Қазақстандағы аймақтық саясаттың кейбір мәселелері
07.11.2023 1295

Әлемде азық-түлік қауіпсіздігі өзекті де өткір мәселе қатарына жатады. Сондықтан Қазақстанда да тәуелсіздік алған соң-ақ агроөнеркәсіп кешеніне басымдық берудің қажеттілігі туындады. Себебі ауыл шаруашылығын дамыту елдің өркендеуінің маңызды шарты болатын. Ендеше Қазақстанда көптеген бағдарламалық құжаттар негізінде тиісті мемлекеттік саясат жүзгізілді. Бұл саланы көтеруге қажетті объективті алғышарттар да бар еді. Аграрлық саланы дамыту үшін республикада ұлан-ғайыр жер, жұмыс күші, қалыптасып қалған дәстүр де жеткілікті еді. Алайда, осыған қарамастан агроөнеркәсіп кешенінде елеулі нәтижелер мен орнықты даму орын ала қоймады. Экспортты былай қойғанда, еліміз азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету міндетін шеше алмады. Әлі де болса бұл саладағы еңбек өнімділігі төменгі деңгейде қалып, ауыл тұрғындарының табысы да өсе қоймады. Өйткені, агросектор техникалық тұрғыда жеткіліксіз жарақтандырылған және ол өндіріске баяу енгізілуде. Агротехнологиялар трансферті шағын және орта шаруашылықтар үшін қол жетімсіз. Оның үстіне жер, су, еңбек ресурстары тиімсіз пайдаланылуда. Ауыл шаруашылығын мемлекеттің қолдауы да оған оң ықпал етпеді, ол инвестициялық тұрғыдан да тартымсыз болды. 


Оның себебін сонау Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейінгі ауыл шаруашылығының құлдырауынан іздеген дұрыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрынғы шаруашылық жүйесінің бұзылуы, жаңа нарықтық қатынастар мен құрылымдардың толық қалыптасып үлгермеуі, шаруашылық-экономикалық байланыстардың үзілуінен еліміздің ауыл шаруашылығы терең дағдарысқа ұрынып, бұрынғы əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің көбінен қол үзіп, тұралап қалды. Малдың саны бірнеше есе азайып, eгicтік көлемі де едəуір қысқарып кетті. Ауылдық жерлерді жаппай жұмыссыздық жайлап, ауыл халқы қалаларға ағыла көшті. Нәтижесінде қолда бар ресурстарды игеріп, оны тиімді ұқсата алмаған елдердің кебін кидік. Шикізат сату арқылы «ақша тауып», содан жасалған дайын тауарларды одан да қымбатқа сатып алу сияқты қақпанға Қазақстан да түсті. Нәтижесінде өндіріс пен жаңа технологияларды дамыту, туризм мен еркін сауданы жолға қою, білім беру мен медицина, құрылыс пен ауыл шаруашылығын өркендету мәселесіне басымдық беру мүмкіндігінен айрылдық. Оның басты себебі Қазақстанның дербес аймақтық саясат жүргізбегендігі мен бұл мәселедегі тиісті тәжірибесінің болмағандығында. Ол одақтық республика ретінде біртұтас экономикалық жүйеге кірді. Сондықтан өндіргіш күштерді орналастыру жалпыодақтық тәртіп бойынша жүргізілді. Онда облыстар тұрмақ Қазақстанның да мүддесі онша ескеріле қоймағаны белгілі. 

Дегенмен соңғы отыз жылдан астам уақытта елде жүргізілген әкімшілік-аумақтық реформалардың нәтижесінде біраз өзгерістердің болғанын теріске шығара алмаймыз. Астана көшіріліп, облыстар біріктіріліп және бөлінді. 1997 жылы Көкшетау облысы бөлініп, оның жерлері Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына берілді. Талдықорған облысы Алматы облысына қосылып, Торғай облысы жойылып, оның территориясы Ақмола және Қостанай облыстарына кірді. Жезқазған облысы Қарағанды облысының құрамына, ал Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді. Семей қаласы облыс статусынан айрылды. 

