Халифа Алтайдың ұлы: «Әкемді сағындым...»
02.06.2023 4158

Биыл Шығыс Түркістаннан кетуге мәжбүр болған қазақтардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жыл толды. Бұл көштің қасіреті мен қайғысын естігенде адам жүрегі қан жылайды. Бақандай 20 жыл бойы көшіп-қонған қазақ қан жылаған жүрегін жұбатып, жыртығын жамап, табаны тозса да, мақсатына жетті. Дінін, тілін, қазақы болмысын Анадолы жерінде сақтап қалды. Биыл осынау атаулы датаға орай Түркияның Ыстанбұл қаласы Бағжылар ауданында «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды. Бұл – жай ғана ескерткіш емес, бұл екі ұлттың жаны бір, жүрегі ортақ, қиын-қыстау кезде бір-біріне туған аға-бауыр екенінің куәсі. Осыған орай, Шығыс Түркістаннан 17 жасында ағайын-туыспен бірге  жолға шығып, 37 жасында Түркияға әзер жеткен, осы көштің жүрген жолын, тауқыметін, тағдырын қанша қиналса да, қағазға түсірген қазақтың біртуар ұлы Халифа Алтай еді. Ұлтқа деген жанашырлық пен адалдықты осылай көрсеткен атамыз өмірден өтсе де, артында ұрпағы қалды. Көштің 70 жылдығына орай Халифа Алтайдың Ыстамбұлда және Алматыда тұратын балаларымен арнайы барып жолықтық. Ұлы Әбдрахым Алтаймен сұхбаттастық! Бұған дейін айтылмаған кейбір деректердің шетін шығардық. Төменде балалары аузынан айтылған Алтайдан ауған елдің тағдырына қатысты сырлар мен біраз ақпараттарды жарияласақ деп шештік. 


«Халифа Алтай мен Дәлелхан Жаналтай Түркиядағы жастарды өздері оқытқан»

Құран десе, көз алдымызға Халифа Алтай елестейді. Бұл – заңдылық. Тұңғыш Құранды қазақшаға атамыз аударды. Алайда, Құран аударуды Халифа Алтай ермек үшін қолға алған жоқ. Ұлттың жоғын жоқтап, ең алдымен кирил қарпінде аударып, оны Қазақстанға сонау қиын-қыстау кезеңде де жіберді. Ал туған жері Шығыс Түркістандағы төте жазумен сауатын ашқан ағайын үшін арнайы жазу машинкасын іздеп жүріп, оларға бөлек аударма жасады. Осылайша Құранды екі қаріпте қатар аударып, аумалы-төкпелі кезеңге қарамай  ұлттың болашағы үшін бар еңбегін сарып етті. 

Түркияға жеткен қазақтардың ішінде Халифа Алтай мен Дәлелхан Жаналтай ақсақалдардың есімін ерекше атауға  болады. Өйткені, жазушының кенже ұлы Әбдрахым Алтайдың айтуынша,  сонау Алтайдан ауған 18 мың қазақтың Түркияға небәрі 1400-ден астамы ғана аман жеткен. Түркияға келгеннен кейін жастардың тілді, салт-дәстүрді ұмытып қалмауы үшін  ақсақалдар барын салады. Қазақстанмен хат-хабар алысу да қиын, десе де байланысты үзбеуге тырысады. Қолға түскен қазақ кітаптарды қырғидай  қорып сақтайды. Міне, сол кезде ел-жердің тарихына қызыққан жастарды, өз балаларын кирил харіпіне өздері үйретіп, кітап жазуға кіріседі. 

Осындай бір сәттерді еске алған Халифа Алтайдың шәкірті Ыстамбұл Синан Көркем университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Абдуақап Қара былай дейді: «Мен өзім Халифа Алтаймен жас кезімде араластым. Жасымда көш тарихына, тілге мәдениетке құштар болдым. Өйткені, Кеңес үкіметінің кесірінен Қазақстанмен араласа алмадық! Қазақ тарихы туралы жастар үлкендер  Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтайдан естіп білдік. Қазақ тілінде кітап жоқ. Соны таба алмай қиналып жүргенде 1980 жылы Алматыда  шетел қазақтары үшін «Отан» қоғамдық қоры құрылды. Бұл туралы маған Халифа ақсақал айтты. Оларға хат жазып едім, маған кітап жібере бастады. Мен кирил әріптерін білмейді екенмін. Маған сөздік керек болды. Сөйтіп Халифа Алтай атамызға барсам, ол кісіде қазақша-түрікше екі томдық  сөздік бар екен, оны маған берді» дейді.

