан көркем әдеюи кітаптар, солардың желісінде түсірілген фильмдер, т.б. деректер молынан бар. Бұл жағдайлар – алыстағы Америка немесе Африка құрлығындағы оқиға ретінде суреттелгенімен, шын мәнісінде құл саудасы Патшалық Ресейдің қиыр түкпірі қазақ даласында да болғандығы белгілі болып отыр. Белгілі деректанушы, зерттеуші Бекен Қайратұлы өзінің «Қазақия қалай отарланды?» атты танымдық-тарихи кітабында Ресей императоры І Петр патшаның 1725 жылы қабылдаған аса құпия өсиетнамасы деп мына ақпаратты келтіреді: «Мұсылмандарды шоқындырып құртыңдар, угро-фин, түркі, моңғол-манжур текті жұрттарды ассимилияцияға ұшыратыңдар...» Бұл саясатты жүзеге асыру қызу жүргізілген.  Осыған орай Ресейдегі орыс емес бұратана халықтарды христиан дініне кіргізіп шоқындыру үшін 1731 жылы Ресей билігі Сенаттың қасынан «Шоқындыру кеңсесі» құрып, аталған кеңестің жұмысын жүйелі жандандырып жүргізу мақсатында Қазан қаласында руханият (духовный) академиясы ашылған екен. Бұл академияда ориенталист (шығыстанушы) миссионер мамандар дайындалған. Қазақ және өзге де шығыс халықтарының тілі мен мәдениетін терең зерттеп игерген бұл ғалымдар қажеттілігі туындаған жағдайда «орыстандыру палатасы» мен «қоныстанушылар кеңсесінің» білікті мамандары болып шыққан. Олар Қазақстан мен Орта Азияға ғылыми экспедициялар жасақтап, ел мен жердің тарихы, тілі мен діні, фольклоры, дәстүрі, шауашылығы, жердің асты-үстінің байлығы, өзен-сулары, онда мекендейтін тайпалар мен рулар және олардың ықпалды билеуші адамдары т.б. туралы өте көп деректерді жинақтап, патша үкіметіне тапсырып отырды. Бұл шаруаға жергілікті өңірлердегі сауатты адамдарды да тартты. Бұл экспедицияларды басқарған миссионерлердің көбісі қазіргі тарихта әйгілі зерттеуші ғалымдар ретінде қалды.

Себебі, қарудың күшімен басып кіріп, күштеп бағындыруға бағытталған, ХVІІІ ғасырдың ортасынан басталған саясат өз жемісін бере қоймады. Себебі, бағыныштылық түр танытқан қазақтар әлсін-әлсін қарсылық көрсетіп, зор шығындарға батырып отырды. Осы сәтсіздікпен аяқталған күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы бағындыру тәсілдерінің орнына Петербург билігі ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жаңа әдіс-тәсілдерге көшті. Мұнда Орта Азиядағы мұсылман халықтарының, оның ішінде қазақтардың ел билігіндегі сұлтандар мен ру басыларына, ықпалды батырлар мен ауқаттыларға, олардың көңілін өздеріне тарту мақсатында сыйлық беру, заттай, азық-түлікпен марапаттау, алдап-арбау сияқты сан түрлі қитұрқы әрекеттерді жүргізе бастады. Бұл өзінің «жемісін» біртіндеп берді деуге болады. 

Осы мақсатта әр өңірде мешіттер салынды, ауыл молдалары тағайындалып жұмысын жандандырды. Мұның мысалын ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ішкі Ордада және Уәли ханның ордасы Сырымбеттегі Айғаным ханымның ордасында мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салынуынан көреміз.

Патшайым ІІ Екатерина 1785 жылдың 25 қараша күні жарлық шығарып, қазақ сияқты отарланған бейбақтарға дін мен оқуды қалай жүзеге асыру жайлы нұсқаулық береді. Осы құжатта: «...қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп, бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүзгізсін! Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріп тұрсын», - делінген екен.