Бұл әкімшілік реформалардың нәтижесінде Арқалық, Жезқазган, Семей, Талдықорған және Көкшетау қалалары үлкен экономикалық дағдарысқа тап болып, тұрғындары басқа облыстар мен қалаларға қоныс аударды. 1999 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы болды. 2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшірілді. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналған соң ол Оңтүстік Қазақстан облысынан шығарылып, аймақтың орталығы Түркістан қаласына ауыстырылып, облыс Түркістан облысы болып аталды. 

2022 жылы Қарағанды облысынан Ұлытау облысы бөлініп шықты. Оның орталығы Жезқағанда орналасты. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан Абай (бұрынғы Семей) облысы бөлініп шықты. Оның орталығы Семей қаласына ауыстырылды. Алматы облысының бір бөлігінен Жетісу облысы құрылды (бұрынғы Талдықорған). Жаңа облыстың орталығы Талдықорған қаласы болды. Ал Алматы облысының орталығы Қапшағайға көшіріліп, ол Қонаев қаласы атанды. 

Мемлекеттiк аймақтық саясатты ғылыми және әдiстемелiк негiздеу және оның барлық мемлекеттiк басқару деңгейiнде келiсiлген түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi 1996 жылғы 9 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының тұжырымдамасы туралы» қаулы шығарды. Өйткені аймақтық саясат – мемлекеттiң елдi тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың стратегиялық мақсаттары мен мiндеттерiне жету үшiн тiршiлiк әрекетi мен шаруашылық жүргiзудiң аймақтық факторларын тиiмдi пайдалануға бағытталған саясатының құрамдас бөлiгi. Оның мақсаты халықтың тiршiлiк әрекетi үшiн салыстырмалы бiрдей мүмкiндiктер жасау мен еңбектi аймақтық ұтымды бөлудiң және аймақтық өзiн-өзi басқаруды дамыту принциптерiн қалыптастырудың негiзiнде әрбiр аймақтың ресурстық-өндiрiстiк мүмкiндiгiн тиiмдi пайдалануда. Осы құжатқа сәйкес бiрқатар мiндеттердi кезең-кезеңмен шешу көзделді. 

Аймақтық саясатты iс жүзiнде жүзеге асыру мынадай принциптерге сүйенді: мемлекеттiң және оның нақты аумақтардағы шаруашылық кешендерiнiң барлық элементтерiнiң тиiмдi дамуын қамтамасыз ету; аймақаралық және мемлекетаралық байланыстар жүйесiн қалыптастыруда жалпымемлекеттiк мүдделерге басымдық беру; аймақтардың аумақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамыту міндеттерiн шешудегi, экономиканы реформалаудың әлеуметтiк зардаптарын жұмсартудағы экономикалық дербестiгін қамтамасыз ету; артта қалған және қолайсыз аудандар мен аумақтарды мемлекеттiк қолдау жүйесiмен ұтымды үйлестіру, халықты тұратын жерiне қарамастан әлеуметтiк нормативтермен және кепiлдiктермен қамтамасыз ету; аймақтық органдардың халықтың тұрмысының деңгейi мен сапасы, минералдық-шикiзаттық, жер, су және басқа да ресурстарын ұтымды пайдалану, өсiмдiктер мен хайуанаттар әлемiн қалпына келтiрудегі жауапкершiлiкті арттыру.

Сонымен қатар аймақтық саясаттың басты бағыттары мен басымдылықтары да анықталды. Оның негізгі бағыттарына кәсiпорындар мен өндiрiстерге қажеттi селективтi көмек көрсетудi, өндiрiске қолдау жасай отырып, сыртқы және iшкi нарықтарда сұранысқа ие өнiмдердi шығаруды арттыру, аймақтардың экспорттық әлеуетiн дамыту; халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орташа бизнестi дамытуға қолдау көрсету; инвесторларды, оның iшiнде тiкелей шетелдiк инвестицияларды, аймақтық инфрақұрылымға тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау және т.б. жатады.

