«Әй, қыз, көзіңді аш!» кітабының тұсаукесері өтті
26.06.2023 1612

Алматыда Рейчелл Холлистің қазақ тіліндегі "Әй, қыз, көзіңді аш!" кітабының тұсаукесері өтті. Кітап 2019 жылы ең көп оқылған шығармалар тізіміне енген. Оның авторы америкалық жазушы, әйелдердің қоғамдағы проблемаларын халықаралық деңгейде көтеріп жүрген спикер Рейчелл Холлис. 


Аталмыш туындыны аударған Alqa баспасы. Аудармашы Мира Сембайқызы.

Кітаптың тұсауын жазушылар Думан Анаш пен Мира Сембайқызы кесті.

Баспаның бас редакторы Баян Хасанова бұл туынды баспаның шетелден қазақ тілінде шығарылып отырған тұңғыш туындысы екенін, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса беретінін жеткізді.

«Бұл біздің шетелден алып, аударып шығарған тұңғыш кітабымыз. Жалпы шығарма әйел тақырыбын көтереді. Біз деген сенгіш халықпыз ғой. Көзсіз ғашық боламыз. Солай тұрмысқа шыққан кезде бізді «осы үйде отырасың, отымен кіріп, күлімен шығасың, осы үйдің иесісің» десе сеніп қаламыз. Автор осы туындысында 20 мифті жазады. Ана болған кезде біреулер саған «жақсы ана емессің» деп айтуы мүмкін. Мысалы маған бұрын: «Сенің егіз балаң бар, соларды тәрбиелеп отырмайсың ба? Неге жұмыс істеп жүрсің? Демек сен жақсы ана емессің! Жұмыс деп кетіп қалдың, ақшаға құнықтың!» дейді. Бұл кітапта сондай өтіріктер айтылады. Жұмыста да әйелдің мүмкіндігі шектеулі. Мысалы, «балаң бар үйде жұмысқа ала алмаймыз немесе үнемі жұмыстан қалып қоясың, балаң ауырады сондықтан жақсы қызметкер емессің» деген сияқты стеоретиптер бар. Сонымен өмір сүреді. Соның кесірінен қыздар арманына адасып қалады. Өйтуге болмайды, бүйтуге болмайды деп, үлкен нәрселерде армандауға қорқады. Бұл кітап өзін табуға, хаостан арылуға көмектеседі. Автор өзінен өмірінен мысал келтіре отырып, жазады. Әйелдердің мәселесі қоғамда өзекті болып тұр», -  дейді Баян Хасанова.

Alqa баспасын құрушылардың бірі Бану Дәулетбаева алдағы уақытта қазақ жазушыларын да ағылшын тіліне аудару жоспарын айтты.

«Әлемде үйлесімдік бұзылмауы керек, ол отбасында болсын қоғамда болсын. Сол кезде ғана біз жақсы өмір сүреміз. Бұрын жеңгелер институты деген болатын. Ол кісілер бізді бойжеткеннен бастап өмірге дайындайтын, үйрететін. Кеңестерін аямайтын. Соның барлығының орнын қазір психологтар басты. Сондықтан бұл кітаптың авторы оқырманмен ашық, емін-еркін әңгіме айтады. Алдағы уақытта біз әйелдер тақырыбы көтерілген шығармаларды, көркем әдебиетті де шығарсақ деген ниетіміз бар. Аударманы білесіздер, азабы көбірек. Өйткені оның аудару құқығын сатып аласыз, келіссөз жүргізесіз т.б. Одан кейін кітапты аудармашыға бересіз, ол редактордан, содан кейін корректордан өтеді т.б процестері үздіксіз. Алдағы уақытта әйел тақырыбын жазып жүрген қазақ жазушыларын ағылшын тіліне ауларамыз деген жоспарымыз бар», -  дейді Бану Дәулетбаева.

