Жұлдыз Тойбек: ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТЫ ТОЛҒАЙМЫЗ
15.09.2023 1956

Өткен ғасырдың 1933 жылы алғашқы саны жарық көрген республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси «Сақшы» және «На Страже» газеттерінің еліміздің ішкі істер саласы құрылымдарының жаңа заман талабына сай дамуына, полиция қызметінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруда үлесі де, әсері де айтарлықтай. Былайша айтқанда, халыққа ішкі істер органдарының жұмысын ашық көрсететін ақпараттық-насихаттық міндет атқарып келеді десек те болады. 1935 жылға дейін Ішкі істер мининстрлігінің органы ретінде Орынборда шығып тұрған, 1957 – 1960 жылдар аралығында «Казахстанская милиция» болып аталып, 1990 жылдан «На страже» деген атпен орыс тілінде шығып, кейін үлкен басылымға айналған «Сақшы» газетінің шеф-редакторы Жұлдыз Тойбекпен сұхбаттасқан едік. 

Сұхбат беруші кейіпкерімізді таныстыра кетсек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі Жұлдыз Райымбекқызы Тойбек 1967 жылғы 19 ақпанда Қарағанды облысына қарасты бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Нығмет Нұрмақов атындағы ауылда дүниеге келген. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», газетінде бөлім меңгерушісі, Халықаралық «Қазақстан-Заман» қоғамдық-саяси  газетінде журналист,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аға оқытушы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да бейне-студияда менеджер болып қызмет атқарған.  


«Сақшының» басты ұстанымы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

- Жұлдыз апай, тойларыңыз құтты болсын! Өзіңіз шеф редакторлық қызмет атқаратын, республикалық құқықтық қоғамдық-саяси «Сақшы» газетінің таралымы қанша? 

- Биыл еліміздің ішкі істер органдарының басты басылымдары  – мемлекеттік тілдегі «Сақшы» және орыс тілінде шығатын «На страже» газеті торқалы тоқсан жылдықтың төріне шығып отыр. Ішкі істер органының жаршысы «САҚШЫ» газетінің таралымы 15383 данаға жетіп, оқырманның жылы ықыласына бөленуде. Аталмыш басылымның беделін, сапасын арттыруда, ақпаратты жылдам таратуда журналистер өндіртіп жазып, сапалы жұмыс істеп келеді. «ҚР ІІО Медиа-орталығы» ЖШС тарапынан да қойылып отырған басты талап – осы.  

-  «Сақшының» тарихына қатысты айтып өтсеңіз. Газет тоқсан жылдық белеске қандай жетістіктерімен  шығып отыр?

- Қазақстан Республикасы ІІМ-нің салааралық «Сақшы», «На страже» газеттері сонау отызыншы жылдардың басында (1933 жыл) жарық көрген. Алғашында «SAQCЬ» – «Страж» деген атпен шыққан өлкелік газет – Өлкелік милиция басқармасы саяси бөлімінің органы болды.

Ғасырға жуық мерзім ішінде газет өз дәуірінде болып жатқан әрбір оқиғаға үн қосты. Қоғам болған соң, халық болған соң қылмыс болмай тұрмайды. Қоғамның тыныштығын қорғауда тәртіп сақшыларының сауысқандай сақ қимылдары талай қылмыстың алдын алып келді. Олардың шытырманға толы қызметін қаламына арқау еткен журналистердің де жанкешті еңбегі елеулі орын алады. Республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси «Сақшы» газеті сонау Ұлы Отан соғысы кезінде де үгіт-насихат жұмысын тоқтатпаған. Кейін еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілінде шығатын «Страж» газетінің қолтығында жүрген бір бет қазақ тіліндегі «Сақшы» қосымшасы бөлек басылым болып, енші алды. Қазақ тілінде шыққан «Сақшы» газеті замана дауысына үн қосып, Қазақстан Республикасының жаңадан қалыптасқан полициясының қанатының қатайып, қырандай түлеп ұшуына қаламның ұшы арқылы қозғау салды. ҚР Ішкі істер органы саласындағы сан қилы мәселелерді көтеріп, қалың оқырманның көңілінен шықты. 

- «Сақшының» өз тарихы оның қазақша басылым болып шыққан кезінен басталады деуге бола ма? Бұл ретте Базарбай Исаевтың есімі аталады екен...