Қазақстан аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейлерiнiң айырмашылықтары нарыққа көшу кезiнде аймақтық шаруашылықты ұйымдастыру тепе-теңдiгiнiң бұзылуына, сондай-ақ қалыптасқан шаруашылық байланыстарының үзiлуiне орай бұрынғыдан да күшейе түстi. Бастапқы мүмкiндiктердi ескере отырып нарыққа көшу процесiн басқару тетiгiнiң жетiлмегендiгi мен жекелеген аймақтар тобының оған дайындығының дәрежесi бүтiндей алғанда республиканың экономикасын реформалауды айтарлықтай баяулатты. Бұның бәрi мемлекетке жаңа кезеңге сай келетін аймақтық саясатты жасаудың және оны жүзеге асырудың қажеттiгiн көрсетті.

Себебі халықтың тұрмысының деңгейi мен сапасы бойынша аймақтардың арасындағы айырмашылық өстi. Кiрiстiң жан басына шаққандағы ең жоғарғы және ең төменгi деңгейiнiң қала мен село тұрғындары арасындағы алшақтығы күшейді. Республиканың артта қалған жекелеген аудандарының тұрғындары қиын жағдайда қалды. Егер реформаларға дейiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен 71 шалғай аудандардың жалпы санынан 30 аудан артта қалған ауыл шаруашылығы аудандарының қатарына жатқызылса, ендi 1997 жылы проблемалы аудандардың қатарына iс жүзiнде барлық шалғайдағы аудандар енгізілді. Жаңа проблемалар аймақтарда бұрын шешiлмей келген әртүрлi теңгерімсіздіктің үстiне келiп қосылды. 

Бұның себебі өткен ғасырдың 90-шы жылдары аймақтық даму теориясының негізгі қағидаттарының қалыптаспауында жатқанға ұқсайды. Сондықтан нарық қатынастарына көшу республиканың әр облысындағы экономикалық, әлеуметтік саладағы терең дағдарыс жағдайында іске асырылды. Осы кезеңдегі экономиканың құлдырауы ақшаның құнсыздану деңгейі мен кедейшілікті өсіріп жіберді. Тек, 1999 жылы ғана көпшілік облыстарда макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізілді. Ол артынша жағымды әлеуметтік өзгерістерге әкелді. Алайда, бұл үрдіс көпке созылмады.

Экономиканы либерализациялаудың нәтижесінде аумақтық-салалық өзгерістердің пайда болғанымен, есесіне, шет ел капиталын қызықтыратын облыстармен қатар, ауыл шаруашылық және әскери-өнеркәсіптік кешені орналасқан аймақтар, керісінше, өз көрсеткіштерін төмендетіп алды. Сөйтіп, аймақтардың экономикалық көрсеткіштерінің едәуір өсуі өңірлердің бір-бірінен айырмашылықтарының күшеюімен қатар жүрді. Өңірлердің әртүрлі даму деңгейі бүкіл Қазақстанның әлеуметтік тұрғыдан даралануына әкеліп соқты. Ендеше, аймақтардағы өткен дәуірден қалған түйткіл мәселелердің сақталуы бұрынғыдан бетер шиеленісе түскен жаңа экономикалық-саяси жағдай мемлекеттен аймақтық саясатты реттеуді және оны жүзеге асырудың тетіктерін жетілдіруді талап етті. 

2001 жылдың желтоқсанында Үкіметтің қаулысымен пысықталған Қазақстан Республикасының 2002-2006 жылдарға арналған аймақтық саясатының Тұжырымдамасы бекітілді. Елдің аймақтық дамуын болжау қажеттілігінен ұзақ мерзімдік өңірлік бағдарламаларды жасақтау жаңғыртылып, 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстанның өндіргіш күштерін дамытудың схемасы жасалды. Ол шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсілдерінің ерекшелігін ескерді. Қабылданған осындай шаралардың арқасында Қазақстан аймақтарының экономикасы дамуы керек еді. 

