Алаш қайраткері – Сейдәзім Қадырбаев
26.05.2023 3773

Сейдәзім Қадырбаевтың есімі «Алаш» партиясы көсемдерімен бірге аталады. Алайда, «Аза кітабында» ол жайында дерек жоқ. «Атаусыз қалып бара жатқаннан кейін бұл аяулы ағамызды мен жақсы білемін. Сондықтан қолда бар деректерге сүйене отырып, ол кісіні халқымызға, бүгінгі ұрпаққа таныстыруды міндетім деп білдім [1; 246], – деп Гүлнар Дулатова апамыз С. Қадырбаев әкесі Міржақыппен бірге оқығанын, отбасы, жары – Жаңыл, балалары, ата-тегі жайында айтып, тың деректер келтіреді. 


Соған қарағанда,  С. Қадырбаев та Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне 1887 жылы оқуға түсіп, оны 1901 жылы бітірген. Екеуі де 1885 жылы туған, түйдей құрдас, таңдаған жолдары да бір. Бір-бірін қадір тұтып, сыйласқан, туыстай болған. Екеуінің де атамекен, туған жерлері Сарықопа, алғашқы ұстаздары – Мұқан Тоқтабаев.

М. Тоқтабаев – Қазақ Автономиялы Республикасының алғашқы халық комиссарларының бірі Тоқтабаев Кәрім Досжанұлының туған ағасы. Әкесі Досжан да, ағасы Мұқан да Торғайдағы Ы. Алтынсарин ашқан орыс-қазақ мектебінің түлектері, кейін екеуі де ұстаздық жолда болған. Елге танымал, қадірменді тұлғалар.

С. Қадырбаев оқуын әрі қарай жалғастырып, 1901 жылы Орынбор қазақ мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданады [2]. Осы оқу орнын бітіргені жөніндегі куәлігінде «Өте жақсы» деген ғана бағалар бар [3].

Маусым жарлығы шыққаннан кейін 5 айдан соң жазылған Ахмет Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Кәдірбайұлы, М.Тұңғашин қол қойған «Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына» мақаласында жарлыққа көнбей, қарсылық білдірген Түркістан сарттары мен Жетісуға қараған қырғыз халқын патша әскерінің қырғынға ұшыратып, ақырында амалсыз көнгендерін айтып, халықты майданға қара жұмысқа әскер беруге шақырады.

Бұл оқыған, саяси сауатты, көргендері көп азаматтардың жанашырлықтары еді. Зеңбірек, пулемет, мылтықпен шыққан жазалаушылар отрядына айыр, күрек, қылыш, шиті мылтық ұстап қарсы тұру донкихоттықпен бірдей болатын. Мұны кезінде большевиктер жағы халыққа «Алашорда» партиясы патша үкіметін жақтады деп қате түсіндіріп бақты. Шындығында бұл жол – қырып-жоюға соқтырмайтын ең тиімді жол еді. Мұны мақала авторлары сол кездің өзінде халыққа жалынғандай етіп былайша жеткізіпті: «Көнбесеңдер Жетісу, Жизақтың күні сендердің бастарыңа туады. Қырғын болады, босқа қан төгіледі, шаруа күйзеледі, жұрттың жұрттығы, берекесі кетеді. Соның үстіне әскер көндірмей, алмай қоймайды. Қатын-бала бір қырылады, жігіт екі алынады, бүлік басылары военный судқа беріледі, асылады, атылады» деп одан әрі бұл хатты жаны ашығандықтарынан қабырғалары қайысып жазып отырғандықтарын айтып: «Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар. Қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар. Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын» дейді. Сөздеріне сендіре түсу үшін құдай мен аруақты ауыздарына алып, сенбесеңіздер соларға тапсырыңыздар деп бар жан-тәндерімен беріле, егіле ескертеді. Бұл жолдардың шын жанашырлық тебіреністен шыққаны әр сөзінен байқалады. Қарсы шыққан жағдайда не болатынын тағы да мысалдар келтіре отырып дәлелдеп, газет арқылы да, ауызша да бұрын сан рет айтқандарын ескертіп: «көнбесеңдер елге бүліншілік болады, әскер шығады, түбінде алмай қоймайды дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне, келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен» [4] – дейді. Ел арасындағы алыпқашпа сөздерге сенбеу керектігін ескертіп, әскерге алынған жігіттердің хал-жағдайларынан да хабардар етеді.