- Базарбай Исаевты көбіне ақын, жазушы ретінде таниды. Ал Ішкі істер органында қызмет еткенде Базарбай Исаев ормандай көп орыстың тілінде жарық көріп келген «На страже» газетінен «Сақшы» газетін бөлек алып шығып, қазақ тілінде сөйлеткен. 1991 жыл, 5 сентябрь №№69-70 санында шыққан Базарбай Исаевтың «Егеменді елміз бе?» атты мақаласында: «Газетімізде қазақша жалғыз бетті шығара бастағанымызға да бір жыл болып қалды. «Сақшы» бетін шығаруға байланысты корректор, машинистка, сондай-ақ аудармашы-тілші штаты арнайы қарастырылған болатын. Соған қарамастан осы күнге дейін, яғни бір жыл бойы жалғыз өзім осы бетті шығарып келдім. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп халық тауып айтқан ғой. Бұл мәселені неге көп болып көтермейміз?   Қайда сол егемендік?! «Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды»  деп мәз боламыз. Қайда сол мемлекеттік мәртебе?! Біздің министрлікте он жылдан астам уақыт бойы орыс тілінде газет шығып келеді. Ал мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінде газет шығару жөнінде қабылданған бұйрық жабулы қазан жабулы күйінде қалғалы тұр. Бұған кім жауап бермек?» деп кейіпкеріміз шырылдаған шындықты айтып, жар салады. Арада бес ай өткеннен кейін, нақтырақ айтқанда, 1992 жылдың 11 маусымында ««САҚШЫ» барша бұқараның сүйікті газеті болады»  атты мақала жарқ ете қалады. Онда редактор Базарбай Исаев «Сақшы» газетінің қазақ тілінде шығарылатынын сүйіншілей отырып, былай деп жазады: «Көптен бері жан-жақты арызданып жүріп, милиция органдарының хал-жағдайын ойлайтын, қызметкерлердің әлеуметтік жағынан қамқоршысы болатын қазақ газетін шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Алаштың азаматтарын осы қуанышымен құттықтаймыз! «Сақшы» газеті шілде айынан бастап айына бір рет сегіз бет болып шыққалы отыр».

Б. Исаев тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған тұста жеке қазақ газетін шығару туралы ұсыныс жасап, талай шенеуніктің табалдырығын тоздырады. Бірақ оның ұсынысын Ішкі істер министрі болған Қайырбек Сүлейменов қолдап, қазақ газеті Баспасөз министрлігінде тіркеуден өтеді. Қ. Сүлейменов Базарбай Исаевты газетке редактор етіп тағайындайды да, сәуірден бастап газеттің төрт беті орысша, төрт беті қазақша шыға бастайды. 1998 жылы қазақ тілінде жеке «Сақшы» газеті жарық көре бастайды. 

-  Ол кезде газеттің танымалдығы артқан дейді, сол рас па?

-        1998-2002 жылдары «САҚШЫ» газетінің  редакторы болған, белгілі журналист Рысбек Үркімбай 500 данаға жетсе деген «Сақшының» таралымы 12000-ға бірден көтерілгенін айтады. 1999 жылы өзгерістер болды. Бұған дейін «Сақшы» мен «На страже» газеттері бірігіп шығатын. Сыртында «На страже», ішінде «Сақшы». Редактордың орынбасары А.Айменованың тұсында Ішкі істер министрі болған Қайырбек Сүлейменов ««Сақшы» газетін қазақ тілінде бөлек шығару керек» деген тапсырма берген екен. Бастығы Әбдіжамал Сапарқұлов «Бұл – министр Қайырбек Шошанұлының бұйрығы, таралымы 500 дана  болса да, біз «Сақшыны» бөлек шығарамыз» деп кесіп айтады. Ұлтын сүйген басшылар, облыстық басқарма басшылары газетке жазылуға барынша білек сыбана кірісіп, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары белсене атсалысады. Сөйтіп, 2000 жылдың басында 500 данаға жетсе деген «Сақшы» газетінің таралымы 12000-ға бірден көтеріледі. Сол жылдары журналистер жоғары жалақы, қаламақы алған. Газетке қосымша қызметкерлер алды. Атап айтқанда: жазушы Нұрғали Ораз, белгілі ақын Әлібек Шегебай,  журналистер Шолпан Қараева, Бауыржан Әбілдаев, Ләззат Бектембекова, суретші Несіпхан Есеев, марқұм Адай Әбділда жұмыс істеді. Дизайн бөлімінің бастығы Алмас Өмешов («На страже») пен  Рахат Жантаева («Сақшы») газеттерінің безендірілуіне, беттеуіне ерекше үлес қосты. Анар Құрманғалиева деген терімші, Сәуле Үкенова корректор болды. 

2002 жылы «Сақшы – На страже» республикалық мемлекеттің мекемесіне Әбдіжамал Сапарқұлов жетекшілік етті. Өте жаңашыл, талапшыл басшы еді. Ол кісі басшылық еткен кезде жазушы, журналист Нұрғали Ораз «Сақшыда» қызмет істеген. Бас редактор Рысбек Үркімбайдың ұйымдастыруымен тәртіп сақшыларымен сан түрлі тақырыптарда сұхбат жасап, әңгіме-дүкен құрып, газет оқырмандарының көңілінен шығатын тартымды мақалалар әзірлеуге тырысты. Әлем әдебиетінің жауһарларынан тәржіма жасап, Э. По-ның «Сопақша айна», П.Вежиновтың «Тосқауыл», А.П.Чеховтың «Студент», В.Шукшиннің «Күзде» деп аталатын әңгіме-хикаяттарын алғаш рет осы газет берді.