Туған елдің тасы да қымбат демекші, туған тарих пен тілді қорып, ұрпаққа аманаттап кетуде ақсақалдардың бойында ерекше қасиет болды. 1977-78 Қытайда реформа болып Шығыс Түркістан әлемге айқара ашылды. Сол кезде бүкіл Түркия қазақтарының туыстары табылды. Бірақ олардың діни саладағы білімі болмағандықтан, алыста жатса да, шығыстағы ағайынның жайына Халифа Алтай  қатты алаңдады. Шығыс Түркістан қазақтары араб әріптерімен Ахмет Байтұрсынның төте жазуымен жазды. Халифа Алтай өзінің құтпаларын,  діни кітаптарын төте жазуға аударды. Жалпы құранның да алғашқы нұсқасы төте жазуда аударылып, сыртқы мұқабасы ақ түспен жарық көрген екен. Осылайша Халифа Алтай бастап, Түркиядағы қазақтар қостап діни кітаптарға қаражатты өздері жинап, жарыққа шығарды. Кейін  ол жаққа келге-кеткендерден  кітап жіберіп отырған.

Ал 1977-1978 жылдары Қазақстан жазушылар одағы Халифа Алтайды елге қонаққа шақырады. Сол жолғы сапарында да жазушы бірталай құран кітаптарын ала кетеді. Бірақ шекарадан Кеңес одағы кіргізбей алып қалған. Дәл сол жолғы сапарында Халифа Алтайды Дінмұхаммед Қонав қабылдаған. Бұл туралы жазушының баласы Әбдулсамит Алтай: «Атамыз Қонаевтың қабылдауында отырып, жиналыс біткен соң құран оқимын депті. Қасында тұрған адамдардың бәрі абдырып, не істерлерін білмей  үнсіз қалған екен.  Халифа Алтай ешкімге мән бермей құран оқыпты. Болған соң кейбіреулер қорыққаны соншалық үстелдің астында қолдарын жайып, беттерін сипаған екен» дейді. 

 

«Қазақтар 20 жыл бойы көшіп жүрген»

Халифа Алтай Алтайдың арғы беті Алтай аймағы, Шіңгіл ауданы Бұлғын өзені Жарынты деген жерінде 1917 жылы туған. Әкесінің аты – Ғақып, анасының аты – Мәлике. 1933 жылы ұлтазаттық көтеріліс салдарынан 18 мың адам Алтайдан көшеді.  1933 – 1938 ж. Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұрт Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударады. Бірақ бұл қоныс жайлы болмайды. Тибетке көшеді, ол жердің қолайсыз болғаны соншалықты бір жыл бойы батысынан шығысына дейін көшіп жүреді. 

Тибет арқылы 1941 жылы Үндістанға босуға мәжбүр болды. 1951 жылы Пәкістанда құрылған «Шарки Түркістан қазақ босқындар қоғамының” құрылтайшысы және бас хатшысы Халифа Алтай болды. Осы қоғам арқылы 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшуін ұйымдастырушылардың бірі ретінде халыққа игілігін тигізді.

Әлем тарихында бұрын-соңды болмаған қазақтардың бұл көші 1954 жылы Түркияда Ыстамбұл қаласында аяқталды. Шығыс Түркістаннан шыққан 18 мың адамнан тек 1400-дейі ғана аман-есен Ысамбұлға жетеді. Сонда  шамамен жиырмадан бір кісі аман қалды деуге болады. Әбдірахым Алтайдың айтуынша, көшкенде Халифа Алтай 17 жаста болса, Ыстамбұлға жеткенде 37 жасқа толыпты. 