Отарлаушылар бұратаналарды шоқындырудың жоспар-жобасын жасап алған соң, Ресей билігі жаңадан бағынған қазақтарды нақты шоқындыру ісін негізінен 1808 жылдан бастап жүйелі жүргізе бастады. Қазақтарды шоқындыру Ресейдегі Духовный академияның әдістемесі арқылы Қазан қаласы арқылы жүріліп отырды. Бұл мекеменің жұмысы ресми түрде 1862 жылдан қуатты бола бастады десе де болады. Патша билігі: «Егер орыстардың мүддесі қажет ететін болса – онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмау керек», - деген пиғылды батыл жүзеге асырумен болды. Осы аталған істерді жан-жақты жүйелі жүргізу Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В.Григорьевтің тапсырмасымен, әйгілі миссионер ғалым Николай Ильич Ильминскийге жүктелді. Осыдан соң 1870 жылы Патшалық Ресейдің Ағарту министрлігі «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды сауаттандыру шаралары» атты құжат қабылдайды. Осы құжатта көрсетілгеніндей, орыс емес халықтарға білім берудің үш түрлі бағыты анықталған болатын. Олар мынадай бағыттар болатын:

Бірінші бағыт – сабақ сол ұлттың тілінде, бірақ міндетті түрде орыс әліпбиімен оқытылуы тиіс болды.

Екінші бағыт – сабақ таза орыс тілінде оқытылсын, түсінбеген жағдайда басқа тілді пайдалануға рұқсат делінді.

Үшінші бағыт – сабақ тек қана орыс тілінде жүргізілу қажет болды.

Осы құжатта айтылған негіздемелер бойынша миссионерлерге үкімет тарапынан тапсырмалар берілді және орыстандыру идеясын іске асыру үшін Түркістан әскери округінің қолбасшысы, генерал-адъютант Константин фон Кауфман арнайы жоспар жасап, оны Ағарту министріне бекіттіріп алып отырды.

Ал, миссионер ғалым Николай Остроумов болса азиялық түркі тектестерді орыстандырудың желісін анықтай келіп: «…орыс халқымен және орыс мемлекетімен түземдіктерді жақындастыру бағыты – тікелей орыс транскрипциясымен жүргізілуі керек және орыс әліпбиіне ешқандай өзгеріссіз, қосымшасыз, қысқартусыз жүргізу талабы басшылыққа алынуы тиіс», - деп жазады. 

Қазақтарды өзінің боданы ретінде қоластына енгізген Патшалық Ресей билігі ХІХ ғасырдың бірінші ширегінен бастап қол астындағы мұсылман халықтарға, соның ішінде қазақтарға ислам мен оның институттарына қатысты саясатын белсенді түрде жандандырды. Мұның да өзіндік себебі бар еді. Патшалық Ресей қазақ даласына, одан әрі Орта Азияға билік ету үшін мұсылман дінін әр түрлі деңгейде тұтынушы халықтарға тек әскердің күшімен ғана емес, түрлі айла-шарғылар арқылы баурау қажет болды.

Ресей билігінің қазақ ортасында діни саясатын жүзеге асырушы, дін атын жамылған «указной» молдалардың аяр қылықтарын фольклор жинаушы Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» кітабында аяусыз әшкерелейді. «Указной молда» – Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін енгізген қызмет, лауазым болып табылады.

Жоғарыдағы Духовный академияның бақылауындағы дін істері мынадай ретпен жүрілетін болып белгіленген:

Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды;·Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін тағайындалған молда ғана жүргізеді;Молда азаматтық басқармаға сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады;Молдалар облыстық басқарма мен әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады;Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады;Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін медіресе ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек деген баптар енген. 

Дегенмен қазақ арасында мұсылманшылықтың дамуына барынша мүдделі болған Патшалық Ресей билігі ХХ ғасырдың басында ислам дініне деген көзқарасы өзгере бастады. Билік қазақ халқын отарлаудың жаңа сатысына көшуді ойлады. Бастабында, яғни ХІХ ғасырдың басқы кезінде Орта Азия мен Қазақстанда ислам дінінің қанат жаюына қолдау білдіріп, қаржы төккен патшалық билік енді бұл саясатының бағытынан секем ала бастады. Себебі қазақ және өзге де түркі мұсылмандарының саяси тұрғыда ояна бастауы, өзара біріге бастау мүмкіндігі және Осман империясымен байланыс жасап, олардан саяси-экономикалық қолдау алуы мүмкін деген сияқты мәселелерді қарастырған болуы керек. 

Заманға сай әрекет етіп, елдің сауатын ашуға бағытталған іс-қимылдар жасаушы ислам діні өкілдерінің сан түрлі жаңашыл әрекеттері патша үкіметінің адамдарына ұнамайтыны анық болатын. Оларға жан жақты бақылау жасап, уезд басшысының бұйрығымен медресеге тінту жүргізіле бастады. Діни әдебиеттерді тәркілеп, дін басылардың елдегі ықпалды адамдармен өзара қарым-қатынасын бақылауды да күшейте түседі.

Осы ретте Патшалық Ресей билігінің Қазақстан мен Орта Азиядағы ислам дінінің орнына қатысты көзқарасына тоқтала кеткен дұрыс болмақ. 