Әбдіжамал Халелұлы мықты тақырып қойған адамға арнайы қаламақы белгіледі. «Сақшыда» «Үкім», «Тергеуші жазбалары» деген арнайы айдарлар ашып, қылмыстық оқиғаларды көркем шығарма өзегіне айналдыра білді. Бұл сол кезде бас редактор болған Айнұр Сембаеваның да детективке ден қойып, шытырман шығарма жазуға деген құлшынысын арттырды. Сол қызығушылықтың жетегімен қазір еңбек ететін «Заң» медиа-корпорациясында» детектив шығармалар байқауын өткізуге бастама көтерді.

«Сақшыда» әр жылдары қызмет еткен, еңбегі сіңген бірқатар адамның есімін атап өткіңіз келетінін байқап отырмыз.

- Базарбай Исаев сияқты азаматтың еңбегін жоғарыда айтып өттік. Сондай ақ, 1993 жылдың қазан айында «Сақшы» газетіне бас редактордың орынбасары болып  ауысқан Ардақ Айменова, 1995 жылдан 2005 жылға дейін тура он жыл бойы тәртіп сақшыларының жаршысы «Сақшы – На страже» редакциясын басқарған бас редакторы, подполковник Әбдіжамал Сапарқұлов, бас редакторлар: Рысбек Үркімбай, Айнұр Сембаева, Ескендір Зұлқарнай, Бану Әділжанқызы, жауапты хатшы Меңдолла Шамұратов, «Сақшы» газетінің байырғы белсенді тілшісі, отставкадағы полиция майоры Гүлнәр Тазабекова, отставкадағы полиция подполковнигі  Жұмагүл Сәтмұхамбетова,  ІІМ-нің отставкадағы подполковнигі Кентай Зейнелғабиденұлы, Айнаш Көксегенова, Нұржан Қуантайұлы, Әділет Ыдырысов, Арман Жусанбаев, Шалқар Естен, газет бетіне жарық көрген  жарияланымдардың қатесіз баспаға кетуіне жауапты Сәуле Үкенова, Нұршакүл Әшімбаева,т.б. әріптестердің еңбегі көп.

ҚР Ішкі істер органдары Медиа орталығының дамып, жаңа сатыға көтерілуіне Алмас Садубаевтың сіңірген еңбегі зор. Ол 2011-2015 жылдар аралығында ҚР ІІО Медиа орталығы ЖШС-нің бас директоры болған. «Сақшы» газеті сол кезеңде 20-27 мың данамен шыққан.  Отставкадағы полиция полковнигі, филология ғылымдарының кандидаты Әлімжан Жарылқағанов 2020 жылы ҚР ІІМ Медиа орталығының бас директоры болып тағайындалады. Ә.Мұратбайұлы 1995 жылы Ішкі істер министрлігінің Баспасөз орталығының бастығы болады. 1997 жылы Министрдің баспасөз хатшысы деген лауазым енгізіліп, Ішкі істер министрінің тұңғыш баспасөз хатшысы қызметіне кіріседі. Медиа орталығына басшы болып істегенде ең алғашқы өзгерісті қызметкерлердің еңбекақысын өсіруден бастайды. Газеттің ең жауапты жұмысын атқаратын тілшілер болғандықтан солардың жалақысын көтерді. Шеф-редактор, корректордың айлығын ұлғайтты. 

Тағы бір жаңалық – жауапты хатшының штатын ашты. Өйткені жауапты хатшы деген басылымның безендіру жұмысын ғана емес, бүкіл редакцияның жалпы жұмысын ұйымдастырады. 

Ішкі істер органдары шығарып тұрған басылымдардың тарихын түзуде ««Сақшы»-На страже» - 80 белес» атты ғылыми монография жазды. 

Бүгінгі есімі танымал көп журналистер «Сақшыдан» тәжірибе жинаған көрінеді. 

- Рас, бүгінде қазақ журналистикасынан өз орнын алған Нұрлан Қабдай, Асхат Қылышбек, Мұрат Мұқаш, Өркен  Жоямерген, Дархан Бейсенбекұлы секілді журналистер алғашқы қаламақысын «Сақшыдан» алған. Осы жігіттердің қай-қайсысы да газетке жаңа леп әкелді. Өркен Жоямергеннің қайыршы образына еніп күні бойы мешіт жағалап, ондағылар қуған соң көше қиылысында тұрып қайыр сұраған суреттерін талайға дейін сақтаған. Облыстық газеттерден Шадияр Молдабек, Ғалымжан Елшібай сияқты белгілі журналистер «Сақшы» газетіне қалам тербеген. Оқырманды қызықтыру үшін ұсынған «Полиция аруы» деген байқау сақшылар арасында үлкен қолдауға ие болды. Оқырмандар сұлу сақшы қыздарға дауыс беру үшін редакцияға хат жолдайтын.  Газетке ең көп жазылған ұжымға арнайы сыйлық тағайындауды дәстүрге айналдырды. Балалар үйіне, Қарттар үйіне, ардагерлерге, көп балалы аналарға өз қалтасынан ақша шығарып, газетке жаздырып берген жомарт азаматтар да кездесті.