Халифа Алтай 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырушылардың бірі болды. Пакістанда жүргенде де білімін жалғастырып, 8 жыл діни медреселерде білім алды. Бұл кездері естеліктері туралы Әбдрахым Алтай былай дейді «1953 жылы 9 айда Қарашидан Түркияға көшті басқардым дейді. Мешітте жатып жүрген. Өйткені, жағдайы мүлде болмаған. Таңертең ерте тұрады да 10 отбасын кемеге отырғызады екен.  Сөйтіп 1954 жылы қаңтар айында ең соңғы көшпен Түркияға  өзі барады. Бірақ сол көштің алдында әйелі қайтыс болып кетеді. Үш баламен Халифа Алтай  қалып қояды. Сонда туған Шакира деген қыз небәрі бардым дейді. Сонда бір жарым жаста ғана екен. 

Одан кейін Түркияға келген соң Бибатыш анамызбен танысып, бар жағдайын айтқан. Екеуі үйленіп, үш баланы анамыз бауырына басқан екен. Мен Аблудсамет ағайдың үйіне барғанда  екінші анамыздан туған балалары да жиналыпты. Абдулсамет пен Шакира апамыз бірініші анамыздан, ал одан кейін Абдурахым ( бұл кісі Қазақстанда тұрады) Шакура, Машкура  апалар да ағамыздың  үйіне келген. Кейін мен Машкура апайдан сұхбат алып отырған кезде бар оқиғаны сол кісі айтып берді. Одан кейін Абдурахым аға сұхбатында жазып жіберген. Ал Абдулсамет аға «ол оқиға туралы бауырларымның көңіліне келе ме деп мен аса айта бермеймін» деп қысқа қайырды. Екі анадан туса да, бір-біріне осыншалықты бауырмал жандарды қазір бұл өмірде кездесутіру қиын. Халифа Алтайдың ұлылығы да, тектілігі де осында жатыр ма деп ойладым өзім. 

Ал  қайтыс болған ең үлкен ағалары мен өмірінде еш  көрмеген үлкен анасы туралы Машкура апамыз былай деді «Үлкен ана деймін ол кісіге. Өзім көрмедім. Көрмесем де анамыз жүрегімізде неге екенін білмеймін ерекше бір естеліктермен сақталып қалды. Жақын тартып тұрамыз. Ол кісі туралы естеліктерді әкеміз айтса, жазса қуанып тұрып оқимыз. Үлкен ағам  Абдулсаттаралтан арамыз ерте кетті, өте жақсы адам еді. Мені Норбегияға дейін алып барып, барлық жерді аралатқан ғажап адам болатын. Одан кейін Әбдулсамет Алтай Алла оған ұзақ ғқмыр берсін! Уақыт өткен сайын түр-әлпеті әкемізден аумай барады.  Тіпті басына кепеш киіп отыра қалғанда әкем алдымда отырғандай көңілім босап салады. Әпекеміз бізге бөлек ыстық. Шешеміз сияқты жағдайымызды сұрап, бізді бір жерге жинастырып жүреді.  Еш айырылған емеспіз! Әкеміздің бізге берген тәрбиесі біздің бірлікшіл және бауырмал болуымыз еді. Сол мақсаты орындалды деп ойлаймын» деді.   

Халифа Алтай қанша тіл білді?

Халифа Алтай бала кезінен әкесінен, одан кейін Әбдікей Мұқай деген ауыл молдасынан білім алған екен. 1928 жылы Сталиннің сұрқия саясатынан Кеңес Үкіметі дінге  шектеу қояды. Сол кезде Мағауия Исабай мен Ахмет Әли Жайсанбайұлы деген ауыл молдалары Алтай тауын жаяу-жалпылы асып, Халифа Алтай тұратын ауылға келеді  Осы екі молдадан 16 жасына дейін сабақ алған. Бұл екі ұстазының берген білімі Халифа Алтайдың өмірін өзгертті деуге болады. Көшкенде ұстазы Ахмет Әли бірге еріп жүреді, бірақ ол кісі Пәкістанда қайтыс болып, сол жерге жерленген екен. 