Әскердің қара жұмысына адам беруді қолдаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдазім Қадырбайұлы, т.б. пікірлері дұрыс еді. Өйткені, халықты қырғыннан сақтаудың бірден-бір жолы осы болатын. «Қазақ» газеті мен Алаш азаматтары жайында зерттеп, келелі еңбектер жазып жүрген ғалым Өмірхан Әбдіманов: «Ел қамын терең ойлаған арыстардың бұл қызметі құрғақ айқай, бос ұраннан гөрі, салқынқандылық танытқан, барлығын елеп-екшеп, әбден толғанып барып шешкен шешімі еді[5: 95], –деп Алаш арыстарының қызметінің кейбіреулер айтқан «сатқындық» емес, «отқа итермелегендік» емес, керісінше олардың заң жолымен бейбіт шешуге ұмтылғандарын, сыныққа сылтау іздеп отырған патша жазалаушы отрядының қылышынан аман алып қалуды ойлағанын негіздей айтады.

Сейдәзімнің әкесі – Құлмұхамед (Құлмағамбет) Кәдірбайұлы (Қадірбайұғлы) бастаған бір топ ауыл ақсақалдары (барлығы 9 адам) «Қазақ» газетіне мынадай хат жолдапты:

«Біздің Торғай елі  25 июнь жарлығына көне қоймай, кезінде шақырған орындарға балаларын әкелмеген соң, біздер төменде қол қоюшы бірінші Наурызым болысының қазақтары басшылық етіп, Ақмола облысының жері арқылы машақатпен өзімізге қараған жастарды Қостанайға әкеліп приемға бердік. Біз әкелген 40 жігіттің 15-і алынды.Кейінгі қалың жұртқа біздің айтарымыз, патшаның құрығынан қашып құтылуға болмас, орынсыз әуреленбей жарлығын орнына келтіруге ыждаһат етіңіздер, желікпеңдер дейміз,біз өз балаларымызды әкеліп бердік [6; 353].

1917 жылы «Қазақ» газетінде (№230) жарық көрген «Қазақ халқына» деп аталатын мақала Торғай облысында мал-жан, шаруа, жер-судың есебі алынар алдында оның мән-жайын елге түсіндіру үшін жазылған.

Мақалада бұрын өкімет есеп алар алдында қазақтар «Жеріміз мол, егінді көп саламыз десек, жерден айрыламыз ғой» деп қорқатынын, «Малымыз көп деп көрсетсек, алым-шығын көп түседі» деп жасыратынын, адам есебін алатын болса, «неге адам есебін алады, бізден солдат алғалы жүрмесін» деп сезіктенетіндерін айтып, бұл жолғы мал-жанның, жер-судың, шаруаның есебін алудың зиянсыз екенін, мақсатын түсіндіре баяндайды. Мақала соңы: «Енді бұрынғы қата ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылалық, тиісті бәйгемізден құр қалмалық, жұрт болалық.

Егер қазақ мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның. Біздің былтырғы 25-нші июнь жарлығы тақырыпты айтқан ақылымыз тыңдалмаған орын көп болған. Онан тапқан «олжаларың» өздеріңе аян. Біз онда да әулиелікпен білгеніміз жоқ-ты. Замананың сазына көзіміз жеткен. Алда да солай» -деп жанашырлықпен түйінделеді.

Мақала соңында «Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Жәнібеков, Кәдірбаев, Омаров, Тұрмұхамедов, Бегімбетов» деп қол қойылған.

Бұл айтылған жанашырлықтар бәрінен ұлт қамын жоғары қойып, бастарын бәйгеге тіккен, сол ұлы жолда табысқан ел азаматтарының бір-бірін жете түсініп, қолдағандарын, ой-мақсаттарының бір жерден шығып отырғандығын аңғартады.