- Ұжымның бүгінгі басшылығы, жалпы еңбеккер топ жайында  тоқтала кетсеңіз. 

- ҚР ІІО Медиа-орталық ЖШС директоры қызметін 2022 жылдан бері белгілі тележурналист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Лаура Жакупова атқарып келеді. Ол ақпарат кеңістігінің барлық бағытында өз қолтаңбасын қалдырған медиаменеджер. Бәсекелестік қызып тұрған БАҚ-та басылымның оқырман арасында беделді болуы жолында күресіп келеді. Білікті басшы полиция қызметкерлерінің қоғамда оң имиджін қалыптастырып, оны қалың бұқараға насихаттау барысында «24.kz» телеарнасында «Polisia.kz» авторлық бағдарламасын жүргізеді. Лаура Келысқызы ұжымдағы әрбір қызметкердің жағдайын сұрап, түсіністікпен қарап, қолынан келгенше көмегін беруге ұмтылады. «Saqshy» газетінің шығармашылық жағына жауапты бас редактор, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бақытгүл Абайқызы газеттің сапалы әрі мазмұнды шығуына ерекше мән береді. Апта сайынғы лездемеде газеттің өткен нөмірінде жарық көрген материалдарды талқылап, үздік мақалаларды атап өтіп, алдағы нөмірге дайындық жоспарын бекітеді. Журналистика саласында ысылған тәжірибелі маман басшылық жасап қоймай, авторлық мақалалар да жазады. Жауапты хатшы Айнұр Жылқышинованы осы газеттің энциклопедиясы іспеттес. Ол алғашқы еңбек жолын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жанынан шығатын «Исполнение и наказание» журналынан бастаған. Комитет кейін Ішкі істер министрлігіне құзырына қарағандықтан, құрылым журналы да 2017 жылы ҚР ІІМ Медиа орталығына қарайды. 

Шығармашылық жолды фотограф, тілшіліктен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары лауазымындағы қызметтік баспалдақтардан өткен. Осы салада ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан Айнұрдан үйренеріміз мол. Басылымның беттелуі, тақырыптардың қайталанбауы, өңірлердегі баспасөз қызметкерлерімен байланысты жолға қою – жауапты хатшының мойынында. Газеттің мазмұнды әрі тартымды безендіріліп дизайнер Зүлфия Сисенбердиеваның үлесі зор. Фотограф Медет Әшірбеков Ішкі істер органында болып жатқан барлық жаңалықтарға жан бітіріп, суретті сөйлетіп жіберсе, жүйе әкімшісі Тұрсын Мәліков заманауи техниканың тілін тауып келеді.

- Газеттің жастар мамандармен толығу жағы қалай? 

- Газет өткен жылдың күзінде Гауһарай Есімова есімді бір тілшімен толықты. Жас журналист бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Аймақтық басылымда, баспасөз қызметінде жұмыс істеп, университте журналистика мамандығы бойынша білім алатын студенттерге сабақ берген. Бұрынғы жұмыс орнында «Құқық құрығы» айдарын төрт жыл жүргізіп, осы тақырыпқа жазуға машықтанған. Басылымды сапалы материалдарымен толықтырып, үнемі ізденісте жүреді. Гауһарай өте еңбекқор, табанды журналист. Биыл қатарымызға жас тілші Сүйкім Аяпбергенқызы келіп қосылды. Сүйкім де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын биыл бітіреді. Қаламының оты бар жас тілшіден зор үміт күтеміз. Ал түркістандық тілшіміз Раушан Нарбек аймағында болып жатқан жедел ақпаратпен бөліседі.  Газеттің бүгінде мазмұнды шығуына үлкен үлес қосып жүрген белді қызметкерлердің бірі – Айша Өтебәліқызы. Ол «Орал өңірі» газетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, батыстың ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Халықаралық «Қазақстан – Заман» газетінде Орал облысы бойынша меншікті тілші болып, өзекті мәселелерді көтерген көлемді материалдар жазған. Сондай-ақ газет нарығына өз үлесін қосып, «Жайық Пресс»-ке қыруар қаржы тартылуына септігін тигізді. Тәжірибелі журналист газет тілшілерінің сауатты болуы үшін әрдайым өз кеңесімен бөлісіп отырады. Басылым «Медиа-холдинг Ernur» ЖШС баспаханасында басылып, айына төрт рет шығады. 

- Қоғам сұранысына сай жаңа айдарлар ашылып, жұртшылықты мазалайтын мәселелерді көтеріп отырған шығарсыздар?