Қазақтар 12 жыл бойы Үндістан мен Пәкістанда өмір сүрген кезде оқуын жалғастырып, бір қатар ғұламалардан сабақ алды. Діни білімін Пәкістанда жалғастырған. Ол жерде 4 жыл тәпсір сабақ алып, Жалайыр деген молдадан парсы, араб тілін үйренген. Ал өзі Түркияға келгенде әкесінің жолын жалғастырып балаларына кирил харіптерін үйретеді. 

Түркияға келгеннен кейін Халифа Алтай шығармашылыққа барын салады.  Өйткені, Түрік үкіметі көшіп келген қазақтарды жақсы қарсы алғаны соншалық, тіпті  құжаттарын үйіне дейін өздері әкеп берген. «Төрт жылға дейін салық төлемеген. Тіпті алғашқы жылдары үш уақыт тамақ, киім-кешек беріп отырған. Өнеркәсіп үйреткен, азын аулақ мал беріп, егін егетін жер берген. Одан кейін ұнатқан жерлеріне көшіріп, ауылдың атын «Алтай» деп қойған екен. 

Ең алғаш Халифа Алтай Түркиядағы Маниса қаласының Салихлі деген ауданында тұрған. Түрік Үкіметі бұл жерге келген қазақтарға жер үй салып береді. Халифа Алтайдың Салихлідегі үйі қазірге дейін бұзылмаған күйінде сақтаулы тұр. Онда қазір атамыздың жамағайын туысы тұрады. Бұл жерде Халифа Алтай жергілікті мәслихаттың депутаты болады. Халифа Алтайдың бұл қызметіндегі құжаты әлі күнге дейін жергілікті мұражайда сақтаулы тұр екен. Мен Салихлідегі Халифа Алтайдың үйін көріп, осы құжатты арнайы фотоға түсіру үшін жолға шықтым. Бастапқыда үй иесімен келістік. Бірақ орта жолға келгенде ол кісі айнып қалғанын айтып маған телефон соқты. Себебі «үйге қонақтар келді» дейді. Амалым таусылған мен орта жолдан Измирге түсіп, сол маңдағы тарихи жерлерге біраз тоқтап, одан кейін Анкараға қайттым. Болашақта қазақтар тұратын Салихлі ауданына барып, олардың жағдайымен танысып, Халифа Алтайдың әлі күнге дейін еш жерде көрсетілмеген сол құжатын фотоға түсіру жоспарымда бар. Жалпы бұл күнде Түркияның  Салихлі ауданы Алтайдан көшіп келген қазақтардың ажырамас мекеніне айналды. Түркия қазақтарының ең көп шоғырланған жері осы жер деуге де болады.  

Түркияны Халифа Алтай еңбектерінде «жұмақ мекен» дейді. Өйткені, қырғын-соғыс, аурудың задабы, жоқшылықты әбден көрген халық Түркияға келгенде «жұмаққа» келгендей күй кешкен. Алтайдан мәжбүр ауған елдің басты мақсаты - тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап қалу болды. Міне, сол мақсаттарын тек түрік еліне келгенде жүзеге асыра алса керек. Бұл жерде  жыртық киім бүтінделген, ауырған жүрек сыздауын қойған, ең бастысы, жол бойы көрген-білгенін, қазақтың басындағы бұл нәубатты да атамыз осында келіп жазған. Қолына қаламын еркін ұстап, мән-жайды толық қағазға түсірген екен. 

Халифа Алтайдың «Ата жұрттан Анадолыға» атты еңбегі  Түркияның Мәдениет министрлігінен жарыққа шықты. Бұл туралы Анкарадағы Гази университетінің Түрік тілі және әдебиеті факультетінің деканы, профессор Исмет Четин былай деп еске алады:  «Мен Халифа Алтаймен 1981 жылы Мәдениет министрлігінде қызмет істеп жүргенде таныстым. Министрлік  «Ata yurdtan ana yurtа» атты кітабын басып шығаратын болды. Бұл 1936  жылы Шығыс Түркістаннан Түркияға дейін көшуге мәжбүр болған қазақтардың тағдыры туралы еңбек еді. Халифа Алтаймен бір апта қызметтес болғанымызда ол кісі бізге кітапта жазылмаған жайлар туралы баяндады. Айтып отырып, өмірден баж кешкен қазақтың тағдыры үшін қатты қиналатын. Әсіресе, Үндістан мен Пәкістанда қазақтың халі тіптен мүшкіл болғанын айтты. Тіпті кейде қайыршыдай ішерге ас, киерге киім болмаған сәттеерін айтқан кезде көзінен жас шықпаса, ішінде үлкен мұң барын сезетінбіз. Бұл әңгімелерді айтып отырып Халифа Алтай қатты қиналатын. Кейін «Естеліктерім» деген кітабы да жарық көрді. Бұл екі кітап та бір ұлттың қилы тағдырының іздері еді...»