1918 жылы Орынборды большевиктер алғаннан кейін ақпан айында Торғайда да тұңғыш уездік Кеңес құрылып, оған Кәрім Досжанұлы мүше болып сайланады. Күзде Торғай дуанын дутовшылар басып алады да уездік кеңес тарап кетеді. Көп ұзамай комиссар Әліби Жанкелдиннің жасағы қайтадан қалада Кеңес билігін қалпына келтіреді. Осы тұста Қостанай мен Орскіде  (Жаманқалада) «Алаш» партиясы басшылығы мен әскери жасақтар құрыла бастайды. 1919 жылдың 3 қаңтарында қызыл комиссар Әліби Жанкелдин Кәрім Тоқтабаевты «Алаш» париясы басшыларымен Кеңес жағына  шығуға келісімге келуге Орскіге аттандырады. «Алаштың» әскери құрамасын қазақ офицерлерінен тысқары, әскери кеңес төрағасы Мырзағазы Есполов басқаратын.Кеңес құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Сейдәзім Қадырбаев, тағы басқалар болады. Кәрім Досжанұлы араласқан ұзақ әңгіме, үлкен таластан кейін Алаш басшылары Ә. Жанкелдиннің ұсынысын қабылдап, атты қазақ бүлікшілерінен қол үзіп шығады... Осылайша, «Алаштың әскери құрамасы, оның көсемдері Ахаң мен Жақаң бастаған топ Торғайға бағыт алады» [7; 165].

«Еркін дала» деп аталатын мақалада (Мақала авторы көрсетілмеген – С. О.) бір топ жастардың «Еркін дала» деген қауым ашқаны, қауымның негізгі мақсаты – халықтың көзін ашып, мәдениет жолына бастау, ол үшін түрлі мектептер, сондай-ақ газет, журнал, ауруханалар ашу, мектептерге керекті кітаптар шығару, мұқтаж шәкірттердің тегін оқуына жәрдем жасау екендігі сөз болады. 

Шағын мақала соңында: «Қауымға бас қосып, ағза болып жазылғандар» деп Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б. бірге Сейдәзім Қадырбаевтың да аты-жөні жазылған [6; 399-400].

Бұл С. Қадырбаевтың халық қамын ойлап, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін алға бастыруды көздеген қандай да болмасын қоғамдық жұмыстан тыс қалмағанын, сол жолда қаражат жұмсауда да аянбағанын аңғартады (Ұйым мүшелері жарна төлеп тұрған – С.О.).  

«Кіші Қазан» төңкерісі кезінде Алаш зиялыларының бірі ретінде қудаланып, қызметтен қуылған Кәрім Досжанұлы Алматы қаласының жанындағы Дегерес кеңшарының директоры болады. « Көп ұзамай « халық жауы» деген жаламен ұсталып, Ахмет Байтұрсынұлы, Сейдәзім Қадырбаев, Ғазымбек Бірімжанов, Елдос Омаров, Мырзағазы Есполовтармен бірге екі жылдай Алматы түрмесінде отырады.Кейін Кәрім Досжанұлы, Мұхтар Мурзин, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Сейдәзім Қадірбаев, Әбдірахман Мұңайтпасов, Қошке Кемеңгерұлы, Әбіхамит Ақбаевтармен бірге Воронеж қаласына жер аударылады»[7;167.].

Кәрім Досжанұлының қызы Эста Кәрімқызы Тоқтабаеваның Торғай музейіндегі құжаттарынан алынған бұл деректерді академик Дихан Қамзабекұлының Қошке Кемеңгерұлының 3 томдық шығармалар жинағының бірінші  томына жазған алғы сөзінде (Қошке Кемеңгерұлы 1896-1937) жазылған мына жолдар бекіте түседі: Сондай-ақ  Валуйки, Воронеж бағытында Х. Досмұхамедұлы, Ж. Досмұхамедұлы, Ж. Ақбайұлы, Е. Омарұлы, С. Қадырбайұлы, К. Тоқтабайұлы, М. Тынышбайұлы, Ж. Күдеріұлы, М. Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған болатын. Міне, осы кісілер амалын тауып, жүздесіп тұрды деуге негіз бар"[ 8;20.]