- «Сақшы» газетінің басты ұстанымы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған құқық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Газеттегі «Мемлекет тапсырмасына мән береміз», «Ресми» айдарында Ішкі істер министрлігінің тыныс-тіршілігі, осы саладағы жаңалықтар мен өзгерістер уақытында беріліп тұрады. Халыққа бүгінгі таңда халыққа сенім арта алатын, қиын уақытта қол ұшын созатын қолжетімді полиция керектігіне аса көңіл бөлінуде. Осы орайда «Жұртқа жақын полиция», «Бүгінгі күннің батырлары», «Сан қырлы сақшылар», «Мамандығы – мақтанышы»  айдарларында ішкі істер органдары саласындағы қызметкерлердің халықпен жақындығы, қайсар ерліктері насихатталып келеді. Тәртіп сақшыларының сауысқандай сақ қимылының арқасында қылмыс түрлерінің құрықталғанын «Қылмыскердің адымы қысқа», «Заң құрығы ұзын», «Қырағылық – қауіпсіздік кепілі», «Абайлаңыз, алаяқ!» атты айдарынан оқуға болады.  Полиция жаршысы жұртшылықтың жанайқайын да жеткізіп жатады. «Алғыс алу – мәртебе», «Кері байланыс» айдарларында республикамыздың түкпір-түкпірінде ел тыныштығын күзеткен сақшыларға айтқан алғысқа орын берілген. Қылмыс әлеміндегі шым-шытырық оқиғаға құрылған детектив жанры да тұрақты беріліп тұрады. Бұл жанрға жүлделі орын алған белгілі қаламгерлердің де дүниесі жарық көруде. «Алдыңғы толқын», «Әулет» айдарында ішкі істер саласына еңбегі сіңген, өмір жолы өнегеге толы ардагерлер, белгілі тұлғалар жөнінде мақалалар, сұхбаттар, естелік-эсселер жазуды жалғастыра береміз. Газетте тек ғана ішкі істер органдарының қазанында қайнай бермей, оқырманды жалықтырып алмас үшін жаңа айдарлар аштым. Өнерлі жан орын таңдамайды. «Руханият» айдарымен жазалы болған жандардың сан қырлы өнерін насихаттаймыз. Қылмыстық атқару жүйесінде тәрбие ісімен айналысатын мамандардың игілікті ісін газет бетіне шығарамыз. «Білгенге – маржан» айдарында тарихи-танымдық дүниелерді береміз. Мәселен, осы айдармен жарық көрген Елеужан Серімовтің «Полиция органдарының пайда болу тарихы» атты көлемді дүниесі көп көңілінен шықты. Басылым бетінде ІІМ-де полицияның сервистік моделі, қылмыстық процестің үш буынды моделі, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және тағы да басқа жүргізіліп жатқан реформаларлар туралы жарияланымдар жүйелі жарыққа шығып тұрады. Шалғайдағы учаскелік полициялардың жұмысына да жіті көңіл бөлінуде.

- Әдетте полиция тарапына айтылатын сын-пікірлер аз емес, бірақ, әлдеқалай жағдай болса іздейтініміз - полиция. Оның ішінде өртте қалғандарды, суға батқандарды құтқарған ерліктерді жасайтын да осы полициядағы жігіттер екені рас. Олар туралы халық кеңінен біле ме?

- Мен Қарағанды облысы ПД, Бұқар жырау ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Медет Асқаров туралы «Тоғыз адамды құтқарған» атты мақала жаздым. Бұл жігіт төрт адамды өрттен, үш адамды судан, екі адамды аударылып қалған көліктен құтқарған. Осының бәрі жұмыстан тыс уақыт кезінде болған және бұл жасаған ерлігі көпке жария болмаған. Біздің «Сақшыға» шыққан соң ерлігі еленіп, алғашқыда «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл тек бір ғана мысал. Қырағы сақшыларымыз күн-түн демей, кірпік қақпай, жанын шүберекке түйіп, қаншама адамның өміріне араша болып жатыр. Мемлекетіміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері 800-ден астам полиция қызметкері қаза тауып, 4500-ден астамы жарақат алған. Қабылдаған антына адал болған қаншама тәртіп сақшылары мезгілсіз мерт болды. Адам басына ауыр жағдай түссе, бәрі тәртіп сақшыларын көмекке шақырады. Полиция өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан жанып жатқан өртке, суға, оққа ұмтылып, кәсіби міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Сондықтан тәртіп сақшысының жұмысына құрметпен қарау керек!

- Осы жерде салалық басылымдардың ролі туралы пікіріңізді білгіміз келеді. Біздіңше, белгілі бір салаға маманданған журналистердің бәсі қашанда жоғары болатын сияқты, олар тек бір салаға жіті үңілгеннен кейін сол саланың бүкіл мәселесін біліп, одан әрі дамуына мүдделі болып, кемшіліктерін де байқай алады деп ойлаймыз. 