Абылай хан өмірден өткен соң біртұтас хандық билік ыдырап, қазақ жүздері бытырау-тарау күйге түскені белгілі. Орта жүздің өзінде Абылай ханның баласы Уәли хан мен Барақ сұлтанның ұлы Бөкейлер дербес хандық құрды. Бұлардан өзге де ірі рулардың билеушілері өз-өз алдына жеке билік құрып, бір-біріне бағынбатын болды. Патшалық Ресей мен Мәнжі-Цинь империясы да қазақтардың бұл бытырау-тарау қалпына мүдделі болған себепті, «бөліп ал да билей бер» тәсілін барынша қолданып, түрлі айла-шарғылар арқылы ықпалды сұлтандар мен рубасы билер мен батырларды өздеріне тартумен болды. Ресей империясы 1824 жылы Орта жүзде хандық билікті жойды. Бұл үрдіс өзге жүздерде де жалғасып, ақыры 1868 жылғы әкімшілік реформасы бойынша қазақтардың аумақтағы ең үлкен билік лауазымы болыстық деңгейіне түсірілді. Осыдан кейін елдің бірлік-берекесі кетіп, қазақ халқы өз ішінен бір-бірімен араздасқан күйге тап болды. Осылайша отаршылдық езгіге түскен қазақ халқы еріксіз бағынышты, шарасыз халге түскен еді. 

Осы кезеңде әр өңірде орыс-қазақ мектептері ашылып, жұрт балаларын осы білім ошағына бере бастады. Бұл мектептерді бітіргендер болыстың, уезд бастығының кеңсесінде тілмаштық қызмет атқаратын еді. 

Ресей билігінің Орта Азиядағы мұсылман халықтарына қатысты саясаты әр кезеңде түрліше өзгеріп отырғанын көреміз. Орта Азия мен Қазақстанды өзіне бағындырған соң Патшалық Ресей билігі Мұсылмандардың діни басқару әкімшілігін құрған болатын. Оны құрудағы мақсаты: біріншіден, аталған аумақтағы мұсылман дінбасыларын өз бақылауына алу; екіншіден, мұсылман дін басшыларын ресейлік және шетелдік мұсылман қауымдары арасында Ресей империясының мүддесіне сәйкес саясат жүргізуге пайдалану еді. «ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің ислам дініне қатысты саясаты қазақ даласында мектептер мен медреселер салдырып, Құранды қазына есебінен бастырып, оны қазақтар арасына тегін тарату сияқты шаралар арқылы іске асқандығы айқындалды. Патша үкіметінің мақсаты – халықтың ақыл-санасын бұрмаланған дінмен шырмап, қараңғылықта ұстау, қазақ жастарын орыстандыру арқылы өзінің отаршылдық саясатын іске асыру еді», – деп атап көрсетеді Kazislam.kz порталы.

Дегенмен Патшалық Ресей билігі діни басқарманың түркі тілдес халықтар арасындағы беделінің тым көтеріліп кетпеуін де жиі қадағалап, мекеменің жұмысына түрлі кедергілер қойып отырды. Н.И.Ильминский бастаған Қазандағы Орта Азия мен Қазақстандағы діни ахуалды бақылау, ықпал ету мекемесі өзінің жұмысын қарқынды жүргізіп отырды. Осы арқылы ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасыр басында Орынбор мүфтилігін қатаң қадағалаудың мүмкіндігін қолға келтірді.

Бірақ ХІХ ғасырдың екінші ширегінде патшалық билік бұл саясатынан бас тартуға көшті. Ресми билік орындары ислам дінін қысымға алып қудалау әдепкі жағдайға айнала бастады. Патшалық билік миссионерлік саясатты жандандыру арқылы қазақтарды шоқындыру, мектеп-медреселерде орысша оқытуды енгізу – бұл мұсылман қауымының ішкі ісіне тікелей араласу болатын. Сондықтан да Орта Азиядағы барлық мұсылмандардың, оның ішінде қазақтардың да Патшалық үкіметтің бұл саясатына наразылығы күшейе түсті. Қазақ халқы ислам қағидаттарымен әбден араласып кеткен өзінің сан ғасырлық әдет-ғұрпына, салтына, дәстүріне төніп келе жатқан қауіпті анық сезінді. Бұл саяатқа қарсылық бастабында ұйымдасқан түрде болған жоқ, әр өңірдегі дінбасылар жұма намазына жиналған жамағат ортасында талқылай бастады. Осыдан кейін бұл мәселеге зор мән беріліп, көпшілік қауымның, соның ішінде ел оқығандарының назарына ілінді. 1905 жылғы Қарқаралы петициясы жарияланғанда, осы талап хатта қазақ даласындағы ислам дінін ұстанудағы кедергілерге қатысты мәселелер де көрсетілген болатын.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында еуропаша оқыған зиялылар шоғыры қалыптасты. Олар отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа жолдарын қарастырды. Солармен қатар елінің ертеңіне алаңдаған жергілікті көзі ашық, көкірегі ояу ислам діні өкілдері, имамдар мен хазіреттер, моллалар да болды. Олардың басты қаупі: ресейлік биліктің қазақтарды шоқындыру әрекетіне көшіп, миссионерлікті ашық жүргізе бастауы болатын. 

