Екі мың жыл бұрынғы мөр-таңба
17.08.2023 2136

Адамзат тарихында мөр-таңбаның тарихы тереңде. Оған осыдан бірнеше жылдың алдында Өтукен қойнауынан табылған мына бір жәдігер, яғни «Ғұндардың мөрі» дәлел. 


Демек, бұл мөрді ғұнн бабаларымыз осыдан екі мың жыл бұрын пайдаланды деген сөз. Тарихи деректерде б.з.д. екінші ғасырда өмір сүрген көшпелі Ғұнн ұлысы батыс Хань империясы, көршілері Дүнху, Сяньби т.б. мемлекеттерімен, сондай-ақ өздеріне бағынышты Динлин тайпасы қатарлы елдермен қазіргі тілмен айтқанда, дипломатиялық қарым-қатынаста болғаны жайлы ежелгі қытай жазбаларында (Сыма Цянь) баяндалады. 

Осы орайда, айтпағымыз ғұндар мемлекетаралық саяси-жауынгерлік шарттар кезінде өзара келісімді бекіту үшін мөр пайдалағаны анық. Ал бұдан бес жыл бұрын Моңғол – Франция біріккен экспедициясы Өтукен қойнауының (Моңғолия) күретамыры Тамыр дариясының сағасы Ұлан-қошу атты алқаптағы 2-ші қорғанды қазған кезде тапқан бұл мөрдің сипатына тоқталсақ: төртбұрыш пішінді жәдігердің сыртқы пошымы екі қабат қоладан құйылып, жоғары жағында мөрді бүлдіргілеп алып жүретін таспа өткізерлік тесік орналасыпты. Жәдігердің биіктігі – 1,3 см, төртбұрыш өлшемі – 1,7 х 1,6 см. 

Бұл мөрдің басты құндылығы табанында шаршыланған жазуы бар. «Бұл жәдігер ғұндардың жазу мәдениетін әйгілейтін бірден-бір дәлел» дейді зерттеушілер. Бірақ, бұл жазуды әзірге жер бетінде оқитын маман жоқ. 

Бұған дейін аталмыш жәдігерге ұқсас мөр 2010 жылы Табын Толағай (Таван Толгой) қорған кешенінің 59-шы обасынан табылса, Қытай Халық Республикасының жеріндегі ежелгі Оңтүстік Ғұндар мекенінен көне қытай жазуы таңбаланған мөр табылған болатын.