- Журналист жан-жақты болып, кез келген тақырыпты игере алуға тиісті. Дегенмен, бір салаға маманданған кәсіби журналистің берер жемісі мол. Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болғанда менің облыстық, халықаралық газеттерде ширек ғасыр жасаған тәжірибемнің көп пайдасы тиді. Студенттерді бірден жазуға машықтандырдым. Жазған дүниелерін тексеріп шығып, сабақ үстінде талдап, шәкірттерімнің қарым-қабілетін тексеріп отырдым. Төтенше жағдай тақырыбынан дәріс бердім. Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдайдың түрлері, осы саланы насихаттайтын БАҚ,  төтенше жағдай кезінде журналист өзін қалай ұстау керек деген сияқты мәселелерді лекцияма арқау еттім. Бір құптарлығы осы тақырыпты болашақ журналистер қызыға тыңдады. Келешекте осы саладағы басылымға барғанда, олар біраз дүниеден хабардар болады. Мысалы қазір экономика тақырыбын шағып жазатын журналистер аз. Мен экономика тақырыбында силлабус дайындадым. Онда субсидия дегеніміз, бірінші, банктер жүйесі, екі деңгейлі банк, ипотеканы қалай алуға болады деген сияқты мәселелерді арқау еттім. Өкінішке орай, басқа жұмысқа ауысуыма байланысты аяқсыз қалды. Мүмкін болса журналистикада оқитын студенттерді салалық басылымдарға тәжірибеден өткізуге жіберіп отырғаны жөн.

 

                                                         Алдағы уақытта жазатындарым бар

- Өзіңіз шығармашылық адамысыз. Бірқатар ақындар айтысының жүлдегері болғаныңыз бар,  «Астанам-Ақордам», «Мәди баба – жыр бағымыз», «Жастар вальсі», «Ардагерлер аманаты», «Орталық Қазақстан», «Ақындарды аңсау»  деген ән мәтіндерінің авторы екенсіз. «Көтердім ақ желкенін жыр кеменің», «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса» /жыр кітаптары, «Арқаның ару қыздары», «Қаратау ауылы энциклопедиясы», «Руханият»  /портреттер/ атты кітаптарыңыз жарық көрген. Бәріне қалай үлгересіз?

- Шығармашылықпен алаңсыз шұғылданудың реті келе бермейді. Дегенмен жазатын дүние көп. Алдағы уақытта Семей полигонын көзімен көрген ұрпақ ретінде, Желтоқсанның нақ ортасында жүрген куәгер ретінде, Қазақ тілінің жолындағы күрескер ретінде татымды дүние жазамын деген жоспарым бар.

- Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде ұзақ жыл бас редактордың орынбасары болып істеген ардагер журналист Аман Жанғожиннің «Жұлдыздар жерде де жарқырайды» атты мақаласында сіздің желтоқсан оқиғасына қатысқаныңыз туралы айтылады. Сол кезден бір үзік сыр тыңдасақ деп едік.

- Мен ол кезде Қазақ Ұлттық университетінде журфакта 2-курста едім. Топтағы комсорг едім. Бұл оқиға жөнінде күнделігімде жаздым. Негізгі басты бөліктерін түсіріп отырдым. Яғни дәл сол 1986 ж. жазылған. Онда желтоқсан оқиғасының басталуының жай-жапсары айтылады. Алаңға шыққандарға өз ішімізде шара қолданайық деп шештік. Ол кезде комсомолдан шығару деген сөз оқудан шығару деген сөз еді. Сол күні сағат бесте Комсомол комитетінің үлкен жиналысы өтетін болып, алаңға шығып көзге түскен студенттерді шақырып жатыр екен. Курстасым Аманғазы екеуміз бардық. Курстағы жиналыста жазылған хаттаманы қазақша жазып едік, қазақшаны алмай, орысша жазуды талап етті. Орыс тобында оқитын Ержан Қарабековтен орыс тілінде жазып беруді өтіндік. Мені жиналысқа кіргізбеді. Не керек, Аманғазы Кәріпжановты қорғамақ болып, көп дауысқа салсақ, студенттің көпшілігі қарсы дауыс беріп қол көтеріп, ақыры комсомол қатарынан шығарды. Курстасымыздың әкесі қайтыс болып, анасы жеті баланы асырап отырғанынан хабардар  едік, сол кезде дәрменсіз болғаныма қатты күйіндім. Желтоқсан оқиғасының жарасы жазылмайды. Тұрмысқа шыққан соң, алаңда табаннан ызғар өтіп, өрт сөндіретін көліктен шашылған суық судан тиген аурудың азабын тарттым. Дәрігерлердің бала тууыма қарсы болғанына қарамастан, жүкті болдым. Бірақ тұңғышым қайтыс болды. Екінші баламды жеті ай бойы ауруханада, иненің астында жатып, дәрігерлердің бақылауымен дүниеге әкелдім. Үшінші баланы көтеру үшін сегіз жыл ем қабылдадым. Желтоқсанды еске алсам, жүрегім ауырады… Біздің замандастарымыз еліміздің тәуелсіздігі үшін, намысы үшін денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін қиды. Алаңға шыққан азаматтар аяусыз жазаланды. Сол бір ауыр соққыдан алған жарақаттар тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып, мәңгі жүректерінде қалды. Оларға «ұлтшыл», «саяси соқыр», «нашақор», «маскүнем», «бұзақы» деген жала жабылды. 