Аудармашы Мира Сембайқызы:

«Маған кітапты ұсынған кезде алдымен авторымен танысып аламын. Рейчелл ханым өзім қатарлы әйел екен. Оның үстіне көпбалалы ана екен. Мен де жеті баланың анасымын. Осы кітапты аударып отырғанда, 20 өтіріктің барлығы басымнан өткендей болды. Автор қазақ әйелі сияқты, менімен сырласып отырғандай күй кештім. Маған «неге өтірік айтып отырсың, былай істесеңші» деп жол сілтегендей көрінді. Ол барлығын шын жүрегімен жазады, боямасыз. Себебі барлығы өзінің басынан өткен өмір. Сондықтан шынайы шыққан. Рейчел айтады: «Балалардан шаршап кеткенде кетіп қал да демал» дейді. Сол айтпақшы бүгін мен де жеті баламды тастап, кетіп қалдым, осы кітаптың тұсаукесеріне. Бір-екеуі барамыз деген еді, алып шықпадым. Есесіне қазір мен балаларымды жақсы көріп барамын, шуласа да ұрыспаймын. Сол әдісті қолданып жүрмін. Сосын өзімді «жаман анамын» деп кінәлау менде де бар еді. Бірақ ойлап қарасам балаларым түрлі үйірмелерге қатысып жатыр екен. Демек «мен жаман ана емеспін» деп өзімді ақтап алдым. «Мен бұлардың қасында отыра алмаймын, кітап оқып беруім керек шығар» деп өзімді жаман сезінетін едім. Бірақ Рейчеллді оқыған соң өзімді жақсы сезініп қалдым.  Рейчелл «ғасыр ана атанбасаң да жақсы анасың» дейді. Автор 20 өтірік туралы айтады. Сен соларды білмесең жүре береді екенсің. Рейчеллдің маған ұнағаны, күйеуің, ата-анаң қасыңда болсын, балаларың шулап отырсын сол хаостың арасында өзіңді тап дейді. Мен де сол хаостың арасында өзімді таптым. Қазақ әйелінің хаосы көп, ата-енем, күйеуімнің жағдайы деп шапқылап жүреді. Жалпы кітапты аудара отырып түсінгенім, әйел Америкада да, Еуропада да, Ресейде де тіпті Марста да бір әйел екен. Бұл кітаптың бестселлер болғаны да сол себепті деп ойлаймын. Өйткені барлық әйелдің өтірігін тап басып, бетін ашып тастайды. Автор сізге құрбы сияқты болып кетеді. Кітапты  бойжеткендерге, тұрмысқа шығайын деп жүрген және отбасын құрған барлық қыз-келіншектерге оқуға ұсынамын», - дейді аудармашы.

Журналист, "Тасадағы әйелдер" жобасының авторы Әйнел Әмірхан:

«Білім, оқу жағынан әйелдер ердерге қарағанда озып тұр. Мысалы, бір отбасында жеті бала болып оның үшеуі қыз болса, үшеуі де жоғары білім алады. Бірақ қоғамда көш бастайтын ер кісілер. Менің жолым болды. Ерте жұмысқа тұрдым. Үкіметтік емес, халықаралық ұйымдарда жұмыс істедім. Үйден ерте кеттім. Маған «қашан тұрмысқа шығасың?» деп емес, «қандай кітап оқыдың?» деп сұрайтындар кездесті. Ортам сондай еді. Қазіргі әйелдер стеоратиптердің құрбаны. Мысалы, жаңа Мира жеті баланың анасы деген еді бәріңіз қол шапалақтадыңыздар. Демек біздің қоғамда ана көпбалалы болуы керек деген ұғым бар. Егер Мира тұрмысқа шықпаған болса: «Ол тұрмыс құрмай бұл кітапты қалай аударды?» деп тағы айтатын едіңіздер. Көп жағдайда әйел құрбан болады», - дейді журналист.