Осы кездері Қазақстанның батысы, орталығы, оңтүстігі мен шығысында экономикалық дамудың орталықтарын қалыптастырудың қажеттілігі туындады. Осындай полярланған даму теориясы 2006 жылы қабылданған елдің аумақтық даму стратегиясында көрініс тапты. Жаңа аймақтық саясат ендігі жерде мемлекеттік, қайтарымсыз субсидиядан жергілікті органдар мен өзін-өзі басқарудың орталықсыздандырылған бастамаларына басымдық берді. Сонымен қатар ең кедей өңірлерді ынталандыру мен қолдаудың маңыздылығын арттыруға көңіл бөлінді. Алайда, өңірлердің негізгі проблемалары әлі де болса шешіле қоймады. Сондықтан аймақтық мемлекеттік басқарудың саяси және экономикалық негізін зерделеуге назар аударылды. Оның демократиялық үдеріс пен нарықтық қатынастармен тығыз байланысты екендігі анық еді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары мемлекеттің аумақтарды дамытудағы реттеушілік рөлі әлсіреп қалды. Бұл жеке өңірлердің дамуы мен олардың мемлекеттен алатын инвестициясы қысқарып кетті. Нәтижесінде өңірлердегі өмір сүру деңгейі әртүрлі болып, әлеуметтік қызметке деген қол жетімділік те әлсіреді. Әуелі өткен уақыттарда республиканың дамыған аймақтарының қатарында болған өңірлер де терең құлдырауға ұшырады. Оның үстіне депрессияға тап болған аудандар мен шағын қалалар да үлкен проблемалар туғызды. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жаңа геосаяси және геоэкономикалық кеңістіктің туындауы, әкімшілік-жоспарлы экономикадан нарық экономикасына көшу, экономикалық дағдарыстар және т.б. үдерістер әсер етті. 

Осы жағдайды түзету мақсатында 2006 жылы 2015 жылға дейінгі мерзімге арналағн Қазақстан Республикасының аумақтық даму Стратегиясы бекітілді. Бұл құжатта аймақтық айырмашылықтарды теңестіруден «өсу полюсін» қалыптастыратын және мемлекеттік қолдауға бағытталған саясатқа өту көзделді. Ол аумақтың экономикасын көтерудің локомотивіне айналуын қамтамасыз ету үшін керек еді. Осы арқылы жаһанданудың талаптары мен туындап отырған шынайы ахуал жаңа аймақтық саясатты негіздеуге мүмкіндік беруі керек еді. Алайда, Кеңес дәуірінен «мұра» болып келе жатқан аймақтық дамуға кедергі болатын әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, Қазақстанға тән оның облыстарының экономикалық дербестігінің әлсіздігі, орталықтандырудың жоғары деңгейі мен аймақаралық үйлестіру жұмысының жетіспеуі және ауыл жұртының қалаға көшуінің құбылмалы жағдайы сияқты себептері бұған кедергі жасаумен болды.  Олай болса, бұрынғы кезден сақталып келген мықты орталық және әлсіз облыстар деп сипатталған ахуал Қазақстан үшін жарамсыз болып шықты. Ол ендігі жерде Ел дамуының стратегиясына сәйкес келмейтін болды. Өйткені аймақтардың құзыреті мен бюджетінің шектеулілігі соншалық, оларда әуелі төтенше жағдай туындаған кезде де жедел шара қолдануға мүмкіндігі болмай қалды. 

Сондықтан, осының барлығын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа экономикалық саясат мәселесінің түп тамырына терең үңілді. Оның ұыныстары мен бастамалары кешенділік сипатымен ерекшеленді. Ол Ел экономикасын шикізатқа деген тəуелділіктен арылту мен оны əртараптандыруға басымдық беріп отыр. Ол үшін ауыл шаруашылығында ірі компанияларды көбейтіп, экспортты ұлғайтып, ішкі нарықты байыту керек. Бұл жұмыстың нәтижесі орта және шағын шаруа қожалықтарына тікелей байланысты. Бірақ, олар агроөнеркәсіптік кешен деңгейіне көтеріле алмаса, онда олардың инвестиция тартудағы мүмкіндіктері шектеулі болады. Ендеше, бұл мәселені оның тек салалық дамуы тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Өйткені аймақтық саясатты мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі және мемлекеттің дамуының маңызды құралы ретінде қарастыру керек. Яғни, Орталық пен аймақтардың арасындағы айырмашылық бүгін ғана пайда болған мәселе екендігін ескере отырып, ауыл шаруашылығының дамуын аймақтардың өркендеуі шеңберінде зерделеген дұрыс. Ендігі жерде өңірлер дамымай, Қазақстанның да мықты болмайтындығын түсінетін кез келген сияқты. Демек, Әділетті Қазақстанды құру үшін пәрменді аймақтық саясат керек-ақ.