- Аман  Жанғожин ағаңыз сіздің Октябрь ауданына Ә. Бөкейхан    есімін беру туралы бастама көтергеніңізді де келтіріпті.     Кейін аудан Ә.Бөкейхан есімін алыпты ғой. Демек, еңбегіңіз жанған  екен.

- Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілді деп бөркімізді аспанға атып қуандық. Себебі бұл мәселені осыдан отыз жыл бұрын баспасөз бетінде алғаш рет көтергендердің бірі едік. Сол кезде: «Елу жылда – ел жаңа» демекші егемендік алғанымызға отыз жыл толса да «Октябрь» атауынан бас тарта алмай отырғанымыз үлкендердің арына сын, өсіп келе жатқан ұрпақтан ұят. Осы ауданда қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған елді мекендерінен көшіп келген халық тұрады. Олар қазақ мектептерінің санының артуына да себепші болып отыр. Билік басында да отырғандар-өз азаматтарымыз. Ауданға Алаш көсемінің атын беруге толық негіз бар. Әлі күнге дейін қылышынан қан тамған қызыл империяның өзі болмаса да көзіндей болып қалған Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлиханның атын бере алмай отырғаны қабырғамызға батады» деп жазған едік.  Бұл да болса игілік. Қоғам көшін алға жылжытуға деген ниет әрқайсысымызда болуы керек. 

- Әлеуметтік желіден сіздің Қаз дауысты Қазыбек би ауданын қайта ашу жөнінде жазған жазбаларыңызды оқып едік...

- Жаңа Қазақстанға + жаңа 1 аудан болса екен деген тілегіміз бар. Нақтырақ айтқанда, қазақтың үш биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек би бабаның ата қонысы Егіндібұлақ ауданын қайтадан ашып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз! Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов ағамыз «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек» /Егемен Қазақстан газеті, 14 сәуір, 2022 жыл/ атты мақаласында: «Тағы бір айтайын дегенім, Қарағанды облысының Қазыбек би ауданы Қарқаралы ауданымен кіріктірілген, енді осыны қалпына келтіру керек. Атақ­ты күйші Тәттімбет, Қаз дауыс­ты Қазыбек бидің ұрпағы, ақын-композитор, әнші Мәди, мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейханға тілеуқор Ақайдың Хасені, қазақ халқының 700 әнін шырқаған Жүсіпбек Елебеков, сондай-ақ Қали Байжанов, Қуан Ле­керов, Рахия Қойшыбаева, Ма­ғауия Көшкінбаев, театр актері Қалибек Қуанышбаев, көркем­­өнер шеберлерінің біл­гірі Мақсатбек Майшекин, А.За­таевичті табындырған дүлдүл әнші Ғаббас Айтбаевтар осы бір жері пүліш, суы күміс ұлы топы­рақта дүниеге келген. Даңқты Қоянды жәрмеңкесі ше?» деп осындай қасиетті топырақтың қайта ашылуын қолдаған пікірін жеткізсек болады. Қазыбек би бабамыздың аты берілген де ауданды таратып жіберіп, Қарқаралыға қосты.  Табиғаты тамылжыған тамаша мекенде орналасқан  ауылдарда мектеп жабылып қалған. Ауыл тұрғындары балаларын қалаға, Қарқаралыдағы мектеп-интернаттарға, туыстарына жіберген. «Балам дейтін халқы болмаса, халқым дейтін бала қайдан болады»? Егіндібұлақтың жері алтын, қүміс, мыс, марганец ,көмір т.б. қазба байлыққа толы. Ата-бабасынан қалғандай келімсектер қызығын көріп жатыр. Қазір Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен жабылып қалған облыс, аудандар қайта ашылып жатыр. Біздің де көкейімізде үміт оты жанды. Курстастармен кездесу сапарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға дұға бағыштап, қабір тасын алақаныммен сипап, Алладан бабамның атындағы жабылып қалған ауданның қайтадан ашылуын тіледім. Семей полигоны жарылысынан көз ашпаған Қазыбек бидің ата қонысы әлі бейнеттен көз ашпай келеді.

- Бұл ауданның Семей полигонына да қатысы бар ма?