Ғалым Ербол Тілешов те «Алаш туы астында...» атты кітабында Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері аракідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аудару керектігін, өйткені Алаш қозғалысы дегенде, көбінесе, есімізге бірнеше белгілі қайраткерлердің ғана түсетінін ескертіп, көрінекті қайраткерлерінің аты-жөнін атайды. Солардың арасында Сейдәзім Қадырбаев та бар.

Енді бірде Ербол Тілешов Алаш қайраткерлері деңгейіне көтерілген азаматтардың үлкен бір тобы 1917-1919 жылдар аралығындағы оқиғалар тұсында қалыптасқанын айтады. «Бұл ретте,-дейді автор – «Алаш» партиясының Алашорда үкіметінің құрылуына атсалысқан Ә. Көтібарұлы, А. Сейітұлы, ағайынды Бірімжанұлылар, С. Қадырбайұлы, У. Танашұлы, А. Тұрлыбайұлы, И. Қашқынбайұлы, Е. Итбайұлы,  Е. Қасаболатұлы, Р. Мәрсекұлы, М. Боштайұлы, О. Алмасұлы, А. Кенжин, М. Бекімұлы, Б. Мәмбетұлы, О. Әлжанұлы, С. Сабатайұлы, Б. Ниязұлы, т.б. қайраткерлерді атауға болады» [9; 416.].

Ербол Тілешов жинағының ең негізгі бөлігі – қозғалысқа қатысушылардың тізімі. Кітап аннотациясында көрсетілгендей, «әр тұлғаның қозғалысқа қатысы нақты тарихи деректермен дәйектелген. Ол ғылыми тұрғыдан негізделген бұл саладағы алғашқы тізім» Онда 3039 қозғалысқа қатысқан кісі аттары аталады. Солардың арасында 1506 болып Алаш қозғалысының қайраткері Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбаевтың аты-жөні тұр. Автор аты-жөнін ғана атап қоймай, 1885 жылы Торғай уезінде туғанын, Торғайдағы орыс-қазақ мектебін бітіргенін, 1913-18 жылдары орынборда сот кеңселерінде қызмет атқарғанын, Торғай облыстық 1 қазақ сиезінде Мұсылмандардың бүкілресейлік сиезіне өкіл ретінде ұсынылғанын және әскери- өнеркәсіптік комитет құрамына сайланғанын, ІІ жалпы қазақ сиезінің хатшысы, Алашорданың Халық кеңесінің мүшелігіне кандидат болғанын, 1918 жылғы көктемде Семейде Алашорда ұйымдастырған жиналысқа қатысқанын, сол жылы Алашорданың Торғай облыстық әскери кеңесінің мүшесі, Комучтың Торғай облысындағы өкілі, кеңестік кезеңде заң саласында қызмет істегені, 1929 жылы Алашродаға қатысқаны үшін айыпталып, 1930 жылы Воронежге жер аударылғаны, кейін босатылып, 1937 жылы қуғын-сүргін құрбаны болғаны көрсетілген [9; 246].

Ғалымның бұл айтқандары Гүлнар Дулатованың естелігіндегі Сейдәзім өмірбаянымен дәлме-дәл келеді. Бұған біздің қосарымыз С. Қадырбаев 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.

1917 жылы 29 қарашада – Башқұртстан тәуелсіз мемлекеті, 5 желтоқсанда «Алашорда» автономиясы жарияланды... Тегі мен тағдыры ортақ екі үкіметтің қайраткерлері азаттық үшін ынтымақтаса күресті. Сол тарихи күндердегі қарбалас оқиғалары арада қырық жыл өткен соң З.Валидов:

«1917 жылы 20 желтоқсанда Башқұртстанның құрылтайында тәуелсіз республика ретінде ресми заңмен бекітілді. Қазақтардың құрылтайы сәл ерте өткенімен, әлі де тарқап үлгермеген болатын. Біздің құрылтайға бақылауша есебінде Сейдәзім Қадырбаев пен Мұстафа Шоқаев қатысты.» [10; 24-25], - деп жазды. 

Ахметзаки  Валидов та қазақтардың құрылтайына бақылаушы ретінде екі рет қатысыпты. Екі құрылтай бір-бірін құттықтап, қуаныштарын бөліскен екен.