Ол Қазақстан мен оның өңірлерінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, өндіргіш күшті тиімді орналастыру олардың тұрақты дамуы және соның негізінде әрбір аумақ тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді. Қазіргі заманғы экономикалық дамудың аймақтық тұжырымдамалары көбіне жеке аумақтардың ел экономикасындағы рөлінің артуымен байланысты қарастырылуда. Ол сонымен қатар мемлекеттің экономикалық үдерістерге араласуының деңгейін өзгертіп, кеңістікті игеруге бағдарлануда. Аймақтық даму өнеркәсіп, жол салумен ғана емес, ол сол сияқты білім мен инновацияға икемделе бастады. Осылайша, аймақтардың субъектілігі немесе орталық пен аумақтар арасындағы серіктестік мойындалып отыр. 

Сондықтан мемлекеттік аймақтық саясаттың басты ұстанымдарына жүйелілік, аумақтардың басымдылығы, мемлекет пен аймақтардың мүдделерін тиімді түрде кіріктіру, яғни, өңірлерге өздерінің даму стратегиясын анықтауға, тұрғындарды экономикалық болашағы бар аудандарға орналастыруға, аумақтардың арасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік беру жатқызылды. Тұрғындардың өмір деңгейіндегі аймақаралық айырмашылықтардың қатарына салалық, кәсіби және әлеуметтік ерекшеліктерін жатқызуға болады. Мемлекеттіліктің демократиялық негізін қалау орталықсыздандыру арқылы аумақтық деңгейде өнімді шаруашылық жүргізуге жағдай жасаумен қатар іске асырылады. Сондықтан Қазақстан үшін аймақтық саясаттың мәнін ашып, аймақтарды тиімді басқару, бюджетаралық мәселеге көңіл аудару, республикалық және жергілікті басқару деңгейлері арасындағы қатынастарды жетілдірудің маңызы арта бермек. 