Исмет мырзаның айтуынша, Халифа Алтай арманшыл, ақкөңіл жүрегі таза адам. Сол жылдары әңгіме барысында «кемі 5 жыл дегенде 5 бірдей түркі мемлекеттері тәуелсіздік алады. Оның ішінде менің елім де болады» деп айтады екен. Профессор Исмет Четин бастапқыда бұл әңгімені біз Халифа Алтайдың арман-қиялы деп қабылдадық дейді. Іштей біз де туған елін сағынған азаматқа жанымыз ашитын. Бірақ 1991 жылы Кеңес Үкіметі ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда Халифа Алтайдың қасиетті адам екеніне көзіміз жетті. Біз оның арманының шындыққа айналғанына қатты таңғалдық деп еске алады сол бір кездерді.  

«Құранның мағына және түсінігін» тұңғыш рет ғалым Халифа Алтай аударды. Сол кезде атамыздың екі бірдей жазу машинасы болған екен. Оның бірі қазір Қазақстанда мұрағатта сақтаулы тұр. Оны Азаттық радиосы арнайы сыйға тартыпты. Ал «Құранның мағына және түсінігі» алғашында алғашында төте жазумен аударылған. Ол кезде Халифа Алтай  жазу машинкасын Катардан барып арнайы алдыртқан екен. «Бұл машинасы Катардан Асан Маңерке деген кісі алып келді. Бірақ төте жазуға бірнеше қарпі сәйкеспеді.  Әкеміз сол қаріптерді Ираннан барып алып арнайы келді. Кирил қарпіндегі нұсқасы 800 мың дана басылып, Қазақстанға тарқатылған» дейді ұлы Әбдулсамет Алтай. 

«Ұмытпаған бір күнім....» 

Халифа Алтай кітабында  «Жау басып, тас қораның ішіне тығып кеткен бір дорба асығымды ала алмай кеттім» деп жазады. Әрине асық десе, қазақ баласы барын тастап қуанатыны анық. Алайда, ол кездерде 17 жасқа толып қалған Халифа Алтай асық ойнамағаны анық. Тас қораның қуысында қалған бір дорба асық Халифа Алтайдың ғана емес, күллі қазақ баласының ғұмыры еді... Сол асықты жайлауда жасыл майсаға жая салып, таласа-тармаса  ойнаған балалар ол кездің қамсыз бір күн екенін білмеді... Бүкіл балалықтарының бір қораның бұрышында тығулы күйінде мәңгі қалатынын да сезбеді... Сол асықпен бірге тек балалық ғана емес, туған жер де, туған ел де, жалаң аяқ асыр салған жайлау да сағыныш болып қалатынын сезбеді...

Халифа Алтай «Естеліктерім» атты кітабында көп сырларын жазды. Сағынышын, арманын... Бірақ бүкіл ғұмырында ұмыта алмаған тек  «бір күнді» ғана жазбай кетті.... Оны неге жазбады әлі күнге дейін ешкім білмейді.... Тек балалары әкесі өмірден өткен соң «Неге сұрамадық?» деген бір өкініштерін жасыра алмады.  Ортаншы қызы Шакура Алтайдың айтуынша,  әкесі көшкенде бір отбасында 7 кісі болып жолға шығады. Бірақ қандай себептермен екені белгісіз, жолда бір қарындасы мен жеңгесі қалып қояды. Алайда қарындасы мен жеңгесі тірі қалды ма, әлде жау қолында олардың көз алдында өліп қалды ма ол туралы тіс жарып ешкімге айтпаған, жазбаған. «Ең аяныштысы олар тірі қалып қойды деп ойлаймын. Өйткені, әкем өмірден өткен соң бір адам осы туралы жазыпты. Мен Халифа Алтайдан бұл туралы сұраған едім, ол кісі маған жауап бермей, үнсіз ғана көздеріне жас алды деп. Соған қарағанда әкемнің көз алдында екі аяулысын тірідей жау 9стап кетт3 ме деп ойлаймын» дейді Шакура Алтай жүрегі езіле көздеріне жас алып. Халифа Алтайдың екі бауыры, екі қарындасы болған. Қарындастарының аты -  Боршын мен Күлзия. Күлзия жолда қалып қойған қарындасы екен.