Психоаналитик Сая Бахимова:

«Өмірде біз мән бере бермейтін үлкен құндылықтың бірі – әйелге басқа әйелдің қамқорлығы. Осы нәрсеге біз бәріміз мұқтажбыз. Бұрын бұл мәселе болған жоқ. Себебі ол кезде бәр әулет немесе ауыл болып тұрдық. Қазір заман басқаша. Қазір үлкен отбасыдан ажырадық. Кішірейдік. Біз әйел қолдауына, қошеметіне зар болып қалдық. «Сен қалайсың ба, тұрмысқа шық немесе шық па! Тасада қалма», деп бір-бірімізге айта бермейміз», - дейді ол.

Жұлдыз Әбіл, корректор:

«Мен кітап туралы айтпас бұрын бір оқиғаны баяндап берейін. Бір күні қалада кетіп бара жатып, бір апа тоқтатып, ақша сұрады. «Қарным аш» деді. Мен тамақ алып беремін деп дәмханаға ертіп апардым. Екеуміз тамақтандық. Кейін азық-түлік әпердім. Әңгімелесе келе ол кісінің ешқандай да қайыр сұрайтын қаңғыбастар емес екенін, қалада үйі барын білдім. Сауатты екен. «Балам қайтыс болды. Келінім қайтадан тұрмысқа шығып, бестегі немеремді маған тастап кетті. Енді сол, зейнетақы жетпейді, сондықтан көшеге шығып қайыр сұрауға мәжбүрмін. Бірақ сен мені ойландырып тастадың. Себебі  пәтер жалдап тұрасың, сөйте тұра маған тамақ алып бердің. Енді мен қайыр сұрамаймын» деп кетті. Рейчелл де сол, адамның ойын өзгерт дейді. Мен жаңағы жерде ақша беріп, кетіп қалсам не болар еді? Ол айналаңда қандай нәрсе бар, содан бақыт жасап ал дейді. Барлық қиындықтан қуаныш тап дейді. Бұл кітапты барлығы оқу керек деп ойлаймын», - дейді корректор. 

Белгілі редактор, әлеуметтік мәселелерді өткір көтеріп жүрген медиатеренер Назгүл Қожабек қай кезде де әйел құрбан болатынын, болашақта мұның өзгеретінен сенетінін айтты.

«Сетеоратиптер туралы айтып жатырмыз. Мені білесіздер қаншалықты стеоратиптер құрбаны болғанымды. Басыңды көтеріп жүруге шамаң келмесе де көтеріп жүресің. Біздің қыздардың тұрмысқа шығатыны немесе шықпайтыны басқаға қызық емес қоғамға алдағы уақытта жетеміз деп ойлаймын», - дейді ол. 

Кітап туралы? 

Әйелдердің басым бөлігі – қоғам таңған стереотиптердің құрбаны. «Әйел олай істемеуі керек», «Әйел мынадай болуы керек» деген сияқты бала күнінен санасына сіңген өтіріктермен өмір сүріп келеді. Олар өзінің кім екенін, өмірге не үшін келгенін ұмытып, құндылықтарын шатастырып алған. Қоғамда арманынан адасып, қорқынышпен өмір сүріп жатқан әйел қаншама?!

Рейчел Холлис «Әй, қыз, көзіңді аш» кітабында кез келген әйелдің тіпті ең жақын құрбысына айтуға батылы бармайтын сырын ашады. Әйелдердің өмірін улап келген 20 өтірікті тізіп, оларды мойындаудың, олармен күресудің жолын ойнақы, күлкілі, ең бастысы жүрекке жылы тиер мейірімді оқиғалар арқылы суреттейді. 

Айта кетейік, Alqa – 2022 жылы ашылған, әйелдер тақырыбында контент әзірлейтін баспа үйі. Мақсаты – қазақ қыздарына, қазақ әйелдеріне арналған сауатты контент әзірлеу, әйел тақырыбын қозғайтын әлемдік туындыларды қазақ тіліне аударып, оқырманға жеткізу арқылы қоғамды, жас ұрпақты ізгілендіруге үлес қосу.