Шаруашылық жүргізу тәжірибесі мен аумақтарды басқарудағы кемшіліктер көп жағдайда нақты бастамалардың жергілікті аумақтық басқару жүйелердің бастауыш деңгейінен бастау алмайтындығында болса керек. Өйткені осы жергілікті бастамалар аймақтық басқару жүйесіндегі өзін-өзі дамытудың элементі болуы шарт. Ол аумақтың әлеуметтік-экономикалық өсуінің қосалқы күшіне айналмақ. Аймақтарда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен дамыту сол облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тікелей байланысты. Тұтыну қажеттілігі жергілікті деңгейде іске асырылатындықтан ол нақты аумақтағы халықтың өмірін қамтамасыз етеді.      «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты мемлекеттік аппараттың азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеу керектігін аңғартады. Сондықтан оның ең алдымен жергілікті билікке қатысы бар. Өйткені аймақ тұрғындарымен тікелей қарым-қатынас жасайтын, олардың проблемаларын шұғыл шешетін әкімдіктер. Сондықтан олар орталыққа жалтақтамай жұмыс істеуі керек. Алайда, өкінішке қарай, әртүрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар жергілікті жерлердегі түйткіл мәселелерді шешуде жауапкершілікті өз мойнына ала алмай отырғанға ұқсайды. Айта кету керек, Мемлекет басшысы облыстарға жұмыс сапарлары барысында сол аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы толыққанды хабардар бола тұра, өңірлердің жағдайын өз көзімен көріп, оған баға беріп қана қоймай, онда орын алып отырған кемшіліктерді де ашық айтып, тиісті тапсырмалар беріп жүр. Мысалы, осы жылдың басында Қостанай облысында болған кезінде ол жылу желілерінің тозу деңгейінің өте жоғары екендігіне көңіл аударды – олар 70, 80 кейбір жерлерде тіпті 90%-ға дейін жеткен екен. Ал кейбір облыстарда ауылдар ауыз суға зәру болып отырса, екіншілері жолдың жоқтығынан 200 шақырымдағы аудан орталығына жете алмауда. Бұл мәселелердің бүгін ғана пайда бола қоймағандығы анық. Ендеше «кешелі» бері сол аймақтардың әкімдері не істеді деген орынды сұрақ туындайды. Президент оларға «жайлылық аймағынан» шығып, нақты іспен айналысу керектігін ескертті емес пе? Әйтпесе инвестицияны 1-2%-ға өсіріп немесе өткен жылы ғана салынған 48 шақырым жолының 20 шақырымы бүлініп жатқанда, жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйдің жабындысын жел ұшырып кетсе, әкімдердің тұрғындармен кездесуінде көтерілген мәселелерінің 28,5%-дан 54,5%-ға дейінгілері өз шешімін таппай жатса, онда олардың «жан-жақты» және «көлемді де мазмұнды» есептерінің кімге керегі бар? Одан да үндемей-ақ қойғандары дұрыс болар еді. Ал, егер сөйлегісі келетіндер болса, онда тек жоғарыда сөз болып отырған кемшіліктер туралы айтып, олардың себебін халыққа түсіндіргендері қисындырақ көрінер еді. Өйткені жетістіктер еш жаққа қашпайды. Дана халқымыз оны өзі-ақ, ешкім айтпаса да түсінеді... Тек, әкімдер өздерінің халық алдындағы жауапкершіліктерін ұғынып, мемлекеттік саясаттың сабақтастығын ұмытпай, сол аумақ пен аймақтың кешегісі, бүгіні мен ертеңіне жаны ашып, соған жауап беретіндей өмірлік ұстанымы болса игі еді. Сонда ғана өңірлік саясатта аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік туады. Осылай ғана әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыруға болады және өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуға алғышарт пайда болар еді.

Оның үстіне жергілікті басқару және өзін-өзі басқару органдарының жүйесін жетілдіру тұрғысында атқарылған осыншама жұмыстарға қарамастан, ол мәселе өз шешімін таппады. Сонымен қатар аймақтық өкілетті және атқарушы органдар жергілікті мемлекеттік басқаруға жатқызылып, жергілікті өзін-өзі басқарудың статусы мәселесі белгісіз мерзімге кейінге қалдырылып, әуелі 2001 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңынан кейін де ол мәселе шешілмей қалған. Бұл заң шын мәнінде жергілікті өзін-өзі басқаруды емес, мемлекеттік басқаруды заңдық тұрғыда реттеу проблемасына басымдық берді. Оның «нәтижесі» мен кері әсері осы күнге дейін сезілуде. Жергілікті өзін-өзі басқару дамымағандықтан әкімдерге жоғары жаққа «жалтақтаған болып», өз дегенін істеуге «жол ашылды». Неге десеңіз бақылау жоқ. Халықтың және қоғамның... Бұдан аймақтық саясат, ал түптеп келгенде мемлекеттің мүддесі мен беделі зардап шекті. Ендеше туындаған жағдайды түзету үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берген жөн. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы сонымен бірге ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. 