Мешіт пен медресенің тексеруі –

Құран кітап жөнімен болса екен деп.

Патша ойламас өз халқын оңбасын деп,

Тынышталып, рақаттанып тұрмасын деп.

Біздің мектеп, мешітке тілегіміз

Көруші инспектор болмасын деп, –

деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазғанындай, патша билігі мұсылмандардың мешіті мен медресесіне қысымды арттыра түскен болатын. Инспекторларға әлдене күдікті көрініп, ұнамай қалса, медресені жауып тастай алатын. Мұндай жағдайлардың бәрі қазақ халқына ауыр тиді. Патша үкіметінің адамдары қазақтардың құқығын барынша шектеп, тарылтуға мүдделі болды. Ел ішінде патша үкіметі тарапынан оспадар әрекеттер жиі орын алатын болды. «Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, айып төлетіп, әуіре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы қай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды», - деп жазған екен, фольклортанушы ғалым Құрбанғали Халиди.

Бұл қысымды әрекетке көзі ашық, көкірегі ояу батыл қарсы шыққан ірі дін иелері де болды. Дегенмен ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік жағдай барынша ширығып, шиеленісе түсті. Осы тұста патша үкіметі өз үстемдігін нығайта түсу үшін қазақ даласына орыс-казактарды, қарашекпен шаруаларды, шенеуніктерді көптеп қоныстандыра бастады. «Іс жүзінде бұл саясат қазақ халқын орыстандыру, христиан дініне шоқындыру әрекеттерінен көрініс берді. Ол үшін білім беру-ағарту ісіне қатаң бақылау орнатылды. Үкіметтің шешімімен оқу-тәрбие ісі мұсылман діни мекемелер құзырынан алынып, отарлық әкімшілік қарауына берілді», - деп жазады ресейлік «Мысль» басылымы.

Дала қазақтары миссионерлер ісіне бей-жай қарап, қол қусырып отырған жоқ. Олар шамасынша қарсыласып бақты. Ашық күннің астында мұсылманшылықты қолдан жасап, күштеп, мәжбүрлі түрде шоқындыру саясаты дендеген сайын наразылықтар да көріне бастады. Беделді дін иелері, атап айтқанда Көкшетаудан Науан қазірет, Ақмоладан Шаймерден Қосшығұлов, Өскеменнен Құсайын молла, Зайсан уезінен Құрбан қажылар білдірген қарсылықтардан соң, діни отарлау саясатын енді оқу арқылы, оқыту жүйесі арқылы жалғастыру көзделді. Қазақ даласында алғашқы мектептердің ашылуы, мұндағы миссионерлердің әрекеті, қазақ ағартушыларының қызметі, әліпбиді өзгерту секілді жұмыстар сол кезеңнің жемісі болатын.

Қайраткер тұлғалы дін қазақ елінің ұлттық болмысын, тәуелсіздігін сақтап қалу жолында Қазан мен Қырым татарлары тапқан жолды, яғни Шағабутдин Маржани мен Исмаил Гаспаралы салған жаңашылдық жолын дұрыс бағамдап, сол жолда жастарды діни-ағартушылық бағытта тәрбиеледі.

Жоғарыда сөз еткендей Қазан мен Қырым татарлары, Ресей империясындағы мұсылман халықтары, Көкшетау қазағы Науан Хазіреттердің жәдиттік көзқарастарының калыптасуына ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында бүкіл әлемде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі, Ресейдегі билеуші монархияға карсы бағытталған демократияшылдық үрдістің етек жаюы, орыс емес халықтарда зиялы топтардың пайда болуы сияқты қоғамдық құбылыстардың зор әсері болды. Көптеген аймақтарда саяси партиялармен, қозғалыстармен бірге жәдиттер (жаңашылдар) деп аталған мәдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс та пайда болды. Бұл қозғалыстың түпкі мақсаты түрік халықтарын отарлық езгіден азат ету еді. Ал оны іске асыру үшін дін-исламдағы жәдитшілдікті түрікшілдікпен ұштастыру, түрік ұлтшылдығын насихаттау, жаңа тәсілмен оқытатын мектептер ашу көзделді.

