Қазақ даласын отарлау үшін жүргізілген экспедициялық  жорықтар
28.03.2023 3799

Ресей империясы Қазақияны отарлау үшін ХV ғасырдан бастап, экспедициялар жасақтап, барлау жұмыстарын жүргізді. 1383 жылдың өзінде миссионерлік бағытта құрылған топ ХV ғасырдың басында Оралға бірнеше әскери жорық жүргізді. Скряб отряды 1465 жылы, Пестр отряды 1472 жылы Об өзеніне дейін жетті. 1483 жылы князь қара Ф.Курбскийдің мергендер отряды Искер қаласына дейін барды. 


Ал, қазақ даласы мен Орта Азияны барлау үшін алғашқы экспедиция 1713 жылы жасақталды. Оны Александр Бекович-Черкасский басқарды. Ресей билеушілері өздерінің озбыр саясатын қолдаған кіші халықтардан шыққан сатқын өкілдердің қолтығына су бүркіп, түрлі әскери, дворяндық шен, титулдарды аямай үлестіріп, өз мақсаттарына пайдалана білді. Сондай саясат торына түскендердің бірі жоғарыдағы қабардин бегі Бекович-Черкесский еді. Оған «князь» атағы берілді. (Мұхтар Құл-Мұхаммед. Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі. Атамұра, Алматы, 1994 ж.122-б).

Осы Бекович-Черкасскийді І Петр патша болашақта Азияны отарлау жоспарына пайдалану үшін 1707 жылы «әскери өнер үйренсін» деп Еуропаға оқуға жібереді. 1713 жылы оқуын тәмамдаған княьзға Орта Азияны барлау экспедициясын басқартады. 

Құрамында 4000-ға жуық мүшесі бар экспедиция Астраханнан шығып, Гурьевке келеді. Одан Ембіні көктей өтіп, Хиуаға беттейді. Бұл экспедицияны хиуалықтар достық сыңай танытып қабылдайды да, алдап соғып бәрін қырып тастайды. Бұл қырғыннан бірде-бір экспедиция мүшесі аман қалмайды, Бекович-Черкасскийдің өзі де қаза табады.

1714 жылы І Петр патшаның атына Сібірдің бірінші губернаторы Матвей Гагарин жіберген хат келіп түседі. Онда қазақ даласын барлау, игеруді Ертіс дариясы арқылы іске асыруға болатыны айтылған. Осы хатқа І Петр патша: «Ертісті өрлей жүзетін экспедиция жасақталсын, Ямышев көлі жанынан бекініс салынсын!», – деп қол қояды (Жұлдыз №2, 1984. 189-б).

Бұл жерде орыс патшасы Сібір губернаторының хатын басшылыққа алып отыр. Ал, губернатор Ямышевке бекініс салу жайын қалай білді дегенге ойыссақ, бұдан көп бұрын аталмыш өңірге жасырын бірді-екілі орыс барлаушы-тыңшылары барып, жағдайды біліп, мәлімет жинағаны белгілі.

Хиуа оқиғасынан сабақ алған Ресей билеушілері аса сақтықпен, Ертіс бойын барлау үшін Бухгольц экспедициясын жасақтайды. 1714 жылы маусымда жолға шыққан 4 мың адамдық экспедиция Ертісті бойлай жүзіп, қазақ даласына дендеп енген соң, Ямышевск (қазіргі Павлодар об. Аққу ауданы жерінде) бекінісін салды. 

Одан әрі жылжуға Жоңғар шеріктері қарсылық көрсетіп, ерік бермейді. Ойрат билеушісі Цевен-Рабдан өзінің немере інісі Церен - Дондукты жасағымен жіберіп, орыстарды бекіністі тастап кетуге мәжбүрлейді. 

Осы қақтығыс кезінде швед артиллериясының сержанты, еврей тұқымдас Иоган Густав Ренат (1682-1744) ойраттар қолына түседі. Ренат – швед әскери қызметкері және картограф. Шығыс Түркістан және Жоңғария картасын тәптіштеп жасаған алғашқы еуропалық. 

Бұл экспедиция қайтар жолында Омбы өзенінің құйғанына тағы бір бекініс орнатып, оны «Омск» деп атады. Орыс жылнамасында : «аталмыш экспедиция өте табысты оралды», деп жазады. Себебі, бұлар Ертіс бойындағы 800 шақырым жерді барлап, Ресей үкіметіне бұл жерді «иелік етуге болады» деген нақты жоба ұсынды. 

Ресей патшасы отарлау ісіне қатысты жіберілген кішкентай қателіктің өзін кешірмеді. Мысалы, Бухгольц экспедициясының кейбір сәтсіздіктеріне қатысты экспедиция басшысы Бухгольцті түрмеге жапса, дер кезінде көмек көрсетпегені үшін Сібір губернаторы князь М.П.Гагаринді Петерборда дарға асты.