- Біздің туған топырағымыз Семей полигонына тым жақын жатыр. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні ұстазымыз «Ертең таңертеңгі сағат сегізде жер сілкінеді. Ата-аналарың бұл жайттан хабардар. Жер асты жарылыс болады. Жарылыс уақытында аспанға қараушы болмаңдар, көздерің ауырады. Сақ болыңдар!» деп ескертті. Кешкі аста үстел басында ұстазымыздың ескертпесін үлкендерге айтып едім, әкем «Халықтың берекетін алып, бұлар да шаршамайды екен. Жылда осы көрініс» деп кейіп сөйлеп, шешеме бұрылып: - Ркентай, ертең мына балалардың өздерімен бірге алып кететін тіскебасар тамағын молдау етіп әзірлеп қой. Қанша уақытқа дейін далада жүретінін кім білсін!» деп орнынан көтеріле берді. Ертеңінде үйдегі кішкентай радиодан «Воздушная тревога» деп дабыл қаққанда әлі жиналып болмаған біз далаға бір-ақ атылдық. Ол кезде отбасында бүгінгідей бір-екі бала емес. Бір үйдегі тетелес он шақты бала есікке тұра ұмтылып, кептетіліп қалатын едік. Алаңқайға жетіп алған біз мәзбіз. Анамыздың пісірген бауырсағын жеп, құртын тістелеп, ойнап кетеміз. Сол күні күн көзін көре алмайтынбыз. Атом бомбасы жарылып, жер сілкінгенде жарты аспанды жайлаған аспандағы саңырауқұлақты қызықтап қарайтынбыз.  Ол уақытта уланып жатқанымызды қайдан білейік, енді соның зардабын халық тартып келеді. Осы елді мекенде қаншама сырқат адамдар бар. Қанша азаматтар зейнеткерлікке жетпей  дүниеден озды, жаман аурумен тізімде тұр, осының бəрі сұм ядролық сынақтың зардабы. Мұндай қасірет, әрбір екі үйдің біреуінде болды десем, жаңылыспаған болар едім. Жергілікті халық тұрғындары анемия, түрлі онкология ауруларына, аллергия, жүйке, жүрек-қан тамырлары, тері аурулары, радиациялық сәуле ауруына ұшырады. Өзім қатарлы замандас келіншектердің қоянжырық ерінді бала туып, жылағанын талай көрдім. Байғұс аналар қыз баласы қоянжырық ерін болып туса, бойжеткенде қайтеді деп қиналса, ер бала осылай туса, ертең мұрт өсіп бұл кемшілігі көрінбей қалады деп өзін жұбатушы еді. Дерекке зер салсақ, 1947 жылғы 21 тамызда Кеңес Одағы үкіметінің шешімімен құрылған №2 мемлекеттік орталық сынақ полигонында 1949-1989 жылдары 460-тан аса ядролық сынақ, оның ішінде: 30 жер үсті, 88 әуе, 348 жер асты ядролық жарылыс болған. Іргемізде жарылып жатқан полигонға қарсы жергілікті ақын-жазушылар жоғары жаққа даусы жеткенше қарсы шықты. Полигон зардабынан екі қолсыз өмірге келген, мүгедектігіне қарамастан тісімен сурет салған Кәріпбек Күйіков біздің Қазыбек би елінің тумасы. Олжас Сүлейменовпен бірге «Невада-Семей» қозғалысына қатысып, атом апатының тірі куəгері ретінде Жапонияға да, Америкаға да жол шеккен Кəріпбек атом тажалының қасіреті жөнінде қаншама жүректі шымырлатар суреттер салды. Едірейден ұшып шыққан белгілі ақын Кәрім Сауғабай, қарқаралылық қарымды қаламгер Мақсым Омарбеков, ақиық ақын Тұрсын Жұмаштар көзі тірісінде полигонға қарсылық білдіріп, шырылдап мақала да, өлеңдерін де жазды. 

1991 жылы тамызда  ең ірі ядролық полигон жабылғанда халық бөркін аспанға атып, қуанған еді. 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Сол бойынша Қарағанды облысының сол кездегі Егіндібұлақ ауданы - жоғары радиациялық қауіпті аймаққа кірді. Бүгінгі күні полигон жабылып, ядролық сынақтар жасау тоқталғанымен жергілікті халықтың азап шегуі одан әрі жалғасуда. Бірақ полигоннан зардап шеккен халық аталмыш заңның жүзеге асқанын көрмей келеді. 

- Сонда шынымен де ешқандай заңдық күші жоқ па оның?

- Мысалды алыстан іздемеймін. Менің қолымда «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шегушінің жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлігім бола тұрып, ешқандай жеңілдікке қол жеткізіп отырған жоқпын.. Осыдан бірталай жыл бұрын халыққа жарытымсыз бір жолғы өтемақы берді де, сонымен іс бітті деп отыр ма? Семей полигонының қасіретін қозғасам, қазақтың қасіреті көз алдыма келеді. Қаншама адамдар мезгілсіз өмірден өтті, мүгедек болып қалды. Әлі күнге дейін радиацияның зардабын тартып жүрген дімкәс жандар үкіметтің қамқорлығына зәру. Қазақтың қаймағы мекен еткен жерді ойран еткенін отаршыл ел болғанымыздан көрдік. Онда күресуге дәрмен жоқ, Кеңес одағының тізесі батты, қолымыз байлаулы болдық дедік. Енді кім бөгет?! Менің жүрегіме - тәнімдегі ауру емес – қазақ халқының басындағы қасірет қатты батты. 

- Әңгімеңізге рахмет.