Патшалық билік ХХ ғасырдың басында мұсылмандарға деген қысымды жыл өткен сайын күшейте түсті. Қазақтарды және басқа да бұратана деп саналған халықтарды өзінің байырғы мекенінде ұлт ретінде жойып жіберу немесе оларды орыстандырып, шоқындыру арқылы христиан әлеміне әкелу саясатына батыл әрі мақсатты түрде кірісті. Және бұл саясатты еш бүркемелеместен, ашық жүргізе бастады. ХХ ғасырдың басында Ресейдің Қазақстанда толық саяси үстемдігін орнатып, енді шаруашылық жағынан игеруге кіріскен кезеңіне дөп келеді. Осы мақсатта бірқатар әкімшілік, сот реформалары жүзеге асырылып, жергілікті өзін-өзі басқарудың қалдығы жойылып, жер, оның қойнауы, ормандар мен өзен-көлдер Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланды. Жергілікті әкімшіліктің рұқсатынсыз ауылдық мұсылман мектептері мен қалалық мектеп-интернаттарды ашуға қатаң тыйым салынды. Мектеп ашуға басты шарт – ол мектептерде орыс тілінің оқылуы еді. Сондықтан, қазақ мектептерінің көпшілігі жасырын жұмыс істеді. Үкімет саясатының рухани саладағы тағы бір бағыты мұсылман дінін шектеу болатын. Патша бодандарының барлығы патшамен бір дінде болу қажеттігі идея­сын үкімет те қолдады. 1902 жылы 22 наурызда арнайы «Ереже» бекітілді, онда мұсылмандарды христиан дініне аудару, біріктіру, біртіндеп, күштеусіз, айламен іске асыру көзделді және жаңа дінді қабылдау өз еріктерімен болып жатқандай сипатта өткізілуге тиісті болды. Құжатта бұдан кейін қазақтарды шоқындыру жолдары мен шаралары қарастырылды. Бұл ретте негізгі рөл мектептерге жүктеліп, ауыл мектептерінің санын көбейту көзделді. Алғашқы ретте халықты тыныштандыру мақсатында мұғалімдерді қазақтардан тағайындау ұсынылды. Мұғалімдерге балаларға орыс оқуын, тілін оқыту міндеттелді, қазақ тілінде оқуға тыйым салынды. Мұғалім болу үшін оқу инспекторлары беретін арнайы куәлік талап етілетін болды. Моллалар санын азайту мақсат етілді. Сонымен бірге қазақ әйелдеріне арналған қыздар мектебін ашу ұсынылды, «оларды орыс оқуы мен тәрбиесі арқылы орыс мәдениетіне қаратып, олар тұрмыс құрып, ана болғанда өзінің күйеуі мен балаларына ықпал етеді», деп ашықтан-ашық айтылған. Құжатта мұсылман дін иелерін неке қию, ажырасу, жаңа дүниеге келген сәбилерге азан шақырып ат қою сияқты рәсімдерден шеттету қарастырылды, тіпті, дүниеден қайтқан адамдарды жерлеу үшін орыс священнигінің рұқсаты керек болды», - дейді өзінің зерттеу еңбегінде ғалым Қ.Әбуев. Қазақтардың өз еркімен бұрынғыдай мұсылман дінін тұтынуына, салт-жоралғыларды атқаруына кедергі келтіруі халықтың ашу-ызасын тудырды.

Осы кезеңде мұсылманшылық құқықтарының бұзылуына қарсы болған халықтың сөзін сөйлеп, үн көтерген беделді ел ағалары болды. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Науан хазірет Таласұлы, Шәймерден Қосшығұлов, Ақан сері Қорамсаұлы, Мұса Шорманұлы, Шыңғыс төре Уәлиханов, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мәмбетәлі Сердалин, Әлихан Бөкейханов, т.б. адамдар болды. 

Егерде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетпегенде, патшалық билік тарапынан жүргізілетін қазақ халқының діни ахуалы барынша күрделі болған болар еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс Ақпан төңкерісіне ұласып, патша тағынан тайдырылды, одан соң Қазан төңкерісі болып, большевиктер билік басына келді. Бұлардың дәуірінде дінге тыйым салынды. Патша үкіметінің қазақтардың діни сеніміне қарсы екі ғасырлық әрекеті қызылдардың жаппай қуғын-сүргініне ұласты. Бұл – тек қазақтың ғана емес, балық кеңес хақының діни наным-сеніміне қойылған шектеу болатын.