1717 жылы Бухгольц экспедициясы Петерборға оралған соң, іле-шала ізін суытпай, полковник П. Ступин басқарған екінші экспедиция жолға шықты. Бұлар іргесі қаланған Ямышев (Жәміш) бекінісіне тұмсық тіреп, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар П.Северский басқарған отряд Железинск бекінісін салуды қолға алса, В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін тұрғызды. 

1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдан ант қабылдатып алған ресейліктер Кіші жүз шебін қауіпсіз санап, Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарына жорық-экспедициясын ұйымдастыруды көздеді. І Петрдің нұсқауымен 1734 жылы қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. 

Оны патшаның сенімді серігі И.К.Кириллов (1689-1737) басқарды. Оның көмекшісіне қазақтардың тілін, дәстүр-салтын жақсы білетін А.Тевкелев тағайындалды. Бұл экспедиция тарихта «Орынбор экспедициясы» деп аталды. Міндеті: қазақ даласының жер жағдайын зерттеу және жер бедерін картаға түсіру еді. Аталмыш экспедиция отарлау стратегиясын жүргізудің қызметін атқарды. Нәтижесінде, Кириллов «Қырғыз-қайсақ ордалары туралы түсіндірулер» атты еңбек жазды.

Осы экспедиция басшысы Кирилловқа қатын патша өз тарапынан тікелей 18 мамыр күні былай деп тапсырма берген: 

Ордада болып жатқан оқиғалар жайлы хабар алып келу; 

Қазақтардың жоңғармен соғысы жайлы толық мәлімет білу;

Қазақтардың Ресейге көзқарасы қандай?

Жоғарыдағы мәселелерді толыққанды атқару үшін башқұрт пен қазақтардың арасынан сенімді адамдарды іріктеп, сол өңірге жіберіп (тыңшылық мақсатында) олар әкелген мәліметті Сібір губернаторына хабарлау (Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ вв. Құжаттар жинағы. –Алматы, 1961. 115-б).

Кирилловтан кейін бұл істі В.И.Татищев (1686-1750) қолға алды. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде қазақтардың тұрмысын, мінез-құлқын, мәдениетін сипаттап жазады. 

Осы экспедиция Қазақияның батыс өңіріне барлау-зерттеу тыңшылық жұмысын жүргізу барысында қазақтар тарапынан болуы мүмкін шабуылды болдырмауға Әбілқайыр хан кепіл етіп отырды. Нәтижесінде Әбілқайыр ханға қарасты аумақты басып, тарихта тұңғыш рет Орта Азияға патшаның сауда керуені өтті. 

1768-1774 жылдары Қазақ даласын барлау экспедициясының бірін өлкетанушы ғалым П.С. Паллас (1741-1811) басқарды. Ол зерттеу жұмысының қорытындысы ретінде 1773 жылы  «Ресей империясының әр түрлі провинциялары бойынша жасалған саяхат» атты үш томдық еңбегін жазды.

 Одан кейін жоғарыдағы Паллас экспедициясының құрамында қызмет жасаған ғалым И.Г.Георги 1796 жылы өзі дербес экспедиция ұйымдастырып, «Ресейді мекендейтін халықтардың тұрмыстық әдеттері, өмір сүру, киім кию және басқа назар аударарлық ерекше сипаттамалар» атты еңбегін жазды. 

Ресей Ғылым академиясының корр-мүшесі П.И.Рычков (1712-1777) Қазақияның батыс өлкесін зерттеп, «Орынбор тарихы», «Орынбор губерниясының топографиялық сипаттамасы» атты еңбектер жазып, қазақ фольклорының үлгілерін жинады. 

Қазақ даласын зерттеген тағы бір адам – орыс офицері И.Г.Андреев. Ол 1795 жылы «Қырғыз-қайсақтың Орта жүз бөлігінің сипаттамасы» атты еңбек жазды. Бұл кітапта Орта жүз қазақтарының әдет-ғұрып, салт-жоралғылары жан-жақты баяндалған. 

Жоғардағы жорық-экспедициялар Қазақ жерінің картасын жасап, болашақ отарлау ісіне пайдалануды көздеді. Осындай мақсатта жасалған ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорында сақталған бірнеше тарихи карта бар. 

Бірінші карта. 1816 жылы жасалған «Орта Азияның қырғыз-қайсақтар, қарақалпақтар, түркімендер, бұқаралықтар жеріне қатысты бөлігінің картасы». 

Екінші карта. «Сібір және Орынбор қырғыздарының (қазақтардың) арасындағы шекараның Бас штабы» атты құжат. Бұл картаны поручик Пеховский және топографтар Алексеев пен Яковлевтер 1841 жылы жасаған.

Үшінші карта. Сібір және Орынбор қазақтарының арасындағы шекараны белгілейтін, 1864 жылы жасалған карта. Жоғарыдағы карталарда Қазақия Ресей меншігі болмаған.