Сол бір көш жылдары жақындарынан айырылып жаны жүдеген тек Халифа Алтай ғана емес, сонау Алтайдан бастап  Қытай, Тибет, одан кейін Үндістан мен Пакистанның арасындағы қырғынға тап болған қазақтардың бірі туғанынан тірі айрылса, бірі өлі айырылған. Тіпті мұсылман болса да қазақтардың малын былай қойып, дүнгендер ошағындағы қыз-келіншекке қырғындай тиген. Соның кесірінен дүнгендермен қазақтар 6 жыл бойы соғысады. Амалы таусылған 5 мың адам 1940 жылы Тибетке қоныс аударады. Тибеттің қолайсыз болғаны сондай бір  жыл бойы батысынан шығысына дейін көшіп жүрген. Бірақ сол жылдары көштен бөлек қазақтың басына басқа нәубат келеді. 

Тибетте өте жоғары жел болғандықтан «ыс» деген ауру бар. Бұл үлкен бір пәле десе де болады. Адамның өне-бойы ірің жара болып, ісініп содан кейін бірден қайтыс болады екен. Табиғаттың тосын жағдайына тап болған қазақтардың біразы «ыс» ауруына шалдығады. «Не істерлерін білмеген адамдар амалы таусылған соң баланың несебін ішеді. Дәретке барған баланың несебін аңдитындар көбейді. Тіпті соңында талас болады.  Өйткені, соны ішіп, кейін құсып-құсып аман қалғандар да бар. Әкеміздің анасы Мәлике апамыз Тибетте сол «ыс» аурунынан қайтыс болды. Амалы таусылған олар Тибетте жерледі. Сонда жер қатты қазылмайды дейді. Сосын жау да бар дейді. Өліктерді түйге артып жүріп, тынышталған кезде жерге қойып үстін таспен қоршап, құран оқып кете бердік дейді әкем марқұм» дейді ұлы Әбдірахым Алтай. 

«Әкемді сағындым...»

«Қазақстанға көшкенде атаның шапанын маған берген. Таңертең шай ішкенде осы шапанды көп киіп отыратын» деп бастады сөзін Мешкура Алтай. Арасында шапанды құшырлана-құшырлана иіскеп. Көзіне келген жасты іркіп, күлімсірей сөйлеп. Машкура апайымыздың қолындағы  сары шапан әкеден қалған күннен бір ретте жуылған емес. 

«Біз кішкентай кезімізде 8 бала болдық! Бабам таңертең ерте тұрады. Сол кезде мен де намаздың даусымен оянамын. Ол ол кісілер Қазақстанды қатты сағынатын. Қазақтармен еш байланыс жоқ. Содан қалай және қашан келгенін білмеймін, Қазақсаннан магнитафонға салатын бір касета келіпті. Ішінде театрдың Айман-Шолпан қойылымы бар. Қазақтарды, туған жерді әке-шешемнің сағынғаны соншалық, әлгіні күнде тыңдайды. Таңертең ерте тұра салып соны қояды. Даусын айғайлатын қойып тыңдайды. Соны әлі күнге дейін еш ұмытпаймын,тіпті құлағымның түбінде саңқылдап тұр десем де болады.  «Қайдасың! Қайда бұл ауылдың қыздары?» деген дауыспен оянамын» деп Машкура әкесін сағынышпен еске алса, ал Шакура тұра сала құран оқып отырған бабасының қасына жүгіріп  баратынын айтады. «Тұрғанда бабамның құран оқып, теңселіп отырғанын көремін. Жүгіріп қасына барамын. Мені көріп ештеңе деместен шапанын ашады. Мен шапанның ішіне кірем де тізесінің үстіне отыра қаламын. Шапанын жауып, теңселе отырып, құран оқиды. Бабамның ерекше жұмсақ даусын тыңдап жатып, қайтадан ұйықтап кетемін» дейді. 

