Ғалымдардың алдында тұрған міндеттер
01.08.2023 1370

Ежелден адамзат қоғамының өркениет өлшемі – ғылым мен білім екені бәрімізге аян. Өйткені, дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты маңызы да осында. Күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда тың идеялар мен технологиялық табыстар мемлекеттің қуатын арттырып қана қоймай, тіпті оның халықаралық аренадағы ықпалы да ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенеді. 


Сол себепті, көптеген елдер ғылымға жүйелі қолдау көрсетуді өзінің басты міндеті деп санайды. Соңғы 20 жылда тың зерттеулер мен жобаларға жұмсалатын қаражат әлемдік Ішкі жалпы өнімнен әлдеқайда жылдам өсуде. Бұл үрдіс жылдан жылға қарқын алып келеді.

«Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз» - деген болатын Президентіміз Ғылым Академиясының 75 жылдық мерекесіне арналған сессиясында сөйлеген сөзінде.

Соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер болып жатқаны баршамызға мәлім. Мемлекетіміз бұл саланы тежеп отырған түйткілдерді шешу үшін нақты жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Қазір елімізде 22 мыңнан астам ғалым бар. Енді олардың санын көбейтіп қана қоймай, белсенділігін мейлінше арттыру, ғылыми эко жүйені нығайту сияқты мақсаттар қойылып отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру президент пен үкіметтің басты назарына алынып, ғалымдардың жалақысы өсіп, жас ғалымдарды қолдау шаралары қабылданып, сондай-ақ отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де ұлғайды. Осының барлығы Жаңа Қазақстан ғалымдарының алдына қойылған міндеттерді жаңаша түсініп, неғұрлым нәтижелі деңгейге жеткізулеріне жол ашты.

Мемлекет басшысының пікірінше, ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобалар өз саласының қажетін өтеуі керек. Сонда ғана инновациялық даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз. 2013 жылы мұнай-газ өндіру саласында кешенді жұмыс атқарылды. Оны ғылыми-технологиялық жағынан дамытудың жол картасы жасалды. Мұндай жұмыс барлық салада жүргізілуге тиіс. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Жапонияда осы жұмысты арнаулы институттар атқарады. Олар ғылымды және технологияларды жоспарлаумен, бағалаумен айналысады, ғылыми-техникалық ақпаратты талдайды. Сондай-ақ, тың зерттеулер жүргізіп, технологияны дамыту ісін үйлестіреді. «Қазақстанға да осындай міндеттерді атқаратын орталық қажет. Сондықтан бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын» - деді, Мемлекет басшысы Қ.-Ж.К. Тоқаев. 

Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс. Әсіресе, жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Үкімет 2019 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. 

Сондай-ақ Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бекітілген «цифрландыру, ғылым және инновациялар мен ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының «ғылым» блогы мынадай төрт бағытты қамтиды:

Біріншісі – ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту және ғылыми қызметкерлер санын 1,5 есеге ұлғайту. Бұл міндетке ғалымдардың жалақысын ұлғайту, постдокторанттар үшін «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлу, жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу жоспарланып отыр.

Екіншіден, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілмек. Осы бағытта жабдықтарды жаңғырту және барлық мемлекеттік ҒЗИ қызметінің аудиті жүргізілуде, екі ұлттық университет зерттеу университеттері болып өзгертіледі. 

Үшіншісі - ҒЗЖ-ны жеке қаржыландыру үлесін ұлғайтуға, бизнес пен өндіріс тарапынан қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоса қаржыландыруды кеңейтуге, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды мемлекеттік қолдауға бағытталған.

Төртінші бағыт аясында ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзі. https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-gylym-akademiyasynyn-75-zhyldygyna-arnalgan-saltanatty-sessiyada-soylegen-sozi-15457

2. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы. https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtynkazakstan-halkyna-zholdauy-183555

 

Мәншүк Кемелбекова,

Мемлекет тарихы институтының

ғылыми қызметкері