Келесі күрделі мәселелердің қатарына өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруды жатқызуға болады. Бұл жұмыс 2020 жылы басталды. Сол кезден бері шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Содан бері экономикалық белсенділіктің төмендегеніне қарамастан, жергілікті бюджеттердің түсімі жоспардағыдан 25 пайызға артық түсе бастаған. Бұл әкімдердің жергілікті бизнесті дамытып, инвестициялар мен салықтық базаны көбейтуге қызығушылықтарының артқанын білдіреді.   Аумақтарды дамыту жоспарында өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келешегі бар ауылдарды дамытуды көздейтін «адамдардан инфрақұрылымға» қағидаты басшылыққа алынып, бекітілген ұлттық міндеттерге сәйкес Өңірлерді дамыту жоспарлары жаңартылуда. Ол болашағы бар ауылдарды дамытып, олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл ұстанымдар Аумақтық даму жоспарында бекітіліп, өндірістік өнеркәсіптің 40 пайызы орналасқан 27 моноқаланың 1,4 миллион азаматының тұрмыс деңгейін көтереді. Әрбір нақты өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын ашу шараларын қамтитын елдің өңірлік дамуының жаңа тәсілдері әзірленуде. Осы мақсатта ірі қала мен шеткергі аймақ арасында функцияларды нақты бөлу арқылы институционалдық дамытуды көздейтін «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң бар. 

Өз кезегінде, жекешелендіру жоспарының орындалуына жауапкершілікті күшейту мақсатында әкімдіктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың қызметін бағалау кезінде оның орындалуы ескерілетін болады. Ұсынылып отырған шаралар экономикаға мемлекеттің қатысу үлесін 2025 жылдың соңына қарай ЖІӨ-нің 14%-ына дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуын кеңейту үшін нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілмек. Бұл абаттандыру жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бюджетіндегі «халықтың қатысу» үлесін 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Азық дақылдарын өсіру алқабы 2 есе ұлғаймақ. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы «Ауылдық аумақтарды дамыту» жөнінде тұжырымдама әзірлеу туралы Жарлығы шыққалы  бері көптеген жұмыс атқарылды. Биылғы жылдың басында Үкімет «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақсаты – ауылды дамыту ісін осы тұжырымдаманың қағидалары мен негіздерінен ауытқымай іске асыру. Сондықтан ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың əлеуметтік-экономикалық əлеуетін ашып, ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру қажет. Ол үшін ауыл инфрақұрылымдары дамып, ауыл шаруашылығындағы жəне ондағы кəсіпкерлердің ісі алға басуы керек. Тұжырымдамаға сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан даму əлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылмақ. Бұл елді мекендер экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Ауыл экономикасы дамыса әлеуметтік жағдай түзеліп, ауыл тұрғындарының тұрмысының жақсарары да анық. 

Аймақтарға деген бұрынғы көзқарастан қазіргі ұстанымның өзгешелігі ауылдық елді мекендердегі əлеуметтік, инженерлік жəне көлік инфрақұрылымын дамытуды нақты көрсетіп, жаңа мектептер мен медициналық нысандарды салып, сумен жəне электр қуатымен үздіксіз жабдықтап, кең жолақты интернет жəне ғарыштық байланысын тарту, ауыл жолдарының сапасын жақсартып, кітапхана, клуб, музей жəне кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты ауыл тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын салу, халықтың осы қажетін қанағаттандыратын орталықтарын ашудың міндеттілігін бекіткендігінде. Егер осы игіліктер жүзеге асса, ауыл халқы елді мекендерден қоныс аудармай, аумақтарды түлетіп, тұрақтап қалатындығы анық. Тұжырымдамада ауыл тұрғындарының қауіпсіз өмір кешуі де назардан тыс қалмаған. Сонымен қатар шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. 

Мәселен, Президенттің бастамасымен қабылданған осы тұжырымдаманың тиянақты орындалуы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін 4,2 пайызға дейін төмендетпек. Ауылдық елді мекендер сумен 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылып, нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп жəне 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мəдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында көтеріліп, жүйелі түрде жүргізіліп жатқан саяси реформасының аясында 2021 жылы ауыл əкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Содан бері көптеген елді мекенде жаңа əкімдер қызметіне кірісті. Ендігі кезек аудан əкімдеріне келді. Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл алғаш рет 45 аудан жəне облыстық маңызы бар қала əкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан əкімдері сайланатын болады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайтын болады. 