Халифа Алтай туралы туған бауырының жұбайы, келіні Айналхан апамыз да әдемі естеліктер айтты. «Негізі бізде қайын ата, ағаларымыздың атын атауға болмайды» деп бастады әңгімесін апамыз. «Мен 16 жасымда бұл отбасына келін болып түстім. Бір үйде 14 адам бар. Атым – Айналхан. Руым найман болады. Хамза Залан дегеннің немересі боламын. Енемнің аты -  Бибәтіш. Сол апамыздың сонау Пәкістаннан алып келген тігін машинасы әлі күнге дейін менің қолымда сақталған. Пакистанда киім-кешек тігіп сатқан, одан кейін Түркияға келгенде тері тікті. Салихліде Измирге жақын жерде отырдық! Ата-апалар тон тігеді. Ешуақытта «келінсің» деп айтқан емес. Кейін Ыстамбұлға біз көштік, соңынан аталар да көшіп келді. Солай жұбымыз ажырамады. Атаның тәуелсіздікті армандағаны соншалық, 1991 жылы   Қазақстан тәуелсіздік алғанда бірден көшіп кетті. Бір жылдан кейін біз көшіп бардық. Н.Назарбаев сол кезде бір үй мен жигули көлік беріпті. Әлгіні жүргізетін адам болмай, мен жүргізіп жүрдім. Жетігенде туыстарымыз бар, соған барамыз. Мешітке апарамын. 5-6 ай Алматыда сол бар кісіні машинамен қыдырытып жүрдім» дейді Айналхан апай. 

Халифа Алтай үнемі басына кепеш киіп жүрген. Қай жерге барса да, бас киімін тастамаған жан. Соңғы жылдары Шығыс Түркістанмен байланыс орнаған соң ол жақтың қазақтары Халифа Алтай шапан мен кепеш сыйлайды екен. 

Халифа Алтай Алтайды үнемі сағынып жүрген. Түркияға келіп орналасқан соң алғашында үнемі хат жазып жүріпті. Бірақ кері байланыс көштен кейін тек  30-40 жылдан соң әзер орнаған.  Жақын туыстарын тауып алған. Содан 1982 жылы туға- туыстарын көру үшін Алтайға барады. Сол кезде сағаныштың әсерінен жазушының жүрегінен «Сағындым қайран Алтай!» деген ғажап өлең сөздері өмірге келеді.  Ең алғаш рет бұл әнді Қытайда Дәлелхан деген жігіт орындапты. Біртіндеп халық арасында тараған. ды. Кейін Қазақстанда да біраз әншілер орындаған. Дегенмен Қазақстанда халық арасында Жұбаныш Жексенұлының орындауында ерекше таралды деп айтуға болады.  

«Халифа Алтай өмірде қандай адам болды?» деген сұрағымызға балалары алдымен жымиып барып жауап берді.  Бұған дейін Халифа Алтай туралы кітаптарда ол кісінің аңғалдығы туралы біраз жазбаларды оқыған едім. Баласы Әбдулсамет Алтай әкеміздің аңғалдығы туралы бір қызық әңгіме айтып берейін деді. «Атамыз Салихліде тұрғанда велосипед жүргізетін. Сол жерде үш шақырым жерде киім тігетін жер болды.  Мен 6 жастамын. Велосипедтің артына мені отырғызып дүкенге ала кеткен бір уақытта мен артқы жағынан сырғып түсіп қалдым. Ол кісі үнемі бір нәрсе ойлап жүретін. Сол беті артына  қарамай кете берген ғой. Содан біреулер «Эй молда бала балаң түсіп қалды деп» деп айғайлапты. Сонда ғана артына қарап, күлімдеп мені қайтадан кетіп алып кеткені бар. 

 

                                                                                                                     Серіккүл Сұлтанқажы, Анкара

Исмет Четин (İsmet Çetin), Гази университетінің профессоры