А.Байтұрсынұлының М.Дулатовқа 1933 жылдың 26 ақпанында жазған хатында Сейдәзімнің Воронеж қаласында тұрып жатқаны (айдауда) әңгіме болса, М.Дулатов («Мадияр»)  1924 жылы «Ақ жол»  газетінде (№436) жарық көрген мақаласында «Қылмыс заңын» қазақшаға аударған Қадырбайұлы Сейдәзім екендігін айтып, оны кейін аударған кісінің аудармасы түкке тұрмайтынын қынжыла жеткізеді.

«Екінші – бұл кітап әуелден-ақ басылатын жөні жоқ еді,-дейді. М.Дулатов. - Өйткені  «Қылмыс заңы» Орынборда қазақшаға аударылып басылып, басуға күздігүні берілгендігі «Ақ жолдың» 3 қарашада шыққан  265-санында жарияланған еді. Түркістан заң комиссариаты бұл кітаптың басылып шыққаннан соң 5000 данасын сұрағаны да сонда айтылған еді... «Қылмыс заңы» Орынборда өткен 1923 жылы басылып та шығып еді. Енді соның бәрінің артынан 1924 жылы мынадай «Жауыздық низамнамасы» шығып отыр. Сейдәзімнің кітабы мен мұның тәржімасын салыстырып, бұдан Сейдәзімдікі нашар болғанда ғана мұны басу керек еді. Қанша пұл, қанша қағаз, қанша еңбек босқа кетіп отыр».

Автор одан әрі «Жауыздық низамнамасы» қолдануға мүлде келмейтінін, өйткені бұл кітаптың сот-тергеу мекемелері қызметкерлерін адастыратын, қазақтың тілін бұзатын кітап екенін дәлелдеп жеткізеді.

Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) М.Б.Олкоттың «Қазақтар» атты еңбегінде 1917 жылдың 2-8 сәуірі аралығында Торғайда өткен конференцияның табысты болғанын, оған үш жүзге жуық делегат қатысқанын, олардың көпшілігі «Қазақ» газетін шығарушыларды қолдағанын, Алашорда ісін жалғастырған бұл митингті Ахмет Байтұрсынов басқарып, оған Бөкейханов пен Дулатовтың көмекшілік еткеніне тоқталады. Одан әрі, конференция қазақ бірлігінің зор мәні барығын түсіндіруге жәрдемдесу мақсаттарында шақырылғанымен, оған қатысушылар бірлік жолында саяси ұйым құруға қадам жасауға әзір болмай шыққанын баян етіп: «Сондықтан олар уақытша үкіметті жақтады. Дегенмен, олар жергілікті жерлерде екі бақылау комитетін: құрамы Ахметкерей Қосуақовтан, Сейітәзім Қадырбаевтан, Сырлыбай Бекболаттардан тұратын Торғай әскери-өндіріс комитетін және Міржақып Дулатовтан, Садық Досжановтан, Ғали Ибрагимов пен Есен Тұрмұхамедовтен құрылған инспекциялық комитетті құруға қол жеткізді» [10; 129-156].

 

Серікбай ОСПАНҰЛЫ, 

Ф.ғ.к., профессор

Күлзада МЫРЗАҒАЛИЕВА,

 Ф.ғ.к.,А. Байтұрсынов атындағы 

Қостанай Өңірлік университетінің профессоры

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

Дулатова Г. Алаштың сөнбес жұлдыздары: Естелік-эссе.-Алматы: Мектеп 2012. Орынбор ОММ. 57 қ. 275-іс:7 ҚРОМА. 1541-к., 3201 –іс.1-п Дулатов М. Г.Дума һам солдаттық мәселесі // Қазақ, 9 февраль 1916. Әбдиманов Ө. «Қазақ» газеті – Алматы: Қазақстан 1993.«Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас  редакциясы. 1998.Абдуллин Ә. Тарихи Торғай әңгімелері. Арқалық: Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, 2016.Хамзабекұлы Д. Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937). Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. –Алматы: «Алаш», 2005. Тілешов Е. «Алаш туы астында...» -Алматы, 2022. OLGOTT M.B.The Kazakhs. Stanford, 1987.