Ең алдымен мәселенің өміршең болуы үшін оның әлеуметтік, экономикалық, қаржылық, салықтық, саяси, қоғамдық және заңдық алғышарттарын дайындау маңызды. Аймақтарда енгізіліп жатқан жаңа бюджет жүйесінен бөлек әкімдер мен мәслихаттар депутаттарын сайлау, олардың Сенатпен қарым-қатынасын күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды белсендіру сияқты мәселелердің нәтижелі болғанын қоғам күтіп отыр. Ендеше орталықсыздандыру міндеттерді жауапкершілікпен және сапалы орындауға, жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін  арттыруға, азаматтардың қажеттілігі мен үміттерін ақтауға ден қойып, олардың жергілікті өзекті мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісін кеңейтуді ілгерілетуге септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде өңірлік басқаруды өзгертеді. 

Сонымен, Қазақстанның аймақтық саясатын елімізде жүргізіліп жатқан терең және ауқымды саяси реформалар мен жаңа экономикалық бағыт аясында қолға алынып отырған мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде қарастыру керек. Бұл саясаттың осыған дейінгі тәжірибеден айырмашылығы өңірлердің бүгінгі даму мәселелерінің кешенді түрде қаралып, нақты іске асырылуға бағдарланғандығында. Бұрындары ол көпке дейін көлеңкеде қалып келді, оған қол да жетпеді, қаржы да тапшы болды. Сондықтан болар аймақтық саясатқа салалық мәселе ретінде қарау үрдісі қалыптасты. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бола тұра, олар да кәдімгі мемлекет сияқты әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени әлеуеті бар аумақ екендігін түсіну қажеттілігі де ескерілмеді. Бұған көпшілік жағдайда мән берілмеді. Сондықтан әкімдер де аймақтарда өздерін «уақытша» адам ретінде сезініп, ортақ іске онша жаңашырлық танытпағандықтан жоғары жаққа «жағымды» есептерді жіберуге әуестеніп алды. Қазір сол жалаң есептердің аймақтардың толыққанды дамуына ықпал етпегенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әйтпесе, Қазақстанда Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы және Астана қалалары ғана донор өңіріне жатып, қалған он үш аймақ субвенциялық болар ма елі? Азия даму банкі Қазақстанның өңірлерінің әл-ауқаты жөніндегі өзінің 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың экономикалық, әлеуметтік мәліметтер базасы мен 2022 жылы 4 мыңға жуық респонденттен алынған жауаптарына сүйене отырып, республика тұрғындарының материалдық жағдайын бағалаған екен. Ол бойынша орташа есеппен алғанда Қазақстан бойынша азаматтардың 51%-ы күн көруде көп қиындық көрген екен. Алматы облысында бұл көрсеткіш 60%-дан асыпты. Шығыс пен Батыстың көп аудандарында жағдай орташадан жоғары, ал, Жетісу, Алматы, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Түркістанда респонденттердің 54-тен 62%-на дейін экономикалық жағдайы ауыр және тұрақсыз болған көрінеді. Кейбір облыс тұрғындарының мемлекеттік мекемелерге деген сенімі, қаржылық және тұрғын үй жағдайы, медициналық қызмет, білім беру мен жеке қауіпсіздік параметрлері бойынша қанағаттануы төмен деңгейде қалып қойыпты. 

Ендеше аймақтарды дамыту үшін пәрменді аймақтық саясат керек екен. Оның кәдімгі күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәтижелер беретіндей, әр адам өзі мен отбасының мысалында сезініп, оның рахатын көретіндей, жан-жақты зерделеуден өткен, кешенді сипаты болуы шарт. Ендеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен жауапкершілікпен, әлемдік демократиялық үрдістерге сүйене отырып, аймақтық саясатты кешенді түрде қалыптастыруға мән беріп, оны жетілдіруге ерекше көңіл аударып отырғандығы да сондықтан.

Жапсарбай Қуанышев,

Мемлекет тарихы институтының 

бас ғылыми қызметкері